АУЛАДАҒЫ ӘҢГІМЕ
Ауладағы кеме бір-ақ күнде дайын болды. Ол – ыстыққа қаңсып, жымдасқан қайқы тақтайлары сөгіліп, арса-арса болған ескі қайық. Бізге тамаша бір ой түсті де, бұл қайықты тазартып алдық.
Енді, міне, анадайдан қарасаң, шын кеменің өзі тәрізді. Оның дәл ортасына орналастырылған ескі қаңылтыр мұржаны Боря өз үйінің сарайынан әкелді. Кеменің алдыңғы жағына бекітілген арба белағашын мен таптым. Бәрінен де Болат әкелген кішкентай театр дүрбісі қандай әдемі! Барлығы да кинода көргенімізден айнымайды.
Бірақ, бәрі де ойдағыдай реттелгенімен шатаққа енді тірелдік. Ол – кімнің қандай қызмет атқаратыны туралы еді.
Дүрбіні иемденіп, мойнына асып алған Жайнақ деген бәрімізден бойы ұзын қара бала:
– Мен капитан, сен штурман, сен рулевой, сен кок, сен матрос, – деп, қызметті өз еркімен бөле бастады.
Бірақ, біздің оған көнгіміз келмеді.
– Иә, мен боламын капитан, мынау менің мамамның дүрбісі, – деп Болат шаң-шұң етеді.
Әдемі дүрбімен көк теңізді айнала шолып, команда беру менің көңілімде де тұр.
– Мен кок бола алмаймын, өзім ап-арықпын. Мейлі, Славик болсын, бұл лайық қой кокке, – деді Рашит, денесі жұп-жұмыр сары баланы нұсқап.
Оның да көңілі капитан болуға ауып тұрса керек тегі. Біз жарты сағаттай шаң-шұң болып, мүлде келісе алмай-ақ қойдық.
Осы кезде, маңайында жаңа отырғызылған тал шыбықтары бар беседкада газет оқып отырған мосқалдау адам орнынан тұрып, бізге беттеді. Ол осы МТС-тің инженер-механигі болатын. Ол кісі көзілдірігінің шынысын қол орамалымен сүртіп тұрып:
– Балалар, бәріңнің капитан болғыларың келеді ғой, тегі, – деді бізге айнала жымия қарап. Біз «иә» деген ойымызды, үндеместен, көз қарасымызбен аңғарттық. Инженер біздің жауабымызды күтпей-ақ:
– Капитан, штурман, рулевой, кок, матрос – бәрі де тамаша қызметтер. Тек дұрыс атқара білу керек. Егер өз қызметіңді жақсы істесең, одан асары болмайды, – деді, бізге түсіндіріп. Бірақ оның мына сөзі, әншейін жұбату үшін ғана айтылғандай көрінді. Осы ойымызды сезіп қалған ол, кеменің бір жақ «бортына» отырды да:
– Мен сендерге бір әңгіме айтсам тыңдайсыңдар ма? – деді. Біз бір-бірімізге қарасып алып, тыңдаймыз деген ниет білдірдік. Инженер аз ойланып отырды да, әлде бір ұмытып қалған жайды енді есіне түсіргендей сөйлеп кетті.
«Мен жасымда көрсеқызар, тіпті турасын айтқанда, қызғаншақ болдым.
Біз бір анадан үш бала едік. Солардың ең кенжесі мен болдым. Туыстарым – өзімнен бір жас үлкен Ваня, үш жас үлкен Сонямен кешқұрым үйде отырғанда бірге ойнайтынбыз. Олардың ойыншығынан гөрі менің ойыншығым көп болды. Себебі, мамам не папам дүкеннен жаңа бір ойыншық алып келсе-ақ оны мен иемдене қоятынмын. Ал аяқтары сынып, ақсап қалған ағаш атым, құлағы жұлынған «саңырау» мишкам ана екеуіне тиетін.
Егер жаңа ойыншықтың бір жеріне ақау түсіп, не қызығы басылып, жалықтырып бара жатса, жаңағы қалған ойыншықтарымды қайтадан алып қоятын мінезім тағы бар. Кейде Ваня бергісі келмей, күш көрсете бастаса, етпетімнен түсіп, көзімнен жас шығармай ғана бақырып аламын. Ондай кезде:
– Барқырма! Түнеугүні бұл ойыншықтарды өзің керексіз етіп тастағаның қайда? – деп папам ұрсып тастайды.
Мен одан сайын шыңғыра түсемін. Өйткені мамамның араға түсіп болысатыны белгілі.
– Беріңдер Женяға, ол сендерден кіші емес пе! – деп олардың қолындағыларын маған алып берер еді.
– Сен бе, сен, қызғаншақ боларсың-ау, сірә, – деп, папам өз жұмысымен айналысып кетеді.
– Сен бе, сен, қызғаншақ боларсың-ау, – деп папамның сөзін бұлжытпай қайталап, Ваня мен Соня да менің ырқыма амалсыз көнгеннен басқа, қарсылық білдірмейді.
«Мамам екеуміз сендерді қалай жеңдік», деген мақтаныш билейтін мені.
Ал енді мен мектепке оқуға түскеннен кейін жағдай өзгеріп кетті. Кейде ойымдағы қалауым орындалса, кейде орындалмай қалатын болды…
Бірінші класта мен өте жақсы оқыдым. Күнделікті сабаққа қашан да болмасын дайындалып жүрдім. Оқытушы бүкіл класқа сұрақ қойса, қолымды көтермей қалған күндерім жоқ. Бірақ, қолымды көтерген сайын менен сұрай бермейді. Кластағы оқушыларды аралата сұрайды. Бірде:
– Мен айтамын, мен, мен… – деп айқайлап та жібердім.
– Никитин, сен неге айқайлайсың, жай ғана қолыңды көтерсең болмай ма? – деп оқытушы ұрсып та тастады. Бірақ менің:
– Мен бұл тақырыпты басқалардан артық болмаса, кем білмеймін, менен неге сұрамайсыз, – деп, өзімнің дұрыстығымды дәлелдегім келеді. Шынында менің білетінімді басқалар айтып тұрғанда, «сен білмейсің», – деп біреу таласып тұрғандай-ақ, «мен де оны білемін» деген ойымды айтқым кеп тұратын.
Міне, менің жасымнан қалыптасып келе жатқан осы мінезім, мені бір рет қатты ұялтты, өкіндірді.
Оқу жылы аяқтала бастаған кез. Мектеп оқушылары 1 май мерекесіне қызу дайындалып жатты. Бұл дайындық біздің 4 класс оқушыларының үлесіне де тиді.
Бір күні сабақ артынан оқытушымыз Тамара Владимировна, Володя Шевцов, Саша Сперидонов деген екі оқушымен мені алып қалды. Бізге мереке күні тақпақ орындауымыз керек екендігін айтты. Өйткені, үшеуміз де өлеңге көп қабілетіміз болмағанмен, тақпақты нақышына келтіріп айтып беруге оңтайлы сияқтымыз. Тамара Владимировна үш түрлі тақпақты көрсетті. Және бұл үшеуінің де қызықты екендігін ескертті. Бірінде айлалы түлкінің мақтаншақ қарғадан ірімшікті қалай алдап алғандығы айтылса, екіншісінде кім болғысы келетін баланың қиялы айтылады. Үшінші – пионер туралы.
Бірінші таңдау маған тиді. Мен үшеуін де қайта-қайта оқып шығып, қайсысын таңдарымды білмедім. Үшеуі де тамаша сияқты. Осының үшеуін де мен алсам қайтеді дегім келіп кетті бір кез. Бірақ айтпадым.
– Бол, – деді менің таңдауымды күтіп отырған Тамара Владимировна.
– Мен… мен мынаны аламын, – деп, қолымды біріншіге апара бердім де, екіншіні нұсқадым.
– «Кім боламды» аласың ба? – деді оқытушы. Дүдәмалдау, «ие» дей беріп, «жоқ, пионер туралы тақпақты аламын», – дедім солғын ғана.
Қалған екі тақпақты Володя мен Саша тез бөлісіп алды.
Сол күні мен сабақты да дұрыс оқи алмадым. Тіпті жатқан кезде әдеттегідей ұйқым да келмеді. Қашан көзім ілінгенше әлгі тақпақ есімнен кетпей-ақ қойды. Бірде – «түлкі мен қарғаны» әдемі орындаған Саша, көрушілердің алақанын қатты соққан дыбысы мен ду күлген күлкісі елестесе, бірде «Кім болам, ойлар жас жетті» деп аузын толтыра нәшіне келтіріп орындап тұрған Володя елестейді. Әсіресе, «Қарға мен түлкіге» халық көп күлетін сияқты көрінеді.
Ертеңінде, біраз толқып жүрдім. Ақыры Тамара Владимировнаға пионер туралы тақпақты жақсы орындай алмайтындығымды айтып, мүмкіншілігі болса күлдіргі тақпақты ауыстырып беруін өтіндім. Оқытушы ойланып отырды да, Сашаны шақырып алып, оның бұған қалай қарайтындығын сұрады, Саша көп ойланған жоқ:
– Жарайды, – деп басын изеді.
Бірақ, мен ол тақпаққа да тұрақтай алмадым. Көп ұзамай «Кім боламды» алдым.
Бұл жолы оқытушыға тура бармадым. Әуелі Володяға барып сұрадым. Ол біраз уақыт айырбастауға қиғысы келмей, қиналып сұраған соң көнді. Сонымен «Кім боламды» жаттай бастадым.
Біздің мерекеге тақпақпен дайындалып жүргеніміз, кластағы оқушылардың арасына лезде тарап кетті. Олар өзара күнде таласады. Бірі орындауға «Қарға мен түлкі» жақсы десе, екіншілері «Кім боламды», тағы бірі «Пионерді» мақтасады.
Бір күні менің қасымда отыратын Коля деген оқушы:
– Сен қандай тақпақты алдың?, – деп сұрады менен.
«Кім боламды» алғанымды айттым. Мұны естіген ол мұрнын сәл тыржитып:
– Одан да «Пионерді» неге алмадың. Ол қандай жақсы шығады. «Мойнымда қызыл галстук» деген жерге келгенде, өз галстугіңді көрсетсең, қандай дәл болады, – деп пионер туралы тақпақты мақтай жөнелді.
Маған «осының сөзінің жаны бар-ау» деген ой келді. Содан былай «Пионер» қайтадан жақсы көрінді де тұрды. Өкінгенім сондай, тіпті ақыры алған тақпағыма енжар болып, жаттай алмай қойдым. Енді мұғалімге айтсам ұрсады-ау деп, бата алмаймын. Әйтсе де амал таптым.
Мерекеге үш-төрт күн қалған еді. Мен тағы да Тамара Владимировнаға келдім.
– Тамара Владимировна, – дедім сәл күмілжіп, даусым өз-өзінен дірілдеп шықпай қалды, – «Кім боламды» айта алатын түрім жоқ, ырғағына келтіре алмадым.
– Өткен жолы әжептәуір айтып едің ғой. Менің түзе деген жерімді түзедің бе? Кәне айтып көрші, – деді Тамара Владимировна.
Мен айта бастадым. Бұл жолы өткендегіден де нашар шықты білем, Тамара Владимировна қабағын шытып тыңдап отырды да:
– Жарайды, айта алмайды екенсің. Ертең халық алдында бүлдіріп алсаң, масқара болармыз. Бұл тақпақты Сашаға берейін, – дегенді айтты.
Менің ішім жылып кетті. Сашаның жаттап жүрген «Пионерін» қайта аламын ғой деп өзімше мәз болып, мұғаліммен қоштастым да, жүгірген бойымда үйге келдім.
Біздің көптен күткен мереке күніміз де келді. Мерекеге арналған оқушылар концерті мектебіміздің кең клубында өтетін болды. Бұл туралы ата-аналарға алдын-ала хабарланған.
Ол күні кешке дейін мамам да, мен де дамыл таппадық. Мамам мерекеге арнап ақ көйлек, қара шалбар тігіп жатты. Мен жаңа галстугімді қайта-қайта үтюгтеумен болдым. Әрбір қимыл сайын, «Мойнымда қызыл галстук…» деп, тақпағымды қайталай беремін. Мамам ісін тіге отырып, маған сүйсіне қарап қояды.
– Саспай, анықтап айтатын бол, – деп ескерте сөйлейді. Хабарландырған уақытта халық мектепке қарай лек-легімен ағыла бастады. Лезде-ақ клубтың іші лық толып кетті.
Ойынды бастаушы жоғарғы кластың бір оқушысы болды. Ол концерт басталмас бұрын, оған қатысатын оқушыларды жинап алып программамен таныстырып жатты. Мен оларға жақындамадым. Кезінде бір-ақ келермін деп, түкпірдегі класқа еніп, тақпағымды қайталаумен болдым.
Міне, концерт те басталды. Біз сахнаның артынан орын алдық. Мен шымылдықтың саңлауынан залдағы халыққа ұзақ қарадым. Бәрі де мереке күніне сәнді киінген, сахнадан көз алмайды.
Әрбір номер сайын ду қол соғады. Жыпырлаған бастар дың арасынан мамам мен папамды да көрдім. Олар осылай қарай көздерін тіге, міне, Женя шығады деп асыға күтіп отырғандай.
Бір кезде конферансьенің даусы саңқ ете қалды.
– Крылов – «Қарға мен түлкі». Оқитын 4 класс оқушысы Саша Сперидонов.
Тым-тырыс сахнаның үстімен тық-тық басып Саша ортаға тоқтады:
«Жұрт біледі, күледі…»
А дегенде даусы қарлыға, баяулау бастаған Саша, қатты бір жөтеліп алды да, әрі қарай шешіле оқып кетті. Алғашқы дағы тізелерінің дірілі де басылып, жіңішке, ащы даусы барған сайын асқақтай түседі.
«… іс бітті, қу кетті».
Жұрт осы өлеңді талай естіп жүрсе де, аса бір ризалықпен ду күлісіп, жаппай қол соқты. Қайта-қайта шақырады. Сахнаға жүгіре шыққан Саша да әдеппен ізет етіп, сыпайы бас иеді.
– Қап, мына тақпақты алмаған екенмін! – деп өкіндім. Үш-төрт номерден кейін Володя шықты. Ол да Сашадай тамаша орындап, жиынды сүйсіндірді.
Ендігі кезек менікі.
Менің жүрегім бағанағыдай емес, дүрс-дүрс соғады. Маңайдағы оқушылар менің кезегімді білетін болар деп, әрқайсысына айнала қараймын. Осы кезде артымда тұрған Тамара Владимировнаны көрдім.
Оның жүзіне жымия қарап едім:
– Қалай орындайды Саша мен Володя, тамаша! Солай емес пе? – деді салмақты жүзбен сәл езу тарта. Мына сөзі, маған бұрынғыдан да салмақ арта түскендей болды.
«Қап «Пионерді» несіне алдым екем. Аналардың бірін алғанда ғой, мен де солар ғұрлы орындайтын едім».
Осы кезде, бағанадан құлағым үйреніп қалған конферансьенің даусы тағы да саңқ ете қалды:
– «Пионер». Оқитын 4 класс оқушысы… – Мен бар жігеріммен ұмтыла беріп, кеудемнен әлдекім қойып қалғандай тұра қалдым; Конферансье мені атаған жоқ.
– 4 класс оқушысы Юра Остроумов, – деді. Жүрегім су ете қалды. Сахнаға алшаңдай басып шыққан өзіммен кластас Юра менің ойымда сайрап тұрған сөздерді оқи жөнелді. Мынасы несі?.. Мен Тамара Владимировнаға жалт қарап едім:
– Көрдің бе, сенің жаратпаған тақпақтарың көпшілікке қалай ұнайды. Тұрақтылық, табандылық керек, Женя, табандылық! – деді, ол түсініксіз жайды өзі түсіндіріп.
Менің жылап жібергім келді. Буыным дірілдеп, шыға жөнелдім. «Пионерге» соғылған шапалақ даусы, үйге жеткенше құлағымда тұрды.
Әңгімесін аяқтаған ағай міне, осындай жағдай болған дегендей, бізге айнала күлімсірей қарады…
Біз, ол кетіп бара жатқанда, өз кемшілігін жасырмай айтқан адамның артынан таңдана қарадық.