Бұқа, Күбір аталары
«Бәсентин ішінде Бұқа-Күбір» дейді. Бұқа-Күбір кім (нің) баласы десең, әкесінің атын жан білмейді. Көзімен көріп, қолынан туғызып алған ешкім жоқ. Айтушылардың айтуы— бұрынғы заманда Бұхар, Қоқан хандарының біреуінікі, Татарбай деген құл екен. Тамақ араластырушы болған деседі. Қазынаға қиянаты білінген соң, «елге, жұртқа жолама» деп қуып жіберген екен. Елсізде жүріп, жігітке саяқ бір қатын кез болып, екеуі қосылып, ерлі-байлы болып жүргенде буаз болып, бірінің аты—Бұқа, бірінің аты—Күбір қойылыпты.
Екеуі ержеткен кезде бір қоңыр бұқалары болып, жалғыз қаңғып кете беріп, сонда бір тауды жатақ қылып, сол таудың аты «Қоңыр бұқа» деп аталып қалған дейді. Басқа сиыр жоқ, өзі жалғыз бұқа болған соң, бір кесу білетұғын жан кез болған соң кестірсе, бұқаның ені жалғыз-ақ екен. Соны «мен пісіріп жеймін!» деп екі бала өзді-өзі таласып, төбелесіп, бірін-бірі көргісіз болып, бірі ойға қашыпты, бірі қырға қашыпты. Бұқа қырға қаңғырып шығып кетіпті. Күбір Сырға кетіпті. Сонда Бұқаға жолдан бір қатын килігіп, ерлі-байлы болысып келе жатқанда, жұртта қалған бір қара күшік еріп жолдас болып, Сарыарқаға келіп Маңдай, Бәйімбеттің дүрілдеп, дәуірлеп тұрған күнінде елге келіп, үйір-шүйір болуға беттей алмай, қамыстан шайла жасап алып, жата беріпті.
Қара төбет түн болса алыс жердегі ауылдан майды қары нымен, ірімшік, құртты боқшамасымен тасып, бұларды ассудан тарықтырмайды. Бір күндерде Маңдай, Бәйімбет біліп:
—Сендер бүйтіп елсіз, күнсізде жатпаңдар, елге келіңдер, асқа барамыз, бізден ат мініп, сол асқа жүр!—деп, Бұқаны ерте жөнеліпті.
Сонда Бәйімбет, Маңдай мұны қайсымыз қарабауыр қылып аламыз десіп, «екеуіміз екі бөлек түсейік, бұл өзі атын қайсымыздың атымыздың мойнына байлар екен, сол байлау болсын!» депті. Сонда атын Маңдайдың атының мойнына байлаған екен де, Маңдай алған екен.
Бұқадан: Майемер, Тауасар. Бұлардың түпсіз, тексіз екендігі мынадай жұмыстан білінеді: Тауасар өлгенде үш күн жаназасыз жатыпты.
—Кім болса, ол болсын, «мен жаназа білемін» деп біреу жаназа оқыпты. Сонда жаназаға айтқан дуасы: «Мұның тегі Бұқа-ды, Бұқа шабы жұқа-ды. өзің, өзің, өзіңе, өзіңдікі көзіңе. Бер, Тауасар, бер,
Жаназаңды кеше оқығанмын»,—
депті. «Тауасар жаназасы» деген Бәсентин ортасында күңкіл болған. Мұнан да әдемілеп айтушылар бар еді, олар өліп қалды.