Жеменей мен Айтумыс
Қаһарланса, қара тасты үгітер, өр мінезі өлі рухты тірілтер, айбаты мен ақылы талай дүр мен дүлейлерді бір өзіне табындырып, жүгінтер Адай бабамыз тұңғыш ұлының атын Құдай қойыпты, сонда қазақтың ақсақалды-қарасақалды қарттары тәубелеп жалынып, баланың атын Құдайке деп атауға мәміле жасапты. Құрсақтан жаңа шыққан шарананы бұлайша атағаны—ұлы атамыз әлімсақтан Алла Тағаланың өзін артық жаратқанын сезінгенінен болар. Құдайкеден кейін сағындырып барып көрген екінші ұлдың аты—Келімберді. Келімберді дүниеге келгенде Адай атамыздың тұңғышы Құдайке келін әкеліп жатса керек. Қара шаңырағына келінінің түсуімен бір мезгілде дүниеге келген сәбиінің атын ырымдап осылай атапты дейді. осы екі перзенті Құдайке мен Келімбердіден көрген Адайдың немерелері Тәзіке—Қосай, Ақпан—Құнанорыс, Балықшы— Бұзау, Мұңал—Тобыш Сегіз арыс Адай болып, дүйім рулы елді құрайды. Сол сегіз арыстың біреуі—Бұзау. Бұзаудың о басында азан шақырып қойған аты ораз—Әлнияз екен дейді кейбір шежіре деректері. «Ер мұрынды, ат ерінді келеді» демекші, атамыз жалпақ мұрынды болса керек. Қазақтың салт-дәстүрі бойынша атын тергеген жеңгелері атамыздың осы келбетіне сәйкес «Бұзау» атандырып кеткен екен. Бұзау атамыздан: Жеменей мен Айтумыс. Бұл аталарымыздың даңқы да, есімі де кейінгі ұрпақтарына ел аты—ру болып, жер аты, ұлыс болып мәңгілікке қалды.