Жас ұстаздың ұлағатты ісі

Күнде әлеуметтік желіден түрлі пост оқимыз. Дегенмен көбісі жеке бастың шаруасы, күнделікті тірлікті жазғаннан аспайды. Соңғы уақытта өзінің ойлы жазбаларымен біраз адамды баурап алған жас ұстаз Анар Серікқызының ит туралы жазбасын көз шалып қалды. Итке жаны ашығанын, көшеде қалып кеткен бұралқы итті уайымдағанын жазған екен. Иә, желіге жазылады да қалады деген самарқау оймен лентаны әрі жылжыттық. Келесі күні жас ұстаз иттің қайда екенін тапқанын жазыпты. Тағы да аса мән бермедік. Ал кеше сол итті тауып, бағатын адамдардың қолына тапсырғанын жазғанда таң қалғаным жасырын емес. Неге? Себебі, Алматыдай мегаполисте бұралқы итке көбісі бас қатырмайды. Сосын біздің қазақ итті жеті қазынаның бірі деп санағанымен ит жайлы қитұрқы сөзі де көп. Анардың бұл ісі Тәуелсіздікте дүниеге келген буынның қолынан келетін дүние деп те мақтанып алдық. Уақыт адамдардың өзгергенін талап етуде! Қоршаған орта, жан-жануар, өзің тұратын жеріңе, жұмысыңа бей-жай қарамау қазіргі заман адамының басты кредосы болуы тиіс. Әлбетте сондай жандарды насихаттауымыз керек. Сондай адамдарды насихаттасақ жақсылықтың жаршысы болғанымыз. Кеше ғана университет қабырғасынан шыққан, ал бүгінде жас маман, ұстаз атанып үлгерген Анар Серікқызының үлгілі ісі, табандылығы, ешнәрсеге бей-жай қарамайтындығы жаңашыл ұстаздардың заманының туа бастағанының айғағы деп ой түйдік.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *