Халел Досмұхамедұлы нақыл сөздері

Халел Досмұхамедұлы

Халел Досмұхамедұлы – 1883 жылы Атырау облысы, Қызылқоға ауданында дүниеге келген. 1894 жылы Орал әскериреалдық училищесіне түсіп, оны 1912 жылы бітіріп шығады. Сондай-ақ 1903 жылы СанктПетербор императорлық әскеримедицина академиясына түсіп, оны 1909 жылы үздік дәрежелі дәрігер атағымен, Алтын медальмен бітіріп, офицер ретінде кесімді мерзімдегі әскери міндетін өтеуге жіберілді.
1917 жылы жалпықазақ съезінде Алашорда үкіметінің Ұлт кеңесі құрамына сайланды. 1920 жылы 21 тамызда Түркістан республикасы халық ағарту комиссариаты жанынан Түркістан халықтарының оқу-ағарту, мәдени Һәм ғылыми мұқтаждарын өтеу үшін арнайы ұйымдастырылған Білім комиссиясының мүшелігіне, кейін төрағалығына сайланды. Ташкенттегі халық ағарту институтында оқытушысы болды. 1924 жылы Ресей Ғылым Академиясының Орталық өлкетану бюросының корреспондент-мүшесі болып сайланады.
1930 жылы 15 қыркүйекте тұтқындалып, 1932 жылы 20 сәуірде ОГПУ үштігінің шешімімен Воронежге 5 жылға жер аударылды. 1939 жылы әскери трибуналдың үкімімен ату жазасына кесіледі. Алайда аталған жылы оның артынан «түрме ауруханасында өкпе туберкулезінен қайтыс болды» деген хабар келген.

***
Сенен басқа жүздеген, мыңдаған қазақтың жоғарғы дәрежелі білім алып жатқанын ойыңа алсаң, сол кезде: бұл халық та еңбекке, алға басуға қабілетті екен, – деп есептейсің. Бұл: «Бір кезде дүние жүзінде алдыңғы қатарлы құрметті орындардың бірін алады, ол екінші Жапонияға айналады», – деген сөз.
***
Білім алуға көп еңбек, аса сабыр керек. Білім алудың жолы көп. Ең көптісі – жақсы мектеп, білімді мұғалім. Мұнан қалса көпке түсінікті жазылған білім кітаптары.
***
Заманымыз – мәдениет заманы, мәдениетке білім жеткізеді. Білім мысқалдап кіреді, білімді болу үшін сарғаю керек.
***
Еңбексіз білім жоқ. Еңбексіз елді ағартып, тездеп мәдениетті қыламын деген ой – ақылдан ауысқандық.
***
Оңаша жүрген елдің өз еркінде тұрғанда тілі бұзылмайды. Елдің тілін бұзатын – көршілес елдердің мәдениетін үлгіге алған мәдениетті елдердің әсері.
***
Біздің тәжірибемізде қазақ тілі – бай тіл. Тек сөздері ғылым жолына салынып реттелмеген тіл. Қазақ тілі ғылым жолына салынып реттелсе, ешбір жұрттың тілінен кем болатын емес, бұған илануымыз керек.
***
Елдің тілі бұзылуына ең алдымен оқығандары себеп болады. Бұлар жат әсерлерге бағынғыш келіп, ана тілін өзгертуге жол басшы болады.
***
Мектеп пен баспаның тілі дұрыс тіл болса, елдің тілі көркейтіп, байытып, гүлдендіреді, мектеп пен баспада қолданған тіл шатасқан тіл болса, ол ел – сорлы ел, мүндай елдің тілі бұзылмай қалмайды.
Жат сөздерді қолданғанда тіліміздің заңымен өзгертіп, тілімізге лайықтап алу керек. Жат сөзді өзгертпей, бұлжытпай алатын жер дүниеде тіл жоқ деп айтса да болады.
***
Жасында ұлт мектебінде дұрыстап оқыған адам ана тілінің заңын ұмытпайды, бөтен тілдің сөздерін ана тілінің заңымен айтамын деп шатасады.
***
Ана тілін жақсы біліп тұрып, бөтенше жақсы сөйлесең, бұл – сүйініш, ана тілін білмей тұрып, бөтенше сөйлесең, бұл – күйініш. Өз тілін білмей тұрып жат тілге еліктей беруі – зор қате. Бұл оқығандардың һәм оқушылардың есінен шықпауы керек.
***
Тіл – жұрттың жаны. Өз тілін өзі білмеген ел – ел болмайды. Мәдениетке ұмтылған жұрттың алдымен тілі өзгермекші, тілі бүзылмақшы. Тілінен айырылған жұрт — жойылған жұрт. Тілімізді бұзбай ұстарту шарттарын қарастыру, жұрт әдебиетінен, көркем әдебиеттен үлгілер көрсетіп, өрнекті түрлерімен таныстыру.
***
Біздің қазақ жұрты оянғаннан бері мәдениет бәйгесінде ілгері кеткен жұртқа жетудің қамын қылып жатыр. Мәдениеттің негізі – білім. Білімге тіл арқылы жетеді. Білімді жұрттардың тілі бай болады.
***
Мәдениет қуған жұрттың ең алдымен, тілі өзгермекші. Шеттен кірген білімін әдетпен, заң мен жаңалықтарға түсінік беретін жаңа сөздер келмекші. Тілге кірген жаңа сөздердің көбі өлкеге алынған мәдениетті жұрттың сөздері болмақшы.
***
Қара халық өте сақ болады. Тұрмысына, салтына, елдігіне зиянды нәрселерді қабылдамайды. «Қара қарын» ел бұзады деп, жат рулардың адамдарын өте арасына сақтықпен кіргізгеніндей, шет сөздерді де сынап, тергеп, тексеріп, текшеп, өзгертіп, өз тілінің әдетіне лайықтап кіргізеді.
***
Тілдің қорықшысы – қара халық.
***
Бір тілге кірген жат сөз бейне адамның қарнына түскен тағам. Адамның тәнi iшкен, жеген тағамынан түзелмей ме.
***
Әдебиет тілінің қаруы – баспа мен мектеп. Баспа мен мектеп деген адам шошынарлық өте қайратты қару. Баспа мен мектепте қолданған тіл елге ақырында сіңбей қалмайды.
***
Ақындық – табиғаттың сыннан таңдап бірен-саран адамдарға таңдап беретін артық өнері. Тілді бұзбай ұстарту, шеберлеу, байыту ақындардың мойнына артылған зор борыш.
***
Түркі қауымы ислам дүниесіне қосылып із-түзсіз сіңісіп кететін элемент емес, өз елінің жоғары мәдениетімен тәрбиеленіп келген ел. Түркі қауымы Иран, Жүһүт мәдениетіне қарсы бір мәдениет.
***
Елімізде салтымызға, тұрмысымызға сай түзелген көп ойындар бар. Бұларды менсінбей, ұмытып барамыз. Бұл жарамайды. Біздің кейбір ойындарымызға Еуропа жата таңданады.
***
Елдің салты, тіршілік қалпы өзгерген сайын елдің сөзін айтушылардың саны азайып, сапасы кеміді.
* * *
ҰРПАҚҚА ТІЛЕК
Түркістанның сәні бол,
Жұрт алдында әні бол.
Надандарға молда бол,
Елің үшін молда бол.
Нашарларға қорған бол,
Әділдікке құрбан бол.
Адасқанға басшы бол,
Жақсылыққа қосшы бол.
Жамандыққа ащы бол,
Адалдыққа серік бол.
Әзізілге берік бол,
Сасқанға көмек бол.
Тасқанға шүмек бол.
Дұрыстықта біреу бол,
Адамдықта тіреу бол.
Арамдыққа сүлгі бол,
Кейінгілерге үлгі бол.
***
Қазақ баласының шыр етіп жерге түскеннен бастап, кәмелетке толғанға дейінгі тыныс-тіршілігі ән, жырдың құшағында өтеді. Қазақ баласын тәрбиелеуде дыбыстық ырғақтардың басты орынға шығуы, сірә, халық әдебиеті мен халық әндерінің кең тарап дамуы, оның тәрбие құралы болуы себеп болса керек.
***
Қазір бізге әрбір жыл, ай, апта, күн қымбат. Әдетте, қазақ халқының сөз бұйдаға жаны қас. Жазған мақала, кітабымыз, сөйлеген сөзіміз, жасаған баяндамамыз осы тағдыр-талайы ауыр ұлтымыздың уақытын ұтатындай болып туу керек. Біз ұйымды есеп үшін құрмаймыз, елдің мәдени-ағарту жағдайын титтей де болса ілгерілете ме деп қүрамыз.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *