Денсаулық сақтау ісі. 1969 жылы әрбір 1000 адамға шаққанда, баланың тууы – 47-52, адамның өлімі 24; тірі туған әрбір 1000 баладан өлгені 156. Адам өмірінің орташа ұзақтығы 37 жас. Гана елінде жұқпалы патологиялық аурулар, безгек, ішек-қарын, аурулары, геогельминтоз, алапес, шешек т. б. аурулар кездеседі. 1969 жылы 9,1 мың төсегі бар 158 аурухана, 120 амбулатория бөлімшесі, 6 поликлиника, 197 диспансер болды. 1969 жылы 575 дәрігер, 57 дәрігерге көмекші, 33 тіс дәрігері, 359 фармацевт, 1051 акушер, 2,8 мың медсестра жұмыс істеді. Дәрігерлерді Ганадағы Аккра университетінің жанындағы медицина мектебі дайындайды.
Оқу-ағарту ісі. 1960 жылы Гана халқының 74%-і сауатсыз болды. 1961 жылы ағарту ісіне 6 жастан 15 жасқа дейін міндетті, тегін оқу жүйесі енгізілді. Халық ағарту жүйесінің бастапқы буыны – 4-5 жастағы балаларды қамтитын балалар бақшасы. 6 жастан бастап балалар сегіз жылдық бастауыш мектепке қабылданады. Оқушылар 1-кластан бастап ағылшын тілін ана тілімен қатар оқиды. Бастауыш мектептін; жоғары кластарында, орта және жоғары оқу орындарында оқу ағылшын тілінде жүреді. Орта мектеп — 6 жылдық, оның екі басқышы бар (4 және 2 жылдық). Жалпы білім беретін мектептердің бәрінде де дін оқуы жүргізіледі. 1967-1968 оқу жылында бастауыш мектептерде 1288,3 мың оқушы, орта мектептерде 180 мыңдай оқушы оқыды. Кәсіптік дайындықтар бастауыш мектеп базасында 1-3 жыл бойы жүргізіледі. Бастауыш мектеп мұғалімдерін 8 жылдық мектеп базасында 4 жыл немесе орта мектепте 4 жыл оқығаннан кейін, 2 жыл мерзімде педучилищелер дайындайды. 1967-1968 оқу жылында кәсіптік дайындық жүйесінде 17,5 мың адам, мұғалімдерді дайындау жүйесінде 16,7 мың адам оқыды.
Жоғары оқу орындары: Аккрадағы Гана университеті (1948 жылы құрылған), Кумасидағы дәлдік және жаратылыс тануғылымдары университеті (1951 жылы құрылған), Кейп-Костадағы университеттік колледж (1962), Аккрадағы Гана университетінің қасында дәрігерлік мектеп, бірқатар институттар және ғылыми-зерттеу мекемелері бар. 1967-1968 оқу жылында жоғары оқу орындарында 4,7 мың студент оқыды. Аккрада Гананың Ұлттық музейі (1957), Ұлттық ғылыми-жаратылыс тану музейі, ботаника бағы бар.
Баспасөз, радиохабар, телевизиясы. Ганада:«Ганаиен таймс» (1958), «Дейли грэфик» (1950), «Ивнинг ньюс» (1948), «Пайонир» (1970) күнделікті газеттері; «Санди миррор» (1953), «Нью ашанти таймс» (1948), «Уикли Спектектор» (1963), «Бизнес уикли» апталық газеттері шығып тұрады.
Радио және телехабарларына Гана мемлекеттік корпорациясы басшылық етеді. Радиохабары 1961 жылдан жергілікті (акан, га, эве, нзема, дагбани, хауса) және ағылшын, француз тілдерінде, телехабар 1965 жылдан бір программа бойынша жүргізіледі. Радио және телеорталықтары Аккра қаласында.
