Қаржас
(ІІ нұсқа)
Жасы егде тартқан кезінде Мейрамсопы бір себеппен оңтүстікке сапармен барып, қыс ерте түсіп кетіп, елге қайта алмайды. ондағы ел жақсылары Арғын ағаның баласы Мейрамсопы тізесін құшақтап, қалай жатады деп, қойнын жылытуға бір жас қыз әкеліп салады. Көктем келген кезде, Мейрамсопы еліне қайтпақ болады. Қыстай тізесін жылытып жатқан қызға: «Біраз уақыт ашына болдық. Бір кәрі мен бір жастың арасы нан дүниеге келген нәресте, екеуіміздің белгіміз болсын. ұл тусаң, есімін Кәріжас қой, ал қыз туса, онда өзің біл!»—дейді.
Сопы аттанып кеткеннен кейін әлгі қыз ұл туады, атын Кәріжас қояды. ол ер жетіп, ат арқасына ер салуға жарағанда, шешесі:
—Балам орта жүзде Мейрамсопы деген бабаң бар. ол—ел адамы, рубасы, тірі болса, сол атаңа барып сәлем беріп кел!
өлсе, басына зиярат етіп қайтарсың»,—деп, батасын береді.
Кәріжас жолға аттанып, үлкен жиынға кез болады.
—Мұнда не болып жатыр?»—деп сұрайды.
Есік алдында күзетте тұрғандар бала кеудесінен итеріп:
—өндіршектемей әрі жүр! Мейрамсопы ел жақсыларымен келелі мәселе шешіп, мәжіліс құрып отыр,—дейді.
Бала бабасының есімін естісімен есіктегі екі жігітті итеріп тастап, есікті айқара ашып, жетіп келеді. Жаздың күні түндігі шалқая ашылған, етегі түрілген ақ киіз үйдің қақ ортасында қапсағай денелі, оқалы шапанды ақсақал сол кезде басын көтеріп, жалт қарап:
—Атың кім, қарағым?—депті.
—Атым Кәріжас, ата, сізді іздеп, шешем айтқан тапсырмасын орындап сәлем берейін деп келдім,—дейді.
Сонда Мейрамсопы:
—Келші бермен. Енші менің қолтығыма!—деп шапанның оң жақ етегін аша берген екен. Кейін ел оны Кәріжас демей, «Қаржас» деп атап кеткен.