Жүсіпбек Аймауытұлы нақыл сөздері


Жүсіпбек Аймауытұлы

Жүсіпбек Аймауытұлы — 1890 жылы қазіргі Павлодар облысы Баянауыл ауданында дүниеге келген. Бала Жүсіпбек 5 жасынан бастап ауыл молдасынан хат таниды. 1911 жылы Керекудегі екі сыныптық орыс-қазақ мектебіне кіріп, білім алады. Сондай-ақ 1914 жылы Семейдегі мұғалімдер семинариясына түсіп, оны 1919 жылы бітіріп шығады. Ол ел ішінде бала оқытып, жас ұрпаққа тәлім тәрбие береді. 1917-1919 жылдары Алаш партиясына кіріп, Алашорда үкіметінің құрылуына атсалысады. 1921 жылы Семей губерниялық оқу бөлімінің меңгерушісі, «Қазақ тілі» газетінің редакторы және журналистер бюросының хатшысы қызметін атқарды. 1924-26 жылдары «Ақ жол» газетінде бөлім бастығы міндетін атқарса, 192629 жылдары Шымкент педагогикалық техникумының оқытушысы әрі директоры болды. Ж.Аймауытұлы артында «Ақбілек» романы сынды көптеген көркем шығарма қалдырды.
Кеңес үкіметі 1930 жылдың 21 сәуірінде Мәскеудегі Бутырька түрмесінде Ж.Аймауытұлын ату жазасына кеседі.

***
Бір адамның бақыты – бір ұлтты бақытты қылуға жетпейді. Ұлтын, Отанын көркейту, қандас-діндес, тілдес бауырларының қамын жеу – бұл жақсы жұмыс. Адамның өз басының көркеюімен ұлты көркеймейді, ұлты көркейсе — өзі көркейеді.
***
Қазақта қашаннан: білгіштің соңынан ергіштік береке бар.
***
Ұлтшыл болу – адамшылдық ісі емес, заманның ісі.
***
Адам туа сала – ұлтшыл, туа – адамшыл бола бермейді. Ұлтшылдық сезім де сол сықылды: әуелі үй ішінен, одан қала берсе туған ауыл, туған жерден бастап, жоғары өрлейді. Туған ауылын, жерін сүймеген адам — ұлтшыл да бола алмайды.
***
Құлға «дес» тиген күні құдайды ұмытып, бармақ бастыға сала бастайды.
***
Орыс тәрбиесін алған бала – ұлт қызметкері бола алмайды.
***
Қазақтың ұлтшылдығы – бағындыруды көксеген, шегіне жеткен, озбыр ұлтшылдық емес, алдымен бас қорғауға, жан сауға қылуға, жете алса – теңдік алуға талпынған тіленші ұлтшылдық. Тұрмыс жүзінде уақ ұлттардың қалың бұқарасы теңгерілмей тұрғанда, ұлтшылдық жоғалмайды.
***
Әлеумет құрылысы қандай болса, халықтың ой-жүйесі де, жан қалпы да соған лайықтанып, икемденіп қалыптанады.
***
Алаш қаласына қазақ басшылары жиналып, Алаш Ордасын көтеріп қызметке кірісе бастады. Алаш Орданың қазіргі мақсаты – қазақты жұрт қылып, автономия алу. Осы жолда Алаш Орда милициясын жасап, қазынасын толықтыруға кірісіп жатыр.
***
Ұлты үшін құрбан болуға шыдағандық – ұлтшылдықтың осы күнде ең берік ережесі.
***
Артынан елі ермеген басшы – басшы бола алмайды. Басшының артынан ермеген ел – ел бола алмайды. Құдайға шүкір, әзір басы аман, малы түгел еліміз де бар, ел қамын ойлап, тура бастарлық еріміз де бар.
***
Ұлтын шын сүйіп, аянбай қызмет қылған азаматы көп жұрт — күшті, өнерлі, білімді жұрт болып, күресте тең түсіп, басқаларға өзін елетіп отыр. Ұлты үшін құрмет қылмай — бас қамын ойлап жүрген азаматтардың елі артта қалып отыр. Ұлтшыл жұрттар, әне, Германия, Япония, Англия, Түркиялар, олардың баласы жасынан «ұлтым» деп өседі.
***
Қазақты тура жолға бастайтыны да, адастыратыны да — оқығаны. Оқығанын қазақ сыйлайды, соңынан ереді. Қадірлейді. Сенеді. Білімді, ақылды, жақсылықты, үлгілі, тәртіпті, ақиқатты, әділдікті, қызметті – оқығандарынан күтеді.
***
Естеріңізде болсын: қара халықтың мәдениетті болуынан, мәдениетті кісінің қазақ болуы қиын, баласына осы бастан ұлт рухын сіңіріп, қазақ өміріне жақындатып тәрбиелеу керек.
***
Қазаққа аюдай ақырған шенеунік табылуы оңай, ерінбей-жалықпай, бақырмай, шақырмай іс бітіретін, терісі қалың, көнбіс, табанды қызметкер табылуы қиын.
***
Оқығандар! Бұл уақыт – жан тыныштық іздейтін, қызық қуатын уақыт емес, қызмет қылатын, еңбек сіңіретін уақыт. Ойланыңыздар: халық біз үшін емес, біз халық үшін туғанбыз, олай болса, мойнымызда халықтың зор борышы, ауыр жүгі жатыр.
***
Саясат қызметшісі де, заң қолданушы би де, құлық түзетуші де адамдардың қылығын жақсы ұғып, білуге тиіс. Ақын, жазушы, артист, бір сөзбен айтқанда, кім көппен аралас әрі істес болса, бәрі де адамның психологиясын білу керек.
***
Ғылымды кісінің білімі де күшті, білегі де күшті. Надан кісі оған құр қол кісі сияқты. Алыса кетсе, айлалы, азулы кісі нашар кісіні алып соғатыны ап-анық.
***
Өнер, ғылым – қаражатпен табылады, өнер, ғылым – қаражат табады. Қаражат — жан асырайды! Халықтың бай өнерлі болып жетілуіне де байлық керек. Жалаңаш кедейге өнер үйрен деу өгізбен жарысып бәйге ал деген сияқты.
***
Ғылым – білімге қонады, білімсіз ғылым – саңырау, ғылым — білімді ұлғайтады, ғылымсыз білім – тым құрғақ. Білімді орнына жұмсау керек, жамандыққа салынған білімдіден – білімсіз артық.
***
Тыныш отырып, бәрін біліп, іске орайсыз болған адам – кемел адам емес. Қайта бір нәрсеге құлшынған, құмартқан адам, іс жүзінде тапқыш зерек адам – адамшылықтың көгіне өрлеген адам болып табылады.
***
Өмірге, тіршілікке пайдасыз білімнің – білім сәні жоқ. Қандай білім болса да, күндегі тіршіліктің азды-көпті түзелуіне қолғабыс ету керек…
***
Әрбір білім – шын білім болса, есепті қолданбай тұра алмайды.
***
Сөз болмаса, кісі ойлай алмас еді, ойлай алмаса – еш нәрсені білмес еді. Адамның ақылымен бірге өсіп, біте қайнап, әр жұрттың мінезін анық суреттейтін – тағы сөз.
***
Тіл — жанды нәрсе сияқты: тіріледі, өседі, жоғалады. Өнер-ғылымға аяқ басқан жұрттың тілі өсіп, көбеймек, тілі күшейген жұрт – өнерлі де болмақ. Тілі жоғалған жұрт – әдет-ғұрпынан, мінезінен айырылып, ақырында жұрттығы да жойылмақ. Тілін тірілту, жоғалту – әр халықтың өзінен һәм оқымысты, білімді адамдарынан.
***
Төңкерістен бері еріксіз кіріп кеткен жат сөздер бар. Оларды халық сіңіріп алып қойды. Жұрттың миына орнап алды. Енді олардың орнына жаңадан қазақ сөзін тауып кіргізіп, жат тілді қуып шығарамыз деп талпынғанмен болмайды. Бойға сіңіп кеткен асты қайта құсуға бола ма?
***
Кіріп қалған жат сөздерден қашпайық. Орынсыз тілге зорлық қылмайық.
***
Мәдениетке кірісе бастаған жұрт – өз тілінен айырылып қалуы мүмкін, себебі: мәдени жұрттың – ғылыми, әдеби тілін өзінің жақын тіліне аударуға шамасы жетпейді, жетпеген жерде біреудің даяр тілін ала салады.
***
Ана тілі – халық болып жасалғаннан бергі жан дүниесінің айнасы, өсіп-өніп, түрлене беретін, мәңгі құламайтын бәйтерегі.
***
Қазақ – мәдениет жүзінде ерте туып, кеш қалған халық. Кенже қалғанымызда, әрине, көп себеп бар: жер, тұрмыс, ғұрып, әдет, надандық, жалқаулық, діні адасқандық (фанатизм), саяси бірліктік болмағаны.
***
Адамның тағдыры – өз қолында. Сорлы болған адам: «тағдырға шара бар ма» – деп жұбаныш етеді. Тағдырыңды – күндегі тамызықтай істеген амалыңмен өзің жасап аласың.
***
Милицияның керектігі: заман – күштінікі, қару – жарақтыныкі, атты — тондынікі. Әскер жасап алмасақ, осындай астаң-кестен аударыспақ заманда – елімізді, жерімізді, мал-басымызды қорғап ала алмаймыз, көрінгеннің ауызында кетеміз, жұрттығымыздан айырыламыз…
* * *
Күні бұрын жасап алған жоспарынан айырылмай, соғыс жүргізбек болған әскербасынан жаман жоқ. Ал тіпті жоспарсыз жүргізсе, одан да жаман.
***
Ешкімнен қорықпаған би – әділ болмақ, ондай әділ биде – туысқан жоқ, бидің алдында айыпкер қандай бай, күшті болса да дірілдеп тұрмақ.
***
Әдебиетке қызмет қылуды әркім-ақ тілейтін шығар, бірақ қолдан келмейтін нәрсеңмен қызмет қыл деп әдебиет қыстамайды. Өлеңнен өзге — ертегі, жұмбақ, мақал, тақпақ, қара сөзбен қызмет етуге де болады. Шамасы келетін де, келмейтін де өлеңге жұмылғандық –бәрі бірдей не тойшы болғандық, не қойшы болғандық.
* * *
Қандай өнерпазды, ақынды, данышпанды болсын, өз заманының сыншылары әділ көзбен қарап, баға беру – шетін нәрсе. Заман сыншыларының бүйрегі не олай, не былай бұрып кетпей тұрмайды. Талай таланттардың, талай жақсылардың қадірін жұрт өлген соң біледі.
***
Әдет — табиғаттан күшті.
***
Ақын-жазушы біткенді бір қалыпқа соғуға болмайды. Киялы күшті ақын – романтик болса, ақылы күшті ақын — нағызшыл болса, неге бұлай болмай, олай болсын деу – «Өзіңді қайта жарат» деген сөз.
***
Ақын өзгелердің сезбегенін — сезеді, көрмегенін – көреді, ойламағанын болжайды, тілі жетпегенін – айтып береді.
***
Өзі өмірді анық біліп, өзгелерге жөн сілтеп, қараңғыны жарық, бұлдырды ашық көрсете алмаған ақын – ақын емес.
***
Тіршілік деген – бір әурешілік: өмір, өлім мәселесі талай ойшылдарды, ақындарды терең қиялға батырған.