Әдебиеті. Гананың жазба әдебиеті 19-20 ғасырларда ағылшын тілінде пайда болды. 20-50 жылдардағы әдеби шығармалардың негізгі тақырыбы халық тарихы мен әдет-ғұрпы болды. Дж. X. Нкетианың пьесалары мен романдары, Дж. Б. Данкваның «Үшінші әйел» пьесасы, Г. Р. Аккуаның «Фанти халқы», «Фанти әдет-ғұрпы» поэмалары, Е.Г.Арматту мен Е. Амудың, К.А.Акрофидің өлең кітаптары — халық ой-санасының дамуына елеулі әсер етті. Гана халықтары тілдеріне аударылған У. Шекспир, М. де Сервантес, Б.Шоу, Ч.Диккенс, Л.Н.Толстой, Дж.Голсуорсилердің шығармалары халыққа қолжазба күйінде тараған. 1957 жылы Гана тәуелсіздік алғаннан кейін әдебиетте саяси-әлеуметтік тақырып өрістеді. Поэзия мен прозада, драматургияда халық өмірі жаңа дәуірге сай суреттелді. Бұл салада қазір Ә. Сатерленд, Дж. X. Нкетиа, X. Офори т. б. әйгілі жазушылары бар. Ганада Тіл білімі бюросы, Журналистер мен жазушылар бірлестігі, Батыс Африка жазушылар бөлімшесі, Гана Әдебиетін дамыту комитеті жұмыс істейді. Шығармалар ағылшын және тви, фанти, эве, га, хауса т. б жергілікті халықтар тілдерінде шығады.
Архитектурасы мен бейнелеу өнері. Ганада төбесі сабанмен, пальма бұтақтарымен немесе шифермен конус тәрізді жабылған дөңгелек қабырғалы, кейде төрт бұрышты үлгімен салынған балшық үйлер көп. Елдің солтүстігінде қабырғалары аңның, құстыңсуреттерімен, ою бедерлермен нақышталған сарайлар (биіктігі 5 м-ге дейін) кездеседі. Аккра, Кумаси қалаларында көп қабатты үйлер, сәнді кварталдар бар. 1960 жылдан бері жаңа қалалар (Тема), ірі архитектуралық комплекстер (Кумасидегі мәдениет орталығы), тұрғын аудандар (Аккрада) салынды. Жері ыстық болғандықтан, Гана архитектурасында ашық галерея, терезені тереңірек орнату, үй шатырын етекті жасау дамыған. Ганада алтын, күміс, қоладан әр түрлі әшекейлі бұйымдар, вазалар, алтын өлшейтін таразы тастарын (аң, құс, балық пішіндес етіп) жасау едәуір дамыған. Ағаштан, піл сүйегінен үй жабдықтарын нақыштап ою; ұлттық киімдер үшін (канта т. б.) мата тоқу, адам, жануар бейнелерін, геометриялық ою-өрнектермен безелген керамикалық ыдыстар жасау ертеден дамыған өнер түріне жатады. Тәуелсіздік алған Гана елінде профессионалдық өнер қалыптаса бастады. Өнер көрмелері ашылып, «Аквапим-6» т. б. суретшілер ұйымдары, Өнер советі құрылды (1958).
Музыкасы. Ганадағы әр халықтың музыкасының өзіндік ерекшелігі бар және оның тұрмыста атқаратын қызметі де түрліше. Конкомба, дагбани, адангме халықтарында музыка той-думанның негізгі арқауы болса, акан т. б. халықтарда мұндай дәстүр жоқ. Гана музыкасының негізгі ерекшеліктерінің бірі — айқын және «еркін» ырғақтылық. Гананың негізгі музыкалық аспаптары — әр түрлі барабандар, бамбуктен, ағаштан жасалған флейталар, мүйізден, піл тісінен істеген кернейлер, нитралар, жалғыз ішекті скрипкалар, 6 және 7 ішекті арфалар т. б. 20 ғасырдың 50 жылдары Европа музыкалық аспаптары да қолданыла бастады. Көрнекті композиторлары: Э. Аму, Ф. Гбехо, К. Нкетия.
Театры. Гана мәдени мұрасында би өнері елеулі орын алады. 1962 жылы Гана университеті жанынан музыкалық және драма мектебі, би факультеті ашылды, халық билері ансамбльдері құрылды. 1958 жылы ақын Э. Сатерленд драма студиясын ұйымдастырды. Ағылшын, акан тілдерінде жұмыс істейтін студия Софоклдың «Эдип патшасы», У.Шекспирдің «Гамлетін», Д. де Графтының «Ұлдар мен қыздарын» т. б. қойды. Реж. Ф. Мориссо-Леруа 1961 жылы «Театр-клуб» труппасын, 1965 жылы жартылай професеионалдық Ұлттық драма қоғамын құрды. 1968 жылы алғашқы профессионал актерлер «Тәуелсіз актерлер» т.б. драма коллективтерін ұйымдастырып, Гана драматургиясының төл туындыларымен қатар Н. В. Гогольдің «Ревизоры» сияқты аударма пьесаларды да қойды.