Иран. Ауғанстан

ИРАН. АУҒАНСТАН Әлемдегі ұлт-азаттық күрестің ықпалы Иранға жетіп, антиимпериалистік сана-сезімді оятты. КСРО және ағылшын әскери топтары елден шығарылғаннан кейін әзірбайжан, күрд, хорасан халық топтарының ұлттық автономиялық қозғалыстары байқалды. Сонымен қатар Иран қоғамындағы мұнай көздерін мемлекет меншігіне қайтару мәселесі көтерілді. 1951 жылы 29 сәуірде Ұлттық майдан басшысы Мұхаммед Мосадык (1879—1967 жж.) бастаған үкімет құрылды. 1951 жылы 20 наурызында Иран парламенті ұлттық мұнай кәсіпорындарын тәркілеу заңын қабылдап, ағылшын-иран мұнай компаниясының үстемдігін жоюды жоспарлады. Батыс елдері ол қадамға қарсы шықты. 1953 жылы 19 тамызда генерал Захеди бастаған әскери төңкерістің нәтижесінде М. Мосадык кабинеті биліктен тайдырылды. 1954 жылы АҚШ, Англия, Франция, Голландия ком- паниялары халықаралық мұнай консорциумын ұйым- дастырып, Иранның мұнай байлығынан көп табыс тауып отырды. “Ақ революция” әрекеті, себептері, барысы және нәтижесі. 1953 жылғы әскери төңкерістің нәтижесінде ел батыспен жақындаса түсті. Иран Бағдад (СЕНТО) пактісіне қосылды. Тек қана иран армиясының бөлімшелерінде АҚШ-тың 4 600 әскери кеңесшісі жұмыс атқарды. Ел ішінде Батыс мәдениеті мен салт-дәстүріне еркіндік берілді. Иран басшылары шиеленісті жұмсарту үшін реформаға кірісті. 1962 жылы реформа басталды. Шах жаңалықтарды “Ақ революция” деп сипаттады. 1962—1974 жылдары елде индустрияландыру, жер мәселесін реттеу, оқу-ағарту және денсаулық сақтау салаларын жаңарту істері қолға алынды. 1963 жылы иран әйелдеріне сайлау құқығы берілді. Ең маңызды жаңалықтар жер реформасында болды. Помещиктің артық жерін мемлекет сатып алып, жері жоқ, жері аз шаруалар отбасыларына сататын болды. Мемле- кет помещиктерге алдын ала 70 млрд риал қаржы төлеп, осы соманы 15—20 жылдың шеңберінде шаруалардан 157 қайтарып алатын болды. Шамамен 3,2 млн шаруа отбасы жерге ие болды. 1979 жылы ақпанда Иран революциясы жеңіп, шах билігі жойылды. Иран Ислам Республикасы жария- ланды. 1979 жылғы конституцияға сәйкес, елбасы — мұсылмандардың діни басшысы аятолла Хомейни болды. Ислам құқығының дәстүрлері қайта бекітілді, азамат- тар мұсылман құқықтарын ұстануға тиісті болды. Ескі исламдық дәстүрлер қайта тіріліп, мемлекеттің саяси- қоғамдық өміріне кеңінен әсер етті. 1980—1990 жылдардағы Иран. Иран шаруашылығын- да исламдық экономика тәртібі тұрақтанды. Исламдық экономика жекеменшік шаруашылықты жақтап, мем- лекеттің де қамқорлығына сүйенді. Елдегі ұсақ және ор- таша кәсіпорындарды қолдау мен бесжылдық мемлекеттік жоспарларды орындау шаралары да қатарлас жүргізілді. 80-жылдардың басында Ирак шекара мәселесін қоз- ғап, оны соғыс арқылы шешпек болды. Иран-Ирак соғысы 8 жылға (1980—1988) созылды. Ол Иран экономикасының даму қарқынын тежеп, көптеген ауылдар мен қалалар қиратылды. 1987—1988 жылдары өндірістік кәсіпорындар өз қуатының 40%-ын, ал 1988—1989 жылдары 20%-ын ғана іске асырып отырды. 90-жылдардың барысында саяси билікте едәуір өз- герістер байқалды. Хашеми Рафсанджанидің билік ету мерзімі аяқталып, 1997 жылы 5 тамызда президенттік қызметке Мохаммад Хатами келді. Осы басшылардың кезінде тым қатаң исламдық тәртіп жұмсарып, діни емес қоғамдық ұйымдардың қызметіне рұқсат беріліп, шетел капиталын тартуға жағдай туғызылды. М.Хатами 2001 жылы сайлауда тағы жеңіске жетті. Елбасы Мохаммад Хатами елдегі қалыптасқан жағдай- ды дұрыс ескеріп, экономиканың даму бағытын өзгерту әрекеттерін ұсынды. Сөйтіп, жаңа бағытқа түрткі болған 1989—1993 жылдарға арналған бесжылдық жоспардың сәті түсті. Миллиардтаған қор негізінде ірі шетел компанияла- рының көмегімен жаңа технологиялық негіздегі фабри- ка, зауыттарды салуға мүмкіндіктер туды. Еркін эко- 158 номикалық аймақтарға мемлекеттік, жекеменшік және шетел капиталын келтіріп, нарықтық қатынастарды барынша жылдамдату мүмкіндігі ашылды. Пайдасыз кәсіпорындарға демеу ретінде қаржы беру тоқтатылды. М. Хатами сыртқы саясатта өркениеттер диалогін да- мытуға шақырды. Осыған сәйкес 1999 жылдан бастап ирандықтардың Италияға, Францияға, Англияға, Ресей мен Қазақстанға ресми сапарлары жиілей түсті. Ол АҚШ және Израиль саясатын қатты әшкерелеп, атом өндірісін одан әрі дамытуға ерекше мән берді. Елдің бірқалыпты ішкі даму барысы парламент сай- лауы кезінде күтпеген жерден саяси шиеленіске тап болып күрт өзгерді. Мұның себептері елдің саяси жүйесіндегі екі топтың арасындағы қайшылықтарға байланысты. Бір топтың өкілдері консерваторлар деп аталса, екінші тармақтағы өкілдерді реформаторлар деп мойындайды. Консерваторлар жағы 1978 жылғы революция қалып- тастырып кеткен саяси жүйені өзгертпеу, бұрынғы өз қалпында сақтауды жақтайды. Реформаны жақтаушылар азаматтық қоғам институт- тарына сүйеніп олардың сәтті құрылуын қамтамасыз етіп, түрлі реформаларды іске асыруды аңсайды. 2005 жылғы Иран президентін сайлау кезінде қоғамда- ғы тынышсыздық айқын көрініс берді. Ел президенттігіне М. Ахмадинежад келді. Оның кезінде Иранның Израильге ашық қарсы тұрып, Ирактағы, Ливандағы, Сириядағы және т.б. елдердегі шииттерді және палестина арабтарының қолдауы күшейе түсті. Елдің ядролық бағдарламасы әскери бағытқа арнал- ды, ол өте қауіпті іс деп Батыс жағы бағалаған еді. 2010— 2012 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі Иранға қарсы қа- рар қабылдап, қаржы-экономикалық шаралар қолданып Иран Ислам республикасына қысым көрсетуде. Қазақстан және Иран арасындағы қатынастар теңдік, татулық негізінде дамыды. 1992 жылы 28 қазанда Прези- дент Н. Ә. Назарбаев осы елге ресми сапармен барып, екі елдің арасындағы ынтымақтастық қадамдарына жол ашты. 159 Ауғанстан. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі экономикалық және саяси даму ерекшеліктері. Соғыстан кейінгі жылдарда Ауғанстан экономикасына АҚШ және Батыс Германия капиталы ене бастады. Олар қаракөл терісін өңдеуге, жол және суландыру құрылыстарын салу- ға көңіл аударды. Ауылда жердің көпшілігі феодалдық топтар мен ауқатты шаруалардың меншігіне шоғырланды. Елдің экономикалық жағдайының нашарлауы ішкі әлеуметтік қайшылықтарды күшейтті. Елдегі ұсақ және орташа өндіріс иелері және ауылдағы шаруалар қауымы оппозициялық топтар құрды. 1947 жылдан бастап жастар қозғалысы қалыптасты. 1950 жылы “Ватан” атты саяси топ құрылды. Оның құрамында ұсақ буржуазия және буржуазиялық зия- лы қауым өкілдері көбірек орын алды. Оппозициялық топтардың қатарында “Нидан хальк”, “Ангар” атты ұйымдар да байқалды. Пашаның туысы Мұхаммед Дауд басқарған “Ұлттық клуб” атты ұйым да оппозицияның қатарында болды. 1973 жылы 17 шілдеде армиялық топтардың анти- монархиялық әрекеті іске асып, Нәдір әулеті биліктен қуылып, Ауғанстан Республикасы жарияланды. Респуб- лика басшылығына М. Дауд бастаған топ келіп, демо- кратиялық күштерді қыспаққа алып, қуғынға ұшыратты. 1978 жылғы Сәуір революциясы жеңген соң Револю- циялық кеңес және Республика үкіметі құрылып, төраға қызметі Н. М. Т а р а к и г е жүктелді. Жаңа үкіметтің реформалық іс-әрекеттері дамыған социалистік елдердегі құрылысқа ұқсас болды. Бір партияның жеке үстемдігі, оппозицияға жол бермеу, исламның дәстүрлерімен санас- пау, көпсалалы шаруашылық құрылыс экономикасын бірден социалистік тәсілге көшіру әрекеті, көрнекті діндер және буржуазиялық қайраткерлерді жазалау халық арасында наразылық туғызды. Жаңа өмірдің қалыпта- суы барысында басқарушы партия арасында алауыздық пайда болды, өзара тартыс басталды. Х. Амин тобы көп- теген партия басшыларын қаралап, Б. Кармальды, А. Ка- дырды, С. Кештмандты, И. Нұрды қызметтен тайдырды. 1979 жылы ол Н. Таракиді өлтіріп, барлық билікті өз қолына алды. 160 Басқарушы партияның жөнсіз әрекеттері халық ара- сында қарсылық тудырды. Ел ішінде азамат соғысы өрті тұтанды. 1979 жылы желтоқсанда КСРО әскерлері Ауған жеріне енгізілді. Бұл заңсыз әрекет елдегі жағдайды одан әрі шиеленістірді. Аминді өлтіріп, билікті Бабрак Кармальға, ал кейіннен Мұхаммед Наджибуллаға беру жағдайды едәуір өзгертті. 1989 жылы 15 ақпанда Женева келісімі негізінде КСРО әскерлері Ауған жерінен түгелімен шы- ғарылды. ХХ ғасырдың соңы мен ХХІ ғасыр басындағы Ауғанстан. Ауғанстандағы соғыс әрекеттері тоқтамай, одан әрі жалғасты. Оппозицияның біріккен күштері Кабулдағы коммунистік үкіметке қарсы шабуылдарын үдете түсті. 1992 жылы 28 сәуірде М. Наджибулла үкіметі құлады. Кабулда Б. Р а б б а н и бастаған уақытша үкімет құрылды. 1992 жылдан бастап Ауғанстандағы азамат соғысы ұлтаралық шиеленіске айналды. Солтүстік Ауғанстандағы Мазари-Шариф қаласында генерал А. Дустум бастаған “Ислам ұлттық қозғалысы” саяси ұйымы құрылып, осы өңірдегі өзбектердің ұлттық бірлігін қорғауды жоспарлады. Солтүстік-Шығыс Ауған жеріндегі әскери топтың ба- сында Ахмад-шаһ Масуд тәжік тұрғындарын қорғамақ болды. Дәл осы кезде Пәкстанның ықпалында болған жас ауған діншілдері — талибтердің қозғалысы тез күш алып, 1996 жылы қыркүйекте Кабулды басып алып, сол қалада- ғы БҰҰ кеңсесінде тығылып жүрген М.Наджибулланы тұтқындап, дарға асып өлтірді. Талиб әскери күштері Б. Раббани үкіметінің әскерін солтүстік аймақтарға шегіндіріп, Тәжікстан — Өзбек- стан — Түрікменстан шекарасы шебіне жетіп, Орта Азия өңіріндегі халықаралық қатынастарды шиеленістіре түсті. Ауған жеріндегі өзара тартыстар көршілес ТМД елде- рінің тыныштығын кетірді. Талибандар үкіметі ескі мұсылман тәртібін орнатып, елдің құтын қашырды, халықаралық лаңкестікті қолда- 161 ды, “әл-Қайда” жетекшісі Усама бен-Ладенді қамқорлық- қа алды. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің шешіміне сүйенген АҚШ басшылары талибтерге қарсы жұмылған халықаралық бірлестік ұйымдастырып, талибтерді жазалау үшін АҚШ соғыс бастады. Олар талибтер тәртібін құлатып, 2001 жылдың 21 желтоқсанында үкімет басына Хамид Карзайды әкелді. 2004 жылдың басында Лойа Джирға (Жалпыхалықтық жиылыс) мәжілісі шақырылып, жаңа Конституциясы бекітілді. 2004 жылдың қазанында ауыспалы үкіметтің жетекшісі Хамид Карзай президент ретінде сайланды. АҚШ үкіметі Ауғанстандағы соғыс әрекеттерін жалғас- тыра отырып, НАТО-ның және 18 елдің әскери күштерін тарта білді. Халықтың басым көпшілігі шетел әскерлері- нің ел аумағында болуын оккупациялық әрекет деп ұғып, ондай озбырлыққа қарсы күресуге қатысты. 2009 жылы президент сайлауы өтіп, Х. Карзай жеңіске жетті. 2010 жылы АҚШ бұл елге 30 мыңнан астам қосым- ша әскерлер енгізуге барды. Көпұлтты қарулы күштердің 2011 жылы Ауған жері- нен кетуі жоспарланған. Б. Обама мен Х. Карзай шартқа отырып, келешектегі қатынастарды жөнді ұстауға уағ- даласты. Қазақстан осы елмен ынтымақтастық қарым-қаты- насты ұстап келеді. Гуманитарлық көмек көрсетіп, ауған жастарын оқуға алу, экономикасын дамытуға қатысу және т.б. шараларға бірнеше жылдар бойы мемлекеттік қолдау көрсетіліп отыр. Сұрақтар мен тапсырмалар 1. АИМК мүлкін мемлекет меншігіне алу неге қажет болды деп ойлай¬ сыңдар? 2. “Ақ революция“ деген не? 3. Ислам революциясының себептерін ашып беріңдер. 4. Соғыстан кейінгі Ауғанстан еліндегі саяси қайшылықтардың сыры неде? 5. Ауғанстандағы КСРО әрекеттері халықаралық ережесіне сәйкес келе ме? 6. АҚШ-тың Ауғанстанға әскер жіберуін, елдегі жағдайды талдаңдар.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *