АЛТЫНШЫ ҚАТАР Сакен Жунисов

 АЛТЫНШЫ ҚАТАР

 

– Апатай, босатыңызшы, – деді бір кішкене бала, көзі жыпылықтай, «неге осыншама қатты қағасың», – деп зекіріп шыға келген әйелге.

– Ақырын-ақ қағып ем әуелі, естімедіңіз, сосын… сосын… – деп күмілжіп қалды, – аяғыммен бір-екі-ақ рет… Кешіріңіз.

– Кешіріңіз! Тыста бір де бала жоқ сенен басқа, бұл не тәртіпсіздік.

– Апатай, мен басқа қандай тәртіпсіздік жасадым? Бар болғаны аяғыммен… Әйтпесе, билетсіз емеспін, билетім бар, – деп жып-жылы алақанына қысып алған төрт бүктеулі көкшіл билетті жаза бастады.

Сені билетсіз келді деп тұрған мен де жоқ. Өзің қай уақытта келгеніңді байқап тұрмысың.

– Қай уақытта? Қазіргі жүріп жатқан балалар сеансы емес пе? Апатай тезірек босатыңызшы, көп жері өтіп кетті-ау, жіберіңізші… Апатай!

– Тұра тұр, сен өзің әлі түсінбей тұрсың ғой…

– Түсініп тұрмын, апатай, жіберіңізші!

– Мен саған қай уақытта келіп тұрсың деп тұрмын. Кино қай сағатта басталушы еді. Қазір қанша? Үшінші қоңыраудан кейін ішке енуге болмайтынын білмеймісің?

Контролер әйелдің айтқанына алғашқыда түсіне алмай қалған бала, енді күліп жіберді.

– Ә, тәртіпсіздік дегенге, мен қандай бұзақылық жасадым десем, кеш келгенімді айтасыз ба? Бәсе…

– Әй, сен өзің не деп барасың. Тегі қоғамдық орынға тағайындалған ережені бұзуды тәртіпсіздікке санамайтын түрің бар-ау.

– Жоқ енді, расында, мен қазір оншалықты ештеңе жасай қойғаным жоқ. Кеш келсем, ол үшін картинаның көп жерін көре алмай қалатын менің өзім, оған ешкімнің…

– Болмайды, кірмейсің ішке! Қазір тайып тұр, бұл арадан. Маза бер!

– Апатай, апатай…

– Қара өзін, әрі кеш келеді, әрі тәртіпсіздігін мойындағысы келмейді.

Ішке енуге ыңғайлана бастаған ашулы контролердің жеңінен ұстай алған бала:

– Апатай, кешіріңіз, ендігәрі бұлай кешікпейін… Кешігіп, тишыңызды алмайын. Апатай, босатыңыз. Ақырғы рет… Бұдан кейін сұрамаймын сізден. Апатай, жақсылық ете көріңіз, – деп үсті-үстіне жалына бастады. Контролер қайта бөгеліп, ақырғы рет шарт қоя сөйледі.

– Жарайды, босатайын, тек мойындаймысың тәртіпсіздігіңді.

– Мен бе… енді… мойындайын!

Айтарын айтса да, Марат «Кеш келіп есік қаққанның ешқандай тәртіпсіздігі жоқ, ол тек кеш келген адамның өзіне ғана залалды» деген ойын, табалдырықтан аттай бере-ақ ішке ала енді.

Жіңішке басталып, далия созылған көгілдір сәуле мол түскен экраннан басқа жер қап-қараңғы. Тынысы кең залды жаңғырықтыра шыққан репродуктордың даусынан бөтен дыбыс жоқ. Арқасы биік орындықтардан мойындары ғана асып көрінген қаз-қатар адамдардың бастары, біркелкі қадаған қара түймелер тәрізді. Қыбыр етпейді.

Марат кірген бетте алдыңғы қатардағы орындарға қарай жылжи берді де, бөгелді. Ол сыртта қарап алған орын санын ұмытып қалған еді. Қазір көгілдір сәулеге созып, бұлдырай көрінген билетінің бетіне тесіле қарай қалды.

Сол-ақ екен, әлгінде ғана сып-сыпайы отырған кино көрушілер шу ете түсті.

– Кім өзі мынау, тұрып алған…

– Былай тұр, көрінбей қалды…

– Тарт басыңды…

Төбесінен ұрғандай бұға қалып, алға қарай еңкейе жүгірген Марат бір қатарға келіп тізерлей қойды. Жан-жақтағылар күліп жіберсе, не қызық болды деп экранға жалт қарайды. Біресе айнала қабырғаға қарап, орнын іздейді.

Әлгідей емес, зал ішіне көзі үйреніп, отырғандар анық көріне бастады.

Аздан соң, айнала шолып, өз қатарын да тапты. Енді ол орындарды санай бастады.

– Бір, екі, үш… Сегіз… Оның көзі өзі беттеп келе жатқан қатардың ең шетіндегі, қалың киімді күржиген адамға тоқтады.

– Мұнысы несі, менің орныма отырып алғаны.

Марат не істерін білмей дағдарып қалды: үп-үлкен адамды тұрғызып жатудың өзі қиын-ау.

Репродукторда бір оқыс дауыс гүр ете түссе, Марат тағы да экранға еріксіз жалт қарайды. Бірақ маңайдағы балаларға қанша қызықты әсер еткенмен, оған ендігі оқиғалардың бәрі түсініксіз бола берді. Ол өз орнында отырған адамға көзін аударды.

Енді бір кез «қолымда заңды билетім тұр, егер ол кісіні тұрғызсам, оның қандай айыбы бар», деген ой келді Маратқа. Осы оймен, орнында отырған жаңағы адамның дәл қасына келді. Әйтсе де, орнын сұрауға батылы жетпей тұр. Бар болғаны, тіл қату үшін лайықты кезеңді күтіп, сол адамның қимылын аңдумен болды. Жалпақ бет, салбырай түскен қалың бұғақты, денелі кісі мойнын бір иығына қарай қисайта түсіп, тар орындықтың оң жақ қалдайшасына шынтақтай отыр.

Мараттың жақын келгені сондай, оның демі құлағына анық естіліп тұр. Марат арттағыларға бөгет етпедім бе дегендей, жасқана бұрылып, кейін қарайды.

Арада бірнеше минуттар өтті. Әлден уақытта ол сыпайы ғана:

– Ағай, – деді естілер, естілмес сыбырлап. Бейтаныс адам қозғалар емес.

– Ағай, ағай, – деді тағы да. Бұл жолы алғашқысынан гөрі қаттырақ айтты.

Бірақ ол жауап беру орнына жымия күлді де екінші жамбасына ауыса отырды. Енді бірде мүлдем теріс қарап алды. Мына қимыл Маратқа ұнамағаны былай тұрсын, оның шамына тиді. Бағанағыдай емес, «мен үлкен адам деп силап тұрсам, қара мені баласынуын», деді Марат жұқа танауы қусырылып. Лып етіп келе қалған осы ашуының үстіне, артқы қатарларда отырған өзінен ересектеу бір баланың қолы созыла келіп иығына нұқи тимесі бар ма:

– Шыны емессің ғой, былай тұр!

Бірақ, Марат оған қараған жоқ. Осының бәріне сен кінәлісің дегендей, батыл қимылдап, әлгі адамның иығынан тартты.

– Ағай, м-менің орныма отырғаныңыз қалай? – деді сөзін әрең құрап.

Күтпеген дауысқа жалт қараған ол, Мараттың айтқанын естісе де, бірден не дерін білмей ғап:

– О не қарағым? – деді.

– Ағай, мына сіз отырған менің орным еді. Кешігіңкіреп қалыппын, – деді өзін-өзі зорлай езу тартып, ғапу етіңіз деген ишаратпен.

– Ә, ә, қой, балақай, о не дегенің. Мен ешкімнің орнында отырғаным жоқ. Өз орным, – деді экранға бұрыла беріп.

– Әй, бала, өзің кешігіп келесің де, үп-үлкен ағаңды тұрғызып жібергің келетіні қалай, түрегеп тұрып-ақ көре бермейсің бе! – деді көрші отырған бір әйел.

– Е, бұл кісі өз орнына неге отырмайды? Біреудің орнына…

– Қарағым-ай, нансаң өз орным, байқамай тұрған боларсың, әлі де орныңды анықтап іздеші.

– Ештеде іздейтіні жоқ: 10 қатар, 8 орын, – деді Марат жұлып алғандай.

– Онда мен білмеймін, мүмкін кассада қателік болған болар, – деп әлгі адам селкос тіл қатты.

– Ағай сіз тіпті, өзіңіз қызық екенсіз. Билетіңізді көрсетіңізші ендеше.

– Айналайын, дауыстамашы, сенші менің айтқаныма. Мен жарықта келіп отырғанмын. Орным осы. Билетімді байқамай жыртып тастап ем. Мына жұрттан ұят болды-ау! – деді әлгі кісі де сыбырлап.

– Енді, ұят болса, менің жазығым қандай, өз орнымды сұрағаным ба?

– Сабыр етші, келісейік. Кел алдыма отыр, – деді, тар орынға екеуі отыру мүмкін болмаса да.

– Рақмет, сіз-ақ отырыңыз, – деді артына бұрыла берген Марат.

Марат жүре түсті де, қатардағы қабырғаға барып сүйенді. Экранда болып жатқан көрініске мүлдем түсініп болар емес. Оның көзі сонда болғанмен, ойы әлгіде тұр. «Қандай ұятсыз. Үлкен адамдардың да ұятсызы бола береді екен», дейді ішінен күбірлеп.

– Ерегіскенде артына дейін тұрып, әдейі ұялтармын-ау. Марат аздан соң картинаға қарауды қойды. Ернін жымқырған қалпы, бүгінгі істерінің бәрін сәтсіздікке жорыды.

Осы оймен тұрған ол, залдың іші жарқ ете қалғанда басын бір-ақ көтерді.

Осы бір сәт, бағанадан бергі ашулы кейіпті бірден өзгертіп те жіберді. Жалма-жан билетіне қараған Мараттың беті ду ете түсті. Өзінің аңдамай жасаған қателік ісіне қатты ұялған ол, есікке қарай асыға ұмтылды. 10 қатардан тұра берген еңгезердей адам салмақты қолымен қапсыра ұстап алатындай сезінді.

Алды-артына қарамай зытқан бойы, үйіне де қалай жеткенін байқамай қалды. Келісімен билетіне тағы үңілді. Бұл жолы ол қателескен жоқ: 16 қатар 8 орын.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *