ҚЫТАЙ, Қытай Халық Республикасы, ҚХР (қыт. Чжунхуа жэньминь гунхэго) — халқының саны мен жерінің көлемі жағынан дүние жүзіндегі аса ірі мемлекеттердің бірі. Орталық және Шығыс Азияда орналасқан. Шығысын Тынық мұхиттың Сары теңізі, Шығыс Қытай және Оңтүстік Қытай теңіздері қоршап жатыр. Жағалауында көптеген аралдар бар, олардың ең ірілері — Тайвань және Хайнань. Солтүстігінде Ресеймен, солтүстік-батысында Қазақстанмен), МХР-мен, батысында және оңтүстігінде Ауғанстанмен, Үндістанмен, Непалмен, Сиккаммен, Бутанмен, Бирмамен, Лаоспен және ВДР-мен, солтүстік-шығысында КХДР-мен шектеседі. Жері 9,6 млн.км2. Халқы БҰҰ мәліметтері бойынша 787 млн. (қытай әмигранттарын қоспағанда). Астанасы — Пекин қ.
Қытай әкімшілік жағынан 22 провинцияға (гоминьданшылардың қол астындағы Тайваньды қоса есептегенде), 5 автономиалық ауданға және орталыққа бағына тын 3 қалаға бөлінеді.
Мемлекеттік құрылысы. 1954 жылы қабылданған конституция ҚХР «халықтық демократия мемлекеті» деп жариялады. Конституция бойынша барлық өкімет билігі халыққа, Бүкіл қытайлық халық өкілдерінің жиналысына (БХӨЖ), жергілікті жерде халық өкілдерінің жиналыстарына (ХӨЖ) берілген. Заң бойынша БХӨЖ көп сатылы сайлау арқылы құрылады. Әрбір шақырылуының 1 сессиясында ол Тұрақты комитет сайлайды. Тұрақты комитет БХӨЖ-дің жыл сайынғы сессиялары арасында оның көптеген функцияларын атқарады. Конституция бойынша БХӨЖ — Қытайдың бірден-бір заң шығарушы органы. Бірақ 1955 жылы БХӨЖндің Тұрақты комитетіне кейбір заңдар шығару (1959 жылдан бастап толық көлемде заң шығару) жөнінде право береді. БХӨЖ Тұрақты комитетпен бірге мемлекеттік басшысы қызметін атқаратын ҚХР председателін сайлайды. ҚХР председателі қарулы күштерді басқарады, жоғары кеңесші орган — Жоғарғы мемлекеттік кеңесті шақырады, мемлекеттік қорғаныс комитетінің председателі де сол; Үкіметті — ҚХР Мемлекеттік советін атқарушы орган және жоғары мемлекеттік әкімшілік орган есебінде БХӨЖ тағайындайды. Мемлекет советке премьер, оның орынбасарлары, министрлер және мемлекет комитеттердің председательдері кіреді. 1964 жылдан бері БХӨЖ шақырылмағандықтан, барлық өкімет билігі іс жүзінде үкімет қолында. Жергілікті барлық әкімшілік аймақтарда ХӨЖ кеп сатылы немесе төте сайлау жолымен сайланып қойылады, олар өздерінің атқарушы органдары — халық комитеттерін сайлайды. 1954 жылғы конституция аз ұлттар көп шоғырланған аудандардың бәріне автономия берілетінін жариялады. Автономиялы аудандарда, округтар мен уездерде өздерін-өздері билеу ұйымдары органдары, олардың компетенциялары белгіленді. Болыстық буындардағы өкілдік органдар және халық комитеттері 1958 жылы «Халық коммуналары» құрылуына байланысты іс жүзінде таратылды.
60 жылдардың басында БХӨЖ және басқа өкілдік органдар қызметі таза формальды сипат алды. ҚХР мемлекеттік органдардың барлық жүйесі тұтас алғанда елеулі өзгеріске ұшырады. 60 жылдардың 2-жартысында («мәдени революция» кезінде» ХӨЖ және халық комитеттері таратылып жіберілді. Жергілікті жерде өкімет билігі «ревком» дейтін органдардың қолына көшті. «Ревкомдар» сайланбады, олардың құрамы митингілерде жарияланды. Бұл органдарда әскер шешуші роль атқарады. «Мәдени революция» кезінде конституциялық орталық органдардың жұмысы тоқтап қалды, ҚХР председателі Лю Шао-ци 1968 жылы заңсыз орнынан алынды. Конституция бойынша орнатылған сот және прокуратура органдары осы кезде таратылып, қоғамдық қауіпсіздік органдарымен қосылды. Осылай ұйымдастырылған органдар «контрреволюцияны түптамырымен құрту жөніндегі комиссиялар» немесе тиісті «ревкомдар» жанындағы «диктатура бөлімдері» деп аталады. 70 жылдардың басында бұл тәртіпке елеулі өзгерістер енгізіле қойған жоқ.
Табиғаты. Қытай негізінен қоңыржай және субтропиктік климат белдеулерінде орналасқан, қиыр оңтүстігі ғана тропиктік белдеуде жатыр. Елдің шығыс бөлігін теңіз жағалауындағы ойпаттар, аласа және биіктігі орташа таулар алып жатыр; мұнда муссондық климат. Батыс бөлігіне биік таулы қыраттар мен ірі жоталар, аумақты үстірттер мен тау аралық ояңдар орналасқан, мұнда континенттік құрғақ климат. Елдің материктік бөлігінің жағалауы 15 мың км-ге дейін созылады. Шығыс Қытай және Оңтүстік Қытай теңіздерінің жағалауында көптеген шағын шығанақтар мен қойнаулар бар, олар өте қолайлы гавань саналады. Сары теңіздің жағалауы көбінесе қойнаулары аз, ойпатты келеді. Шаньдун және Ляодун түбектерінің жағалаулары қатты тілімделген.
Рельефі жағынан жері үстіртті, биіктік амплитудасы едәуір, орографиясы күрделі келеді және 3 аймаққа бөлінеді. Тибет таулы қыраты елдің оңтүстік-батысында, Қытайдың ең биік бөлігі (орташа биіктігі 4 мың м, жеке шыңдарының биіктігі 6-7 мың м). Ол Джангтанг жазықтарын, Орталық Тибет таулы үстіртін, сондай-ақ бірқатар ішкі жоталарды (Гандисышань, Тангла т. б.), шеткі ірі тау жүйелерін (Куньлуньді, Син-Тибет тауларын, Гималайды, Қарақорымды) қамтиды. Гималай мен Қарақорым тау жүйелері Қытай жері шегінен асады. Куньлуньнің сыртқы беткейлері тік, ал Тибет таулы қыратына қараған ішкі беткейлері көлбеу болып келеді. Куньлуньнің солтүстік бөлігімен қатарласа Алтынтағ жотасы Созылып жатыр, ол шығысқа қарай Наньшань тау жүйесіне ұласады. Куньлунь, Алтынтағ, Нань- шань, аралығында үлкен тектоникалық қазан шұңқыр бар. Орталық Азия жазықтары мен таулы үстірттер белдеуі (биіктігі 1200 м шамасында) Қашғар және Шоңғар жазықтарын қамтиды; бұлар бір-бірінен Шығыс Тянь-Шань жоталарымен бөлінген. Шығыс Қытайдың ойпатты жазықтары негізінен Сары теңіз жағалауын қамтиды. Бұлардың ішіндегі ең солтүстіктегілері — Саньцзян мен Солтүстік Ханкай ойпаттары, оларға Сунляо және Ұлы Қытай жазықтары жалғасады. Ұлы Қытай жазықтығы оңтүстігіндегі Янцзы өзенінің төменгі және орта ағысы бойындағы жазық өңірге ұласады.
Геологиялық құрылымы жағынан Қытай жерінің көпшілік бөлігін ерте заманғы платформалар Оңтүстік Қытай, Қытай-Корей платформалары және бір кезде (протерозойда) платформалармен тұтас жатқан Тарим және Тибет массивтері алып жатыр. Қытай-Корей платформасы шегінде гнейстерден, тақта тастардан, кварциттерден құралған фундамент жер бетіне шығып жатады. Платформалардың шөгінді қабығы жоғары протерозойдың, төменгі, орталық және ішінара жоғары палеозойдың теңіз шөгінділерінен, жоғары палеозойдың, мезозойдың, кайнозойдың континенттік шөгінділерінен түзілген. Кунь-лунь, Циньлин, Наныпань тау жүйелері каледон және герцин қатпарлану көзеңдерінде, Тянь-Шань, Ішкі Монғолия т. б. тау жүйелері жоғары палеозойлық, Янцзы, Меконг және Салуин өзендерінің жоғары ағысы және Хайнань мен Тайвань аралдарындағы биік таулы аймақтар, Гандисышань, Гималай жоталары мезозойлық, кайнозойлық қатпарлану кезеңдерінде пайда болған. Қытай пайдалы қазындыларға бай. Тас көмір және жанатын тақта тас (Ляонин провинциясындағы Фушунь, Бэньси, Шаньсидағы Датун, Аньхойдағы Хуайнань кендері), мұнай (Ганьсудағы Юймынь, Цайдам қазан шұңқырында, Шынжаң Ұйғыр автономиялық ауданындағы Қарамай кендері, Тайвань аралында), темір рудасы (Ляонин провинциясында, Ішкі Монғолия автономиялық ауданында, Хэбэй, Цзянсу және Хубэй провинцияларында), боксит (Шаньдун провинциясында), марганец рудасы, қалайы, вольфрам, сынап, мыс және полиметалл рудалары (негізінен Оңтүстік-Шығыс Қытайда), алтын (Амур алабында және елдің батыс бөлігінде), тас тұз (Сычуань провинциясында) т. б. кездеседі.
Шығыс Қытай климатының қалыптасуына атмосфераның муссондық циркуляциясы, қыста Азияның ішкі аймақтарынан келетін суық ауаның, жазда мұхиттық ауа массаларының (жазғымуссон) әсері күшті. Шығыс Қытай климатының ерекшелігі: ауаның температурасы онша жоғары емес, бірақ оның маусымдық ауытқуы едәуір. Қаңтардың орташа температурасы Харбинде — 20,4°С, Пекинде — 4,6°С, шілдеде 23°С, 26°С. Жауын-шашынның жылдық орташа мөлшері 500 мм-ден 2000 мм-ге дейін. Батысқа және солтүстік-батысқа (әсіресе Үлкен Хинган және Тайханшань жоталарынан батысқа қарай) климаттың континенттігі арта түседі; жазы ыстық (Тұрфан ойпатында орташа температура шілдеде 34°С), қысы суық (қаңтардың орташа температурасы Солтүстік Қытайдағы Хайларда — 28°С, батысындағы Үрімшіде — 14,9°С). Жауын-шашын аз түседі (250-350 мм). Тибет таулы қыратының климаты қатаң, температура жыл бойы төмен болады. Гартокта (Үнді өзенінің бастауы) орташа температура қаңтарда — 11,8°С, шілдеде 11,8°С. Тәулік ішінде де температура қатты ауытқиды, әдетте күшті жел соғып тұрады. Таулы қыраттың батыс бөлігі құрғақтау, шығыс бөлігіне 250 мм-ден 750 мм-ге дейін ғана жауын-шашын түседі. Биік тауларда мұздықтар көп. Тянь-Шаньда мұздықтар 3200-5000 м-ге дейін, Тибет таулы қыратында 5500-6000 м-ге дейін төмен түседі. Қарақорымда, Гандисышаньда, Куньлуньде, Гималайдың шығысында қалың мұздықтар бар. Алайда климаттың құрғақтығынан мұздықтардың көлемі оншама үлкен емес (100 мың км2 шамасы).