Məннан Тұрғанбайұлы нақыл сөздері

Тұрғанбайұлы

Məннан Тұрғанбайұлы — 1886 жылы Шығыс Қазақстан облысының Абыралы ауданында дүниеге келген. Алғашқыда Məннан оқу іздеп, Семей қаласына барып, Кәмәлиден хазіреттен арабша дін оқуын оқиды. Алты жылдай Семейдегi медреседе оқып, 19061910 жылдар аралығында туған ауылында ұстаздық қызмет атқарады. 1910 жылы Уфадағы «Ғалия» медресесіне түсіп, оны 1915 жылы бітіріп шығады. Ол Орынборда Ахмет Байтұрсынұлының жетекшілігімен шыға бастаған «Қазақ» газетіне шақырылады. 1917 жылы Орынбордан Семейге келіп, «Сарыарқа» газеті редакторының орынбасары ретінде Санкт-Петербургтегі екі жарым айлық курстан өтеді. 1917 жылғы сәуір айында өткен Семей облыстық қазақ сиезінде комитет мүшесі болып сайланады. 1918 жылы Алашорданың атты әскер полкіне қабылданады. 1919 жылы «Қазақ тілі» газетінің жауапты редакторы, түңғыш шығарушы болған.
1930 жылы ОГПУ сот коллегиясының үкімімен М.Тұрғанбайұлы Семейде қамауға алынып, Қапал түрмесіне айдалып, 1932 жылы айыптары дәлелденбегендіктен түрмеден босатылады. Алайда 1937 жылдың 20 тамыз күні ату жазасына кесіледі.

***
Қазақ жұрты бұл күнге шейін көпшілікке үйренбеген жұрт. Бұрынғы заманда ел қамын жеген ерлер көп шығып, көпшілдік мінездері болса да, Россияға қарағаннан кейін ол мінезден айырылды.
***
Қазақ баласын оқытқанда: біліп шықса – мал тауып береді, төре болып, беделімді күшейтіп, биік болады, дұшпанымызды мұқатып кек алып береді деген ойда болады. Білім алып, көпке пайдасы тисін – деген ой хабарында болмайды. Жақындарына — мінерге көлік, сауарға сауын берсе, өзіне қоғам, күш қылу үшін береді, көмегі тиген адамын біржолата иемденіп алады. Не күшінен, не сөзінен, не еңбегінен пайда тимейтін кісіге (бірдемені көздемей) қайырылысқан қазақ болмайды. Газет, журнал ал, серіктікке жазыл десең, әуелі өзіңе тиетін пайдасы бар ма? – деп сұрайды.
***
Қазақ қатарға кіріп, жұрт болсын деген кісі — тәрбиенің жолынан айырылмасқа керек: әуелі қазаққа өзінің кім екенін, адамшылық құқығын білдіруге, онан соң Отанын танытып, жақсы көргізуге, сонан соң дүниедегі барлық адам баласы бауыр екенін білдіріп, көпшіл, адамды сүйгіш қылуға тырысу керек.
***
Ұлтшылдық — кісішілдікті айыра білмеген, бас пайдасынан басқаны ойына алмаған, дін хакімі, шариғатқа бас иіп, іске асырмаған, мәдениеттен жырақ жатқан қазақ секілді жұртты – салғаннан көпшіл қылам демей, әуелі ұлтшыл қылу керек.
***
Өз басын таза ұстап, алып жүре алмайтын нашар әйелден – намысты, жігерлі, ұлтшыл бала тумайды.
***
Мәдениетке аяқ басуға айналған жұрттың еркек, әйелі білімге бірдей ұмтылады. Өңкей ерлері ғана білімге ұмтылып, әйелдері жанды қуыршақ есебінде қалған ұлтты – мәдениетке ұмтылған жұрт деп айтуға болмайды. Ондай ұлт қанша талпынғанымен түбірлі мәдениет жасай алмайды. Бір ұлт – бір кісінің денесі сияқты, дененің жартысы – әйел. Ерлері ғылымды болып, əйелі надан қалған ұлт – бір жағынан жын соққан денемен бірдей.
***
Әр нәрсені білуге, үйренуге ұмтылу – кісінің табиғатына біткен жан ләззаты. Өнер-ғылым – еркек-әйелдің ортақ сыбағасы. Әйелді оқытпай надан қалдыру – жан ләззатынан жұда қылған болады. Бүтін адам баласына ортақ ғылым дариясынан татырмай қызғанған болады. Тұқым болып, ел атағымызды жоғалтпайтын баламыз – әйелден туады, әйелдің қолында өседі.
***
Қазақ мәдениетке бет алды. Бет алған соң, енді өнер-білім ғана бағалы, дәрежелі болады. Енді атағыңа, байлығыңа ешкім қызықпайды. Оқымаған әйел – кісі ретінде алынбайды. Мұны ойласа, баласына жаны ашыған мейірбанды ата-аналар әйел балаларын оқыту керек.
***
Халықтың басы қосылған орында қазақ тілінің маңызын, тілін жүзеге асыратын курстарға қолынан іс келетін таза жігіттерін жіберсін. Халықтың ұмтылуы, ел ынтасы деген осындай ретпен табылады. Істің бәрін жоғарыдан күтіп отырып, өзіне берілген құқықтарын пайдалана алмаған ел – еш уақытта қатарға кірмейді.
***
Езілген, тепкіленген, қорлық көрген, жабы болған, қайраты сынған, қам көңіл болып жүдеген, қазақ азаматтары! Сен бүгін тіріліп отырсың, сенің тілің үкімет тілі болып отыр. Сол үкіметтің толық құқықты нағыз мүшесі болып отырсың. Қазақтың келесі буындарының алдында өздеріңе «қара таңба» қалдырма!
***
Шындап кіріссек, нағыз қазақ тілінде түрік шежірелері жазылады. Оқу жұмысында кешіктірмей қолға алып кірісетін қызметіміздің бірі осы. Өзімізді – ел қатарлы ұлт санап, ұлт мектептерін ашып отырып, өз ұлтымыздың шежіресін керексіз қылсақ, үлкен ұят.
***
Жас балаға дүниедегі ләззатты нәрселердің бәрін дайындап жасап қойған дастарханнан пайда жоқ. Ең пайдалы нәрсе – ананың сүті.
***
Тіршіліктің тартысында кімнің жеңілгісі келеді? Нашар, қайғылы тұрмысты кім жақсы көреді? Әрине, ешкім тіршіліктен жеңілуді, құл болуды, қайғылы дәурен сүруді қаламайды, амалсыздан жеңіледі.
***
Шаруашылық деген бір-ақ сөз болса да, тарауы тіпті көп. Шаруаның көбейіп, азаймағы мәдениеттің түріне қарай болмақ. Мәдениетсіз жұрттың шаруасы аз, мәдениетті жұрттың шаруасы тіпті көп.
***
Кісінің біреуі – мал өсірген көшпелі, біреуі – егін салып, бақша отырғызған отырықшы болған соң бірінің мұқтажы болған нәрсесі екіншісінен табылатын болды.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *