Гана үкіметі Аккрада Африканың тәуелсіз мемлекеттерінің 1-gftg
(1958, сәуір) мен Африка халықтарының 1-конференциясын (1958, желтоқсан) шақыру жөнінде бастама көтерді. 1960 жылы 1 шілдеде Гана республика болып жарияланды. Кваме Нкрума президент әрі үкімет басшысы болды. Үкімет ағылшынның бірнеше кен өндіру компаниясын мемлекеттік қарамағына алды, мемлекеттік аппарат пен армияны ағылшындардан тазартты. КХП 11-съезі (1962) «Еңбек пен бақыт жолында» программасын қабылдады, онда елдің экономикасында қоғамдық сектордың басым болу бағытын жүзеге асыру және жеке капиталистік қанауды тежеу мақсаты көзделді. 1964 жылы Гана парламенті елді өркендетудің 7 жылдық жоспарын (1963-1964 – 1969-1970) қабылдады. Оған сәйкес мемлекеттік шаруашылықтар мен өндірістік кооперативтер, мемлекеттік оқу-ағарту және денсаулық сақтау жүйесі құрылды.
Ганадағы жүзеге асырылып жатқан шаралар империализм мен ішкі реакциялық күштерге ұнамады және ел экономикалық-финанс қиыншылықтарға ұшырады.
1966 жылы 24 ақпанда, Кваме Нкрума Ханойға сапар шегіп кеткен кезде, полиция басшылары мен армия офицерлері өкіметті басып алды. Генерал Анкра бастаған Ұлттық Азаттық совет (ҰАС) құрылып, бүкіл билік соның қолына көшті. Реакция өршіді, экономикада капиталистік сектор күшейтіле бастады, мемлекеттік шаруашылықтардың дені жойылды. Совет мамандары Ганадан кетуге мәжбүр болды.
1969 жылысәуірде генерал Анкра биліктен шеттетіліп, генерал Африфа өкімет басына келді. 1969 жылымамырда елде саяси қызметке рұқсат етіліп, саяси партиялар қалыптаса бастады. 1969 жылытамызда жаңа конституция бойынша Гана парламентарлық республика болып жарияланды. 1969 жылы 29 тамыздағы сайлауда Прогресс партиясы жеңіске жетті. Оның лидері К. А. Бусия премьер-министр болды. 1970 жылы 30 шілдеде Ұлттық жиналыстың шешімімен генерал Африфа бастаған Президенттік комиссия таратылып, 31 тамызда Э. Акуфо-Аддо президент болып сайланды. 1972 жылы12қаңтарда Ганада мемлекеттік төңкеріс жасалды. Өкімет билігі полковник Ачеампонг бастаған Ұлттық құтқару советі атқару комитетінің қолына көшті.
Саяси партиялары, кәсіподақтары және басқа қоғамдық ұйымдары.1969 жылы саяси қызметке рұқсат етілгеннен кейін мынадай саяси партиялар ұйымдасты: Прогресс партиясы, билеуші партия; Халықтың қимыл партиясы; Xалықтық-мәліми партия. 1970 жылықазанда Әділет партиясы ұйымдасты. Гананың кәсіподақтар конгресі, 1945 жылы негізі қаланды (1957 жылға дейін Алтын Жағалаудың кәсіподақтар конгресі), 17 салалық кәсіподақтарды біріктіреді (315 мың адам, 1970). Ганастуденттерінің ұлттық одағы.
Экономикасы. 1957 жылға дейін Ганада өңдеу өнеркәсібі болған жоқ, азық-түлік т.б. қажетті товарлар да сырттан әкелінді. 1966 жылға дейін мемлекеттік секторды нығайту, сыртқы сауданы национализациялау, ауыл шаруашылығын кооперациялау жолымен экономиканы жедел өркендету саясаты жүргізілді. 1966 жылғы төңкерістен кейін жекеменшіктегі капиталистік сектор ұлғая бастады. Гана какао-бұршақ жинаудан және оны экспортқа шығарудан калиталистер арасында 1-орыңда, алмас өндіруден де алдыңғы қатарда. Африкада алтын өндіруден 2-орында, марганец рудасын өндіруден 3-орында. Алтын елдің оңтүстік-батыс бөлігінде (Кононго, Обуаси, Престеа, Бондаи), Дунква маңынан өндіріледі. Алтын рудниктері 1968 жылы 50 жылға ағылшын компаниясының («Лонро») қарамағына берілді. Алмас Бирим және Бонса өзендері алабынан өндіріледі (ағылшын компаниялары). Марганец, боксит, темір рудасы кендері бар, Вольта өзені маңынан мұнай табылды. Темадағы алюминий зауыды 1968 жылы 124,5 мың тонна өнім берді; осында болат қорыту, мұнай өңдеу зауыдтары салынды. Жеңіл және тамақ кәсіп орындары бар, ондаған ағаш өңдеу зауыдтары жұмыс істейді. Электр станцияларының қуаты 631 мың квт (1969).
Гана жерінің 47%-і ауыл шаруашылығына пайдалануға жарамды. Ауыл шаруашылық бұршақ-какао (2435 мың га плантация бар) өсіруге маманданған (дүние жүзіндегі өнімнің 28,4%-ін береді, 1970). Экспортқа кофе, кола және пальма жаңғақтары, копра, банан, цитрус, арахис та шығарылады. Елдің ішкі қажетін өтеу үшін маниок, ямс, батат, тары, сорго, жүгері, күріш, майлы ағаш, темекі, қант құрағы т. б. өсіріледі. 1969 жылы 605 мың мүйізді ірі қара, 671 мың қой, 592 мың ешкі, 143 мың шошқа болды.
Темір жолының ұзындығы 1285 км (1968). Автомобиль жолдарының ұзындығы 33,2 мың км. Теңіз порттары: Такоради, Тема. Гананың 4 аэропорты бар. Гананың СССР-мен, басқа социалистік елдермен байланысы әлі онша дамыған жоқ. Гана ақшасы — седи.
Денсаулық сақтау ісі. 1969 жылы әрбір 1000 адамға шаққанда, баланың тууы – 47-52, адамның өлімі 24; тірі туған әрбір 1000 баладан өлгені 156. Адам өмірінің орташа ұзақтығы 37 жас. Гана елінде жұқпалы патологиялық аурулар, безгек, ішек-қарын, аурулары, геогельминтоз, алапес, шешек т. б. аурулар кездеседі. 1969 жылы 9,1 мың төсегі бар 158 аурухана, 120 амбулатория бөлімшесі, 6 поликлиника, 197 диспансер болды. 1969 жылы 575 дәрігер, 57 дәрігерге көмекші, 33 тіс дәрігері, 359 фармацевт, 1051 акушер, 2,8 мың медсестра жұмыс істеді. Дәрігерлерді Ганадағы Аккра университетінің жанындағы медицина мектебі дайындайды.
Оқу-ағарту ісі. 1960 жылы Гана халқының 74%-і сауатсыз болды. 1961 жылы ағарту ісіне 6 жастан 15 жасқа дейін міндетті, тегін оқу жүйесі енгізілді. Халық ағарту жүйесінің бастапқы буыны – 4-5 жастағы балаларды қамтитын балалар бақшасы. 6 жастан бастап балалар сегіз жылдық бастауыш мектепке қабылданады. Оқушылар 1-кластан бастап ағылшын тілін ана тілімен қатар оқиды. Бастауыш мектептін; жоғары кластарында, орта және жоғары оқу орындарында оқу ағылшын тілінде жүреді. Орта мектеп — 6 жылдық, оның екі басқышы бар (4 және 2 жылдық). Жалпы білім беретін мектептердің бәрінде де дін оқуы жүргізіледі. 1967-1968 оқу жылында бастауыш мектептерде 1288,3 мың оқушы, орта мектептерде 180 мыңдай оқушы оқыды. Кәсіптік дайындықтар бастауыш мектеп базасында 1-3 жыл бойы жүргізіледі. Бастауыш мектеп мұғалімдерін 8 жылдық мектеп базасында 4 жыл немесе орта мектепте 4 жыл оқығаннан кейін, 2 жыл мерзімде педучилищелер дайындайды. 1967-1968 оқу жылында кәсіптік дайындық жүйесінде 17,5 мың адам, мұғалімдерді дайындау жүйесінде 16,7 мың адам оқыды.
Жоғары оқу орындары: Аккрадағы Гана университеті (1948 жылы құрылған), Кумасидағы дәлдік және жаратылыс тануғылымдары университеті (1951 жылы құрылған), Кейп-Костадағы университеттік колледж (1962), Аккрадағы Гана университетінің қасында дәрігерлік мектеп, бірқатар институттар және ғылыми-зерттеу мекемелері бар. 1967-1968 оқу жылында жоғары оқу орындарында 4,7 мың студент оқыды. Аккрада Гананың Ұлттық музейі (1957), Ұлттық ғылыми-жаратылыс тану музейі, ботаника бағы бар.
Баспасөз, радиохабар, телевизиясы. Ганада:«Ганаиен таймс» (1958), «Дейли грэфик» (1950), «Ивнинг ньюс» (1948), «Пайонир» (1970) күнделікті газеттері; «Санди миррор» (1953), «Нью ашанти таймс» (1948), «Уикли Спектектор» (1963), «Бизнес уикли» апталық газеттері шығып тұрады.
Радио және телехабарларына Гана мемлекеттік корпорациясы басшылық етеді. Радиохабары 1961 жылдан жергілікті (акан, га, эве, нзема, дагбани, хауса) және ағылшын, француз тілдерінде, телехабар 1965 жылдан бір программа бойынша жүргізіледі. Радио және телеорталықтары Аккра қаласында.
