Хайретдин Болғанбай

Хайретдин Болғанбай

 

Хайретдин Болғанбай – 1894 жылы қазіргі Ақмола облысы, Қорғалжың ауданында дүниеге келген. Әуелі ауыл мектебінен сауат ашқан ол, Орынбордағы Хусаиния медресесінде білімін жалғастырады. Осы медреседе оқып жүріп, «Қазақ» газетіне мақала жаза бастаған.

1917 жылы Ташкентте (Түркістан) М.Шоқай, С.Қожановпен бірлесіп «Бірлік туы» газетін шығарып, аталған басылымның 7-14-нөмірлеріне редакторлық етеді. Алаш ардақтысы I және II жалпықазақ сиезіне Түркістан мен Сырдария уездері атынан делегат болып қатынасады. Сондай-ақ ол Қоқанда жарияланған Түркістан автономиясын құрысуға атсалысады. 1920 жылдың желтоқсан айында Әлихан, Ахмет, Смағұл, Жүсіпбектермен бірге «Қазақстан» мемлекеттік баспасының сарапшылар алқасына енді.

Х.Болғанбай 1928 жылдың 17 желтоқсанында «контрреволюциялық ұйымға кірді» деген айыппен тұтқындалады. Қуғын сүргіннен көз ашпаған қайраткер 1937 жылы 21 сәуірде қайта ұсталып, 21 қарашада Ташкентте ату жазасына кесіледі.

 

***

Алаш автономиясы – неше миллион Алаш ұранды қазақ-қырғыз халқының ұлы арманы. Алаш аман болса — мұның көгеріп, жарыққа шығуына күмән жоқ.

***

Ұлт ісі – ұлтпен көгереді. Ұлт ісі – жүре көркейеді. Соның үшін бұл іске қалың ұлттың өзі еңбек қылуға тиіс һәм оны бір күнде орындалып бітеді демей, аз болса да тоқтатпастан жүргізе беру керек.

***

Қазақ – осы күні мұқалмаған, қылау түспеген, қалай жаратылса, сол қалпында тұрған бір жұрт. Қазақта кірленбеген саф заһан бар. Тотықпаған таза рух бар.

***

Біздің қазақ мәдениет жолында кейін қалған, оны ілгері бастыру үшін көп күш керек. Бұл – ғылым күші. Біздің қазақ надандық қараңғылығында тұр. Оған нұр керек. Бұл – ғылым нұры.

***

Бүкіл бір жұрттың ғұмырын бір адамның ғұмырына ұқсату мүмкін. Өз ғұмырында бір адам нелер көрмейді? Нағыз сол секілді, бір қан, бір тұқымнан шыққан бір елдің басына да әртүрлі хал келеді. Бірақ оның бәрі есте мәңгі тұрмайды.

***

Шеттен келген буменен – өлген теңдiк тiрiлмейді. Сен ол теңдікті шын өксіп, анық сағынған болсаң, өзгеріс буы өзіңнен шықсын. Сырттан – Русиядан, Еуропадан келген өзгеріс буы саған әл болмайды.

* * *

Жалпы халық теңдікке жете алмағанда, біздің шын бұқарамыз өз алдына бөлініп көгере алмайды.

***

Бір мемлекетті жалғыз бір адам билеп-төстеу тәртібі — тарих бетінде ең ескі, ең ертелікті тәртіп. Бұл тәртіптің бас адамдарының бастапқы шақтарында бір атаның руына сол рудың ең қариясы, ең үлкені бас-көз болып, ағалық қылуынан туып өршген.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *