Қазақстан Республикасының мемлекет және құқық тарихының әдiстерi және оның негізгі кезеңдері
Қазақстан Респібликасының мемлекет және құқық тарихы құқықтық жүйесінде ерекше орны бар, еліміздің өткен күндеріндегі мемлекеттік – құқықтық дамуын және оның қалыптасуының ортақ заңдылықтарын ашып беруге қабілетті ғылым бағыты болып табылады. Қазақстан Республикасының мемлекет және құқық тарихының алдына қойған мақсаттарына сәйкес өзіндік таным жүйесі бар. Қазақстан Республикасының мемлекет және құқық тарихы Қазақстан территориясындағы мемлекеттер мен құқықтық жүйелерді ерекше кезеңдерге бөліп, топтасытра қарастырады.
Қазақстан Республикасының мемлекет және құқық тарихы. Қазақстан Республикасының мемлекет және құқық тарихы — тарихи және құқықтық ғылым. Қазақстан Республикасының мемлекет және құқық тарихы Қазақстан территориясындағы мемлекет пен құқықтық жүйенiң пайда болуын, дамуын әрбiр тарихи кезеңге сәйкес қоғамдағы мемлекет пен құқықтың орны мен ролiн тарих ғылымының жалпы заңдылықтарын басшылыққа ала отырып, хронологиялық реттiлiкпен құқықтық жүйеге сай зерттейдi Қазақстан Республикасы мемлекет және құқық тарихы мемлекет және құқық теориясы, мемлекет пен құқықтың жалпы тарихы, тарих, саясаттану, әлеуметтану, Қазақстан Республикасының Конституциялық құқығы тағы басқа салалық заң ғылымдарымен тығыз байланысты. Жалпы, Қазақстан Республикасының мемлекет және құқық тарихының салалық заң ғылымдарынан ерекшелiгi — ол мемлекеттiк құқықтық құбылыстарды бiртұтас және бiр-бiрiмен тығыз байланысты әрi бiр-бiрiне тәуелдi пән ретiнде қарастырады. Бұл пән сонымен бiрге Қазақстан халқының пайда болуының ежелгi дәуiрiнен бастап қазiргi кезеңiне дейiн, сондай-ақ мемлекеттiк және құқықтық феномендердi уақыттық жағынан қарап қана қоймай, кеңiстiк жағынан да зерттейдi. Оның уақытылығы — мемлекеттiң пайда болуы мен бүгiнгi мемлекеттiк және құқықтық жүйесiнiң жай-күйi болса, кеңiстiгi Қазақстан Республикасының сол тарихи уақыттағы қазiргi мекендеген территориясы.
Жалпы айтқанда, Қазақстан Республикасының мемлекет және құқық тарихы пән ретiнде елiмiздiң территориясын қоныстанған халықтар мәдениетiн, заңды тұрмыс-салтын және оның құқықтық құндылықтарын зерттейдi. Әдетте мемлекет тайпа қоныстанған территорияның бiрлестiгi мен тұтастығы негiзiнде пайда болады. Құқық — солардың әдет-ғұрпынан құралады. Мiне, осынау жайлар мемлекеттiк құқықтық даму процесiн зерттеуге негiз және бастау болады. Содан кейiн мемлекеттiк және құқықтық құрылымдағы заңды феномендерге дейiнгi құндылықтар мен iс жүзiнде қолданылатын (қолданбалы) заңды археология және тарихи құқықтану пәндерi айналысады. Тарихтан белгiлi — құқық өзiнiң жаратылысына қарай мемлекетке қарағанда әлдеқайда көне. Оның алғашқы қауымдық құрылыстың кезiнде-ақ өзiндiк институты болды. Ең қарапайым қоғам өзiнiң iшкi және сыртқы саясатын кәдiмгi қалыпты тұрмыс-тiршiлiк арқылы қалыптастырып отырғандығы да соны айғақтайды. Кез келген адамдар бiрлестiгi ең алдымен олардың шаруашылық жағын реттеу арқылы жүргiзiлiп, өзiн қоршаған ортамен табиғаттың қатал жағдайларымен күрестерi арқылы қалыптасады.Сондықтан да құқықтың пайда болуы мемлекетке қарағанда ерте саналып, алғаш дамуының да сыры сонда. Тұтастай алғанда Қазан төңкерiсiне дейiнгi Қазақстанның саяси-құқықтық тарихы бүгiнгi күнге дейiн аз зерттелген пән болып қала бередi. Тарихи әдiлдiктi қалпына келтiру үшiн бiр кездегi патшалық Ресейдiң отарлау саясаты мен оның қазақ халқына деген көзқарасы, әрi оның хандық жүйеде дамыған мемлекеттiлiгiне жасаған қиянаты бүгiнгi қазақ халқының саяси тәуелсiздiгiне сәйкес зерттелiп-зерделенуi керек. Кеңес мемлекетiнiң тоталитарлық жүйедегi жүргiзген саяси идеологиясы қазақ тарихшыларына Қазақстан тарихын терең зерттеуге мүмкiндiк бермей, ғалымдарға тосқауылдар қойды. Қазақстан Республикасының саяси егемендiк алуы ғана қазақ халқының өткенi мен оның мемлекет және құқық тарихын шынайы да шыншыл пән ретiнде оқытуға жол ашты.
Құқық алдымен материалдық объектiлерден басталады. Мысалы, алғашқы қауымдық құрылыстың өзiнде-ақ адамдардың құқықтық тұрғыда жеке меншiк мүлiктерi болған. Аңшының өз меншiгi ретiнде қару-жарағы болса, ал әйелдiң үйге деген құқығы болған. Кез келген қоғамдағы экономика мен қоғамдық қарым-қатынастардың дамуы жеке адам құқығына байланысты өрбiп, одан әрi мемлекеттiк дәрежеге дейiн көтерiледi. Оның арасында отбасылық құқықтың да орны ерекше. Мiне, осының бәрi мемлекет және құқық тарихы пәнiнiң негiзгi зерттеу объектiлерi болып табылады.
Кеңестiк кезеңдегi үзiп-жарып, не бұрмаланып оқытылған Қазақстан Республикасының мемлекет және құқық тарихы пәнi бүгiнде бiр жүйеге түсiрiлiп, елiмiздiң шынайы түрде тұтас қамтылған тарихы ретiнде оқытылуы тиiс. Аталған ғылым саласының алдында тұрған тағы бiр басты мәселесi, әрi негiзгi мiндетi бiздiң елiмiздiң мемлекет және құқық тарихын бұрмалаушыларды әшкерелеу. Қазақстан Республикасының мемлекет және құқық тарихы заңды бiлiм жүйесiнде өзiндiк орны бар пән. Бүгiнгi пайда болып жатқан мемлекеттiк-құқықтық құбылыстарды түсiну үшiн алдымен мемлекет және құқық тарихының қалай, қайда, неден құралғанын, қандай негiзде жасалғанын бiлген жөн. Сонымен, Қазақстан Республикасының мемлекет және құқық тарихы пәнi болып саналатындар:
— мемлекеттiк-құқықтық жүйенiң пайда болу және даму процесi, әртүрлi тарихи кезеңдегi қоғам өмiрiндегi мемлекет пен құқықтың алатын орны мен рөлi;
— мемлекеттiк-құқықтық жүйе элементтерiнiң мазмұны мен формаларындағы ерекшелiктер, өндiрiстiң көшпелi тәсiлiнiң ерекшелiгiндегi шарттылықтар. Мiне, осы тұста анықтап алатын бiр жай, ол мемлекеттiк-құқықтық жүйе түсiнiгiн анықтау. Өйткенi ол дәстүрлi мемлекет және құқық ретiнде өзге институттармен тығыз қарым-қатынаста болғанына қарамай жеке қаралады. Сонымен бiрге, олар бiр-бiрiнсiз өмiр сүре алмайтын тұтастықты құрайды. Мемлекет тiкелей немесе жанама түрде құқықтық нормаларды белгiлейдi және реттейдi, оған рұқсат бередi. Сондай-ақ бұл заңдылықтар бұзылған кезде нақты шаралар қолдану арқылы оларды қорғайды, ал құқық болса мемлекетке конституциялық немесе басқа нормалармен ықпал етедi де қоғамдағы саяси қатынастарды реттейдi.
Қазақстан Республикасының мемлекет және құқық тарихының әдiстерi. Қазақстан Республикасының мемлекет және құқық тарихын оқыту барысында қоғам тарихының дамуы және қоғамдық-экономикалық формацияның заңды түрде алмасуының негiздерiне мән беру керек. Өндiргiш күш пен өндiрiстiк тәсiл қоғамдық дамуды анықтаудың басты айқындаушы негiзi болады. Бұл тұста бiздiң сүйенерiмiз — экономикалық тiрек (базис) пен қоғамдық қондырма (надстройка) туралы баяндап және олардың бiр-бiрiне жасайтын ықпалына назар аударып, таптық күрес пен мемлекет және құқықтың дамуындағы, әлеуметтiк революция, көпшiлiк халықтың рөлiне көңiл бөлу.
Бiздiң елiмiзде мемлекет және құқық бүкiл әлемдегi адамзат қоғамының дамуы секiлдi заңдылықтармен пайда болып, дамыды және дами бередi де. Мемлекет және құқық тарихының пайда болуы мен дамуы қоғамның өндiргiш күшi мен өндiрiстiк қатынастарының бiр-бiрiне қарама-қайшы (антагонистiк) таптар күресiнiң өрiс алуына байланысты болды. Алғашқы қауымдық және әлеуметтiк топ арасындағы қарым-қатынасты реттеу немесе жүйелеу белгiлi бiр мемлекет құру керектiгiне итермелейдi. Бiздiң заманымызға дейiнгi I мың жылдықта Қазақстан территориясын Андронов және Дәндiбай-Беғазы мәдениетi мен өркениетi деген атпен енген тайпа қоныстанған. Олар кейiн грек тарихшыларының жазып қалдыруынша “скифтер” де, ал парсы мәлiметтерi бойынша “сақтар” деген атаумен аталып, кейiн әртүрлi тарихи қоғамдық жағдайларға қарап өзгерiп кете берген.
Сондықтан да Қазақстан Республикасының мемлекет және құқық тарихы пәнiнiң өзiндiк зерттеу әдiстемелерi бар. Ол республика, мемлекет және құқық тарихының қалай дамып, қандай жолдармен өрiстегенiн және оның мәдени-өркениеттiк даму процестерiн айқындайды. Кез келген әдiске баратын жолмен бiрге оның мақсат-мүдделерiн шешетiн принциптерi болады. Сондықтан да мемлекет және құқық тарихын оқып, зерттеп-зерделеу үшiн оны төмендегiдей әдiстерге бөлуiмiз керек. Бiрiншi, жалпы философиялық әдiстеме. Оған диалектикалық және метафизикалық әдiстемелер жатады. Екiншi, жалпы ғылыми әдiстемелер. Оған мемлекет және құқық тарихын уақыт пен кеңiстiк тұрғысынан зерттеумен бiрге iс-әрекеттiң және құбылыстың iшкi-сыртқы қасиеттерiн ашатын логикалық әдiстемелер жатады. Мұнымен бiрге жалпы ғылымдық әдiстемеге жүйелiк тәсiлмен де келуiмiз керек. Үшiншi, арнаулы әдiстемелер. Оған арнаулы-тарихи және арнаулы-құқықтық әдiстемелермен бiрге тарихи-генетикалық әдiстемелер жатады. Тарихи-жүйелi зерттеп-зерделеуден кейiнгi қол жеткiзетiн бiрден-бiр әдiстеме — ол тарихи-салыстырмалы әдiстеме. Тарихи-салыстырмалы әдiстеме — ежелгi Қазақстан территориясын қоныстанған халықтардың мемлекет және құқық тарихының даму заңдылықтарын, сонымен бiрге өзге территорияларды қоныстанған халықтардың және олардың қай дәуiрлерде өмiр сүргенiн салыстырмалы