***
Әдебиет – өнер. Өнер азды-көпті еркіндік тілейді. Қазақ әдебиеті көгерсін, гүлденсін десек, жалаң тап көзімен, не саясат көзімен қарап сыңаржақ етпей, сынау керек.
***
Шын жүректен – табиғатынан қайнап шықпаған сөзде — жан болмайды, ондай сөз ақындыққа жатпайды, «Бей намаздың» намазы болып шығады.
***
Жалпы мәдениет, әдебиет мәселесі – әрбір ұлттың тарихының төрінен орын алатын қиын мәселе. Солай болған соң, мәдениеттің күрделі тарамының бірі ән-күй әңгімесі де жеңіл емес.
***
Оқымай – мәдениет жоқ: мәдениетсіз ел, қандай кәп болсын, күшті болсын, ұлтшыл болсын, ұлттығын сақтап, табанды ел болып тұра алмайды.
***
Әдебиет – халықтың сөзі емес, белгілі жазушының сөзі. Жазушы халықтың ақыл-ойын, мінезінің әр түрлі тарауын суреттеп, халықтың алдына жайып салады.
***
Қол астындағы елін қорқытып, соқыр қылып бағындырып ұстау үшін өкіметтер – дінді құрал қылған, оңай мал табуды дін басшылары да жақсы көрген, өздері де дінмен суарылып тәрбиеленген.
***
Мәдениеті күшті жұрт – еліктетеді.
***
Мәдениеті көпей: ел дүниені, табиғатты – білім жолымен, ақылмен өлшеп танымайды, жорумен, аңыз қылумен таниды. Бүгінгі мәдениетті елге әншейін, жай нәрсе тәрізді көрінген табиғат сырлары, істері, күштері – бұларға жат, керемет болып көрінеді.
***
Мәдениеті көпей, табиғат сырына ақылы жете алмаған елде дін әсері де күшті болады. Жоққа нанудың, бұлдыр қиялдың ұясы – дін: бақсы, балгерге, әулиеге, кереметке, дуаға, тұмарға, ішіркеге, аруаққа жалыну, кітап көтеру, жан бар деп, жұмақ, тамұқ бар, көр азабы бар, қиямет, сират бар деп сену – бәрі де дін мұрасы.
***
«Ағаш көркі – жапырақ» дегендей, газет көркі – ел хабары деуге болады. Ол – аз. Газет қалың бұқараныкі болуы үшін елмен қоян-қолтық айқасуы керек.
***
Газетке елдің селқос қарауының бір себебі: өз мүддесін сөйлейтін, қышыған жеріне дөп келетін сөздердің аз басылуынан деп жоруға болады.
***
Ел: «Жазбасам, маған серт, баспасаң, саған серт!» — деген жолға түссе, сонда газет елдікі болады.
***
Бір халықтың тарих жүзінде ақыл-ойы жараланып, ілгері басуы – адамшылықтың жоғарылауына да себеп болмақ.
***
Тарихшы өткен замандағы адамдардың қылығын ұғу керек. Әрбір істе біз неліктен олай етпей, бұлай ететінімізді анық білсек, өз өмірімізді де анық біліп, өмірімізді өзіміз билеп, дұрыс өткіземіз.
***
Мақтаншақкісі — өзімшіл, менмен кісі, менмендік, тәкаппарлық – адамдық міні, тәрбиенің жоқтығы.
***
Өзімшіл кісі — кең болмайды, кең болмаса – қаскүнем болады. Қаскүнемдік жақсы емес.
***
Адамда аз да болса бір үміт, бір таяныш болу керек, ондай болмаса тіршілік етіп не керек.
***
Тәрбиенің мақсаты – мінезді түзеу, адамшылыққа қызмет қылдыру…
***
Баланы бұзуға, түзеуге себеп болатын бір шарт жас күнде көрген өнеге, ол өнеге – әке-шешенің тәрбиесі болуы керек. Ата-ананың берген тәрбиесі баланың мінезіне салған ірге.
***
Театр – өмірді, ақиқатты, жақсылық-жамандықты көзбен көргізіп, қолмен ұстататын орын. Бір сөзбен айтқанда, сезімді тәрбиелейтін зор құрал.
***
Тіршілік дегеніміз – дүниеге келу, ішіп, жеу, өлу ғана емес, ойлай білу. Олай болса, әр халықтың өзінше ұғымы, есі болуы керек.
***
Адам баласының тіршілігі үшін екі түрлі азық керек. Мұның біреуі – жан азығы, біреуі – тән азығы.
***
Ер еңірегіш болса – ер емес.
***
Психология — пәлсәпә әлеміне аттайтын табалдырық. Психология мәселесі қашаннан бері дауда, айтыста келе жатыр…
***
Адамдармен араласқанда, олардың мінез-қылығын жақсы білсек, тұрмыста болатын қанша жағымсыз нәрселерден құтылып, өмір жүзінде көп пайда тапқан болар едік.
***
Заман озған сайын әлеумет те өзгеріп отырады, ендеше, оның қылығы да өзгереді. Сондықтан жеке адамның қылығы қалай өсіп жетілгенін, тарихын тексеру керек.
***
Адамның қандай мінезді болуы – өз еркінде емес. Алайда ол өзінің күллі нәпсісіне ықпал ете алады.
***
Басқа жаратылыстар тағдырға қандай құл болса, адам да сол тағдырға құл. Өзгелерден өзін артық санаудың негізі – тек өзін-өзі көтермелегеннен, өзіне мардымсығаннан болса керек.
***
Күш санаспай қимыл қылуға болмайды.
***
Арманға жету үшін қиялға сүңгімей болмайды. Киялға сүңгімей нағыз өмірді жазған болмайсың.
***
Адамның өмірдегі ісі – алған тәжірибесінің жемісі. Жанның тәрбиеленетін үш түрлі сипаты бар: ақыл, сезім, қайрат. Адам жаратылыстан ақылды болып, үш сипаты бірдей тәрбиеленген болса, ол кісі данышпан болады.
***
Адамның ішкі қозғалыстарын зерттеу – қиын нәрсе. Психология зерттеуін мұндай қиын құбылыстардан бастау дұрыс емес.
***
Шындығына келгенде, өзіне-өзі бүйрегі бұрмай, әділ төре болып, өзін-өзі бақылау тым қиын. Кімде-кім бір заманда өзін сынаумен шұғылданып келген болса, өзінің алдында таза шыншыл болудың қиындығы қандай екенін жақсы біледі.
***
Неғұрлым күндегі істейтін амалдарымыздың көбі ойландырмай, зорландырмай, оңай істелетін болса, солғұрлым ақылымыздың еркіндігі молырақ болады. Бірдемені істерде тоқсан ойланып, тоғыз төңкеріліп, белін байлай алмайтын адамнан сорлы мақұлық жоқ.
***
Жаман әдеттен құтылуға, жақсы әдетті табуға құнт етсе шара бар. Ол шара — табандылық, қажыр. Жаңа əдет қонуға не жәрдем беретін болса, соны пайдаланыңыз. Жаңа жолға түсіретін жағдайдан шықпаңыз.
***
Дүниеде — анаған бір, мынаған бір жалтақтап, бос қиялдан арылмай, өмір бойы «Ой, бәрекелді!» дегізерлік бір іс ете алмаған, сары уайыммен, байбаламмен күн өткен езден жаман адам болмайды.
***
Жатқанға – жан жуымайды. Өзі тырбанып, іс қылмаған жұртқа тегін нәрсені ешкім әкеліп бермейді.
***
Тұрмыстан күшті құдірет жоқ. Қарсы бол, болма – оларды тіршілік таласы отырықшы қылады.
***
Тіршілік тұтқасы – шаруа. Шаруасыз күнелтуге болмайды. Өнер, ғылым, саясат, әдебиет адамгершілік… бәрінің шығатын жері де, қоятын жері де – шаруа.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *