Гиппократ (460–377 б.з.д) – ежелгі грек дәрігері, ертедегі медицина реформаторы. Ол Ежелгі Грекияның Кос аралында біздің заманымыздан бұрынғы 460 ж. туып, 377 ж. (басқа мәліметтер бойынша 356) Фессалияда дүние салған. Гиппократ Грекияда, Кіші Азияда, Ливияда, сондай-ақ Қара теңіз жағалауындағы сақтар арасында болып, Азия және Мысыр халық медицинасымен танысқан: ол науқасты емдегенде, аурудың пайда болу жолдары мен негізгі даму кезеңдерін анықтау керек екенін айтып, «Адамзатты табиғат емдейді. Дәрігер – табиғаттың көмекшісі ғана» деген тұжырым жасады, сондай-ақ ауыр халде жатқан науқастың кейпіне сипаттама да берген, оны медицинада «Гиппократ кейпі» (Facіes Hіppokratіca) деп атайды. Гиппократ жараны таңу, буын шығуын және сүйек сынуын, т.б. жараны емдеу әдістерін тапқан. «Гиппократ анты» деп
аталатын дәрігерлік моральдік-этикалық ант мәтінін жазған. Осы еңбектеріне орай, Гиппократты «медицинаның атасы» деп атайды.
Темперамент туралы ілімнің негізін салған ежелгі грек дәрігері Гиппократ болды. Гиппократтың пікірінше, адамның тәнінде төрт түрлі сұйықтық болады: қан, шырын, сары және қара өт, олар дұрыс араласса – адамның дені сау, дұрыс араласпаса – сырқат болады. Ағзадағы сұйықтардың біреуінің басым болуы адамның темпераментін анықтайды. Сұйықтардың аттарына орайлас қойылган темперамент атаулары Гиппократ берген атаулармен күні бүгінге дейін сақталып келеді. Олар холерик, сангвиник, флегматик, меланхолик. Темперамент тұлғаның барлық психикалық көріністеріне реңк беріп отырады, ол эмоция мен ойлауға, еріктік қимыл-қозғалысқа, сөздің сарыны мен ырғағына әсер етеді.