түрде анықтауға мүмкiндiк бередi. Әдiстемелiк курстың басты шарты — мемлекет және құқық дамуының бiр-бiрiмен сабақтастығының тарихилығында. Барлық мемлекет және құқықтық құбылыстар алдыңғылардан, яғни өткеннен өрiп бастау алады да, болашақта болатын жағдайларға алмастырыла өзгерiп (трансформацияланып) отырады. Мұндай құбылыстарды “уақыт үндестiгi” бiр тарихи негiзде қарастыруға ықпал етедi. Дамудың бiрнеше жолы бар, мысалы ол баяу да бiр қалыпты (эволюциялық) немесе бiр қалыпты емес секiрмелi (революция) түрде, тiптi болмаса бiр кездегi ұмытылған институттар ретiнде қайта оралуы мүмкiн (толық немесе бiрен-саран күйде), болмаған жағдайда олар үзiлiп немесе одан ары дамуын тоқтатуы да ғажап емес.
Төртiншi, нақты-проблемалық немесе жеке әдiстемелер — ол өзiнiң аты көрсетiп тұрғандай iс-әрекеттердiң барысын, сипатын нақты оқып үйретуге бағытталады. Объектiнi оқып-зерттеу барысында қолданылатын әртүрлi әдiстердiң жиынтығы тарихи-құқықтық ғылымның әдiстемесiн құрайды.
Заңды тұрмыс-тiршiлiк — әр түрлi әдет-ғұрып, рәсiм, салт-жора, iс-әрекет, тәртiп пен тәлiм арқылы қалыптасып, солардың көмегiмен құқықтық қызмет ретiнде жүзеге асады. Ал адамдардың iс-әрекеттерi олардың әдiлеттi немесе әдiлетсiздiк, заңды не заңсыздық деген ұғымдарды қалай қабылдап, қалай түсiнуi арқылы айқындалады. Құқықтың негiзгi көзi — сот тәжiрибесiнен өсiп-өнсе, оның бастауы — әдет-ғұрып, яғни дәстүр. Сондықтан Қазақстан Республикасының мемлекет және құқық тарихы курсын кезеңдестiру бiрнеше себеп-шартпен (фактор) белгiленедi. Оның басты негiзi — қоғамдық әлеуметтiк-экономикалық дамудың құрылысы мен тәртiбi (экономикалық, техникалық дамуы, меншiк түрi) және мемлекеттiң дамуына байланысты. Бұл тұста ерекше атап өтетiн жағдай, құқықтанушы мен заңгерлер үшiн қажеттiсi тарихтағы мемлекеттiк-құқықтық түрлер (формалар) және фактiлер мен құбылыстар.
Қазақстан Республикасының мемлекет және құқық тарихының зерттелуі мен оның негізгі кезеңдері. Жалпы, Қазақстан Республикасының мемлекет және құқық тарихын зерттеу ХVIII ғасырдан берi жүргiзiлiп келедi. Қазақ хандығының мемлекеттiк құрылымы және алғашқы мемлекеттiң сипаттамасы Еуропа, оның iшiнде әсiресе орыс ғалымдарын қатты қызықтырды. Оларды бiз А.Тевкелев, Т.Рычков, И.Г.Георги, П.С. Паллас, И.П.Фальк, А.Левшин еңбектерiнен анық байқаймыз. Олардың әрқайсысы Қазақстан Республикасының мемлекет және құқық тарихының өткенiне әртүрлi көзқарастар бiлдiредi. Мысалы, П.Рычков қазақтардың мемлекеттiк құрылымын нағыз “демократиялық” деумен бiрге “оларда ешқандай да құқықтық нормалар және құқықтық талас-тартыстарды шешетiн соттар болған жоқ” дейдi. Ал, А.Левшин болса қазақ хандығының мемлекеттiгi және құқығы тарихын зерттей келе, ол оның ХVIII ғасырдың аяғы ХIХ ғасырдың басындағы даму кезеңдерiне кеңiнен тоқталады.
Сондықтан да, Қазақстан Республикасының мемлекет және құқық тарихын төмендегiдей кезеңдерге бөлуге болады. Ол бiзге мемлекеттiк-құқықтық жүйенiң даму процесiн жүйелi түрде жан-жақты оқуға мүмкiндiк ашады.
1. Қазақстан территориясында мемлекет және құқықтың пайда болу кезеңi.
2. Қазақстан көшпендiлерiнiң мемлекеттiк-құқықтық жүйесiнiң өркендеу кезеңi.
3. Қазақстан көшпендiлерiнiң мемлекеттiк-құқықтық жүйесiнiң жойылуы мен дағдарысқа ұшырау кезеңi.
4. Қазақстанның Ресей және КСРО құрамында конституциялық даму кезеңi.
5. Тәуелсiз Қазақстанның мемлекеттiк-құқықтық жүйесiнiң қалыптасу кезеңi.
Әрбiр дәуiр бiрнеше кезеңге бөлiнiп, олар өзара iшкi логикалар арқылы үндесе жалғасып жатады. Бiрiншi дәуiр мемлекеттiң пайда болу себептерiнен басталады. Өйткенi өндiретiн шаруашылық түрi пайда болып, қоғам әлеуметтiк жiкке бөлiнедi. Бұл процесс Қазақстанда бiздiң эрамызға дейiнгi III мың жылдықта басталған. Оның бiрiншi кезеңiн мемлекеттiң пайда болуына дейiнгi жағдай деуге болады. Ол уақытта билiктiң жариялылық түрi қалыптасып, мемлекеттiк құқықтық жүйенiң тағы да басқа элементтерi құқықтық нысанда пайда бола бастаған едi. Бiздiң эрамызға дейiнгi IХ-VIII ғасырлар аралығында Қазақстан территориясында көшпелi мал шаруашылығы мен өндiргiш күштердiң дамуына байланысты, ондағы мемлекет пен құқықтың даму процесi де жаңа кезеңге көшедi. Ол алғашқы мемлекеттiң негiзi болып саналады. Бұл процесс бiздiң эрамызға дейiнгi III ғасырға дейiн созылды. Содан кейiн-ақ Қазақстанды жайлаған көшпендiлер тыныс-тiршiлiгiнде мемлекеттiлiк қалыптасып, оның мемлекеттiк-құқықтық жүйесi жаңа өркендеу кезеңiн бастайды. Ол төрт кезеңге бөлiнедi. Алғашқы үшеуi еуразиялық ғұн, түрiк, Моңғол-қыпшақ (Ұлы ұлыс) империясы тарихының дамып құлдырауы мен күйреуi кезеңiн анықтайды. Бiрiншi көшпелi ғұн империясы кезеңi бiздiң эрамызға дейiнгi III ғасырдан бастап V ғасыр аралығындағы уақытты қамтиды. Екiншi кезең VI ғасырдан бастап көшпелi түрiк империясының Түрiк-ашин iрi мемлекетiн құрайды да, оның құлдырауына дейiнгi аралықты айқындайды. Содан кейiн қарлұқ, Қарахан, қыпшақ, керей, найман мемлекеттерi құрылып, олар өздерiнiң тыныс-тiршiлiгiнде түркi дәстүрiн сақтайды. Үшiншi кезең болса ХIII ғасырдан бастап Моңғол-қыпшақ көшпелi империясы деп аталады. Оның негiзi — моңғол империясының Шыңғыс хан жасаған “Ұлы ясасы”. Аталған мемлекеттiк-құқықтық жүйе Еуразия даласында ХVI ғасырдың аяғына дейiн билiк құрды. Моңғол империясы тарихы әдеттегiдей өркендеу, құлдырау және күйреу кезеңiнен тұрады. Ол кейiн Сiбiр, Маңғыт және Қазақ мемлекеттiлiгiн өмiрге келтiрдi. Ал соңғы төртiншi кезең ХV ғасырдан бастап ХVIII ғасыр басы аралығындағы тұтас қазақ хандығын өмiрге әкелдi. Алғашқы қазақ хандығында қалыпты құқық пен мемлекеттiлiк қалыптастырылады, ол хан билiгi сайлауы мен автономиялық әкiмшiлiк бiрлiгiн құрайды.
