Түрiк қағанатының егемендiгi мен халықаралық құқық субъектiлiгi. Түрiктер өздерiнiң мемлекетiнiң пайда болуын халықаралық құқық саласындағы ерекше субъектi ретiнде пайда болуымен байланыстырады. 545 жылы Бумын ордасының орталығына Батыс Бэй империясынан Қытай елшiлiгi келгенде, ордалықтар бiр-бiрiн құттықтап өздерiне ұлы державаның өкiлi келгенiн айта отырып, болашақта бiздiң мемлекеттiң атағы жер жарады деп мақтанған. Шындығында да қаған лауазымы Қытай және Византиядағы императорлық лауазымнан кем емес болатын. Мұндай лауазымды өз мемлекетiн басқарған ғана емес, сонымен бiрге өзге мемлекеттердегi этностарды билеп төстеген адам ғана иеленетiн. Сөйтiп Қазақстан территориясындағы қаған лауазымы ашин династиясынан кейiн Түргеш қағанаты, қарлұқ қағанаттарымен алмастырылды. Соңғы қарлұқтар, IХ ғасырдың ортасына дейiн ұйғыр қағанатына тәуелдiлiгiне байланысты қаған атанбады. Өйткенi ол егемендiк пен халықаралық құқық субъектiлiгiне ие емес болатын. Жалпы түрiк және Батыс-Түрiк қағанатында дипломатиялық қызметтерге ерекше көңiл бөлiндi. Оның айғағы — олардың Қытай мемлекетiменен елшiлiк және дипломатиялық хаттар арқылы байланысып тұруы, сондай-ақ Иран мен Византия империясымен де байланыста болуы. Мысалы, Византиядағы — Маниах, Қытайдағы — Мохо-шат және т.б. елшiлерi аттарының белгiлiлiгi. Сонымен қатар Түрiк қағанатында Византияның Валентин және Земарх елшiлерiнiң болуы жоғарыдағы келтiрiлген мысалдарымызды растай түседi.
Түрiк қағанаты халықаралық саясатқа белсендi араласып, ондағы әскери-саяси одақтар мен блоктар жүйесiне кiруi де оның әлемдегi алатын орнын айқындайды. VII ғасырдың 20-жылдарында екi коалицияға бөлiнiп Ұлы Жiбек жолына қадағалау жүргiзуге тырысулар және қырғи қабақ соғыс жағдайында бiр жағында Батыс Түрiк қағанаты, Қытай мен Византия, ал екiншi жағында Шығыс Түрiк қағанаты, Иран және Авар қағанатының болуы сөзiмiздi дәлелдей түседi. Түргеш (704-756) және қарлұқ (756-940) династиясының билiгi кезеңiндегi Түрiк мемлекетiнiң әлсiреуi, түрiктердiң дипломатиялық белсендiлiгi мен дипломатиялық байланысының қысқаруына әкеп соқты. Батыс Түрiк қағанаты өз егемендiгiн жоғалтып, нәтижесiнде қарлұқ династиясының қайта қолға алуыменен мемлекеттiң тәуелсiздiгi сақталып қалды.