АРХЕБАКТЕРИЯЛАР (Archeobacterіa, грек. arch(іos — ежелгі және бактерия) — клеткасында ядро болмайтын, таза бактериялардан өздерінің физиологиялық-биохимиялық өзгешеліктері арқылы ерекшеленетін микроағзалар тобы.
Ғылымға Архебактериялардың 25 туысы, 40-тан астам түрі белгілі. Архебактериялардың жасуша қабырғасында басқа бактериялардағыдай муреин (бактерия жасушасының негізгі тірегін құрайтын полимер) болмайды. Олардың май (липидтер) құрамы глицериннің қарапайым құрылымдар эфирлері мен көп молекулалы спирттерден тұрады.Архебактерияларда антибиотиктерге өте сезімтал РНҚ — полимераза ферменті кездеседі. Архебактериялар метан түзушілер, аэробты және анаэробты жағдайларда күкіртті тотықтандыратындар және күкіртті тотықсыздандыра алатындар, галобактериялар, термоацидофильді бактериялар (“микоплазмалар”) болып бес топқа бөлінеді. Архебактериялардың метан түзушілер тобына Methanobacterіum, Methanococcus және Methanosarcіna туыстары жатады. Олардың жасушаларының таяқша немесе шар тәрізді, қозғалатын және қозғалмайтын, спора түзбейтін түрлері болады. Тіршілігіне қажетті қуатты көмір қышқыл газын метанға дейін тотықсыздандыру арқылы алады. Аэробты және анаэробты жағдайда күкіртті тотықтандыратын және тотықсыздандыратын кезде бөлінетін қуатты пайдаланады. Оларға ыстық бұлақ суларында (85-1050С темп-рада) тіршілік етуге бейімделген Sulfolobus, Desulfurococcus, Thermophіllum туыстары, ал галобактерияларға Halococcus, Halobacterіum туыстары жатады. Галобактерияның ішінде аэробты да, анаэробты да өкілдері кездеседі. Олардың бір ерекшелігі — фотосинтез процесі кезінде күн сәулесін хлорофилл дәні арқылы емес, керісінше, бактериородопсин (белок) арқылы сіңіреді. Архебактериялардың термоацидофильді топтары Thermoplasma жоғ. темп-рада (600С), төменгі қышқылдықта (рН(1-2), оттегі жоқ жерде тіршілік етеді. Молекулалық деңгейде жүргізілген зерттеулерге қарағанда Архебактериялардың эукариотты ағзадерге ұқсастығы бар. Сондықтан Архебактериялар тобындағы микроағзадердің эволюция тұрғысынан алғанда шығу тектері бірдей болуы мүмкін деген болжам айтылады.