ХVIII ғасырдың басында тұтас қазақ хандығы ыдырап, Қазақстандағы көшпелiлердiң мемлекеттiк құқықтық жүйесi дағдарысқа түсiп, келе-келе жойылу кезеңi басталды. Оны үш кезеңге бөлуге болады:
— протекторат кезеңi. ХVIII-ХIХ ғасыр басы;
— Ресей боданындағы әкiмшiлiк-құқықтық жүйенiң пайда болу кезеңi (ХIХ ғасырдың 20-шы-60-шы жылдары);
— Ресей боданындағы әкiмшiлiк-құқықтық жүйенiң беку кезеңi (ХIХ ғасырдың 60 жылдары — 1917 жыл).
Бiрiншi кезеңде қазақ мемлекеттiк-құқықтық жүйесi сақталғанымен Қазақ хандығы тәуелсiздiгi мейлiнше шектеледi. Екiншi кезеңде Қазақстанның әкiмшiлiк-құқықтық жүйесiндегi реформа үнемi қайта жүргiзiлiп отырғанымен де ол қазақ хандығының тәуелсiздiгiнiң шектеле түсуiмен тығыз байланысты болды да, кейiн келе-келе Ресей империясының құрамына ену арқылы, оның заңды боданы ретiнде жойыла бастады. Сөйтiп бүкiл үшiншi кезең барысында Қазақстан территориясы Ресей заңдылығындағы тәртiпке бағынатын бодандықта болды.
1917 жылғы ақпан төңкерiсiнен кейiн Қазақстанның мемлекет және құқық тарихында жаңа кезең басталды. Ол Ресей және КСРО құрамындағы Конституциялық даму кезеңiмен байланыстырылады. Қазақстан конституциялық жағынан бiртiндеп кеңейе түскенмен де, республика бодан күйiнде қала берген едi. Ол төмендегiдей кезеңге бөлiнедi:
— Конституциялық дамудың таңдау-балама түрiнiң өмiр сүру кезеңi (1917 жылдың ақпаны мен 1920 жылдар).
— Қазақстанның РСФСР құрамында Конституциялық даму кезеңi (1920-1937 жылдар);
— Қазақстанның КСРО құрамында Конституциялық даму кезеңi (1937-1991 жылдар).
Бiрiншi кезеңде қазақ мемлекеттiлiгiн бiрнеше модель түрiнде конституциялық дамудың жоспары мен болашағы қаралып-қалыптастырылмақшы болса (Алаш, кеңестiк автономия т.б.), ал екiншi кезеңде конституциялық дамудың бiр-ақ түрi белең алды. Ол Қазақстанды заңды тұрғыдан шектеу, яғни оның автономиялығын формалды түрде жай жариялау едi. Үшiншi кезеңде Қазақстан КСРО құрамынан шыға алатын құқыққа ие егемен мемлекет болып саналады. Сөйтiп 1991 жыл Қазақстан үшiн жаңа саяси және құқықтық дамудың негiзiн қалап, ол сол жылы шын мәнiндегi тәуелсiз мемлекет болып есептелдi.
Сөйтiп, Қазақстан Республикасының мемлекет және құқық тарихын төмендегiдей кезеңдестiруге болады.
1. Қазақстан территориясында мемлекет және құқықтың пайда болу кезеңi (бiздiң заманымызға дейiнгi III мың жылдық — бiздiң заманымызға дейiнгi III ғасыр);
1.1. мемлекет құрылғанға дейiнгi кезең (бiздiң заманымызға дейiнгi III мыңжылдық — бiздiң заманымызға дейiнгi IХ ғасыр);
1.2. алғашқы мемлекеттiк кезең (бiздiң заманымызға дейiнгi VIII-III ғасырлар).
2. Қазақстан көшпендiлерiнiң мемлекеттiк-құқықтық жүйесiнiң даму кезеңi (бiздiң заманымызға дейiнгi III ғасыр — бiздiң заманымыздаға ХVIII ғасырдың басы);
2.1. ғұндардың көшпелi империясы кезеңi (бiздiң заманымызға дейiнгi III ғасыр-бiздiң заманымыздың Y ғасыры);
2.2. түрiктердiң көшпелi империясы кезеңi (бiздiң заманымыздың VI-ХII ғасырлары);
2.3. моңғол-қыпшақ көшпелi империясы кезеңi (ХIII-ХIV ғасырлар);
2.4. тұтас қазақ хандығы кезеңi (ХV ғ.-ХVIII ғасыр басы).
3. Қазақстан көшпендiлерiнiң мемлекеттiк-құқықтық жүйесiнiң дағдарыс және жойылу кезеңi (ХVIII-ХХ ғасыр басы);
3.1. протекторат кезеңi (ХVIII-ХIХ ғасырлар басы);
3.2. отарлау әкiмшiлiк-құқықтық жүйесiнiң ену кезеңi (ХIХ ғасырдың 20-60 жылдары);
3.3. отарлау әкiмшiлiк-құқықтық жүйесiн бекiту кезеңi (ХIХ ғасырдың 60 жылдары — 1917 жылдың ақпаны).
4. Қазақстанның Ресей және КСРО құрамындағы конституциялық даму кезеңi (1917 жылдың ақпаны — 1991 жылдың желтоқсаны);
4.1. конституциялық дамудың таңдау-балама кезеңi (1917 жылдың ақпаны мен 1920 жыл);
4.2. Қазақстанның РСФСР құрамындағы конституциялық даму кезеңi (1920-1937 жылдар);
4.3. Қазақстанның КСРО құрамындағы конституциялық даму кезеңi (1937-1991 жылдары).
5. Тәуелсiз Қазақстан кезеңi (1991 жылдан бүгiнгi күнге дейiн).
Қазақстан Республикасының мемлекет және құқық тарихы тұтастай алғанда — жалпы құқықтық және философиялық ғылым ретiнде барлық заңдық пәндердiң әдiстемелiк негiзiн құрайды. Оның себебi Қазақстан Республикасының мемлекет және құқық тарихының өзiндiк пәнi мен әдiстемелiк зерттеуi бар. Қазақстанның мемлекеттiк-құқықтық жүйесiн зерттеу ХVIII ғасырда басталып, Кеңестiк кезеңде жаңа белеске көтерiлдi. Ол Қазақстанның өткен тарихи кезеңдегi қоғамдық саяси-құқықтық ұйымдардың дамуын жүйелi түрде зерттеумен анықталады. Тарихи-құқықтық ғылымдағы қол жеткен табыстар Қазақстан Республикасының мемлекет және құқық тарихы мәселелерiн одан әрi оқып-дамытуға мол мүмкiндiктер ашуда.
Қазақстанның мемлекет және құқық тарихы ХҮIII ғасырдан басталып, өзiнiң Кеңестiк кезеңiндегi даму процестерi арқылы бүгiнгi Қазақстан Республикасының тәуелсiздiк алған күнiне дейiнгi аралықта сан-алуан зерттеп-зерделеулерден өтiп, жаңа сапалы кезеңге жеттi. Сондықтан да тарихи-құқықтық ғылым жетiстiгiнiң бiр саласы бүгiнгi Қазақстан Республикасының мемлекет және құқық тарихы болып саналады.