Өсімдіктерде түзілетін және емдік препараттар

Өсімдіктерде түзілетін және емдік препараттар ретінде қолданылатын бұл заттардың ерекшеліктері өсімдіктерден алынатын дәрілік препараттардың екінші артықшылығы болып табылады. Жануарлардың дамуы мен эволюциясы өсімдіктердің эволюциясымен тығыз байланысты. Жануарлар өсімдіктер сияқты өз денелерін бейорганикалық заттардан түзе алмағандықтан, органикалық заттармен (өсімдіктер, басқа жануарлар) қоректенеді. Сәйкесінше, жануарлар миллиондаған жылдар бойы өсімдіктермен қоректенуге және олардан өз денелерін түзуге бейімделді. Өсімдіктер мен жануарлардың арасындағы дәл осы тікелей қоректік байланыс өсімдіктердің химиялық құрамы және жануарлар мен адамдардың барлық мүшелерінің қалыпты жұмысы арасындағы тығыз байланыстың себебі болып табылады.

Болашақтың фармацевтикалық химиясының жағдайы қандай болатының болжау өте қиын, алайда, қазіргі күні ол тірі табиғатпен салыстырғанда тиімсіз жұмыс жасауда. Егер тірі клеткада ең қиын процестер айтарлықтай жоғары емес температурада, сирек 25-30 С-та қалыпты қысымда, көп энергия жұмсамай жүрсе, зертханадағы синтетикалық процестер өте күрделі аппараттарда жоғары температура мен қысымда, көп энергия жұмсап жүзеге асады. Көп жағдайда синтездеу үшін материал ретінде сүрек, тас көмір мен мұнай алынады. Ал өсімдіктер болса органикалық заттарды су, СО мен топырақтағы минералды заттар сияқты қарапайым заттардан түзеді.

Қазақстанның өсімдік әлемі әр түрлі пайдалы өсімдіктерге бай, оның ішінде дәрілік өсімдіктердің алатын орны ерекше. Дәрілік препараттардың 40 пайызынан астамы дәрілік өсімдіктерден жасалған. Шөптерден жасалынған препараттардың химиялық құрамы адамға улы әсерінің аздығымен және көп мөлшерде пайдалануға болатын қасиетімен ерекшеленеді.

Дәрілік өсімдіктердің шипалы қасиеттері ерте заманнан (Египет, Үндістан, Қытай, Греция) белгілі. Дәрілік шөптер әлемі әлі де болса толық зерттелген жоқ. Бұл жағынан келгенде Қазақстан құпиясы мол шипалы қойма іспеттес. Мысалы Оңтүстік Қазақстанның әр түрлі дәрілік шөптерге бай өсімдік әлемінде 3000-дай түрлі шөптер өседі, солардың ішінде көп мөлшерде дәрілік өсімдіктер бар. Қазақстанда бірқатар эндемикалық өсімдіктер бар. Бұларға дала жусаны, сүйекті аққурай, және т.б. жатады.

Басқада дәрілік шөптер: мысалы итошаған, мыңжапырақ, түйме шетен, ермен, дәрмене, қалақай, өгейшөп, левзея, бақ-бақ, шай шөп, рауғаш, қызылтаспа, жанаргүл, жұмыршақ, долана, есек мия, ақ мия, дәрілік жоңышқа, киікот, тасшөп, т.б. жатады.

Медицина саласының жетістіктері көбінесе дәрілік өсімдіктерге байланысты. Дәрілік өсімдіктер бұрынғы кездері де адамға өте пайдалы болған және солай болып қалады. Кейінгі кездерде дәрілік өсімдіктерге деген талаптар біршама өсті. Дәрілік өсімдіктер адам ағзасына зиянын тигізбейді, оларды үй жағдайында да адам өзі дайындап қабылдай беруіне болады. Дәрілік өсімдіктерге деген сұраныс Орта Азияда 1970-1980 жылдарда 250 пайызға өсті, оларды дайындау мүмкіншілігі – 75 пайыз, соған қарағанда дәрілік шөптердің жиналуы әлі де болса қалыпты мөлшерде емес. Қазіргі кезде ғалымдар дәрілік шөпке барынша ден қойып, әр шөптің ағзаға қаншалықты пайдалы екенін кеңінен дәлелдеуде. Бұл жөнінде айтарлықтай табысқа жетуде. Осындай пайдалы өсімдіктерді тексере келе дәрілік өсімдіктерді мәдени түрде көбейтуге көңіл аударылуда.

Бұл жерлерде және басқа жақтан әкелінетін жылылық сүйетін дәрілік өсімдіктерді біздің ТМД елдері жағдайына бейімдеп өсіріп, жетілдіруге жағдай туғызылуда. Олардың қатарына: Solanum laciniatum Forst., Cassia abovata Del., Althaea officinalis L., Calendula officinalis L., Rutae graveolentis L., Tanacetum vulgare L., Hyssopus ambiguous (Trautv.) Ilgin, Valeriana officinalis L., Salvia sclarea., Foeniculum vulgare Mill., Aerva lanata (L.) Guss. және т.б. жатады.

Адам денсаулығын қорғау, ауруларға медициналық көмек көрсету денсаулықты қорғаудың басты мәселесі болып табылады. Жыл сайын қолданылатын дәрілік өсімдіктер саны өсуде. Олардың ішінде қазіргі уақытта онкологиялық емдеуге, қан тамыры ауруларына, туберкулез, қант диабетіне қолданылатын дәрілік өсімдіктерге көп көңіл аударылуда.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *