Он сан Орта жүзге ұран болған Олжабай батырдан сөйлейік
Бұл олжабай батырдың туысы—он үш жасында «Айдабол би» атанған Айдабол-Күліктің Айдабол ұрпағынан шыққан. Айдабол бидің бәйбішесінен: Жанғозы, Малғозы, Кенжеғозы, ортаншы қатынынан: Қарақозы, Бозқозы, Аққозы, кенже тоқалынан: Қожакелді, Тайкелтір. осының бәрі де өсіп-өніп руру ел атанған.
Жалғыз-ақ, бәйбішенің кенжесі Кенжеғозы қыршын жас күнінде өліп қалып, атастырып қойған қалыңдығы оң жақта жесір қалған. Қайыны үйсін Қаратай батыр екен. Айдабол Қаратай батырдың қызын тоқалынан туған Тайкелтірге алып берейін деген соң, Жанғозы: «Күндесім жесірін тоқал баласына алдырмаймын,—деп,—тетелес інім Малғозының баласы Толыбайға алып беремін»,—деп барған.
Қаратай батыр:
—Құдай дескен, құйрық-бауыр жескен құдамсың. «Құданы Құдай қосады» деген, Арғындығың кетіп, аңғалдық қылып, бұл келісің қай келіс? Жасанған қолыңнан, адасқан жолыңнан қорықпаймын, жол-жобадан адаспаймын, көп жолдасыңды қайырып жібер, қосшы-қолаңмен өзің қал, бір жолата ұзатып алып қайт!—деген соң Қаратай батырдың айтқанына көніп, айдауына жүріп, жаз барған жолаушы қысқа килігіп қалып, қызын көктем шыға ұзатып алып қайтқан
Қаратай батыр түйесінің басын жетектеуге Шанышқылыдан Бүктік деген бір қызды алдырып, қызына жетім қылып қоса берген. Жолда келе жатып осы екі қыздың екеуі де босанып, ер ұл тапқан. Қаратай батырдың қызынан туған ұлдың атын олжабай қойған. Шанышқылы қызы Бүктіктен туған баланы: «бұған ат болуға осы отырған қос та жетер» деп, Қосжетер қойған.
Аман-есен елге келген соң еңбек қылып барған, жүргентұрған үйінен бізге олжа болуға олжабайың жарар деп, Бүктікті, онан туған Қосжетерді Айдабол бидің босағасына бай лап, Жанғозы әкесі Айдабол биден бата алған. Айдабол бидің то лып жатқан көп баласының өсімі-өнімі—бір төбе, Жанғозы ның өсімі-өнімі—бір төбе. «Баталы құл—арымас, батасыз құл— жарымас» деген сөз осындайдан айтылған.
Айдабол бидің Қожакелді, Тайкелтір—екі баласы құба қалмақ ханы Қалдан Серенге олжаға түсіп кетіп, қалмақ қолында қалған. «ол екі бала өлді ғой, не тірі жүрсін?!»—деп, Айдабол мұнда қалған балаларына енші үлестіргенде тоқал балаларына үлес, сыбаға қалдырмаған. «Болат пышақ қап түбінде жата ма?», Тайкелтір аман келіп, еншіден құр қалғанын білген соң жылап қоя берген. Сонда Айдабол би сасқан, ұялған.
—Мұндағыларға шөп кіндікті малды бердім, саған ет кіндікті адам қойдым. Міне, Бүктік, онан туған Қосжетер сенің еншің болсын, қарабауыр қылып ал! Менің кісілігім, бақберекем сенде қалады,—деп, батасын берген.
Сондықтан Тайкелтір, Қосжетер бір бауыр, бір ауыр боп, «Тайкелтір-Қосжетер» атанған.