Қошке Кемеңгерұлы нақыл сөздері

Қошке Кемеңгерұлы

Қошке Кемеңгерұлы — 1896 жылы Ақмола облысы, омбы уезі, Теке болысы, Қаржас ауылында дүниеге келген. Кошке алғаш Белгібай молдадан дәріс алып, мұсылманша сауатын ашқан. Одан кейін Омбыда ветеринарлық-фельдшерлік мектепте оқиды. 1913 жылы Омбы ауылшаруашылығы училищесіне түседі.
Омбыда жүріп, қазақ жастарының тұңғыш қоғамдық-саяси ұйымы «Бірлікке» мүше (1914-1918) болды. 1916-1918 жылдары «Балапан» қолжазба журналының редакторы, ал 1918 жылы «Жас азамат» газетінің редакторы сынды әртүрлі қызмет атқарады. 1930 жылы ОАМУ-дің аспирантурасында оқып жүрген жерінен М. Әуезовпен бірге тұтқындалып, Алматы абақтысында екі жыл отырады.
Қ.Кемеңгерұлы 1935 жылы Омбының Шарбақкөл аудандық ауруханасында дәрігер болып қызмет етеді. Алайда 1937 жылы 7 тамызда қайта ұсталып, 21 қарашада Омбы қаласында ату жазасына кесіледі.

***
Қалың қазақтың арасына ояну сәулесінің түсуі, оқыған азаматтардың топталуы 1905 жылдың 17 қазанындағы манифестен басталады, өйткені 1905 жылдың кірісінде қазақ алдында – дінін жоғалту, жерінен айырылу деген екі жұмбақ көлденең тартылып еді.
***
Қазақты бірен-саран білімге сүйрегендік болса, оның негізі мынау: әуелі қазақты жуасыту, одан кейін дінге аудару, ақырында орыстандыру саясатынан шықты.
***
Патша үкіметінің жемсаулы, аясы тар саясатының арқасында қазақ еліне сіңіскен баққұмарлық, кекалғыштық, жаяу өсекшілдік біздің оқыған азаматтарымыздың көбінде бар.
***
Жер – мәңгі байлық, алдындағы малыңнан, қойныңдағы ақшаңнан қымбат. Өнер-білім кенжелігі болса да, автономияға аласұрып жатқандық — жер үшін.
***
Оқудың негізі – ауыл мектебі.
***
Орыс үкіметі мешіт салып бергенде қазақ-орыс қалаларына шіркеу салып беруді мақсат тұтты. Алғашқыда қазаққа мешіт салып құрметтеуіне үлкен себептің бірі – дін атымен Орта Азия мұсылмандарына саясат жүргізіп, олардың қазаққа әскер беруінен қорыққандығы еді. Бұған жол бермеу үшін қазаққа мешіт салып, оның басына өздері сенімді татар молдаларын қойдыртты.
***
XIX ғасырдың басында қазақты шоқындыру саясаты туды. Миссионерлер мектебі ашылды. Бұған тұрмысы нашардың балалары алынды. Осылай қазақтың өзінен миссионер жасамақшы болды.
***
Алаш полктеріне кіріп, ел қорғау – жастардың мойнындағы парыз. ырық жыл қырғын келсе де ажалды өледі».
***
Милиция жинаудан бастап, шара жасаудың бірі – елді апаттан қорғау. Соның үшін Алашорда жұмысы уақытша қандай күйде болса да, Алаш милициясы табан тайдырмай, қызметін істей беруі лайық. Ақсақал батасын, бай малын, молла дұғасымен қолдап, жастар күшін аямай, елді жаудан қорғау керек.
***
Қазақ білімі жағынан өрнек алмаса да, жаман мінездік жағынан асырып жіберді: қалаға келсе карта ойнап, арақ, сыра, коньяк ішуге құмарланды, сатылатын қыздар үйіне барғыш болды.
* * *
Бұратаналардан әлеуметшілердің шығуы – оқымыстылардың ойын өзгертті. Тұқым басқалығы мәдениетке бөгет емес.
***
Қай ел болмасын шаруасы өркендемей, ғылымы мен пән өнері марқаймай, терезесі тең ел болмайды.
***
Қазақ елі орыстан білім ала алмады. Бағындырған орыстың мінезі дөрекі, надан болды. Үкімет үлгі болудың орнына қазақты талады. Алдауға үйретті. Кіндіктен келген төрелер пара алуды ғана білді.
***
Қағаз бетінде отырықшы болумен – мәдениет көктен түспейді, жерден шықпайды. Отырықшылықтың көп шарттары бар. Мәдениет сол шарттар орындалғанда ғана гүлденбекші. Төңкеріске дейін отырықшыға айналған Тобыл, Бараба, Тары татарларынан азайып кеткені, оларда шіркеуден басқаның болмауы, бірен-саран қазақ қалада тұрып отырықшылыққа айналғанмен, шаруасы төмендесе ілгерілемегені – жағдайсыз отырықшылықтың өнімсіздігіне дәлел.
***
Біздің қазақтың бір аяғы — мәдениет ауданында тұрса, екінші аяғы – әлі тағылық ауданында тұр. Тағы адамға ғана хас сабырсыздық, не істе болса да алдын болжай алмайтындық, көзі көрмесе — сенбейтіндік сияқты сипаттардан біздің қазақ әлі арылған жоқ.
***
Газет – ел мұңына, ел жай-күйіне араласып көрсететін айна десек, мақсатсыз айна емес. Мақсатты айна. Үкімет газет жүзінен көріп, ел жайына қарап тон пішеді, жаңа заң-закон шығарады.
***
«Қазақ» газеті — саясат ауруынан емдеп қарайтын тамыршыдай өкіметтің арам ойлы сырларын қазақтың кестелі тілімен қалың елге ұғындырып отырды. Және татар үстемдігіне қарсы болды.
* * *
Белгілі жол көрсетудің алдында қазақ тұрмысына тарихи көз салу шарт. Тарихи қарағанда, қазақ тұрмысына өзгеріс – Ресейге бағынғаннан бері кірді.

