Ақжігіт ұрпақтары
[Ақжігіт, Жанжігіт туралы]
Ақжігіт, Жанжігіт қызы өз күйеуімен қашып кеткенін естіп, Есқара би көңіл айтқан екен:
—«Қыз ұзатқан қырғыз шапқанмен бірдей»,—деп еді. Жасаусыз қыз ұзатыпсыз. өзімен-өзі қашып кеткен баланың алдын не қылайын?! Арты өзіңе қайырлы болсын! Құдай берген жоқ шығар. Сенің ырысында қой түнетсе де жарайды. Күйеу дің қалың соры да ықтиярсыз өз үйінен өзін кетірген,—деген де, Ақжігіт Есқараға риза болды дейді.
—«Ат төбеліндей жаман Малайдан не қылғанда, би туатұғын болды» деп, жақсылықты анық саған қимай жүруші едім. Сен Құдай анық би қылып жаратқан, жақсының өзі екенсің. Жаңа мойын қойдым артық жақсы екендігіңе,—депті.
осы қыздың барған жері Қара қасқа Керей болған. онан
туған жиен: «Керейіт Шоңай абыз» атанған.
Бұл Қатықұлақ мергеннің моласы Терісаққан бойында, жаудан өлген жеріне қойылған.
Бесімнің бәйбішесінің аты—Бүктік. Бәйбіше—Қатықұлақ мергеннің қызы, үлкен, зор тәуіп болған кісі. үшкіргені ем болып, айтқаны айтқандай келетін. Келіншек күнінде қалмаққа түсіп кетіп, ішінде көтеріп барған баласын қалмақ ішінде тауып, сол бала қалмақ қолында тірі қалған. өзі қашып келген. Жаяу-жалғыз елдің шетіне келіп, өз ауылына жүрерде жете алмай, жүрген жерінде әуелі жүн түтіп, екі кесек киіз басып алған. Бұл Бесім заманында күллі Дөртуыл ұлытау, Кішітауда екен. Жайлауы Сорқара, Сөртені жайлайды екен. Баянаула, Қызылтауға ел аумақшы болғанда Бесім Ақжігіт, Жанжігітке: —Биыл көшпеңдер, мен өлемін! Мені осы ұлытауға қойып, ендігі жылы көшіңдер?—деген.
Балалары:
—Жерден құр қаламыз, алдыңғы барған ел алып қояды?— десіпті.
—Ендеше, менің биыл өтетұғын жылым. Мені осы ұлытаудың басына әкеліп қоямын десеңдер, көшулеріңе рұқсат беремін,—депті.
Сонан балалары уәде қылып, көшіп барып Қызылтаудағы Ашамай тасқа қыстаған жылы өліпті. Алып келіп балалары ұлытауға жерлепті. Сонан «Бесім дарасы» атаныпты. «Тілеуқабыл дарасының» дара басында.
Ақжігіт абыздың ең үлкен қызы—Зараухан, онан соңғы қыздарының аты: Дәме, Дәне. Зарауханы Қозы керейге ұзатқан. Бір қызынан туған жиен: Дөртуіл Қалқа, бір қызынан туған жиен—Керейіт Шұнай абыз деген. Қатынын «құдағи» деп сөйлейді екен. Ең үлкен қызы Зарауханның сегіз жасар күнінде, онан соңғы қыздары үйемелі-сүйемелі, еркек бала көрмей тұрған уақтысында екі туысқанның екі қызын назар қылып, қалыңсыз беріп, оспанқұл Әздерді мектепбасы молла қылып ұстап, үйінің сыртына ақ қос тігіп, Құдай үшін бала жинатып, дүкен қылған екен. Қазаққа әуелі молла ұстап, бала оқытуды бастаған осы кісі екен. Сонда бір күні өзі намаз оқып тұрса, от басында отырған кішкене қыз балалары төрт ши шаншып от басына: «Бірінің аты—Құлмұхаммед, бірінің аты—Сырмұхаммед, бірінің аты—Досмұхаммед, бірінің аты— Ізмұхаммед»,—деп, намаз оқытып ойнайды.
Ақжігіт абыз намазын оқып болып:
—Құдағи, құдағи! Құдай береді екен. Балалардың ойынын байқадың ба? Сен төрт ұл табады екенсің, осы төрт атты қояды екенсің, «баланың аузы—періштенің аузы» деп еді,—деп ырым қылыпты.
Айтқандай Құдағи кідірмей бала көтеріп, бір ұл тауып, атын Құлмұхаммед қойып, онан соң бір ұл тауып, атын Сермұхаммед қойып, онан соң бір ұл тауып, атын Досмұхаммед қойып, сол шағында Ақжігіт абыз қырық тоғыз жаста екен. Ел жайлауда отырғанда, Көкшетау бауырында Қыздың қарасуы, Шөртек қарағай деген жерлерде бір жақтан жолаушы келе жатып, түсте ат шалдырып, ұйықтап жатқанда түс көріп, оянысы мен астындағы жирен қасқа атын «түс садағасы» деп айтыпты. «Түсіме көк кептер кіріп, ұятты жерімнің басына қонды. ол ұжмақтың құсы, енді мен өлемін. Мені, осы түс көрген жеріме қойыңдар?»—депті.
Сол күні үйіне келе аурыпты. Қатыны екіқабат екен.
—Мына ішіңдегі еркек бала болып туар. Атын Ізмұхаммед қой, менің ізімді жоғалтпас!»—деді.
Кідірмей опат болыпты. Айтқан жерлеріне алып барып қойыпты. өзі өлген соң «Құдағи» еркек бала тауып, атын Ізмұхаммед қойып, «Ізден абыз» атапты. Ендігі жыл ел жайлауға келгенде, ауыл-аймағы басына бата қыла барса, мо ласының үстіне үйрек ұя жасап, жұмыртқа салған екен. Соны заманындағы қариялар: «Мынаның арты жақсы болады екенау!»—десіп, ырым қылысыпты.
Айтқанындай-ақ Ізденнің ұрпақтары рус заманында бір түрі бай болып, өзінен жақсы кісілер шығып, Алашқа белгілі бопты.