Телжан Шонанұлы
Телжан Шонанұлы – 1894 жылы қазіргі Ақтөбе облысы Ырғыз ауданында дүниеле келеді. 1908-1912 жылдары Ырғыздағы орыс-қырғыз училищесінде білім алған ол 1912 жылы Орынбордағы Мұғалімдер институтына түседі. Мұнда 4 жыл оқып, 1916 жылы мұғалім болып шығады.
Ол 1917 жылы өткен I және жалпықазақ сиезіне қатысып, Алашорданың Білім комиссиясының комиссия мүшесі болып сайланады. 1920 жылы Семей губерниялық төңкерістік комитетінің шет ұлттар бөліміне аудармашы болып шақырылады. Сол жылы Қазақ автономиялық республикасы құрылғанда, ол Халық ағарту комиссариаты жанындағы Академиялық орталықтың маманы ретінде ғылыми жұмысқа тартылады. 1926-1929 жылдары Қызылордада Халық ағарту комиссариатында жауапты қызмет атқарады.
1934 жылдан бастап Қазақ мемлекеттік университетінде қазақ тілінен доцент болып жұмыс істейді. Алаш ардақтысы 1937 жылы 21 шілдеде ұсталып, 1938 жылы 27 ақпанда ату жазасына кесіледі.
***
Бір үкімет халыққа қандай жағымсыз болса, бір ұлтты иә бірнеше ұлтты езіп, қорлықта ұстаса, жібімнің тігісін білдірмеймін, халықтың көзін алжастырамын деп, қол астындағы кемшілікте жүрген халықтарды біріне-бірін шоқпар ғып жұмсайды, араздастырады. Ондай үкіметтер елді жауластырсаң билейсің деген жолды тұтынады.
***
Ресейдің қол астына кіргеннен бергі қазақ жерінің тарихы — колония тарихы. Колония тарихы – бірте-бірте қазақ жерін сырттан келіп иемденудің тарихы, талаудың тарихы.
***
Қазақ жеріне отаршылдардың ұстанған саясаты, қолданған ебі, тұтынған әдісі, жасаған зорлығы — қазақ тұрмысын көп өзгеріске ұшыратты. Көшпелілерді біртебірте жерсіз қалдырып, тақыр мен шөлге иіріп тастап, егін саларлық, Отырарлық жерден құр алақан қалдырды.
***
Қазақ жерін мұжыққа тартып алып берсе, қазақ жерден айырылмақшы. Жерден айырылса, сіңірі шыққан қу кедей болмақшы. Осындай қу кедей болуды ғылым тілінде «пауперизация» дейді. Қазақ арасына пауперизация жасаса, орыстың өндірісшіл капиталына арзан малай көбеймекші.
***
Тіл болмаса, халық біріншіден, өзінің ұлттық бейнесін жоғалтады, екіншіден, мәдени құлдырауға ұшырайды.
***
Тіл — мәдени өркендеудің басты факторы. Тіл жоқ жерде халық, біріншіден, ұлттық бет-бейнесінен айырылып қалады, екіншіден, рухани, мәдени тозғындауға ұшырайды. Тілсіз, сөзсіз – ақыл мен ойды қозғай алмайсың. Ал ой-санасыз сөз жоқ. Яғни, сөйлей білмесе, адамның хайуаннан айырмасы аз.
***
Әдебиет тілін толық зерттеп жеткеніміз жоқ. Әдебиет тілін толық зерттелді деу үшін бұрынғы жазу мұраларының тілін, фольклор тілін, жеке адамдарымыздың тілін зерттеуіміз керек. Мұның үстіне халықтың ауыз әдебиет тілі, диалектілеріміз, әдебиет тілі араларындағы бір-біріне өткен, өтіп келе жатқан айқыш-ұйқыш әсерін зерттеп ашуымыз керек.
***
Қазақстанда кәсіптің мықтысы – мал бағу. Мал баққызатын Қазақстанның ауасы, топырағы, шөбі, жолы мен базарының реті.
***
Қазақ жылқысы – салт мінуге, жеңіл жүк салған арбаға жегуге жақсы. Қазақ жылқысының артық қасиеттері – талмай ұзаққа шапшаң жүретіндігі, от пен суды талғамайтындығы, жұмысқа беріктігі, етке шыққыштығы, суық пен ыссыға беріктігі. Қазақ аты 120-150 шақырым жерге бірден талмай жетеді. Бірақ қазақ жылқысының бойы аласа (орташа екі кез), еті аз. Бойы аласалығынан атты әскер қазақ атын мінеді. Тапалдығының орнына қазақ жылқысы көнбісті, шапшаң. Шынында әскерге мінуге қолайлы емес.