***
Солтүстікте тұқымымен түгел құрып кеткен бұратана елдер жетерлік. Қайта қазақ – араққа берілмегендіктен, көшпелі болғандықтан аман қалды.
***
Киіз туырлықты қазақ Ресей қолтығына кірді. Кірейін деп кірген жоқ – жоңғар, қалмақ, башқұрт, казак-орыс талқысынан еріксіз кірді.
***
Бірлі-жарым ұлтшылдық, демократизм жолымен жүріп, ақсүйектікке әдейіленбеген Шоқан сындылар болды. Бұлардың молданың шала шариғатына, ақсүйектің менмендігіне ашық қарсы болуы – бұқараны орыс оқуынан жирендірді.
***
Қазақтың оқыған азаматынан ең бірінші бұқараның мұңын жоқтаған, ұлтшылдық негізін салған Шоқан Уәлиханов болды. Шоқан қазақтың келешегі зор деп иманын берік ұстады.
***
Қазақ келешегіне үмітті көзбен қарасақ, мәдениетке жетекші болатын шарттар: қазақта діни фанатизмнің әлсіздігі, қазақтың еліктегіштігі, көптің қамын қарастыратын үкіметтің барлығы, қазақ елінің жаппай оқуға ұмтылғандығы.
***
Түбінде қазақтан капиталистер шыққанда, фабриказауыт көбейгенде, тұрмыстың өзін де тап-тапқа бөлер, оған шейін социализм күйін күйлемей тұра тұрайық.
***
Қазаққа – өз басынан да, тұрмыстың тұтқасы — мал бағалы. Қазақ басын жоқтамаса да, парамен болса да, өнетініне көзі жетсе – мал даулайды.
***
Бізді ілгері бастыратын кәсіптің бірі – қолөнер кәсібі.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *