Момын

Момын
Қазақтың қария сөзінде орта жүз Арғынның Ергүл есімді бәйбішесі ақылына көркі сай, оған қоса адуынды адам болыпты. Келін болып түскен соң Арғыннан Тоты есімді бір қыз, Мейрам (Мейрамсопы) есімді бұл ұл көріп, баладан тоқтап қалса керек. Содан, «Тәңірдің берейін десе, рақымы мол ғой!»—деп, біраз жыл күтеді, бірақ бала болмайды. Ақыры әрі ойланып, бері ойланып Ергүл бәйбіше: «Қой болмас, өмір өтіп барады, отағасымның бауырын суытпайын, жорық кезінде ұлы жүз Бәйдібек бидің Момын деген қызына көзі түсті дегенді естіп едім, сол қызға өзім барып құда түсейін!» деген ойға бекініп, жөн-жоралғысын сайлап жолға шығады.
Бәйдібектің ауылы орнында, Момын қыз үйінде екен. Бәйдібек би «Бастасымның бәйбішесі келді!»—деп, шат кө ңілмен қарсы алады.
Сол күні түнде Момын қыз түс көреді. Түсінде бір ақиық қыран аспаннан сорғалап келіп Момынға жеті рет түседі. Қыран бүркіт әрбір түскен сайын Момынның бауырына бір-бірден жұмыртқа пайда болып, жетіге жетеді. Сол жеті жұмыртқаны қызықтап, бауырына басып жатқанда, одан жеті балапан шығады. Жетеуі де жұтынып, көктегі қыран әкесіне қарап, қанаттарын сабалай бастағанда Момын қыз оянып кетеді.
осы түсін ерке де еркін өскен Момын қыз таңертеңгі дәм
үстінде айтып береді. Сонда Бәйдібек би: «Шырағым-ай, тү сіңнің түйіні бар екен, «Қырықтың бірі—Қыдыр» деуші еді, жоруын бастасымның бәйбішесі Ергүл айтсыншы!»—дейді.
Ергүл көктен тілегені жерден табылғандай қуанып кетеді. Сол жерде келген шаруасымен сабақтай отырып, Момын ның түсін былай жориды: «Ақиық қыран—Арғын би болар, аң сары ауса, айналып қонар. өңдеріңде танысып, түстеріңде табы сып жүрсеңдер, бір-біріңе ықыластарыңның ауғаны болар!—деп- деп келіп, жүзін Бәйдібек биге бұрып, сөзін жалғайды:
—уа, Бәйдібек би, қызыңның бауырына береке дариын деп тұр екен, бастасыңа қи, менің де ниетім қабыл болып, көңілім толып қайтсын!»—дейді.
Бәйдібек би үн-түнсіз төмен қарап отырып қалыпты. Сонда, ерке де еркін өскен Момын қыз үнсіздікті бұзып:
—Әке, Арғын ағаның қанатының астында болсам, ешкімнен қор болмаспын. Батаңызды беріп, ұямнан ұшырыңыз, мен қарсы емеспін!»—депті.
осылайша, Арғын би Момынға үйленеді. Момын қыздың түсінде көргені өңінде келіп, Арғыннан жеті ұл көреді. ол жетеуі өсіп-өніп, өркен жайып, орта жүз Арғын ішіндегі «Жеті Момын» деп аталатын іргелі руларға айналады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *