Жетімдер руы аңызы

Жетімдер руы аңызы
(І нұсқа)
Көне Түркстан шаһарының іргесінде Қарашық деген өзен әлі күнге дейін ағады. Сол өзеннің жағасында қырық қақпалы әдемі қала болыпты. Сол заманда әлгі қаланы Әліхан деген қалмақ билепті деседі. Бүкіл қала халқы Әліхан ханға алымсалық төлеп тұрыпты. Әліхан ханның үш жүздің баласынан алым-салық жинаушы өкілі Жығалы мырза болыпты. Қаладағы қазақтан басқа жиырма үй сарттар да тұрыпты. Салық жинайтын Жығалы мырза сол үйлердің бірінде жатады екен. Жығалы мырза Әліханды араға салып, сол жатқан үйінің Жезбике атты сұлу қызына үйленіпті. Жезбике шешеміз Жығалы мырзадан Құлшығаш атты бір ұл туады. Жығалы мырза нағашылары Сарыүйсінге қыдырып барғанда қатты ауырып, қайтыс болған соң, Мелде бидің досы Атабай деген кісі Жезбикені елге көші ріп әкеліп, әмеңгерлік жолымен Мелде биге некелеп қосады. Мел де бидің өзінің Құндыз (Құндызай) деген бәйбішесінен Құдайберді атты бір ұлы бар еді.
Енді Жезбикеден жыл өткен соң тағы бір ұл көреді. Есімін Тәңірберді қояды. Ендігі бір аңызда «Мелде бидің екі әйелі бір күнде босаныпты» дейді. Екіқабат Жезбикені Құндыз бәйбіше жұртқа жалғыз тастап кеткен екен. Мелде би ауылын жайлауға қондырып болып барып Жезбикені іздепті. Соңынан ескі жұртқа қайтып іздеп келсе, Жезбике босанып, баласын орайтын еш нәрсе таппай, көкке, яғни көк шөпке орап алып, жалғыз өзі емізіп отыр екен. Ал Құдайберді көтіне сенген бәйбішеден туғандықтан, «Көтенші», Тәңірберді көкті жөргек қылғандықтан, «Көктің ұлы» деп атанып кетіпті деседі.
Әліхан ханның ұлы болмапты, тек Сұқсыр ханым деген жалғыз сұлу қызы болыпты. Сол Атамтөре батырға хан қызын қосыпты. Сұқсыр ханым Атамтөреден бір ұл туыпты. Атын Соркүйік қойыпты. Жүректі Атамтөре күндердің күнінде ханның өзіне қарсы шығыпты. Хан Атамтөрені бір түнде өлтіртіп жібереді. Сөйтіп, қызы Сұқсыр ханым Соркүйікпен оның артыңда жесір қалыпты.
Құдайберді—«Көтенші» салық жинап жүріп ханға жиі барады екен. Бір күні жесір отырған Сұқсыр ханымға ғашық болып, ханға жүз қаралы жылқы беріп, қызына некелеседі. Артынан еріп келген Соркүйікті Құдайберді асырап, бала қылып алады. Құдайбердіден ханның қызы төрт ұл туады. Бірақ бәрі шетінеп кетеді. Соркүйік ер жетіп, Құдайберді оны үйлендіреді. Соркүйіктен Досымқұл деген бір ұл туады. Досымқұл ер жетіп, үйленеді. одан әйелі төрт перзент көреді. Төрт ұлы—Сапар, Сары, Сыппас, Сүйіліш батырдан тараған ұрпақ Қоңыраттың бір бұтағы «Жетімдер» деген үлкен рулы елге айналады. Бұл— бір аңыз.

Один комментарий к “Жетімдер руы аңызы”

  1. Ассаламуалейкум,Сулу жетимдер руынын шежиресин кайдан Алса болады

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *