ҚОЙШЫ-ШОФЕР (Медеу Сәрсеке)

ҚОЙШЫ-ШОФЕР
Қошқарбай екеумiз тетелеспiз. Анда-санда амандық бiлдiрiп, хал-жай сұрасып, хат жазысып тұрамыз. Сөйтсе де соңғы кезде арамыз суый бастады. Өйткенi ана жылы: «Қойды қайтесiң, әкең Қойшыбай елу жыл өмiрiн қой бағумен өткiздi. Әкеңнiң таяғын ендi сен ұстапсың, оныңды мақтан көретiн сияқтысың. Он жыл оқып қой бағу мақтан емес, достым. Алматыға кел, қалаған оқуыңа түсiрейiн», – деп хат жолдағанымда, Қошқарбай маған кәдiмгiдей зiлді сөздермен жауап қайтарған.
Содан берi мен де, ол да хатты сирек жазысатын болғамыз. Сөйткен Қошқарбайдан бiр күнi хат алдым. Хат болғанда бақандай бiр дәптер.
– Қымбатты достым Қиялбек! – деп бастапты хатын ол. – Жалған айтсам, бес күн нан жемеуге әзірмін. Көрмегелi сенi бiраз жыл болды. Сен де, мен де содан берi аз дегенде жарым қадақ тұз жедiк. Айта берсем – әңгiме көп, өзің туған елде сен естiпбiлмеген жаңалық көп, қызығып есiңнен танар өзгерiс те көп. Әрине, туып-өскен ауылың бұрынғыша, жер-су баяғы қалпында. Менiң айтып отырғаным – өзгерген адамдар жайы…
Өзiмiзбен бiрге оқитын Шофержан ана жылы келгенiңде тракторшы едi ғой. Сол пұшық – осы күнi дала қосының диспетчерi. Солай достым! Диспетчер сенiң қалаңдағы зауытта ғана емес, бiздiң ауылда да бар. Шофержан бұл күнде он тракторды жалғыз өзi жүргiзедi. Қалай жүргiзедi дейсiң ғой? Радиомен. Мұндай жаңалық механизаторларда ғана емес, бiздiң қойшы ағайындарда да бар. Мен саған сол жайында айтпақшымын.
Қойшы өмiрiн бiлесiң ғой. Күнi бойы ат үстiндесiң, белiңдi жазбай қой соңында салпақтап жүргенiң. Кейде қым-қуыт ойлар оралады көңiлiңе, кейде қиялың аспанды шарлап кетедi. Соның әсерi ме, кiм бiлсiн, бұрнағы жылы шопандардың облыстық мәслихатында сөз сөйледiм. Сөйлегенде кейбiреулер құсап алған төлiм, қырыққан жүнiмдi айтып мақтанбай, өзiңдей инженерлер мен ғалымдарды күйрете сынадым.
– Ау, жолдастар! Пәлендей зауыт автоматты жүйеге көштi, инженер пәленше жаңалық ашып, өндiрiске автомат қондырды, пәленше ғалым шахматты адамша ойнайтын машина ойлап шығарды деген хабарды бiз, бақташылар, күнде естимiз. Ал қойды робот жаятын болыпты деген сөздi неге естiмеймiз? – дегенiмде, залда отырғандар ду күлдi. Көп аузына қалқан болайын ба, әрi қарай сықпырттым. – Бекерге күлмеңіздер жолдастар, робот-қойшыны ойлап табу қиын-ақ шығар. Бұған айтар дауым жоқ. Сонсоң мен бұл сөздi бақташылықтан жалыққан соң айтып тұрғам жоқ. Менiң айтайын дегенiм басқа, бiздiң ғалымдарымыз шопан еңбегiн жеңiлдетуге неге көмек жасамайды? Айталық,
қорамызға арзан да құрылысы қарапайым пеш орнатып берсе. Немесе қыс болса бораны түтеп, аязы бет қаритын бiздiң Қызылсор сияқты жердiң қатаң табиғатын жұмсартатын бiрдеме ойлап тапса?..
Сонымен, не керек, сөйлер сөз сөйлендi, қоржынын базарлыққа толтырып, Қошқарбай досың ауылына қайтсын. Өлеңiн айтып, арманын қиялдап қойын қияға ұзатып, бәз баяғыдай күндер мен түндердi өткiзе берсiн.
Өзiң бiлесiң, бiздiң Қызылсор жаз болды-ақ, кәрi апам тоқитын алашадай құлпырып кетедi. Жайдақ төбелердiң беткейi бетеге мен жусанға сыймай жайқалып тұрса, ойпаңдағы терең сайлар қызылды-жасылды небiр асыл шөптерге бөгiп жатады. Иiсi мұрныңды жаратын гүлдерi қандай! Қой өргiзiп келе жатып шөбi жығылған әлгiндей сайлардың бiрiне кез болсаң, ешқайда кеткiң келмейдi. Атыңды қоя берiп, жұпар атқан гүлдер иiсiн құмарлана жұтып, қалың шөптiң үстiнде маужырап жата бергiң келедi. Қойлар да жабысып жоңышқа мен балқурайды, балауса шөптi қимағандай, айдасаң шықпай қояды.
Әттең, бұл жазда ғана! Қыста олай емес. Қайдан жинала қалатынын кiм бiлсiн, ақша бұлттар жөңкiле көшiп келедi де, неше күн, неше түн тас төбеде тұрып алады. Ақыры оның жапалақтап жауған қарға соғады. Одан соң бет қаритын үскiрiк аяз басталады. Желiмiз де әлей күшті!
Өткен қыс ересен қатты болды. Қардан соң жаңбыр жауды да, iле суытып, нағыз көк тайғақтың өзiне айналды. Малдың да өрiсте жайылғанынан қорада тұрғаны көп бол
ып, аз-маз шөптi ерте тауысып алдық. Не iстеу керек? Шөп сұратып, қасымдағы Қозыбектi колхоз орталығы – баяғыда өзiмiз оқитын Айнабұлаққа жiбердiм. Ол шiркiн тез қайта қоймады. Қайтқанда да жарытпасы белгiлi. Бар отардың жайы осы. Құдай ұрғанда, биыл бастығымыз ауысып, жас жiгiт келген. Ол неме жаз бойы көк «Волгамен» ерсiлi-қарсылы шапқылап жүрiп ештеңе бiтiрмедi…
Әлсiн-әлсiн сыртқа шағып, келе жатқан қара көрiне ме екен деп Айнабұлақтың жолына қараймын. «Не болады қайран мал? Шынымен қырылғаның ба? Мәпелеп бағып, ит-құстың аузынан қағып, аман-есен өсiрген игiлiк едiң ғой. Ендi не, дүлей табиғаттың кесiрiне ұрынғаның ба? Қайтсем сенi аман алып қаламын?..» Осылайша мұңға батып қайғырып отырғанымда сырттан машина гүрiлi естiлдi. Суға кеткен тал қармайды, пiшенi таусылған малшы шөптен басқа не ойлайды? Жем әкелген Қозыбек шығар деп, сыртқа жүгiрiп шықтым. Сол екен. Бiрақ түгi жоқ. Аш құрсақ малға темiр беретiндей үстiне қаңылтыр қорап орнатылған тұйық машинаның кабинасында шалжиып отыр. Шоферiн танымадым, бейтаныс жiгiт.
– Айда, Қошқар аға, қораның аузын аш, – деп айғайлайды. Iшiп алған ба, Қозыбегiм жымың-жымың етедi, көңiлдi. Есiгiн жұлқып ашып, жағасына шап бердiм.
– Әкеңнiң басына күлесiң бе, иттiң баласы!
– Қошқар аға, шөп әкелдiк қой, жiберсейшi, – деп қырылдайды Қозыбек.
– Шопаным, малыңды өргiз. Қозыбек шын айтады. Шофер жiгiт биязы жымиды. Жап-жас жiгiт. Жүзi жылы.

– Сiзбен қалжыңдасуға келгем жоқ. Атқа мiнiңiз тезiрек…
– Қошқар аға, мына кiсi – инженер Сырғабаев деген кiсi. Бiзге көмектесуге облыстан келiптi. Осы кiсi шөп тауып бередi, – дейдi Қозыбек үстi-басының қарын қағып жатып.
Машинаға қарадым. Бульдозер емес, иә алды, иә артында жалғыз сүйем күрегi болсайшы. Жұмыртқадай тұп-тұйық бiрдеме. Тек кабинаның үстiнде қалқан сияқты қалақша сорайып тұр. Бiр айналып шықтым да, қораға беттедiм.
Сонымен ауылдан бiраз жер ұзап шықтық. Машина соңымнан ерiп келедi. Күн әлей суық. Арық саулықтар бүрсеңдеп бiр-бiрiне тығыла түседi. Өзiм де мұздап қалдым. Бетiмдi аяз қарып барады. Аяқ-қолым тоңазып, қозға
уға әрең көнгендей. Ойлауытқа жете бергенде машина алдыма түстi де, берi қарап тұра қалды.
Достым Қиялбек! Саған – өтiрiк, маған – шын. Жаңа ғана бүрсең қағып келе жатқан қой сорлы бөйтеңдеп машинаның алдына қарай жөңкiле жөнелмесi бар ма. Бейнебiр маяға жабылғандай жерден бас алмастан үйме-жүйме болды да қалды. Сөйтсем үй орнындай жердiң қары ағыл-тегiл ерiп жатыр. Қойлар болса қалың мұз құрсауынан босаған боз жусанды жүндей түтуде.
Ғажапты қараңыз: машина берi қарай қозғалып едi, қойларым да солай ұмтыла түстi. Әлгiнде сiресiп тұрған мұз дала алғашқы сетiнеген шетiнен омырылып ери бастады. Iп-iлезде даланың машина тұрған алды ашылып қалды. Мұндай кереметтi кiм көрген?!
Машинаға жақындадым. Мен одан ыстық жел үрленiп тұрған шығар, қар соның әсерiнен ерiген ғой деп ойлағам. Ендi байқасам, ыстық жел жоқ, тiптi газдың жанған дыбысы да, иiсi де бiлiнбейдi. Ешқандай қызу леп те сезiлмейдi. Бұл не ғажап? Бар болғаны кабинаның үстiндегi қалақ болар-болмас дiрiлдеп тұр.
Қозыбегiм маған қарап қолын сермеп, әлдене деп айғайлады. Сөйтсем, жолдың алдын босат деп тұр екен. Шабдарымды тебiнiп, бiр бүйiрге жалт бердiм. Сiрескен қар қабаты тағы да пышақпен керткендей қолма-қол омырыла бастады. Әншейiнде мотор гүрiлi естiлсе дүркiрей үркетiн қой жарықтық, бұл жолы оның дос екенiн ұққандай, машинаның алдына үймелеп, ашқарақтары астына түскендей. Үскiрiк аяз денемдi аймалап, әр жерiмнен шымшылай бастады.
«Қой, суықта тұрып нем бар? Жетедi Қозыбектiң күлгенi – атқа ендi сол мiнсiн».
Қысқасы, кабинаға ауыстым. Сырғабаев бірақ сөзге сараң жiгiт екен. Суыртпақтап тартып, әңгімеге қанша шақырсам да, «бар, жоқ» дегеннен басқа ештеңе айтып жарытпады. Қиялбек, сен менiң мiнезiмдi бiлесiң. Електен өткiзгендей сараң жауап менi қанағаттандырмады.
– Әй, жiгiтiм, сен инженер болсаң, мен қойшымын. Арамыз жер мен көктей деп кекиме. Бүгiн менi кiрiптар еттiм деп тағы дандайсыма. Шынтуайтқа келсек, екеумiз де бiрдеймiз, екеумiз де қоғам үшiн еңбек етiп жүрмiз!
Сырғабаев сабаз жiгiт екен. Кеңкiлдеп күлдi де:
– Қызба жiгiт екенiңдi былтыр байқап ем. Кел, жақсылап танысайық. Атым – Сағатбек. Сенiң атың Қошқарбай ғой, – десін. Жалт қараппын. Атымды қайдан бiлдi екен? Е, айтпақшы,
Қозыбек айтқан ғой.
– Бұл машинаны мен жасадым. Ал жасатқан өзiңсiң, Қошқарбай замандас.
– Мен?..
– Иә, өзiң, – дедi Сағат езу тартып, – бұрнағы жылғы мәслихатта бiздi аяусыз сынаған сөзiң есiңде ме? Содан кейiн мен ойға қалдым. «Япырмау, шынымен шопандар еңбегiн жеңiлдетуге болмас па екен?» деген ой жатсам-тұрсам маза бермейтiн болды. Робот-қойшы туралы да ойладым. Есiңде ме?..
Сырғабаев сөйлеп отыр. Бұл өзi әншейiн әңгiмеге ғана сараң екен. Ал жұмысы туралы, өзi жасаған аспап жайында сөйлегенде, тегiнде, бұдан асқан шешен жоқ шығар. Қысқасы, ол жасаған жылытқыш аспаптың гәбi мынада екен…
Өзiң ойлашы, есiк-терезесi жоқ, тiптi төбесi де жабылмаған үйдi қыстыгүнi қалай жылытуға болады? Пештен күнi-түнi от айырмай, немесе бу батареясын ыстық күйiнде ұстап үйдi жылытуға бола ма? Әй, болмайды. Мұндай үйде отырып күпiңдi шешкiң келмес, сiрә. Дегенмен ғылым мұндай үйдi жылытуға болады деп жауап бередi екен. Қалай дейсiң ғой? Инфрақызыл сәулелер арқылы. Ауа мұндай сәулелердi бөгемейдi, еркiн өткiзедi, ал адам денесi, үй қабырғасы, жануарлар, тiптi жер бетiндегi кез келген зат оны бойына сiңiредi екен. Ендеше, зауыт ауласын, би алаңын, спорт залын, мал қораларын, қырман басын, яки ашық-тесiк жатқан қора-жайларды осы сәулелерiмен неге жылытпасқа! Құрылыс алаңын қыста да жаздағыдай неге жып-жылы етiп қоймаймыз? Болмаса, көше бойына инфрақызыл сәуленi бағыттап, сен сықылды суыққа тоңғақ қала адамдары қыстыгүнi де желбегей жүрсе қайтедi. Ғажап емес пе, ә?

Инженер Сырғабаев мұның бәрi қолдан келетiн шаруа, әлiақ осылай жасаймыз дейдi. Мүмкiн, сен бұған сенбессiң. Ал мен әбден иландым. Өйткенi Сырғабаевтың кереметiн көзiм көрдi. Әрине, бiрден сенгем жоқ, бiрталай сұрақтар да қойдым өзiне.
– Кешке таман үй iргесiне тұрып көршi, қабырға жақтың жылылау екенiн байқайсың. Күн сәулесiн бойына сiңiрiп, инфрақызыл сәуле түрiнде қайта шығарудың қарапайым үлгiсi бұл, – деп түсiндiрдi ол маған, – ұстаның көрiгiнен жаңа алынған темiрдiң қызуын алыстан сезесiң. Бұл да көзге көрiнбей толқын түрiндегі инфрақызыл сәуленiң әсерi…
Санай берсең, инфрақызыл сәуле дегенiң табиғатта тiптi көп сияқты. Бiрақ соның бәрi бiрдей пайдалануға жарамайды бiлем. Жараған болса, баяғыдан берi қолданып, даламызды оп-оңай жылытпас па едiк? Сырғабаев болса сол сәулелердi алудың оңай жолын тапқан. Соны шығаратын аспап жасаған.
Солай, достым Қиялбек. Қошқарбай досың осындай кереметтiң куәсi болды. Байқайсың ба, керемет дегенiң қалада ғана емес, ауылда да жетерлiк.
Пәлi, сол қыстан қалай шыққанымызды айтпаппын ғой. Бiздiң ауылда Сағатбек бiр айдай болды. Қойды машинамен жайдық. Күнде ертемен өрiске айдаймыз, шөбi қалың тұстың қарын ерiтiп, қойға жайылым аршып беремiз. Кешке қарай машинаның сәулесiн қораға бағыттаймыз. Несiн айтасың, жақсыақ болды. Бiрнеше күннен кейiн арыған қойларым күйленiп, жаппай семiре бастады. Мол шөп пен жылы қора семiртпей қойсын ба?! Не пәленiң бәрi, тегiнде, суықтан. Содан кейiнгi бiр жаңалық: биыл бiздiң колхоз сондай аспаппен жабдықталған машинаның қырығын бiрден сатып алды. Жазда әрбiр қойшы машина жүргiзудi үйрендi. Қазiр бәрiмiз де майталман шофермiз. Сонымен, бiздiң осы күнде екi мамандығымыз бар, яғни қойшышофермiз.
Осымен әңгiмемдi аяқтаймын, достым. Уақытың болса, келiп қайт. Бар жағдайды көзiңмен көр. Туған ауылыңның сән-сәулетiн тамашала, жаңалығымен таныс. Сөйткiн, достым Қиялбек.
Өскемен, 1965 жыл

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *