Жұмабаев Мағжан (1893–1938) – қазақтың психологиясы мен педагогикасының ғылыми бастауының негізі болған. Оның «Жан жүйесі және өнер таңдау» атты еңбегі, сол кездегі қазақ жастарының мамандықты таңдау бағытында жүргізген алғашқы тәжірибелік жұмыстарының нәтижесі. Мағжан поэзиясы адамның жан дүниесінің қыры мен сырына терең бойлайтыны, оның адам жанын дөп басып жататыны көпшілікке мәлім. Ал осынау жыр дүлдүлінің тәлім-тәрбие ғылымының теориялық жағына үңілуі таң қаларлық жәйт. Мағжан Жұмабаевтың үлкен еңбегінің бірі «Педагогика» деп аталғанмен, түгелдей дерлік психология мәселелерін сөз етеді. Мәселен, шағын еңбектің 17 тарауының он үші тікелей психология мәселелеріне арналған. Мұнда педагогика қисындарына екі-ақ тақырып («Педагогика бөлімдері», «Жалпы педагогика») арналыпты, оларды автор бар болғаны 13 бет көлемінде баяндапты. Сонда, барлығы 106 беттен тұратын кітаптың қалған тараулары адамның жан дүниесінің әр түрлі жақтарын сипаттайды. Мұны «Педагогиканың» 1922 жылы Ташкентте шыққан екінші басылымының төмендегі мазмұнынан
жақсы аңғаруға болады. 1. Сөз алды, 2. Жетекші сөз. Тәрбие деген не?, 3. Педагогика бөлімдері, Жалпы педагогика, Дене тәрбиесі, 4. Жан тәрбиесі, Психология, 5. Жан көріністерін топ-топқа бөлу, Ақыл көріністері, яни жанның білуі, әсерленуі, 6. Әсерленуді бөлу, 7. Абай, 8.Суреттеу, 9. Ес (зейін), 10. Қиял, 11. Ойлану. т.б. Әрине, М.Жұмабаев сөз етіп отырған психология ғылымының мәселелері сонау жиырмасыншы жылдар деңгейіне, әсіресе оның терминдерінің өзі Еуропа, орыс тілдерінде де белгілі бір жүйеге түсіп, топтаса қоймаған кезінде төл тілімізде ғылыми жағынан сөз болған.