Адлер Альфред (1870–1937) – австриялық психолог, психоанализ бағытының өкілі. Вена педагогикалық институтының (1915ж.), Колумб университетінің (1929. Нью-Йорк) профессоры. Ол өзінің ғылыми «Индивидуалды психология» атты мектебін құрды. Адлердің психологиялық тұжырымы З.Фрейдтің психоанализ іліміне біршама жақын. «Мінез-құлық» (1912ж.), «Жеке ерекшеліктер психологиясының практикасы мен теориясы» (1920ж.), «Адам тану» (1927ж.), «Өмірдің мән-мағынасы» (1933ж.) т.б. еңбектерінде Адлер әр адам өзінің туа біткен кемістігін үнемі сезінеді, бұл жәйт оны
басқа біреуден өзін артық деп ұғынуға, кемістігінің орнын толтыруға айрықша жұмылдырады, оған өктемдік жүргізуге итермелейді деген идеяны уағыздайды. Ол саналылық пен санасыздықтың арасында елеулі шекара жоқ, жан қуаттары бір-бірімен тығыз байланысты, адам ішкі дүниесін түгелдей негізгі мақсатына жету үшін жұмсайды дейді. Адлер өмірлік стиль, түс көру, неврозды зерттеуге елеулі үлес қосты. Отбасындағы әр жастағы балалардың бір-бірімен қарым-қатынасын, олардың жеке басын қалыптастыруда тәрбие тәсілдерінің әсерін зерттеді. Адлер психологиядағы жаңа ағым – жаңа фрейдшілдіктің тууына ықпал етті. Фрейдтің адам мінезінің қалыптасуында алғашқы бес жыл ерекше орын алады деген тұжырымын жақтады. Адлердің тағы бір екінші маңызды еңбегі ол тұлға теориясына жоғары объективті жүйе «Креативті Мен» деген ұғымды кіргізді. Үшінші маңызды мәселесі психоанализден айырмашылығы сол, ол адамның ерекше сипаты жайлы айтты. Адлердің концепциясында тұлғада болатын жағдайларды көрсетті: фиктивті финализм, басым болуға ұмтылу, толық қанды емес сезімі мен компенсация, әлеуметтік қызығу, өмір стилі, креативті «Мен».