«Кедей» аталуы

«Кедей» аталуы
Хан елге хабар береді: «Қалмақпен соғысамыз, дайындалсын!». Хабар жетісімен Аталық жылқыдан өңкей қысырақты бөліп алып, нулы жерге айдап салып, сулы жерге саялатып бақтырады. Қыс бойы сойылған соғымның сүбесі мен қазысын, жал-жаясын, нар түйенің өркеші мен ісек қойдың құйрығын тұздатып сүрлетіп, тең-тең етіп түйелерге арттырып, жарау аттарды жетекке алдырып, сірелетіп бақтырған қысырақты үйірді айдатып, жорыққа аттанады. осылайша, Аталық жорық кезінде ұдайы бір көштей ілгері озып, қалың жасақ, ауыр қолды ас-сумен қамтып, бірнеше ай бойы азықтандырып отырады. осы жолғы жорықта қазақ қолы жеңіске жетеді. олжа бөліске түскенде хан Аталықтың қалауын сұрайды.
—Бүлінген елден бүлдіргі де керек емес…
Ілкіде осылай деген Аталық батыр хан қолқалап қоймағасын көкейіндегі бұйымтайын айтады. өйткені олжаға түскен қалмақ қыздарының ішінде нұрлы жүзді, нәркес көзді жас аруды байқап қалып, көңілі кеткендей-ді.
—Е-е, Хан, ие! Қайта-қайта қалауымды сұрадың, ендеше: —Ақбоз атты мінбей бер, Ақ сауытты кимей бер! Ақ беренді ілмей бер, Ақсұқсырды сүймей бер!
Ханға айтқан сөзі өткен, Аталықтың дегені болды. Хан қас батырдың қалауын ғана беріп қоймай, өзінің ерекше құрме тін де білдірді.
—Аталықтың аты бүгіннен бастап Жомарт болсын! Жомарттыққа жомарттық жасау ердің ісі!
Хан айтса, қапысыз. Қаумалаған халық содан былай Аталықты «Жомарт» атап кетеді.
Енді Жомарт батырдың інісі Нұрмағанбеттің Кедей атануы туралы шежірешілер не дейді? Жақсы ат пен сәнді киім киіп, сауық құрып, көрікті қыз біткеннің жеңгесіне сый-сыяпат тасып, қолындағысын шашып жүретін, шаруаға икемі жоқ жігітті: «Бұл қылығын қоймаса, тақырға отырып, кедей атанары сөзсіз»,—деп, шашпалығынан арылсын деп «Кедей» атап кетіпті.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *