Смағұл Сәдуақасұлы нақыл сөздері

Смағұл Сәдуақасұлы

Смағұл Сәдуақасұлы — 1900 жылы Солтүстік Қазақстан облысы, Есіл ауданы, Жарқын ауылында дүниеге келген. Он жасына дейін ол өз әкесі Сәдуақас хазіреттен тәлім-тәрбие алып, одан кейін Әбіл молда мектебінде білімін жалғастырады. 19121915 жылдары Павлодардағы екі кластық орыс-қазақ училищесін бітіріп, бір жыл мұғалім болады да, Омбыдағы ауыл шаруашылық мектебіне түседі. 1918-1920 жылдары «Центросибирь» кооперативтер бірлестігінде қызмет етеді. 1920 жылы Орынборда Қазақстандағы алғашқы жастар ұйымының хатшысы болып сайланады. Аталған жылы жаңа құрылған Қазақ Автономиялы республикасының үкімет басшылығына қызметке алынады. 1925-1926 жылдары «Еңбекшіл қазақ» («Егемен Қазақстан») газетінің жауапты шығарушысы, әрі «Қызыл Қазақстан» («Ақиқат») журналының редакторы, 1925-1927 жылдары Қазақ АССР Халық ағарту комиссары, 1927-1928 жылдары Ташкенттегі қазақ педагогика институтының ректоры қызметтерін атқарды.
1928-1932 жылдары Мәскеу көлік инженерлері институтын оқып бітірген соң Мәскеу-Донбасс темір жол құрылысында инженер-құрылысшы болып еңбек етті. Асыл азамат 1933 жылы аталған жерде кенеттен қайтыс болады.

* * *
Әр жұрттың өз басына бір ауруы бар. Біздің ауруымыз – ел ішіндегі ру партиясы. Ол партияға кірген адам – әділ, адал болмайды. Өз жағының жеңуін іздеп, қандай түзу деген кісілер көрiне қисық жұмыс істейді.
***
Әрбір жұмысқа адалдық керек. Негіз керек. Әсіресе, саяси жұмысқа бұл сықылды сипаттар өте қажет. Негізсіз жасалған саясат — бояма саясат. Ондай саясаттың түбі қайырсыз.
***
Қазақтың саясатшылдарының бұрынғы бізде ұлтшыл болып жүргеннің себебі: қазақтың тұрмысының ауырлығы оқығандары жасынан тепкіде жүрген, қорлықта болған, езілген, жаншылған қазағын көрді. Анда-санда ауылға ақырып, келетін маңдайы жылтыраған уряднік, приставты көрді. Сөйтіп өскен қазақ баласы, әрине, қаны қатып қалғаны болмаса, халқына жаны ашымай, іші-бауыры елжіремей тұра алмайды.
***
Жаңа заманның мағынасын біздің ішімізде теріс түсініп жүргендер бар. «Мен – коммунист. Маған қазағы да, орысы да бәрі — бір» — деушілер табылады. Бірақ бұл секілді сөзді айтушылар – орысқа да, қазаққа да пайдасыз адам болып шығады.
***
Дұрыстап білім алу үшін дұрыстап еңбек ету керек. Еңбексіз – білім қонбайды. Еңбек, білім – бұл екеуі ағайынды бала.
***
Адамды бұзып бітіргеннен де, оған ешнәрсені оқытпағанның өзі артық. Егер дұрыс оқытамыз десек, оған жақсы кітап керек.
***
Қазақтың молдасы – орыстың попы емес. Ол – бірінші мұғалім.
***
Қандай ауыр жұмыс болса да – қолға алған соң жеңілденіп кетеді. Қазақ ішінде жөн білетін пысық жігіт аз емес.
***
Кемшілікті айту – ұят емес, бар кемшілікті жоқ деп, одан құтылуға тырыспау ұят.
***
Ежелден жуастың еншісі – артта қалу, сыртта қалу. Жуастың сөзі өтімсіз, өтімді сөз айтарлық болса – ол жуас та болмас еді.
***
Біреудің «жаман» болғандығынан, екінші біреудің «жақсылығы» табыла ма? Жақсы болатын кісі екіншінің «жамандығына» сүйенбей-ақ, өз өнерінің арқасында неге жақсы ат алмайды?
***
Қатені сөйлеу ұят емес, қатені айтпай, денеде сақтап жүрген – ұят.
***
Халықтың өмірі — шаруасында. Шаруасы күйлі болса — халық та күйлі. Шаруашылық адам баласының өмірінің арқауы.
***
Біз қазақ тұрмысын алсақ, екі тапқа қазақты бөлерлік еш себеп жоқ. Қазақ тұрмысын жаппай бір түрлі құлданушы да, құлдық та, оны жасаушы тап та — қазақта жоқ.
***
Алтай тауы, Тарбағатай, бер жағы Ертіс, Зайсан, Марқакөл деген әдемі көлдер бар. Бұл маңайдың әдемілігі Еуропадағы Шведцария тауларынан анағұрлым ілгері. Шведцария – өзіне Шведцария, Қазақстанның ішінде Алтайдан əдемі жер жоқ. Алтай – жердің жұмағы, Алтай – біздің жер. Алтайда болған адамда арман жоқ.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *