Ауыл мектебінің мұғалімі
1902 жылы Міржақып Дулатұлы Қостанайдағы бір жылдық Педагогикалық сыныпты бітірді. Одан кейінгі оқиғалар туралы ол: “1902 жылдан 1904 жылға дейін (аздаған үзіліспен) Торғай уезіндегі ауыл мектебінде мұғалім болдым”, — деп жазды. М.Дулатұлы өзі туралы, өзінің педагогикалық қызметінің басталуы жөнінде осылай деп жазды. Бір жарым жолдық жартымсыз ақпарат қана. Алайда бұл оның есею, жаңа таныстар мен достар табу кезеңі еді және бұл әрқайсысының өзіне тән мінез-құлқы, балалық арман-қиялы, қызығушылығы мен талпыныс-талаптары бар оқушы-шәкірттер болатын. Әйтсе де мәселе мынада: бұл бір жарым жол жазу оның өзі туралы жазған естелігінен де, өмірбаяндық жазбаларынан да емес, мемлекеттік тергеу басқармасы бөлімшесінде (ОГПУ) жүргізілген тергеу кезінде берілген сұрақтар мен жауаптардың хаттамасынан алынды. Соңында 1929 жылдың 1 қаңтары деген дата тұр. Және М.Дулатұлының қойған қолы бар. Адамдар жаңа жылдың келуін атап өтіп жатты, ал ол тергеу сұрақтарына жауап берген. Мереке күні оны қолына қаламсап, сия және қағаз беріп, камерада жалғыз қалдырды. Міржақып өзінің алдағы тағдыры жазылған мәтінге байланысты болатынын түсінді. 1919 жылы “Алаш” партиясының барлық мүшелеріне кешірім (амнистия) берілген кезде Міржақып та соның ішінде болды. 1921 жылы “Алаш” партиясының мүшелеріне екінші рет кешірім жарияланды. 1929 жылы заман өзгеріп, газеттерде контрреволюциялық ұйымдар туралы жаза бастады. Ресейде де, Қазақстанда да осылай болды. Қолданысқа “байшыл-буржуазиялық элементтер” деген тіркес енді.
Міржақыптың жазғандары тергеу хаттамасы деп аталғанымен, іс жүзінде тергеудің жазбаша куәлігі болып шықты. Ол артық сөз жазған жоқ, мұғалім болып қай жерде, қай мектепте істегенін, кімдермен араласып, достық қарым-қатынаста болғанын көрсетпеді.
Ал бұл маңызды нәрсе еді — ұсақ-түйектердің бәрі Міржақып Дулатұлы көзқарастарының қалай қалыптасқанын түсінуге ілік беретін. М.Дулатұлы жұмыс істеген мектеп Торғай уезінде болды. Оны іздеу керек. Ең қиыны таяқтастам жердегіні іздеу екен.
Қоғамдық өмірдің бұл кезеңі туралы Полиция департаментінде былай деп жазды: “Ресейдегі мұсылмандардың ішкі өміріне панисламистер үлкен қарқынмен ауызша насихат жүргізеді және бұл ретте өздерінің басты назарын “медресе” семинарияларға аударған. Бұл мәселеде панисламистер көп жағдайда “медресе” қамқоршылары болып келетін бай-татарлар арқылы әрекет етеді. Осындай адамдардың сеніміне енген панисламистер, әдетте, жаңа тәртіптер енгізіп, медресеге өз қалауларынша ықпал ете бастайды. Мәселен, бағдарлама осы партияның рухында құрастырылады, бұрынғы араб оқулықтары түрік-татар оқулықтарымен ауыстырылуда және бұрынғы “халфелердің” орнына оқытушы болып аталған партияға тиісті адамдардан мұғалімдер (учитель) тағайындалуда.
Мұсылман мектептерінің басқа бір түрі — “мектебелер” (бастауыш училищелер) деп аталады. Бұрын олар діни сауат ашатын мектеп болып, оқытушылары молдалар еді. Панисламизм идеясының таралуымен бірге бұл мұсылман мектептеріндегі жағдай күрт өзгерді. Панисламистер өздерінің ұлттық мектептерін ашуды мақсат етеді, сондықтан заң бойынша мұсылмандардың орыс тілі оқытылмайтын жаңа “мектебелер” ашуға құқығы жоқ болғандықтан, жаңа “мектебелер” ашу олардың міндеттеріне кірмей отыр. Осыған байланысты панисламистер өздерінің бүкіл назарын бір кездері приход мектептерге орын берген ескі мектептерге аударып, оған өз мұғалімдерін тағайындап, өз қалауларынша билік жүргізе бастады. Бұл “мектебелер” деревняда (ауылда. — ауд.) белгілі бір беделге ие болып, мұсылмандар арасында қашан да болса панисламизм идеясын насихаттауы мүмкін және бүгінде бұл “мектебелер” саны барған сайын арта түсуде.
Расында, Түркия тарапынан пантүркизмді таратуға күш салынып отыр. Қазақстанда бұл ағымның жақтастары өте аз болған еді. Исламдандыру идеясына келер болсақ, ол қазақ тұрғындары арасынан ішінара қолдау табуда. Мәселе басқада — Қазақстанда, зиялы қауым арасында ресейлік биліктің ықпалынан тысқары кету бағыты әрқашан да болып келді, бұл жағдай ресейлік билік ортасын мазасыздандырады. Ауыл мектептерін жасау идеясы осы алшақтықты жою болды. Торғай облысының болыстық мектептері төрт жылдық оқуға есептелген болатын. Бұл мектептер мемлекет есебінен қамтамасыз етілді, атап айтқанда, шығынмен жұмыс істеді. Зерттеуші Т. Тәжібаев “олар билеуші таптың үмітін ақтамағандықтан” да кеңінен таралмады деген қорытындыға келді. Мұндай тұжырыммен келісуге болмайды. 1917 жылға қарай Торғай облысының әрбір уезінде осындай 16—25 мектептің болғанын айтсақ та жеткілікті. Әрине, үкімет мұндай мектептер арқылы өзінің орыстандыру саясатын жүргізуге ұмтылды. Қазақ тұрғындарының болыстары мектептерді ресейлік земстводағыдай өз есебінен ұстай алмағаны да анық. Бірақ ауыл мектептері арқылы орыстандыру белгілі бір дәрежеде іске асты да. Соған қарамастан ауыл мектептері, ең алдымен, жалпы білім беру міндеттерін шешті. Тіпті Торғай облысының мектеп инспекторы А.Е.Алекторов: “Қырғыз даласының мектептері жалпы білім беру міндеттерінен басқа, тағы да саяси рөл де атқарады: ол қырғыздар арасына мемлекеттік тілді сыналап енгізе отырып, қырғыз халқын жергілікті орыс халқымен байланыстырады; ол орыс халқының әдет-ғұрпымен және көзқарастарымен таныстырады, баяу болса да, бірақ жүйелі түрде қырғыздарды орыстар отбасына кіріктіреді, олардың мұсылмандық бірбеткейлігіне қарсы мұсылмандық фанатизмін әлсіретеді”, — деп жазды. Тағы да сол Т.Тәжібаев жазғандай: “Орыс-қазақ мектептері қазақ жастарының прогрессивті орыс мәдениетімен жалғастық табуында, алдыңғы қатарлы қазақ интеллигенциясының жекелеген өкілдерін дайындауда прогрессивті рөл атқарғанын” объективті бағалауға болады”.
Полиция департаментінде қазақ қауымының білім беру саласы мен қоғамдық өмірінде көрініс тапқан екі бағыттың — қадымшылдық пен жәдитшілдіктің өзара қарама-қарсылығын айқын білдірген пікір болды. Яғни: “Мұсылман тұрғындар арасында панисламизм идеяларын таратудың қуатты құралдарының бірі ретіндегі мектептің рөлін мойындай отырып, — делінді онда, — панисламистер мұсылман мерзімдік басылымдары арқылы мұсылман Діни жиналысының және мұсылман қауымының приход мектептерден мүлде тәуелсіз мектептердің жаңа түрін — орыс тілі оқытылмайтын ұлттық мектептерді ашу қажеттілігі туралы ойларын таратуда”.
Мұндай мектебелердің саны Қазақстан бойынша айтарлықтай көлемде болды. Олар Торғай уезінде де, Қайдауыл болысында да болды.
Торғай уезінің негізгі тұрғындары Орта жүз — арғын мен қыпшақтан құрылған. Кіші жүзден жаппас, шекті, алшын мен тамалар тұрды, ең көбі жаппас руы еді.
Арғындардың көпшілігінің қыстаулары уездің батыс және орталық бөлігінде орналасты. Арғындардың қыстаулары Қосқопа көлінің шығысындағы Қарынсалды өзенінің оң жағалауына дейін, уездің солтүстігінде Ақсуат көлін айнала және Төртбұтақ, Сарыторғай, Үлкентамды өзендері арқылы Жыланды өзенінің сол жағалауына дейін созылды. Қыпшақтар уездің солтүстігінде Жыланды өзенінің сол жағалауында және оңтүстікте Ақмола облысымен шектесетін аумақтарда: Қарынсалды, Тасты, Үлкен Қайыңды, Торғай өзендерінің жоғарғы ағысында және Сарыторғай өзені бойында қоныстанды. Уездің оңтүстік бөлігіндегі Бұланты өзені бойында және Төменгі Сарысу өзенінің оң жағалауын қыпшақтар жайлады. Уездің орталық бөлігінде олар Торғай өзенінің орта ағысы мен сол жағалауын мекендеді.
Арғын және қыпшақ тайпаларының қыстаулары өте қолайлы орындарда — өзендердің қалың шалғынды-шабындықты аңғарларында және жағасы жайылым мен қамыс нуларына толы көптеген көлдерді қоршай орналасты. Әйтсе де арғындардың үлкен бөлігі Тосын құмды бұйраттарында қоныс тепті. Кіші жүздің жаппас руы Арал жағалауы Қарақұмында, уездің шет жағында орналасты.
Уездің солтүстігінде жалпы пайдаланылатын жазғы қоныстар Қарағайлы, Қызбел таулары мен олардың баурайындағы жазық далада, оңтүстікке қарай 80—100 шақырымдай созылып жатты. Бұл жазғы қоныстар, негізінен, арғындарға тиісті болды. Пайдаланылымдағы жазғы қоныстардың айтарлықтай бөлігі солтүстік-батыста Жалдама өзені мен оңтүстік-шығысында Қарақұдық өзенінің аралығында болды; солтүстікте олар Ашутасты-Торғай өзеніне сұғына кіріп, оңтүстігінде Қараторғай өзеніне дейін жетті. Мұнда арғындар да, қыпшақтар да өз малдарын жайды. Сондай-ақ Шұбартеңіз көлінің маңайында орналасқан кең алқап та жазғы жайылым есебінде болды. Шұбартеңіз көлі маңайы Білеуті, Бұланты, Байқоңыр, Қарғалы өзендерінің аңғарларымен қоса, қыпшақтарға тиесілі еді.
Торғай уезінің оңтүстік-шығысында Қайдауыл және Қызылжыңғыл болыстары орналасты. Қызылжыңғыл болысы Сарысу өзеніне тірелді. Қайдауыл болысының үшінші әкімшілік ауылы — Амангелді Имановтың туған жері, 1873 жылы ол осында туды. Әкесінен ерте айырылды. Амангелді ауыл молдасынан сауатын ашты, одан кейін үлкен ағасы Бектем-бергенмен бірге батырақ болып жалданып жұмыс істеді. Бір мезгіл ақша табу үшін Байқоңырда тұрды, бірақ туған ауылына қайта оралды. Осы жерде Міржақып Дулатұлы мен Амангелді Имановтың өмір жолдары түйісті.
Осы Қайдауыл болысының Терісбұтақ деген жерінде Әліби Жангелдин туып-өсті. Болыстықтағы екі қазақ қонысы — Терісбұтақ пен Қайдауылдың түпкілікті тұрғындары айтарлықтай көп болатын.
Қостанайдағы оқуынан кейін Міржақып Дулатұлы Торғай уезі, Қайдауыл болысындағы Қайдауыл болыстық мектебіне мұғалім болып тағайындалды. Ауыл мектебі болыс басқармасы орналасқан үшінші ауылда екен.
Бұл мектепті тек Міржақыптың ғана емес, менің де іздеп табуыма тура келді. Бұл үшін, ең алдымен, Қайдауыл болысы, содан кейін барып үшінші ауылдың қайда орналасқанын білу керек еді.
Қайдауыл болысының құрамына қай жерлердің кіруі керек екенін анықтау алғашында онша түсінікті бола қойған жоқ. Жай ғана бөле салумен жаңа болыстың жерін айқындау мүмкін емес-тін. Тек жайылымдарды ғана емес, су көздерін де есепке алу керек болды. Мәселе мынада: 1902 жылы Торғай уезінің оңтүстігінде Қызылжыңғыл болысынан Қайдауыл болысы бөлініп шыққан болатын. Жаңа болыстықтың иелігіне қандай жерлер өтті? Торғай уезінің 1896 жылғы картасында Қайдауыл болысы көрсетілмеген, ал 1914 жылғы картада тығыз топографиялық жүктемемен белгіленген. Болыстықтың солтүстік жағында Жыланшық өзенінің барлық үш жоғарғы сағасын — Жыланшық-Тұзды, Қойлыбай-Жыланшық, ДумалыЖыланшықты, Алакөл көлін және Иғыз көлін, оңтүстікте — Мор, Бұланты өзендерін қамтыды. Алайда Шұбартеңіз көлі Тосын болысына кірді. Болыстың батыс жағының шекарасы елсіз даламен өтеді, оңтүстікте ол Қалмаққырған өзенінің төменгі салаларымен және солтүстікте Жыланшық өзені жасайтын доғамен бөлінеді.
Осы жерлерде ХVІІІ ғасырдың 20-жылдарында “Ақтабан шұбырындыдан” кейін, қазақ жасағының жоңғар басқыншылармен болған Бұланты шайқасы өтті. Бұл — қазақ тарихындағы белгілі оқиғалардың бірі саналады. Ерте уақытта болған бұл оқиғалар туралы Міржақып өзінің мақалаларының бірінде жазғаны мәлім, ол мұны болыстық тұрғындарының аузынан естіген болуы әбден мүмкін.
Үшінші ауыл және Қайдауыл болыстық мектебі Терісбұтақ, Думалы және Қойлыбай өзендерінің сырт жағында орналасқан. Олардың бәрі — үлкен Жыланшықтың (Ұлы Жыланшық) жоғарғы сағасы. Басқа карталарда Жыланшықтың негізгі тармақтары болып табылатын екі өзен — Құлбайбақсы және Тұзды деп белгіленген. Бұл жерлер Арғанаты тау бөктерінде, Тымды және Ұлытау пикеттері қатар жатыр.
Ал 1909 жылғы экспедиция материалының тағы бір ерекшелігі — үшінші әкімшілік ауылдың иелігінде жеті ауыл ағасы (ақсақал) бар. Бұл — 37 қыстау. Әрбір ақсақалдықтың пайдалануында, Терісбұтақ өзені бойында жері болды. Бір қызығы, үш ақсақалдықтың қыстауының аты Аққияқ деп аталды. Бұл қыстаулар өте тығыз орналасқан орын еді. Ал Бидайық топонимі төрт шаруашылық ауылында қолданылады: ҚоғаҚосбидайық, Сарыбидайық, Бесбидайық, Ойқоға-Қосбидайық. Мұнда да көптеген қыстаулар болды. Сөйтіп, үшінші әкімшілік ауылдың болыстық басқармасы Терісбұтақ өзені бойында немесе Аққияқ мекенінде не Бидайықта орналасты деп тұжырымдауға болады. Осы жерде ауыл мектебі де болған.
Айта кету керек, болыстықтың әртүрлі ауылдарында бірнеше жекеменшік мектептер болған. Міржақып Дулатұлы Оқу-ағарту министрлігі жүйесінің мектебінде жұмыс істеді, ал жекеменшік мектептер мұғалім-молдаларға бағынышты болды. Үкімет мұндай мектептерді өзінің бақылауына алуға тырысты. Мәселен, Торғай облысы бойынша 1892 жылдың өзінде ерекше өкім шығарылған болатын.
Алайда бәрібір жергілікті билік жағдайды жете бағамдай алмады. Сол кезде мемлекет есебінен жылжымалы ауыл мектептерін ашу туралы шешім қабылданды. Мұндай көшпелі ауыл мектептерінің үлгісі әкімшілік үшін облыста ежелден бар және қазақтар тұрмысына толығымен бейімделіп үлгерген әрі өзінің қарапайымдығымен даланың барлық бұрыш-бұрышына сауаттылықты тарату жөніндегі мақсатына тамаша нәтижемен жетті. Басшылықтың пікірі бойынша, облыста жаңа типті мектептер ашу өте қажет-ақ, өйткені бұл мектептер өзінің арзандығымен қырғыздардың көшпелі тұрмыс жағдайына толығымен сәйкес келеді.
Ауыл мектептеріндегі жағдайды жақсарту мақсатында округтік оқу басқармасына ауыл мектептерінің мұғалімдерін қысқы және жазғы бір айлық каникул кезінде өздерінің болыстық немесе екі сыныптық мектептеріне шақыру туралы ұсыныс берілді. Бірінші ауыл мектебі 1892 жылдың 15 маусымында Ырғыз уезі, Қын-Арал болысының №4-ауылында ашылып, Қарағайлысай (қысқы қонысында) мектебі деп аталды. Одан соң сол жылдың соңында осы уезде тағы да бес ауылдық мектеп: Алакөл, Аралағаш, Тобыл, Қарадүңкіл және Сужорға мектептерін ашуға рұқсат берілді. 1894 жылдың басында облыста 25 ауыл мектебі болды.
Қазақтардың көшпелі тұрмыс жағдайына сәйкес келетін ауыл мектептерін ашу тұрғындар тарапынан түсіністікпен қабылданды, бірақ соның өзінде мұндай мектептердегі оқушылар саны салыстырмалы түрде аз болды. Мұның себебі: қыстаулардың кең аймақта шашылып жатқандығында, қысқы мезгілде көптеген оқушылар ауыл мектептеріне қатынай алмады. Осы себепті, негізінен, мектеп үшін пайдалануға болатын бос үйі бар қыстаулардағы балалар ғана оқи алды. Сондықтан ауыл мектептерінің қол жетерлік болуының жалғыз жолы — балалар жатып оқи алатын орны және ата-аналар әкелген азықтүлікті сақтайтын қоймасы бар арнаулы мектеп үйін салу еді.
Құрметті бақылаушылардың айтуынша, көптеген ауыл мектептері білікті мұғалімдерге зәру. Осыған байланысты алғашқы кездері мектептердің мұғалімдігіне педагогикалық білімі жоқ адамдарды тағайындауға тура келді, өйткені Орынбор Қазақ мұғалімдер мектебі барлық дала облыстары үшін жылына 7 адамнан артық дайындаған жоқ.
1893 жылы мұғалімдер санын толықтыру мақсатында қазақ мұғалімдер семинариясы жанынан стипендия (бастапқыда екеу, одан кейін тағы біреу) тағайындалды, ал 1896—1897 оқу жылынан бастап Орынбор Қазақ мұғалімдер мектебіндегі Торғай облысының стипендиаттар санын екі есе көбейту жоспарланды. Торғай әкімшілігі 10 жаңа ауыл мектебін ашуға қаржы тапты. Облыстағы ауыл мектептерінің жалпы саны 1896 жылдың 1 қаңтарында 35-ке, ал оқушылар саны 542-ге жетті.
Облыста 1896 жылдың 1 қаңтарында жұмыс істеген ауыл мектептерінің тізімі сақталыпты, олардың тұрған жері, әрқайсысының ашылған уақыты мен мұғалімдері көрсетілген. Атап айтқанда: Қостанай уезінде: Қарағайлысай мектебі — ҚынАрал болысының №4-ауылында (1895 ж.), мұғалімі — Исакаев,
Красно-уфа орыс-башқұрт мектебінен; Қарадүңкіл мектебі — Шұбалаң болысының №5-ауылында (1892 ж.), мұғалімі — Бекмұхамедов, Қазақ мұғалімдер мектебінің курсын аяқтаушылар қатарынан; Аралағаш мектебі — Қарабалық болысының №1-ауылында (1893 ж.), мұғалімі — Миркеев, Қостанай екі сыныптық училищесiнен; Тобыл мектебi — Домбар болысының (1893 ж.), мұғалімі — Қазақ мұғалімдер мектебін бітірген Үсенов; Алакөл мектебі — Обаған болысындағы С.Тілемісовтің үйінде (1892 ж.); мұғалімі — Қостанай екі сыныптық училищесін бітірген Сауытбаев; Қын-Арал болысы №1-ауылындағы Бірінші Сужорға мектебі (1892 ж.), мұғалімі — Қазақ мұғалімдер мектебінде курс аяқтаған Көшкімбаев; Борисовская мектебі — Борисовская ауылында (1894 ж.), мұғалімі — Зефиров; Домбар болысы №1-ауылдағы Жауғашты мектебі (1894 ж.), мұғалімі — Қостанай екі сыныптық училищесінен келген Жолдыбаев және Қазақ мұғалімдер мектебін бітірген Рахметов; Ханымжол мектебі, Аманқарағай болысының №3-ауылында (1894 ж.), мұғалімі — Қостанай училищесінен келген Тілеулин; Атанақ мектебі — Аманқарағай болысының № 1-ауылында (1895 ж.), мұғалімі — Қазан мұғалімдер семинариясын бітірген Панков; Байтұма мектебі — сол болыстың №7-ауылынан (1895 ж.), мұғалімі — шені бар Подставочкин; Көктал мектебі — Аманқарағай болысының №1-ауылында (1895 ж.), мұғалімі — Қазан мұғалімдер семинариясын бітірген Матвеев; Эскеевская мектебі— Қарабалық болысының №4-ауылындағы Эскей Токовтың үйінде (1894 ж.), мұғалімі — Қостанай екі сыныптық училищесін бітіруші Эскеев; Александровская мектебі — Александровский кентінде (1894 ж.), мұғалімі — село (ауыл) мұғалімі шеніндегі Попов; Жуковская мектебі —Жуковская кентінде (1894 ж.), мұғалімі — Қазан мұғалімдер семинариясын бітірген Торопов.
Ақтөбе уезінде: Меңдібай мектебі — Аралтөбе болысының №1-ауылында (1894 ж.), мұғалімі — Қазақ мұғалімдер мектебін бітірген Берқалиев; Қосыбай мектебі — Ақтөбе болысының №2-ауылында, одан кейін Қараторғай болысына көшірілген (1894 ж.), мұғалімі — Қазақ мұғалімдер мектебінің курсын бітірген Меңдіханов; Әлімбет мектебі — Теректі болысының №2-ауылында (1894 ж.), мұғалімі — село (ауыл) мұғалімі шеніндегі Арыстанғалиев; Алшынбай мектебі — Үйсінқара болысының №3-ауылында (1894 ж.), мұғалімі — Ақтөбе екі сыныптық училищесінен келген Қалданов; Қарамола мектебі — Бөрте (Буртинская) болысының №5-ауылында (1894 ж.), мұғалімі — Қазақ мұғалімдер мектебінің курсын бітірген Айшуақов; Михайловская мектебі — Михайловский кентінде (1894 ж.), Благовещенскідегі (Башқұртстан) мұғалімдер семинариясын бітірген — Тимофеев; Арғынғазы мектебі — Ақтөбе болысының №2-ауылында, Бестамақ болысына көшірілген (1894 ж.), мұғалімі — Қазақ мұғалімдер мектебін бітірген Байтұрсынов.
Торғай уезінде: Екінші Сужорға мектебі — Шұбалаң болысының №1-ауылында (1893 ж.), мұғалімі — Орынбор Қазақ мұғалімдер мектебін бітірген Бабин; Қазыбаев мектебі — Қарақоға болысының №4-ауылында (1893 ж.), мұғалімі — Қазақ мұғалімдер мектебінен келген Тобылбаев; Күздік мектебі— Сарықопа болысының №1-ауылында (1893 ж.), мұғалімі — Красно-уфа орыс-башқұрт мектебін бітірген Құлманов; Тосын мектебі — Тосын болысының №6-ауылында (1895 ж.), мұғалімі — Орынбор гимназиясынан келген Тоқтабаев.
Ырғыз уезінде: Сасықкөл мектебі — Аманкөл болысының №6-ауылында (1893 ж.), мұғалімі — Қазақ мұғалімдер мектебінің 3-сыныбынан келген Қошақбаев; Қыналыкөл мектебі — Бақсай болысының №4-ауылында (1893 ж.), мұғалімдері — Қазан орталық мектебінен келген Парфенов, Қарабалық мектебінің курсын бітірген — Юсупов; Қызылжар мектебі — Қызылжар болысында, Ырғыздан 40 шақырымдай жерде (1893 ж.), мұғалімі — Қазақ мұғалімдер мектебін бітірген Айымқұлов; Андықты мектебі — Ырғыздан 18 шақырымдай жерде (1893 ж.); Аралтоғай мектебі — Талдық болысының №2-ауылында (1893 ж.), мұғалімі — Қазақ мұғалімдер мектебін бітірген Жабағин; Белқопа мектебі — Талдық болысының №1-ауылында (1895 ж.), мұғалімі Қазақ мұғалімдер мектебінің 3-сыныбынан Жәкенов; Соналыкөл мектебі — Бақсай болысының №4-ауылында (1895 ж.), мұғалімі — Қазақ мұғалімдер мектебінен келген, мұғалім шеніне құқығы жоқ Көмеков.
Сөйтіп, қысқа мерзімдік уақыт ішінде Торғай облысының бүкіл аумағында, оның ішінде Торғай уезiнде ауыл мектептерiнiң торабы жасалды. Бұл жергiлiктi тұрғындар арасында жалпы бiлiм беру мен мәдениеттi дамытуда жасалған елеулi қадам болды. Өйткенi бұл мектептер, негiзiнен алғанда, алыс түкпірдегі ауылдарда ашылды.
Бұл мектептер туралы губернатор Барабаш былай деді: “Менің кәміл сенімім бойынша, тұрғындардың көшпелілік тұрмыс жағдайларына бейімделген әрі арзан осындай мектеп түрлері ғана қырғыздар арасында орыс білімін таратуға қызмет ете алады. Бұл жүйені енгізуде сәтсіздіктер мен қиындықтар болуы да мүмкін, алайда реформаны табанды түрде жүргізген жағдайда, бұл мектептердің іс жүзіндегі жарамдылығы мен өміршеңдігі фанатик мұсылмандар мен басқа да кедергілердің қарсылығына төтеп бере алады. Бұл тұжырымның бұлтарыссыз дәлелдерін, неғұрлым ұзақ уақыттық тәжірибелерін күтуге болатыны айтпаса да түсінікті…”
Тек ауыл мектептерін ашу ғана емес, мұғалімдер құрамын таңдау мен мектепке арналған үй-жай мәселесін шешу де үлкен маңызға ие болды. Мектеп үйлерінің мәселесі әр жағдайда әртүрлі шешіліп отырды, бірақ көп жағдайда мүмкіндігі бар қазақтар өз үйлерін ұсынды, мектеп құрылысы үшін ақша берді.
Әулиекөл болыстық мектебі де жаңадан салынды. 1891 жылдың қыркүйегіндегі өзінің ашылған уақытынан бастап мектеп Ұрыскөл көлінің дәл жағасындағы Аманқарағай орманына жақын жерге салынған өз ғимаратында орналасты. Ғимарат құрылысын ерекше комитет жүргізді. Құрылыстан үнемделген ақшаға (2 мың сомға жуық) комитет басшылықтың рұқсатымен, ағаштан аула ішінде Аманқарағай орманының қорықшыкүзетшілері мен жұмысшыларының мектепке қатынап оқитын орыс балалары үшін 40 қосалқы үй (түнде қонатын үй — флигель) салды. Мектеп ашылған уақыттан бастап оның меңгерушісі болып Орынбор мұғалімдер институтының курсын бітірген Гречкин жұмыс істеді. Оның мектеп ісіне деген берілгендігі мен қамқорлығы жергілікті қазақтардың мектепке деген сенімі мен үмітін оятты. Ондағы оқушылар саны әрқашан тұрақты — 25 адамнан болды.
Торғай уезінің мектептері қатарында екі сыныпты орысқазақ училищесі, қолөнер кәсібі училищесі, әйелдер орысқазақ училищесі болды. Қарақоға болысында — Жыланшық, Қызылжыңғылды, Алақай; Сарықопа болысында — Бестерек, Екінші Наурызым болысында Айтын мектептерін ашу жоспарланды. Қарақоға мектебіне — сегіз ауыл мен бір мектеп, Сарықопаға бес ауыл мен бір мектеп тиісті болды. Облыстық басқарма Домбар, Бірінші Наурызым және Тосын болыстарында мектеп ашуды көздеді. Тосын болысында Бірімжанов мектеп ғимараты үшін өзінің үйін ұсынды. 1890 жылдың өзінде-ақ шаңырақ басына 20 тиыннан ақша жинау тәртібі енгізілген болатын. Домбар болысының құрметті қазағы Яппасбаев мектеп үшін 1000 сом берді.
Қостанайдан Қызбелге Міржақып қуанышты көңіл күймен аттанды. Оның жол қапшығында кітаптар, конспектілер, Педагогикалық сыныпты бітіргені жөніндегі куәлігі мен жұмысқа жіберілген жолдамасы болды. Асқардың үйінде Міржақыптың келуiне орай отбасылық мереке өтті. Туысқандар куәлікті, кітаптарды қарап, бауырлары үшін қуанышты болды. Әсіресе Асқардың қуанышында шек болмады. Әйтсе де байсалды қалпын өзгерткен жоқ. Сарықопа болысының басқарушысы Нақып Тілеулин, би Аққошқар Бисеев, көрші ауылдар билері: №2-ауылдан Батырболат Илегешев, №3-ауылдан Нарбай Қыдыралин, №4-ауылдан Сарбек Тұртығұлов, №6-ауылдан Битан Муйкин, №7-ауылдан Түркебай Қырджиндер Міржақыптың туған ауылына келуін жылы қабылдады.
Тағы бір белгілі жай, 1905 жылы Торғай уезінде тек қана үш: Сарықопа, Жыланды және Қызылжыңғылды болыстық мектептері болды; 1904 жылы бұл уезде 16 ауылдық мектеп (бұларды болыстық мектептермен шатастырмау керек) болды. Болыстық мектептер неғұрлым қолайлы жағдайды иеленді. Жақсы ғимаратта орналасты, оқу әдебиеттерімен тәуірірек қамтамасыз етілді.
Үйде біраз күн демалғаннан кейін Міржақып жолдамасы бойынша мектептегі жұмысына барды. Алайда осы жерде мынадай бір сұрақ туады: Міржақып Дулатұлы 1902—1904 жылдары уездің қай мектебінде мұғалім болып істеді? Бұл сұраққа М. Дулатұлының басылымдарда жарық көрген материалдары жауап бермейді. Жанама дереккөздеріне жүгінуге тура келді. Бұл кезеңдегі екі жыл Міржақыптың өмірі үшін үлкен мерзімге тең еді. Бұл есею жылдары ғана емес, оның дүниетаным негіздерінің қалыптасу кезеңі де болды.
Төңкеріске дейінгі басылымдар арасынан Торғай облысының ауылдық орыс-қазақ мектептері туралы ережені таптық, онда былай делінген:
§1. Ауыл мектептері Торғай облысында білім беруді барынша кеңінен тарату және оның жылдық шығынын төмендету мақсатында ашылады.
§2. Ауыл мектептері өздеріне жақын орналасқан болыстық немесе екі сыныптық орыс-қазақ мектептерінің бөлімшелері ретінде жұмыс істейді, сондықтан сол мектептердің басшылығы мен қамқорлығында болады, ол мектептер: а) өздеріне бағынышты ауыл мектептеріне бөлінген қаржыны жұмсайды, ауыл мектебі мұғалімі мен күзетшісіне айлық жалақысын береді, осы мектепке арналған пәтерақыны төлейді, оқу кітаптарымен, құрал-жабдықтармен, жазуға қажет заттармен, т.б. қамтамасыз етеді; ә) ауыл мектебіндегі оқу-тәрбие жұмысының барысына бақылау жүргізеді, қажет болған жағдайда мектеп инспекторының өкілеттігін пайдаланады; б) мектептер үшін жұмсалған қаржы шығыны жөнінде заңға сәйкес есеп беріп отырады.
§3. Ауыл мектептері өзінің ішкі жағдайы бойынша, мүмкіндігіне қарай, қырғыздар тұрмысының жағдайына сәйкес келуі тиіс. Мектеп жабдықтарының көлемі қолапайсыз үлкен емес, көшіп-қонуға ыңғайлы: жиналмалы сынып тақтасы, 2 немесе 4 аласа (жазған кезде пайдаланатын) үстел, есепшоттар, киіз және оқу кітаптары мен жазу жабдықтары сақталатын сандық болуы тиіс.
§4. Оқу жылы — екі каникул айы сәуір мен қыркүйектен басқа, бүкіл жыл бойына созылады. Сабақ қазан айынан сәуірге дейін (жалға алынған) жер үйде, мамырдан қыркүйекке дейін (бұл да жалға алынған) киіз үйде өтеді.
§5. Ауыл мектептеріндегі оқу пәндерінің курсы мен бағдарламалары болыстық бір сыныпты мектептердің бірінші және екінші бөлімшелердікіне сәйкес келуі тиіс.
§6. Ауыл мектебінің мұғалімі, мектеп инспекторының ұйғаруына қарай, жылына бір рет өзінің оқушыларын ауыл мектебі орналасқан ауданның мектеп жанындағы ерекше комиссияның сынағынан өткізуі тиіс, осы комиссияның ауыл мектебі оқушыларының үлгерім жетістігі жөнінде қанағаттанарлық пікірі болған жағдайда, оның мұғалімі мөлшерін әрқашан да оқу округі қамқоршылары анықтайтын, бір реткі ерекше сыйлық алуға қақысы бар.
§7. Ауыл мектептерін ұстау үшін мыналар қажет:
А. Жыл сайын: 1) мұғалімнің жалақысына —180 сом. Емтиханды қанағаттанарлық бағаға тапсырған әр оқушы үшін 5-тен 10 сомға дейін алуға қақылы; 2) пәтер жалдауға (қыста — жер үй, жазда — киіз үй) айына 5 сомнан — 60 сом; 3) күзетшінің жалақысына — 24 сом; 4) оқу кітаптары мен жазу жабдықтарына — 20 сом; 5) мектепті және оның оқушыларын көшіруге арналған ұсақ-түйек шығындарға — 40 сом. Жиыны — 324 сом.
Ә. Бір реттік: мектептің ең алғашқы керек-жарағын алу үшін, атап айтқанда: 1) жиналмалы тақтаға — 2 сом; 2) жиналмалы үстелге — 2 сом; 3) оқу кітаптары мен жазу құрал-жабдықтарын сақтайтын сандыққа — 7 сом; 4) есепшотқа — 50 тиын; 5) 10 аршын киізге — 10 сом және; 6) жазуға арналған 4 аласа үстелге — 4 сом. Жиыны —25 сом 50 тиын.
Ауыл мектебі туралы ережеге кейін кірістірілген қосымша:
1) ауыл мектептеріндегі оқу ісін жақсы жолға қою үшін оны қандай да бір қадағалаушыға, екі сыныпты немесе болыстық мектептердің тәжірибелі мұғалімдерінің басшылығына бағынышты ету керек. Ол үшін ауыл мектептерінің мұғалімдерін белгілі бір мерзімге — қысқы және жазғы каникул кездерінде өздерінің болыстық немесе екі сыныпты мектептеріне шақыру ұсынылады; екі сыныпты және болыстық мектептердің меңгерушілеріне өздерінің аудандарындағы ауыл мектептерінде айына кемінде бір рет болу міндеттелсін (§2-ережесіне қосымша) және барып-келу жол шығындары үшін “Ауыл мектептеріне барып-келу” бабы бойынша сметаға сәйкес 40 сом төленсін (Орынбор оқу округі қамқоршысының Торғай облысы әскери губернаторына 1893 жылдың 29 желтоқсанында жолдаған №4606-қатынасы);
2) ауыл мектептері өздері орналасқан қыстаудың атымен аталуы тиіс;
3) Торғай облысының мектеп инспекторына өз қалауы бойынша ауыл мектебін ол тұрған болыстықтың ішіндегі бір орыннан екінші орынға ауыстыру құқығы берілсін;
4) ауыл мектептерінің апта ішіндегі демалыс күні болып мұғалімі қырғыз мектептерде жұма, ал мұғалімі орыс мектептерде жексенбі белгіленсін, сонымен қатар екі жағдайда да патшалық мереке күндері демалыс болып саналады;
5) ауыл мектептері мұғалімдерінің жалақысы 1896 жылдан бастап жылына 240 сомға дейін өсуі мүмкін деп танылады;
6) әрбір ауыл мектебі үшін жергілікті қырғыздардан құрметті бақылаушының болуы қарастырылған. Бұл адамдарды сайлау тәртібі және олардың құқықтары мен міндеттері осы “Ереженің” қосымшасымен анықталады.
Әртүрлі деректердің арасынан мүлде күтпеген мәлімет табылды. Анықтамалықтардың бірінен Торғай уезі бойынша 1903 жылғы барлық ауыл мектептерінің тізімі шықты, олар мыналар:
• Қарақоға мектебі (Қарақоға болысы, №5-ауылында), мұғалімі — Жақсылық Толыбаев. Орынбор Қазақ мұғалімдер мектебін бітірген;
• Қосағал (Шұбалаң болысы, №1-ауылында), мұғалімі — Мұхан Тохтабаев. Орынбор Қазақ мұғалімдер мектебін бітірген;
• Күздік (Шұбалаң болысының №3-ауылында), мұғалімі — Илларион Прохоров, қызметі мен лауазымында 1900 жылдан, Қостанай Педагогикалық сыныбын бітірген;
• Наурызым (Наурызым болысының №1-ауылында), мұғалімі — Василий Токарев, қызметі мен лауазымында 1899 жылдан, Торғай орыс-қазақ екі сыныпты училищесін бітірген;
• Сужорға (Шұбалаң болысының №1-ауылында), мұғалімі — Салих Бабин, қызметі мен лауазымында 1891 жылдан, Орынбор Қазақ мұғалімдер мектебін бітірген;
• Тосын (Тосын болысының №6-ауылынан), мұғалімі — Иосиф Горбачев, қызметі мен лауазымында 1901 жылдан, Қостанай Педагогикалық сыныбын бітірген;
• Есенбаев мектебі (Тосын болысының №9-ауылында), мұғалімі — Арсений Жутов, қызметi мен лауазымында 1902 жылдан, Қостанай Педагогикалық сыныбын бiтiрген;
• Қайдауыл мектебi (Қайдауыл болысының №3-ауылында), мұғалiмi — Мiржақып Дулатұлы, қызметi мен лауазымында 1902 жылдан, Қостанай Педагогикалық сыныбын бітірген.
Тоқта! Тоқта! Тоқта! Кідіріп, қайтадан оқу керек — Можакуп Дулатов. Дұрыс — 1902 жылы Қостанай Педагогикалық сыныбын бітірген. Есімдері бірдей, фамилиялас екі адамның екеуі де бір ғана Педагогикалық сыныпты бітіруі мүмкін емес. Ал Міржақыптың есіміндегі “о” әрпі — жазуда кеткен қате. Демек, бұл — сәттілік алдан шықты деген сөз. Торғай облысының 1904 жылғы мекенжай-күнтізбесінде бұл жоқ. Онда, тіпті, болыстық мектептер жөнінде мәлімет берілмеген.
Және Торғай облысының 1905 жылғы мекенжай-күнтізбесінде де ауыл мектептері туралы ешбір дерек жоқ, тек 1910 жыл ғана бар, бірақ мұның маған керегі жоқ.
Сонымен, міне, мәселе қайда — Міржақып Дулатұлы, Қайдауыл болысы. Бұл енді түсінікті.
Одан әрі қарай Торғай уезі ауылдық мектептерінің 1903 жылғы тізімін оқимын:
• Майқара мектебі (Майқара болысының №4-ауылында), мұғалімі — Сыздық Бабин, қызметі мен лауазымында 1898 жылдан, Орынбор Қазақ мұғалімдер мектебін бітірген. Сірә да, бұл Торғай орыс-қазақ училищесінің бұрынғы мұғалімі Салих Бабиннің ұлы болу керек;
• Сарыторғай (Сарыторғай болысының №8-ауылында), мұғалімі — Сали Сыздықов, қызметі мен лауазымында 1900 жылдан, Қостанай Педагогикалық сыныбын бiтiрген.
• Тұрлыбаев мектебі (Тосын болысының №5-ауылында), мұғалімі — Ерназар Көбеков;
• Есмырза мектебі (Майқара болысының №3-ауылында), мұғалімі — Өтеміс Оразбаев, қызметі мен лауазымында 1900 жылдан, Қостанай Педагогикалық сыныбын бітірген;
• Есмұратов мектебі (Майқара болысының №4-ауылында), мұғалімі — Хұсайын Әбенов;
• Бектасов мектебі (Шұбалаң болысының №6-ауылында), мұғалімі — Хаббас Төлебаев, қызметі мен лауазымында 1901 жылдан, Қостанай Педагогикалық сыныбын бітірген;
• Ағанасов мектебі (Шұбалаң болысының №2-ауылында), мұғалімі Байсумпал Валиев, қызметте 1900 жылдан, лауазымында 1901 жылдан, Орынбор қазақ мұғалімдер мектебін бітірген.
Демек, Торғай уезінде облыстық оқу әкімшілігінің басшылығымен жұмыс істейтін он алты ауыл мектебі болған. Алайда бұлардан басқа тағы да Қараторғай болыстық мектебі болды, меңгерушісі — Әбен Тастеміров, қызметі мен лауазымында 1901 жылдан, Орынбор Қазақ мұғалімдер мектебін бітірген, мұғалімі — Ермолай Рожкин, қызметі мен лауазымында 1899 жылдан, Қостанай педагогикалық сыныбын бітірген.
1915 жылы Торғай уезінде 31 ауыл мектебі болды.
Ақыр аяғында менің көңілім жай тапты: Міржақып Дулатұлы, Қайдауыл болысы, №3-ауыл — болыстық басқарма. Мектеп пен болыс басқармасы неліктен бір ауылда екені түсінікті. Әкімшілік жағынан мектепке болыс басқарушысы жауапты болды, көпшілігі бұл үшін сыйлық пен губернаторлардың жазбаша алғысын алды. Бұл туралы “Торғай облыстық ведомствосында” жазды.
Қайдауыл болысының басқарушылары туралы деректерді табу басқаларына қарағанда онша қиынға түскен жоқ, бірақ Торғайдан емес, Санкт-Петербургтегі Ресей ұлттық кітапханасынан табылды. Онда төңкеріске дейінгі жалпы сипаттағы әрекеттер мен ведомстволық баспа өнімдері басқа қай жердегіден болса да тәуір сақталған.
Қайдауыл болысының басқарушысы Досмұхамед Дәненов, кандидаты (орынбасары) — Тай Маймақов, ауылдардың би-халық судьялары: №1-ауылда — Жиембай Көшеков; №2-ауыл да — Үмбет Тоқсанбаев; №3-ауылда — Көшімбек Балықов;
№4-ауылда — Иса Көтібаров; №5-ауылда — Тілеубай Күнтуғанов, №6-ауылда — Оспан Жанкин; №7-ауылда — Ораз Сиырбаев, №8-ауылда — Нұрпейіс Өмірбаев болды.
Мінеки, мәселе қайда. Осы үшінші ауылда Міржақып, Досмұхамед Дәненовпен бірге жаңа мұғалімнің тұрмыстық жағдайын жақсартумен шұғылданған Көшімбек Балықов ақсақалға барып жолықты. Бұл екі адамның да бозбала-мұғалімге бірден көңілдері толды. Бұған әрқайсысы өздерінше себеп тапты.
№3-әкімшілік ауыл — Терісбұтақ өзенін жағалай қоныстанған көпүйлі қыстау. Бұл — Аққияқ, Итмұрынды, Қарашығырлы, Сарқамыс, Ашақон, Тобылғылысай, Бестамақ, Болат, Сарбет, Қызылжар қоныстарының ұзын-шұбақ қатары еді. Кейбір ауылдар: Тұяқбай, Көкпектісай, Бесқұдық — құдықтарға жақын орналасқан. Терісбұтақ өзенінің бойында көпшілігінің жайылымдары болды.
Болыста 957 адам тұрды, олардың 34-і жалдамалы жұмыскерлер, 31 адам кәсіппен шұғылданды. 1806 жылқы, 120 сиыр, 1120 түйе, 4229 қой болды. Шаруашылық ауылдың ауыл ағалары — Қатымбек Балықов, Шүлен Сандыбаев, Жұмабек Құндызбаев, Былбыл Қожабаев, Нұрман Өзенов, Баймағамбет Қабылов, Өмірзақ Темірбеков болды.
