АРХЕЙ — архей эрасы және архей тобы ұғымдарының қысқаша аталуы. Грек тілінде archаіos деген сөз ежелгі деген мағынаны білдіреді. Архей – Жердің геологиялық даму тарихындағы ең ежелгі эра болып табылады. Радиометрлік зерттеулер Архей эрасына қатысты тау жыныстары осыдан шамамен 3,6 – 4 млрд. жыл бұрын қалыптаса бастағандығын көрсетеді. Бұл эраның жоғарғы деңгейі, яғни оның протерозой эрасына ауысу уақыты шамамен 2,6 – 2,8 млрд. жыл бұрын өткен. Архейде қалыптасқан тау жыныстары негізінен метаморфтық өзгерістерге ұшыраған тау жыныстарынан: гнейстен, кристалды тақтатастан, сирек жағдайда амфиболиттен, мәрмәрдан және кварциттен тұрады. Органикалық қалдықтар кездеспейді, бірақ олардың құрамында графиттің ұшырасып қалуы архей эрасында да тіршілік нышаны болғандығын білдіреді. Архейде түзілген тау жыныстары көптеген көне геологиялық құрылымдардың негізін қалайды. Олардың арасында маңызды кендер кездеседі.