Әдебиеті. Гананың жазба әдебиеті 19-20 ғасырларда ағылшын тілінде пайда болды. 20-50 жылдардағы әдеби шығармалардың негізгі тақырыбы халық тарихы мен әдет-ғұрпы болды. Дж. X. Нкетианың пьесалары мен романдары, Дж. Б. Данкваның «Үшінші әйел» пьесасы, Г. Р. Аккуаның «Фанти халқы», «Фанти әдет-ғұрпы» поэмалары, Е.Г.Арматту мен Е. Амудың, К.А.Акрофидің өлең кітаптары — халық ой-санасының дамуына елеулі әсер етті. Гана халықтары тілдеріне аударылған У. Шекспир, М. де Сервантес, Б.Шоу, Ч.Диккенс, Л.Н.Толстой, Дж.Голсуорсилердің шығармалары халыққа қолжазба күйінде тараған. 1957 жылы Гана тәуелсіздік алғаннан кейін әдебиетте саяси-әлеуметтік тақырып өрістеді. Поэзия мен прозада, драматургияда халық өмірі жаңа дәуірге сай суреттелді. Бұл салада қазір Ә. Сатерленд, Дж. X. Нкетиа, X. Офори т. б. әйгілі жазушылары бар. Ганада Тіл білімі бюросы, Журналистер мен жазушылар бірлестігі, Батыс Африка жазушылар бөлімшесі, Гана Әдебиетін дамыту комитеті жұмыс істейді. Шығармалар ағылшын және тви, фанти, эве, га, хауса т. б жергілікті халықтар тілдерінде шығады.
Архитектурасы мен бейнелеу өнері. Ганада төбесі сабанмен, пальма бұтақтарымен немесе шифермен конус тәрізді жабылған дөңгелек қабырғалы, кейде төрт бұрышты үлгімен салынған балшық үйлер көп. Елдің солтүстігінде қабырғалары аңның, құстыңсуреттерімен, ою бедерлермен нақышталған сарайлар (биіктігі 5 м-ге дейін) кездеседі. Аккра, Кумаси қалаларында көп қабатты үйлер, сәнді кварталдар бар. 1960 жылдан бері жаңа қалалар (Тема), ірі архитектуралық комплекстер (Кумасидегі мәдениет орталығы), тұрғын аудандар (Аккрада) салынды. Жері ыстық болғандықтан, Гана архитектурасында ашық галерея, терезені тереңірек орнату, үй шатырын етекті жасау дамыған. Ганада алтын, күміс, қоладан әр түрлі әшекейлі бұйымдар, вазалар, алтын өлшейтін таразы тастарын (аң, құс, балық пішіндес етіп) жасау едәуір дамыған. Ағаштан, піл сүйегінен үй жабдықтарын нақыштап ою; ұлттық киімдер үшін (канта т. б.) мата тоқу, адам, жануар бейнелерін, геометриялық ою-өрнектермен безелген керамикалық ыдыстар жасау ертеден дамыған өнер түріне жатады. Тәуелсіздік алған Гана елінде профессионалдық өнер қалыптаса бастады. Өнер көрмелері ашылып, «Аквапим-6» т. б. суретшілер ұйымдары, Өнер советі құрылды (1958).
Музыкасы. Ганадағы әр халықтың музыкасының өзіндік ерекшелігі бар және оның тұрмыста атқаратын қызметі де түрліше. Конкомба, дагбани, адангме халықтарында музыка той-думанның негізгі арқауы болса, акан т. б. халықтарда мұндай дәстүр жоқ. Гана музыкасының негізгі ерекшеліктерінің бірі — айқын және «еркін» ырғақтылық. Гананың негізгі музыкалық аспаптары — әр түрлі барабандар, бамбуктен, ағаштан жасалған флейталар, мүйізден, піл тісінен істеген кернейлер, нитралар, жалғыз ішекті скрипкалар, 6 және 7 ішекті арфалар т. б. 20 ғасырдың 50 жылдары Европа музыкалық аспаптары да қолданыла бастады. Көрнекті композиторлары: Э. Аму, Ф. Гбехо, К. Нкетия.
Театры. Гана мәдени мұрасында би өнері елеулі орын алады. 1962 жылы Гана университеті жанынан музыкалық және драма мектебі, би факультеті ашылды, халық билері ансамбльдері құрылды. 1958 жылы ақын Э. Сатерленд драма студиясын ұйымдастырды. Ағылшын, акан тілдерінде жұмыс істейтін студия Софоклдың «Эдип патшасы», У.Шекспирдің «Гамлетін», Д. де Графтының «Ұлдар мен қыздарын» т. б. қойды. Реж. Ф. Мориссо-Леруа 1961 жылы «Театр-клуб» труппасын, 1965 жылы жартылай професеионалдық Ұлттық драма қоғамын құрды. 1968 жылы алғашқы профессионал актерлер «Тәуелсіз актерлер» т.б. драма коллективтерін ұйымдастырып, Гана драматургиясының төл туындыларымен қатар Н. В. Гогольдің «Ревизоры» сияқты аударма пьесаларды да қойды.
Әдеб.: Потехин И. И. Становление новой Ганы. М., 1965; Нкрума Кваме. Автобиография. пер. с англ., М., 1961; Александровская Л. И. Гана. -М., 1965; Боатенг Е.А. География Ганы. пер. с англ., М., 1961.
Мәлі