Бірінші ауылда шашыраңқы орналасқан 19 ауыл — Жоса, Жылыкөл, Қарақыр, Кішкенеқопа, Бұланты, Ащылы, Ақсай, Ұзынбидайық, Сүре, Торыкөлқопа, Қосбидайық және басқа қыстаулар болды. Олар су көздерінің — дала өзендері Жоса, Бұланты, Қурайлының маңайында орналасты.
Екінші ауыл Шығырлы және Жыланшық өзендерінің ту сыртында орналасқан Қараадыр, Серік, Қара-Тунесук, Ақтөбе, Аққияқ, Қарашын, Жаманкөл, Зарадыр, Сарылық, Қызылжар, Жарсуат, Түйемойнақ, Сартүбек, Бала Құсмұрын, Жүндібай, Қаратас, Әулиетас, Құйған, Сарсап, Тентексай, Ақтам, Бестөбе, Желбидайық қоныстарынан құралды.
Төртінші ауыл — бұл Дулығалы, Қойлыбай-Кеңқияқ, Қызылжар, Атакөл, Жиделі қыстаулары болды, мұның үстіне кейбір қыстаулар бірнеше киіз үй-қыстаулардан тұрды. Бұл қыстаулар Дулығалы, Қойлыбай, Жиделісай өзендерінің жағасында орналасты. Ауыл ақсақалдары Есмасын Кендебаев, Байтемір Сармурзин, Әбурайым Бейсембаев, Құлан Оңғаров, Ташмағамбет Сүгірбаевтар болды. Оларда Қойлыбайда, Ащылыда, Дулығалы мен Қойлыбайдың ортасында қолдан суарылмайтын ескі аңыздар болды. Тұрғындары — 116 адам; 2895 жылқысы болды. Жұмысқа басқа жерлерден 59 адам батырақ жалдады, 130 шаруашылық шөп дайындады, өздері 11 803 шөмеле үйіп, 888 шөмелені сатып алды.
Бесінші ауылда Жоса, Шолақ, Сүре, Қайдауыл, Қарғалы өзендері Сарыайғыр көлінің жағалауларына орналасқан Төбеқон, Бостан-Қарасу, Сарыайғыр-Қопа, Жоса, Қари-қон, Мұртты Шалақ, Тұмсық шың, Төс күйген, Көкпек-қон, Сүре, Қарғалы, Тоқболат қыстаулары болды. Тұрғындары — 861 адам, жалданғандар — 93 адам, жылқылары — 833, сиырлары — 391, түйелері — 890, қой — 6147. 10800 шөмеле шөп шабылып, 2625 шөмеле сатып алынған. Мұнда өңделген суармалы аңыздар болды. Ауыл ақсақалдары: Исмайыл Қожыров, Ақжігіт Бұхарбаев, Жамбылшы Миенбаев, Исхат Шакиров, Жанжігіт Байбеков, Амангелді Төлебаев, Байжан Жанқұлов.
Алтыншы әкімшілік ауыл Қарғалы, Қайдауыл өзендері мен Қопа, Алакөл көлдерінің маңында орналасқан Қасқақопа, Белдеу, Шұңқырма, Телет, Қоға, Алакөл, Ақмамық, Кеңсуал, Кішкенеқопа, Сәтбек, Сарлық, Қайдауыл, Қарашағырлы, Алагер, Дән-сары, Жарыс, Қамқасты, Терекеңсай, Қарсаққырған, Сарғорақ, Қосқопа, Екі-ата қыстауларының аумағын алып жатыр. Тұрғындары — 883 адам; жылқысы — 739. Ақсақалдары: Қуан Секебаев, Исмаил Байжанов, Мәмбет Байбатширов, Исабек Сәрсенбаев, Сарқыт Бөгенбаев, Қашақ Садықбаев, Әлижаппар Еслеухамедов, Ахмет Батырбеков.
Жетінші әкімшілік ауыл Шұқыркөл көлі мен Бұланты, Ащысу, Талдысай өзендері жағасында орналасқан: Үлкенкиік, Бұланты, Әлібай, Өтебай-Тотай, Құлтасжар, Сұртас, Қоянқарт, Көктал қыстауларының аумағын қамтыды.
Сегізінші әкімшілік ауыл — Дөңқұз, Текебай, Кежембай, Итақ-Жарық, Қоға, Сартөбе, Сарыбидайық, Бозшагүл, Дән сары, Кемпірбидайық, Аманкөл, Қамысақ, Буылдықты қыстаулары. Тұрғын саны — 1034 адам, жылқысы — 15999, сиыры — 1223, түйесі — 420, қойлары — 5595. Шабылған шөп — 55 285 кішкене шөмеле. Ауыл ақсақалдары: Нұрпейіс Өмірбеков, Сүлеймен Үкібаев, Башығұл Елтоқов, Жұғыныс Бөрібаев, Нұрғожа Қойшыбаев, Бірімжан Бектұров.
Тоғызыншы ауыл Жоса, Сүре, Қияқты өзендерінің жағасына орналасты. Бұл — Асамбай-қон, Жералы-қон, Борлы-қон, Қараторғай, Көкүлен, Ырғамқопа қоныстары. Ақсақалдары: Мақаш Ерманбетов, Досан Шамбаев, Қазбек Бабасов, Жаппасбай Тынымбаев.
Оныншы әкімшілік ауыл ақсақалдары: Жорға Бүргенов, Жанғабыл Жақсыбаев, Бисен Қанашев, Дабыл Құлыбеков, Құламбай Адыров. Бұл ауыл Жұмеке өзені бойында орналасты. Барлық ауылдар 15—50 шақырымдық жазғы қоныстарына көшіп барды. Тұрғындары —543 адам, жылқысы — 1880, сиыры — 930, түйесі — 339, қойы — 6583 бас.
Он бірінші әкімшілік ауыл. Шаруашылық ауылдардың ақсақалдары: Құрымбет Ерубаев, Бозыбай Қоранбаев, Әбен Кешебаев, Ахмет Игісінов, Бекжан Жантасов, Көшек Тишимов, Исабай Өтесов. Қыстаулары Терісбұтақ, Ортажайлау өзендері мен Майдантал көлінің жағасында орналасты. Тұрғындары — 1066 адам, жылқысы — 577, сиыры — 1539, түйесі — 1407, қойы — 13 835 бас.
Бүкіл Қайдауыл болысы бойынша жалпы статистикалық мәліметтер сақталған: тұрғын саны — 10606 адам, 5 қанаттан кемі — 1000 киіз үй, 5-6 қанатты — 803, 6 қанаттан жоғары — 12 киіз үй; жұмысшы жалдайтындар саны — 408 отбасы, жыл бойы жұмыскер жалдайтындар — 169 отбасы, кәсіппен шұғылданатындар — 410 отбасы, 544 адам. Барлық мал саны — 6498 бас, 181-182 десятина жерге егін егеді; жай темір соқа саны — 191; астық өсіретіндер — 202 адам. Шөп шабумен шұғылданатындар — 220 шаруашылық, шабылған шалғын шөп — 221 шөмеле, қыр шөбі — 223 шөмеле, 224 шаруашылық 225 шөмеле шөп сатып алған.
Бұл цифрлар қазақ даласының түкпірінде жатқан, Торғай мен Атбасардан оңтүстікке қарай 350—550 шақырым қашықтықтағы қазақ қоғамының экономикалық жағдайын көз алдыға елестетеді. 2000 киіз үйлік тұрғындардың 224 шаруашылығы, тары егетін жерді өңдеуге жарамды 190 ағаш соқасы және 191 темір соқасы болды. Осындай жағдайда қазақ қауымы табиғи жағдайларға тиімді түрде бейімделе білді. Кеңейтілген үдемелі өндіріс туралы айтудың өзi орынсыз.
Қазақтар шаруашылығының мейлінше тиімді жолға қойылғандығы, жұттар мен басқа да табиғи апаттардан кейін шаруашылықты қалпына келтіру қабілетінің зорлығы туралы өз кезінде халықшыл-зерттеуші К.А.Вернер айтқан болатын. Алайда бұл қазақ шаруашылығының да, қазақ қоғамының да тоқырау шеңберінде қалып қоюына алып келді. Қоғам дамуы экономикамен тығыз байланысты.
Ресей империясының құрамында бола отырып, Қазақстан Оралмен, Өзбекстанмен, Поволжьемен, Сібірмен аймақаралық тартысқа түсті. Бірақ қазақ шаруашылықтары бәсекеге қабілетсіз болып шықты. Сапаға емес, сан жағынан көбеюге негізделген қазақтың экстенсивті мал шаруашылығы таңғаларлық жағдайда өмір сүруге бейімделді. Тарихи дәстүр мен табиғигеографиялық жағдайдың күшімен осылай қалыптасты. Алайда қазақ халқының негізгі көршілері ХХ ғасырдың басында көшпелі емес халықтар болды. Және мұның өзіне ең болмағанда сол Қостанай уезімен бәсекеге қабілетті болуды талап етті. Міржақып мұны терең сезінді және ішінара талдау жасап та көрді.
Осыған орай, Міржақып Дулатұлы былай деп жазды: “Біздің қазақтардың барлығы да, аздаған сауаттылары мен саналы тобынан басқалары халыққа пайдалы іспен шұғылдануды білмейді. Мұның себебі — біздің сауаттыларымыздың саны теңіздің бетіне тамған жаңбыр тамшыларындай ғана екендігінде. Біздің халқымыз отырықшы емес көшпенді, сондықтан да шашыраңқы өмір сүреді, дүниеде не болып жатқанын білерліктей біздің өз тілімізде газетіміз жоқ, ал біздің татар туысқандарымыз шығаратын газеттерді оқи алмаймыз, өйткені сауатсыздығымыздан олардың тілін нашар түсінеміз, міне, сондықтан да Жаратқанның жарық дүниесінде не болып жатқанынан бейхабар біздің қазақтар дүние сарайының қараңғы бір бұрышына лақтырылып тасталынған және барлық уақытын ұйқы құшағында өткізіп жатқан тірі жанның күйін кешуде” (“Оян, қазақ!” Алғы сөз)3.
Осы жерде және бұдан былай да М.Дулатұлының сөздерінен келтірілген үзінділер оның “Оян, қазақ!” кітабының цензор тарапынан жасалған орысша тәржімесінен алынды. Қазіргі оқырманды бұл сөздер өзінің стилімен, ой өрнегімен таңғалдыруы мүмкін. Бірақ бұл жерде бірден айту керек, автор орысқа да, қазаққа да қолпаш сөздер айтуды ойлап отырған жоқ. Оның берген бағасы қатаң, кейбір ретте қарама-қайшы да. Алайда бұл өз халқының тағдыры үшін алаңдаушылықтан, жанашырлықтан туған сөздер еді.
Мәселе мынада, Қайдауыл мектебінің ашылған күнінен бастап 1902 жылға дейін онда Николай Подолинский мұғалім болып істеді. Болыстықтың үлкен аумағында орналасқан көптеген қыстаулардың ортасында мұғалім және болыстықтың хат жүргізушісі жалғыз орыс тұрғын еді. Мектептің өзі және мұғалім көп әурешілік тудырды. Мектепті кеңейту, тазалықты қадағалау, оқулықтармен қамтамасыз ету қажет болды. Николай Подолинскийдің өзінің жұмысында да көп нәрсе ойдағыдай болмады — қазақ тілін нашар білуі оқушыларға оқу материалын түсіндіруге мүмкіндік бермеді. Оқушылардың бір бөлігі мектепке дейін мектебеде оқыды. Өз кезегінде шеттегі мектебелердің молдалары ауыл мектептеріне сенбестікпен қарады. Болыстағы кейбір ауыл билері мұсылмандық білім беруді жақтады. Олардың қайсыбірі болыс басқарушысының орнын алуға ұмтылды. Осыған бола әрбір үш жыл сайын тартысталас жүріп жатты.
Ауыл мектебінің беделін көтеру үшін терезесі мен пеші бар арнаулы үй салынды. Қыста онда от жағылды. Оқушылар ауыл старшындары мен билерінің балалары еді. Оқушылар саны жөнінен бұл шағын мектеп болды.
Айталық, 1898 жылы Қайдауыл мектебінде он екі оқушы оқығаны белгілі. Бұл жерде оқушылар саны белгілі бір дәрежеде мұғалімнің беделіне байланысты екені де есте болуы керек. Би, старшина, молдалармен қатар Міржақып Дулатұлы болыстықтың беделді адамдарының санатына кірді. Ол тек мұғалім ғана емес, ауыл өмірін, қазақ халқының дәстүрін, әдетғұрып нормаларын білетін адам болды. Одан белгілі адамдардың да, кедейлердің де балалары оқыды. Осы тұрғыдан ол молдамен бірдей жеңілдікті пайдаланды — балаларды оқытқаны үшін заттай, көбінше қоймен төлейді, ал бұл мұғалімнің еңбекақысына айтарлықтай демеу еді. Әрине, мектептегі оқушылар саны да Николай Подолинскийдің кезіндегіге қарағанда көбірек болды. Бұл туралы кейінірек айтамыз.
Жергілікті тұрғындар мектепте ана тілі, Құран, тарих негіздері, ислам тарихы, география, математика, медицина негіздерінің оқытылуына қол жеткізді.
Міржақып мектептен онша алыс емес үйде, мектепте күзетші мен от жағушының міндетін атқаратын қарттың отбасында тұрды. Бұлар ақкөңіл де қамқор адамдар еді. Олардың жиырма шақты қой, жылқысы болды. Мұғалім жатын бөлме және ішкен тамағы үшін төлеп тұрды.
Сарықопадағы Асқарға бару үшін болыс басқарушы Досмұхамед Дәненов ат беретін. Күзде Міржақып үйіне екі рет барып қайтты, қыстыгүні жол жүру қауіпті еді. Жол бойы қасқырлар толып жүрді. Ауыл маңайын қар басып жатты.
1901 жылы Торғай облысында жиырма үш мың бас мал — жылқы, қой, түйе, сиыр қасқырға жем болған. Әрине, қасқырларды да қолдан келгенінше атып, қырды. Сол жылы облыста 841 жыртқыш жойылды. Тек Қайдауыл болысында ғана 133 қасқыр өлтірілді.
Болыс басқарушы Досмұхамед Дәненов алғашында мұғаліммен сақтық тұрғыдан қарым-қатынас жасасты. Әйтсе де бірнеше ай бірге жұмыс істегеннен кейін, ол жаңа мұғалімнің келгеніне ризашылықпен қарай бастады.
Қыркүйектің соңында Міржақып Сарықопадағы ағасының үйінен келіп, бірінші қазаннан оқу жылын бастап кетті. Бұл кезде барлық ауылдар қыстауларына оралған болатын. Оқушылар отбасы бойынша орналасып, сабақ басталды.
Оқушыларға мұғалім барлық жағынан: қатаң талапшылдығы да, тарих, жануарлар, қасқырлар туралы айтқан әңгімелері де ұнады, Ұлытау жөнінде, қазақ ақыны Абай Құнанбаев туралы айтқандары өте қызықты болды. Әсіресе Қара теңіз, Арабия, Мекке мен Медине туралы әңгімелеріне балалар аузын ашып қалды. Көпшілігі осы жерлердің бәрінде Міржақып ағайдың өзі болды деп ойлағаны сөзсіз.
Қара теңіз, Арабия туралы Міржақып Меккеге қажылыққа барып келген адамдардан талай рет естіген. Мұндай адамдарды кездестіру қиын емес еді, тек 1902 жылы ғана Торғай облысынан 185 адам қажылыққа барып келді.
Мектеп ісі бойынша Міржақып Дулатұлының Торғайдағы Төлеген Медетовте болуына тура келді, өйткені ол тек Торғайда ғана емес, бүкіл уездегі мұғалім-инспектор болатын. Міржақып басқа да мұғалімдермен, болыс басқарушылармен, билермен кездесіп тұрды, олар туралы төмендегідей деректер сақталған:
• Болыс басқарушылары мен халық судьялары, Тосын болысы: басқарушы Дәуренбек Бірімжанов (1910 ж. қайтыс болған), кандидат Назарбек Бектемісов; халық судьялары: №1-ауыл — Қали Қайпенов; №2-ауыл — Сатай Тулақов, №3-ауыл— Ержан Қазыбеков, №4-ауыл — Жиембай Жанбатыров, №5-ауыл — Ташмұхамед Көбеков, №6-ауыл — Талқамбай Бекжанов, №7-ауыл — Нұрмағамбет Досанов, №8-ауыл — Асан Әжібаев, №9-ауыл — Ыдырыс Бейсенов, №10-ауыл — Ерден Төлегенов, №11-ауыл — Шалабай Тілегенов.
• Қараторғай болысы — басқарушы Жұмабай Баймұратов, кандидат Смайыл Жамансарин; Қарақоға болысы — басқарушы Бекмұхамед Көтібаров, кандидат Мирғали Қазанов; Шұбалаң болысы — басқарушы Смағұл Төкин, кандидат Ишан Жанатаев; Сарыторғай болысы — басқарушы Юсуп Шоңов, кандидат Тамиғұл Байгелев.
• Сарықопа болысы — басқарушылыққа кандидат Накин Тілеулин; халық судьялары: №1-ауыл — Аққошқар Бисеев, №2ауыл — Батырболат Илегенев, №3-ауыл — Нарбай Қыдырәлин, №4-ауыл — Сарбек Туртулов, №5-ауыл — Ыбырай Төребаев, №6-ауыл — Бижан Муйкин, №7-ауыл — Түркебай Қырджин.
• Майқара болысы — басқарушы Әбдірахим Иманқұлов, кандидат Бермұхамед Қарымбаев; Бірінші Наурызым болысы — басқарушы Шәке Қазыбаев, кандидат Айружа Сандыбаев; Екінші Наурызым болысы — басқарушылыққа кандидат Баймұрат Ағанасов; халық судьялары: №1-ауыл — Ысқақ Боқаев, №92-ауыл — Жабағы Аманжолов, №3-ауыл — Құлмұхамед Тілеубаев, №4-ауыл — Ескелді Сығыров, №5-ауыл — Баймұхаммед Қонақов, №6-ауыл — Байтұрсын Шүрегеев, №7-ауыл — Асан Айқадамов, №8-ауыл — Қалқай Жаманқұлов, №9-ауыл — Жаңбыршы Қосанов.
Қайдауыл болысы Түркістаннан Троицкіге апаратын көне керуен жолында орналасқан. Оның үстіне, керуен жолы Қаратау жоталары арқылы екі асудан өтіп, содан кейін Сарысу өзенін бойлап, Жетісуға, Ертіске, одан Нұра өзенінің жоғарғы сағасына жетеді. Жол Сарысу арқылы Петропавлдан Ақмола, Қорғалжын арқылы Түркістанға апарады. Бұл арадан қыр өзендері — Қалмаққырған, Бұланты, Миюр өтеді. Міржақып қайдауылдық ақсақалдардан Бұланты өзенінде қазақтардың жоңғарлармен шайқасы болғанын естіген. Мұндай әңгімелер оның көне тарихқа, қазақтардың өткен өміріне деген қызығушылығын оятты. Көргендері мен естігендерінен түйген ойлары өлең жолдары болып, қағаз бетіне көшті.
М. Дулатұлы 1913 жылы белгілі қазақ журналисі болған кезінде, өзінің әдеби қызметінің бастапқы кезеңі туралы: “1902 жылдан қазақ ауылында мұғалімдік қызмет атқара жүріп, мен бос уақыттарымды білімімді көтеруге арнадым. Кейде өлең жазатынмын, бірақ бұған ешқандай мән берген жоқпын”, — деп жазды.
Мектептегі жұмыс та Міржақыпты баурап алды. Негізінен, 15—18 жастардағы жасөспірімдер оқыды. Сабақты тез меңгеріп кетті. Олар үшін мұғалім ересек жолдас секілді болды. Қыста мектеп қысқы қоныста, жазда жайлауда жұмыс істеді. Каникулдар сәуір мен қыркүйекте болды. Бұл уақытта Міржақып Қызбелге, Торғайға, Қостанайға баратын. Қайтарында кітаптар, журналдар мен газеттер сатып алатын. Өзінің оқушыларына Міржақып: “Қозғалыссыз жатқаннан қандай пайда бар, ақпай жатқан сарқынды су да суалып кетпей ме. Ақыл жимай, құр жүргеннен де пайда жоқ”, — дейтін.
Міржақып Дулатұлы оқушыларының білімін оқу бағдарламасы бойынша ғана көтеріп қоймай, олардың жалпы дүниетанымын кеңейтуге де үлкен мән берді. Бұл тек оқу құралдарын күтіп ұстауға тәрбиелеу ғана емес, сонымен бірге жалпы кітапқа, журналдар мен газеттерге деген қызығушылығын ояту еді. Біртіндеп сыныпқа өзінің оқыған кiтаптарын, журналдарын әкеліп, үзінділерді дауыстап оқыды немесе әр алуан ақындардың өлеңдері мен жазушылардың әңгімелерін тақпақтап, мәнерлеп жатқа айтты.
Әсіресе Абайдың өлеңдерін есте қаларлықтай ерекше ырғақпен оқитын.
1903 жылы Міржақып Қостанайда, екі рет Торғайда, бірнеше мәрте Сарықопа ауылында болды. Біртіндеп қарым-қатынас шеңбері кеңейіп, таныстары мен пікірлес адамдары көбейді. Торғайда оның таныстары кездесіп, пікір алысқан адамдары көп болды. Торғай қаласында тұрған адамдар: Ақтамановтар — Шаян, Шаңгерей, Сафар, Қалялетдин, Абдулғани Абдуллатыпов, Ғизатулла Ғизатуллин, Зиғанша Ғұбайдуллин, Ибатулла Ғизатуллин, Ғалиасқар Ғафаров, Альшаф Ғұмаров, А.И.Добросмыслов — ветеринар, А.Г.Дьяконов — қызметші, В.Д.Домачев — қызметші, Денисовтер — саудагерлер Е.Е.Егоров, И.З. Жуков, И.В.Иванов — қызметші, Мұхаметжан Искандеров, В.И.Искаков — саудагер, П.А.Кавка, Ф.С.Костылев — қызметші, С.А. Костылев, И.И.Костылев, М.П.Костылева, Г.Л. Латыфов, Сабыржан Мүліков, Қайдар Шағиахметович Мүліков, Н.Ф.Новокшанов — көпес, Ф.М. Никитин, А.Е. Обухов — қызметші, Ф.П.Опарин — қызметші, Н.В.Прозоров — қызметші, Г.М.Суворов — қызметші, Н.В.Синягин, И.Т.Сметанин, И.М.Сирошенков, Фатих Садықович Садықов, Е.М.Трубчикова — қызметші, И.С.Тихонов, Е.Н.Ткачев, Фазылжан Хайретдинов, Хакімжан Хабибуллин, Николай Никифорович Шишков, Екатерина Карловна Шишкова, Ақтамасовтар — Ахметкерей және Сұлтанкерей, Аухадит Вахитов, Вахит Ғалиакперов, Максуштан Есмурзин, Фаизрахман Мүліков, Хабибулла Насабуллин, Магсумжан Назамутдинов, Фаляхутдин Сатрединов, Газазулла Сафиуллин, Мұхаметша Ибраимов, Ахметулла Ахтямов, Ғұбайдулла Галиуллин, Мүбаракша Зайнутдинов, В.А.Костылев, М.П.Кузьмин, В.А.Токарев, А.Л.Токарев, И.П. Кузьмин — торғайлық II гильдиялық көпес, мал дәрігері Николай Штанге, әскери лазарет дәрігері А.И. Диунович, Торғай уезі бірінші телімінің дәрігері Анесветор Георгиевич Дьяконов, К. Иванов, көпес Мұхаммед Каримов, қызметші Гаврил Суворов, Торғай уезі екінші телімінің мал дәрігері А.И. Добровольский, қазандық мещан З.Ғ. Ғубайдуллин, М.Лисин, Н.Иванов, А.Чернышев, Г. Суворов, Е.Егоров, Н.Шишков, Мұхаметжан Мұхаметжанович Хабибуллин — жоғарғы-уралдық мещан және басқа да көптеген адамдар.
Торғай тұрғындарының негізгі бөлігін Орталық Ресейден келгендер құрады. Татарлар мен башқұрттар мұнда Қазан, Орынбор және Урал губернияларынан көшіп келді. Олардың ішінде Фатых Садықович Садықовты, Сабыржан және Қайдар Мүліковтерді, Мұхаммед Каримовті айрықша атауға болады. Орынборда, Петропавлда, Уфада олардың туысқандары болды. Олар Орынбор, Қазан, Уфадағы баспаханалардың қожайындарымен туысқандық байланыста болды. Марқұм Әлмұхамед Сейдалиннің інісі Тілеумұхамед Сейдалин уақыт тауып немесе қызмет бабымен Торғайда туыстарында болып тұрды.
Мемлекеттік Думаның депутатын сайлау науқанына қатысушылар арқылы жергілікті өкілдік пен болыстық өзін-өзі басқарудың, әкімшілік ауылдардың әртүрлі лауазымдарына сайланғандар Торғай уезіндегі белгілі адамдар болып саналды. Олар:
• Шұбалаң болысынан — Бекболат Күшінеев, 64 жаста, бұрынғы би, старшина, сауатты мұсылман; Сары Кешубаев — 60 жаста, малшы; Мағауия Мышкалов — 30 жаста, малшы.
• Қарақоға болысынан: № 1-ауыл — Оспан Табаев, 46 жаста;
Ж.Жағабайлин 38 жаста; №3-ауыл — Сырым Өтебаев, 67 жаста;
№6-ауыл — Ильган Жалтөбетов, 63 жаста; №2-ауыл — Смайыл Есембаев, 52 жаста.
• Қараторғай болысының басқарушысы — И.Жамансарин, сайлаушылар: Құлық Басырғарин — би; Көтенбай Сандыбаев — би; Доспан Байғабылов.
• Тосын болысы — басқарушы Ж. Дәуренбеков; сайлаушылар:
Ахмет Бірімжанов, 36 жаста, Қазан университетін бітірген, Ақтөбе уезі екінші телімінің бұрынғы бітістіруші соты; Ишан Шукаманов 60 жаста, құрметті ақсақал.
• Сарықопа болысы: болыс басқарушысы — Белгібаев, одан соң Алпысбай Жылқайдаров; сайланушылар: Смаил Ниязбеков қазақша сауатты, Баймырза Бекбаев, Асқар Дулатұлы қазақша сауатты.
• Сарықопа болысының болыстық сайлаушылары (1905— 1908 жж.): Бөжен Көбеталов, Алпысбай Жылқайдаров, Тоққожа Қошақов, Нұрмұхамед Сажынбаев, Блимұхаммед Качалинов, Өтен Бекбукин, Манкойке Ихласов, Оспан Тобылбаев, Аманқұл Қалдыбаев (сауатты), Бектен Бүркітов, Сүйінші Шанбаев, Ихубай Тайгин, Қайшыбай Түсіпшин, Райс Маматов, Есенғұл Барсанбаев, Доске Тобылдиев, Қадыр Ералиев, Құмалғы Сүйіндіков, Күшікбай Байрашев, Қуанышжан Шақшақбаев, Құлыбай Ақшақаров, Есенғазы Түсіпин, Есембек Кухранов, Досман Тоқтасов, Асан Дүйсенбаев, Бекжан Сабысбаев (сауатты); Райымбек Тоспаев (сауатты).
• Сарықопа болыстық құрамынан 1907 жылдың 17 қаңтарындағы облыстық съезге сайлаушылар:
№1-ауыл — Смайыл Ниязбеков қырғызша сауатты, 45 жас. 1-Наурызым болысы: Байтөре Кегин, Түпшин Булатов.
2- Наурызым болысы: Баймұрат Ағанасов (№1-ауыл), Жаманбай Бектұров (№8-ауыл).
• Аққұм болысы: Рахмет Шағамбаев — №1-ауыл, қырғызша сауатты, 55 жас; Байділда Достанов — №4-ауыл, қырғызша сауатты, 38 жас; Айтуар Бұзаубаев, 37 жас, сауатсыз; Б. Көтібаров.
• Қызылжыңғылды болысы — сайлаушылар: болыс К. Бекин, Бөлеген Айтбаев — №4-ауыл; Райымбек Жұбанышев, 39 жас — №2-ауыл.
• Сарыторғай болысы — болыс Ю.Шоңов, сайлаушылар: Бірәлі Бектасов, Юсуп (Жүсіп) Шоңов.
Сарықопа және Сарыторғай болысындағы бұл адамдардың көпшілігімен Міржақып Дулатұлы жақсы таныс болды, мұғалімдік жұмыстың екі жылында көп адаммен араласты, кейбіреулерімен туыстық қатынаста болды.
М.Дулатұлы кейінірек ол да “Алаш” партиясының құрамына енген Сағындық Досжановпен де жақсы таныс болды. С.Досжановтың Абдулла есімді інісі болды, сірә, Міржақып оны да осы кездері білді.
Әрине, Міржақып үшін ең жақын адамдар Асқар Дулатұлы қарым-қатынас жасасқан және өзінің әкесі Дулат Сансызбайды білген адамдар еді. Олардың ішінде Ишан Тілеуғабылов, Оразғали Асауов, Байқадам Қаралдин болды.
Осы уезде туып-өскен Ишан Тілеуғабылов 1878 жылы Орынбор бекінісінің (Торғай) жанындағы қазақ мектебін бітіріп, одан кейін Торғай уездік басқармасында еркін жалдану негізінде хат жүргізуші болды, 1879 жылы қызметі үшін мақтау қағаз алды, 1880 жылы күміс медальмен марапатталады. 1893 жылы Торғай уездік басқармасына ауызша тілмаш болып қызметке қабылданды, 1903 жылы сол басқарманың жазбаша аудармашысы болып тағайындалды.
Бірнеше жылдан кейін Ишан Тілеуғабылов Торғай уездік басқармасында жұмыс істеуін жалғастырды. Мұнда оның көркем қолтаңбасы жақсы танымал болды. Мұны растайтын мынадай құжат сақталған: “1908 жылы. Торғай облысы халық училищесінің директорына. Сіздің жоғары мәртебелі құзырыңызға хабарлаймын, мен олармен бірге №5613-құжат арқылы Торғай губернаторына Торғай екі сыныптық училищесін қалалық төрт сыныптыға өзгертіп, қайта құру жөнінде өтініш берілген №42-қалалық присутствия журналын ұсынамын. Қала бір реткі бір мың сом және қазірдің өзінде бөлінген 360 сомнан басқа, жылына 400 сомнан босатуға келісіп отыр. Хаттамалық жазбаға сәйкес Торғайда бірінші сыныптық мектептердің жоқ болуына байланысты, қайта құрылған қалалық училище ауылдық мектептерге қатысты аудандық училищенің қызметін атқаруы үшін оның 1-бөлімшесі болуын сұраймыз. Сонда қайта құрудан туындайтын қиыншылықтар болмайды.
Қалалықтар атынан Сіздің жоғары мәртебеңіздің алдында осы істі жүзеге асыруыңызды өтінемін. Хат жүргізушінің атынан Тілеуғабылов”.
Бұл кезде уездік басқармада істейтін Байқадам Қаралдин де Торғай уезінен еді. 1891 жылы 14 жасында ол Торғай училищесін бітірді. Училищеде ол білімді жоғары бағалауды, мәдениетті құрметтеуді үйренді, онда білімге құштарлық пайда болды. 1892 жылдың 5 қаңтарынан Б.Қаралдин Торғай уездік басқармасында писарь болып істей бастады, 1903 жылы мемлекеттік қызметке алынып, Торғай уездік басқармасында үшінші санатты кеңсе қызметшісі штатына қабылданды.
Байқадам Қаралдин әкімшілік қызметтің шеңберінде қалып қойған жоқ. Сонымен бір қатарда ол мерзімдік басылым органдарымен қызметтес болды. Мәселен, 1902 жылдың 6 қаңтарында “Торғай газетінде” оның “Торғай уезіндегі егін шаруашылығы” деген мақаласы жарық көрді.
Уездік басқармада М.Дулатұлы уезд бастығы Н.В.Одинцовпен және оның орынбасары М.Н.Аристовпен танысты. Ал Б.Қаралдинмен бірден тіл табысып кетті. 1905 жылдың мамырында Қаралдин 1901 жылы “Қыр-хан” мекенінде қар суын ұстауға арналған тоспа құрылысын ұйымдастырған еңбегі бағаланып, “Адалдығы үшін” (“За усердие”) медалімен марапатталды. Ол Торғай училищесін төрт сыныпты етіп құруға байланысты әурешіліктермен табанды түрде айналысқан адамдардың бірі болды. Торғай облысы, халық училищелері директорына 1907 жылы жазылған хат осыған дәлел болады. Онда былай делінген: “Осы жылдың 16 маусымындағы №1008-қатынасқа орай Сіздің Жоғары мәртебеңізге хабарлаймын, жергілікті қауым Торғай қаласында төрт сыныпты қалалық училище ашу мәселесіне үлкен ықылас білдіруде, сондықтан мен сізге пәтерге байланысты қиындық болмайды деп кепілдік ете аламын.
Училище үшін оған ғимарат салынғанға дейін бір не екі жыл бойы жұртшылық Сізге барынша қолайлы тұрғынжайды тегін беруге дайын отыр. Бұл туралы қалалық депутаттардың қаулысы олардың Нижегород жәрмеңкесінен Торғайға қайтарылған сәтінде-ақ болады және көшірмесі дереу Сізге жіберіледі. Бастық Аржилов. Хат жүргізуші үшін Қаралдин”.
1913 жылдың 25 желтоқсанында Б.Қаралдин Торғай уездік басқармасының хат жүргізушісі болып тағайындалды. Қызметтік жұмыстар оны дәлдік пен тиянақтылыққа міндеттеді. Төңкеріске дейін Байқадам Қаралдин Торғай уездік басқармасында хат жүргізуші болып істеді.
Асауов Оразғали Мәмбетұлы 1871 жылы туды. Ол Ор қазақ мұғалімдер мектебін бітірді. 1887 жылдан — Бөрте болыстық мектебінің меңгерушісі, 1890 жылдан — сонда мұғалімнің көмекшісі, 1891 жылдан — Ақтөбе екі сыныпты училищесінің 1-сыныбының мұғалімі, 1892 жылдың мамырынан Торғай облыстық басқармасының штатында, 1893 жылдың қыркүйегінен Ырғыз уездік басқармасының ауызекі тілмашы, 1896 жылдан Ырғыз уездік бастығының жазбаша аудармашысы, 2-санақ телімінің меңгерушісі. 1987 жылы тұрғындар санағына қатысқаны үшін қола медальмен марапатталды, министрлік атынан алғыс алды. 1898 жылы Ырғыз уездік бастығы кеңсесінің хат жүргізушісі (меңгерушісі). Оның одан арғы қызметі Торғайда жалғасты: 2 наурыздан бастап Торғай уездік басқармасының жазбаша аудармашысы, 1902 жылдан — колледж тіркеу бөлімінің тіркеушісі, 1903 жылдан — шаруа бастықтары Торғай уездік съезінің хатшысы. Міржақып Дулатұлының оны білмеуі мүмкін емес-ті.
Осы Торғай уездік басқармасында Ізтілеу Жақсыбаев жұмыс істеді. Ол 1854 жылы туған. 1864 жылы шекара комиссиясының жанындағы Орынбор Қазақ мектебін бітірді, 1869 жылдан — Орынбор бекінісі жанындағы қазақ мектебінің (Торғай қаласы) мұғалімі, 1874 жылы барқыт төбетеймен, 1875 жылы алтын жүзік, 1880 жылы алтын жалатылған сағатпен, 1882 жылы күміс кесемен, 1883 жылы күміс медальмен марапатталды. 1893 жылы Торғай уездік басқармасының жазбаша аудармашысы болып тағайындалды. Бұдан кейін тағы да ІІІ Александрдың құрметіне шығарылған Александр лентасындағы күміс медалін, 1897 жылғы санақ үшін қола медаль алды. Бір жыл Ізтілеу Ырғыз уездік басқармасының жазбаша аудармашысы болып істеді, 1900 жылдың тамызынан Торғай уездік басқармасының жазбаша аудармашысы болып істеді. 1900 жылы денсаулық жағдайына байланысты жұмыстан босады, бірақ 1909 жылдың желтоқсанынан қайтадан Торғай уездік басқармасының ауызша тілмашы болып істеді.
Міржақып Торғай училищесін, Қостанай Педагогикалық сыныбын бітіргенге дейін және Қайдауыл мектебінде жұмыс істеген мерзімде өткен үш-төрт жылдың ішінде Сарықопада, Асқар Дулатұлының шаруашылығында аздаған өзгерістер болды. Оның шаруашылық ауылы Аралтөбе, Тікқамыс, Күздік қыстауларын қоныстанды — онда қар суы, жайылым болмады. Шабындық пен қыстаулары — Сарықопа-Қарасу және Көбей; жазғы қонысы — Көкпек жота, Ипр-бүйір, Қазбек-Қарасу, Қазбек (қыстаудан 15—20 шақырым). Жыл сайын шабындық шөпті бөлісіп алды. Әулетте 15 еркек, жалданған2адам, 141 жылқы, 70 сиыр, 8 түйе, 629 қой, маусымдық жалдамалы жұмыскерлер — 5 адам болды. Шабылған шөп — 4500 шөмеле. Шабындық жерлер: Сарықопа-Қарасу, Көбей. Асқар бірінші ауылдың ақсақалы болды. Көрші ауылдарда Боғыт Айтбаев, Байтоқ Шименов, Аққошқар Елеусізов, Нұрғазы Құдабаев тұрды (Қоңыраулы өзені).
Екінші ауыл Қисық Белгібаевтың, Досмырза Нүкербаевтың, Бердіқұл Дүйсеневтің, Қожахмет Қарашиннің, Қоғабай Тілеубердиннің шаруашылықтарынан құралды. Олар өз шаруашылықтарымен Өтеміс, Мұқыр, Сары, Жалдан өзендерін иеленді. Бәрінде жайылымдық аңыз жерлері болды (барлығы 15 аула).
• Үшiншi ауыл — ақсақалы Қауей Боқанов (бәрiнде жайылым бар). Шаруашылық Жалдама, Қарынсалды, Ашудасты өзендерiн иелендi.
• Төртінші ауыл — ақсақалы Жаңаберген Кәрменов. Шаруашылық Жалдама, Ашудасты, Өтеміс өзендеріне иелік етті.
• Бесінші ауыл — ақсақалдары: Дайыр Құдабаев, Қожахмет Дербісалиев, Әлжан Итаяқов, Бекжан Сабденов, Сүлеймен Сарты, Жұмабай Жақсылықовтардың шаруашылықтары. Көпшілігінің Жалдама және Қарасу өзендерінің бойында жайылым жері болды.
• Алтыншы ауыл — ақсақалдары: Құлыкен Жиенесов, Смайыл Бейсенов, Райымбек Тасбаев, Мұхаметжан Жамағов. Шаруашылық Қарынсалды, Жалдама өзендерінен қашық емес жердегі Дандыбай мешітінде орналасты, бірнешеуінде жайылым болды.
• Жетінші ауыл — ақсақалдар Сейіл Қабақов, Нақып Тілеулин, Сағыр Сасынбаев, Біржан Салқынбаев. Су көзі ретінде көлді пайдаланды.
Торғайда 1902 жылы медресе өз жұмысын бастады, алайда бұл сот ісіне килікті. Торғай облысының мектеп инспекторы Алекторов медресенің өкіметтің рұқсатынсыз ашылуына байланысты Байту Асанов пен Бейіс молданы сотқа берді. Бұл қоғамдық пікір туғызды.
1904 жылдың 18 маусымында Шұбалаң болысының Жалғызқұдық мекенінде болыс өкілдерінің съезі болды. Медресе мен оның жайылымдағы орыс сыныбы үшін жұмсалатын қаржы шығынының сметасын арттыруды қаулы етті.
Кейінірек Торғайдың, Қайдауыл, Тосын, Сарықопа болыстарының осы адамдарының көбімен Міржақып Дулатұлының жолын 1916 жылғы көтеріліс, Азамат соғысы, Торғай даласындағы әскери қимылдар қайтадан түйістірді.
1904 жылдың ерте көктемінде Міржақып Қостанайда болды. Көшелерде құстар ән салып, ағаштар бүршік жара бастаған кез еді. Жұмыста Ахмет Байтұрсыновты жолықтырды. Бірденақ өткен үш-төрт жыл туралы әңгіме басталып кетті. Ахмет Міржақыптан Ишан Тілеуғабылов, Байқадам Қаралдин, Тілеу (Төлеген) Медетов, Ізтілеу Жақсыбаев туралы сұрады. Міржақып Ахмет Байтұрсыновтың Торғайға осындай қызығушылық танытқанына таңғалды. Міржақып Тілеу Медетов, Байқадам Қаралдин туралы тәптіштеп айтып берді, ал басқалар туралы көп білмейтін еді.
Әңгіме үстінде Ахмет Байтұрсынов:
— Троицкіден Ахмет Бірімжанов келді, ертең ол менің үйімде болады. Кешке қарай сен де кел, — деді.
Сөйтіп, мүлде күтпеген жерден Міржақып тек Қорғанбек Бірімжановпен ғана емес, оның ағасы заңгер, Қазан университетінің түлегі Ахмет Бірімжановпен де танысуға мүмкіндік алды. Көп кейінірек Міржақып Дулатұлы бұл туралы жазды. Қостанайдың өзінде де әртүрлі жаңалықтар болды. Мәселен, жер аударылған бір ғана П.В.Добровольскийдің орнына енді қалада, сондай-ақ он бесі пайда болды. Тіпті Ырғызда сол жылы әкімшілік тұрғыдан жер аударылған он сегіз адам болды.
Байтұрсынов Міржақыпқа Қазан университетіндегі қазақ студенттері туралы, “Ғалия” медресесінің студенттері жайында айтты. Қазан университетіне Міржақып түсе алмады.
Бұл үшін гимназияны бітіру керек еді, ал “Ғалия” медресесіне оқуға барып, өмір бойы діни қызметте болу оны онша қызықтырмады. Әрине, бұл мәселе бойынша басқа да пікірлер бар. Стерлитамак қаласындағы зерттеуші Л.С.Тұзбеков “Ғалия” медресесінің тарихын тыңғылықты зерттеді. Ол мұнда Міржақып Дулатұлы да оқыды дейді. Алайда бұл пікір нақты деректер арқылы дәлелденген жоқ. М.Дулатұлының өмірі мен қызметінің 1910 жылға дейінгі кезеңіне қатысты жарияланған материалдарда үстірт айтылған топшылаулар өте көп кездесті. Әйтсе де М.Дулатұлы Қайдауыл болысынан Қостанайға келгеннен кейін тағы бір таныстықтың орайы келді. Қазан университетінің медицина факультетін бітірісімен Қостанайға жұмысқа дәрігер қазақ А.Алдияров келді. Кейіннен өмір М. Дулатұлы мен А.Алдияровты бір жолға түсірді, екеуі де “Алаш” партиясының белсенді қайраткерлері болды.
Ал ең бір күтпеген оқиға: 1903 жылдың наурызында А.Е.Алекторов қызмет бабында жаңа орынға көтерілді — Омбыдағы Ақмола және Семей облыстарының мектептер инспекторының лауазымын алды. Оқу жылы аяқталысымен, А.Е.Алекторовтың шақыруымен ол жерге А.Байтұрсынов отбасымен көшіп барды. Ол А.Е. Алекторов кеңсесінің іс жүргізушісі болып тағайындалды. Бірақ бұл жұмыста ұзақ болмады. Қалада пәтерақы өте қымбат еді. Оны Ахметтің қалтасы көтермеді. Қыркүйектің басында ол жаңа қызметке ауысты. Оқу округі қамқоршысының 1904 жылдың 9 қыркүйегіндегі №124-бұйрығында былай делінді: “Ақмола және Семей облыстарының халық училищелері директорының жанындағы іс жүргізуші, шені жоқ Ахмет Байтұрсынов қызметінен босатылып, осы жылдың қыркүйегінен бастап Қарқаралы екі сыныпты орыс-қырғыз училищесінің меңгерушісі болып тағайындалсын”.
Дегенмен Қарқаралыға ауысқанға дейін Ахмет Байтұрсынов Міржақып Дулатұлы мен М.Н. Греховодовтың Семей облысына жұмысқа орналасуына жәрдем етті. Сол көктемде оқиғаның беталысы осылай күтпеген жерден өзгерді.
Міржақып Дулатұлы өмірінің зайсандық кезеңі басталды. Қазақстанның шығысына баруға Максим Николаевич Греховодов та мүдделі болды — оның өз себептері бар еді. Олар Семейге екеуі бірге бармақшы болып шешті.