Дамуды қозғаушы күш

Дамуды қозғаушы күш – қарама-қарсылықтар тайталасы. Қарама-қарсылықтардың арқасында үздіксіз қайта жасалулар мен жаңғыртулар дүниеге келеді. Қарама-қарсылықтар – бұл өзара екі полярлы күштердің бір-біріне сиымсыздығынан туындайтын диалектикалық процесс. Адам қайшылықтарды іздеп немесе ойдан шығарып, əлектенуінің қажеті жоқ, олар қадам сайын өмірлік қажеттіктердің өзгеру салдарынан пайда болып отырады. Табиғатынан адамның өзі де қарама-қайшылықты дүние болмысы.

Қарама-қайшылықтар барша адамдардың дамуына ықпал жасаушы ішкі жəне сыртқы, жалпы (əмбебап), сонымен бірге қарапайым материалдық жəне ең жоғары рухани қажеттерінің жəне оларды қанағаттандыру мүмкіндіктері арасындағы қарама-қайшылықтар əмбебап сипатқа ие. Ішкі қарама-қайшылықтар əр адамның өз болмысына қанағаттанбауынан туындайды. Олар жеке-дара ниеттерде көрінеді. Негізгі ішкі қайшылықтардың бірі – жаңадан пайда болған қажеттер мен оларды іске асыру мүмкіндіктерінің арасындағы алшақтықтар. Мысалы, оқушылардың өз психикасы мен интеллект, əлеуметтік деңгейінің жетімсіздігіне қарамай, мүмкіндіктері толысқан ересектермен бірге іс алып баруға ұмтылуы. “Қалаймын -“қолымнан келмейді”, “білемін” — “білмеймін”, “мүмкін”-“болмайды”, “бар”-“жоқ” – мəңгі қарама-қайшылықтарды белгілейтін қосарлы ұғымдар. Адам дамуын зерттей отырып, ғалымдар даму жəне оның нəтижелері – бір жағынан, жəне оларға ықпал жасаушы себептер – екінші жағынан, арасындағы заңдылықты байланыстарды аңдатушы бірнеше маңызды тəуелділіктерді ашты.

Неліктен кей адамдар өз дамуында өте биік нəтижелерге жетіседі, ал екінші біреулер — ондай мүмкіндікке ие емес? Бұл процестің жəне оның нəтижесі неге байланысты? Ұзаққа созылған зерттеулер осы сұраққа орай жалпы заңдылық ашты: адам дамуы ішкі жəне сыртқы жағдайларға тəуелді. Ішкі жағдайлар – адам ағзасының физиологиялық жəне психикалық қасиеттері. Сыртқы жағдайлар – бұл адамның қоршаған ортасы, ол жасаған жəне дамыған аймақ, сыртқы ортамен ықпалды араласу процесінде адамның ішкі мəні өзгереді, жаңа қасиеттері қалыптасады, ал бұл, өз кезегінде алдағы өзгерістерге жол ашады.

Сонымен, адамның дамуы сандық жəне сапалық өзгерістердің желісі мен нəтижесі. Даму барысында адам тұлғаға айналып, сана мен өзіндік сана, дербес жаңғыртушы іс-əрекет иесі болып жетіледі. Дамудың қозғаушы күші-қарама-қарсылықтар күресі. Адамның дамуы ішкі жəне сыртқы жағдайлармен анықталады.

Дамудың қай қырлары адамның өзіне тəуелді жəне қай тараптары сыртқы жағдайларға, жағдаяттарға байланысты? Дамуды айқындаушы себептер тобы – жағдайлар деп аталады, ал сол қарапайым себептердің ішіндегі ең маңызды, мəнді себеп – жағдаят (фактор) деп аталады. Даму процесі мен оның нəтижесіне əсер етуші жалпы жағдайлар мен жағдаяттар қандай?

Белгілі болғандай, адамның даму процесі мен оның нəтижесі үш өзекті жағдаяттардың бірлікті əрекетімен жасалады, олар –нəсілдік, қоршаған орта жəне тəрбие. Негізге “нəсілдік” деп аталатын адамның тума, табиғи ерешеліктері алынады. Нəсілдік – бұл атадан балаға берілетін тұрақты сапалар мен ерешеліктер. Нəсілдікті тасушы – биологиялық ген (грек сөзі — туындатушы). Организм қасиеттері табиғат жаратқан гендік кодтарда өрнектеліп, белгілі ақпарат күйінде тіршілік өкілі тəнінде сақталатынын жəне бірден бірге ауысып баратынын бүгінгі ғылым дəлелдеп отыр.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *