Айдаболдың Қошетерді Тайкелтірге еншілес қылуы
Кенжеқозы жастай өліп, қайны ұлы жүз Қаратай батыр екен, қалыңдығы оң жақта қалған. Айдабол би: «Тайкелтірге қосамын!»—деген соң, Жанқозы онысына көнбей: «Көттесімнің жесірін тоқал [дың] баласына бермеймін!»—деп, тетелес інісі Малқозының баласы Толыбайға алып беріп: олжабай, Құлжабай, орман, рысқұл (ырысқұл)—төрт бала туған.
Батыр олжабай—үйсін Қаратай батырдың жиені. Шешесін қыс ішінде ұзатып келе жатқанда, босанғаннан: «осы жолдың олжасы болды ғой!»—деп, атын олжабай қойғаны сол екен. Қаратай батыр Шанышқылы Қошетер деген елден қызына қызметкер қылып бір күң қосады. ол қыз да жолда босанып: «Бұған ат болуға қостың аты да жетер» деп, атын «Қосжетер» қойғаннан «Қошетер» атанып кеткен. Айдабол би Тайкелтірге еншілес қылып берген. Сонан Тайкелтір, Қошетер әуелден ыңғайлас, қоныстас, сыбайластығы—сол.