Тоғанастың аты күллі Сіргеліге ұран болуы]
Бірде Тоғанас ауылы Қаратау үстіндегі «Көсегенің көк жонын» көктей өтіп, жайлауға көшіп бара жатқанда бір жырада, тығылып тұрған барымташылар көшкен елге тосыннан шабуыл жасапты. Ештеңені қауіп қылмай бейқам келе жатқан көштегі адамдар барымташыларға тиісінше қарсылық қыла алмапты. Қарсылық қыла алмағаны былай тұрсын, кейбірі жас балалары мен әйелдерін, малдарын тастай қашыпты. Кейбірі барымташылардың найзасына ілініп, жер құшыпты. Елдің еркек кіндіктісі бас көтере алмаған соң шабуылдаушылар малдармен бірге жас қыздар мен әйелдерді де аттарына өңгеріп, олжа ретінде талауға түсіре бастапты. Сол кезде көшбасшы қария:
—Азғантай ғана барымташыларға қарсы тұра алмай, қасқыр көрген қояндай зыта жөнелген біздің еркектер—ер емес, шетіне ез болып кеткен екен. Бұл Бәйжігітте елге тұтқа болатын бір жігіттің қалмағаны ма?—деп еңіреп жіберген екен.
Соны естіген Тоғанас:
—Налымаңыз, ата! Қоян жүрек еркектер қашса, қаша берсін. Ал мен қашпаймын. Малдарымызды біреуге олжа, әйел деріміз ді оларға күң еткенше, өлгеніміз жақсы. Жаным—елімнің садағасы. Батаңызды беріңіз. Мен түсейін ұрысқа»,—депті.
Сонда қария:
—Қашқан ересек, еркектің бетіне өмір бойы «қорқақ» деген таңба басылар, жас та болсаң, ұрысқа түсіп, үстем болсаң, бағың ашылар. Әумин!—дейді.
Содан Тоғанас найзасын қолына алып, барымташыларға тап береді. Шеттегі тұрған екі-үшеуін бірден жайпап түседі де: «Іштеріндегі батырымын дегендердің ата-баба жосығын ұстап, менімен жекпе-жекке шығыңдар!»—деп айқайлап, атын ойқастата, ары-бері шапқылай бастайды. оңай олжаға кенеліп, мәз-мейрам болып тұрған барымташылар осы сөзді есіткенде айқай-сүрендерін сап тиып, қораланып тұра қалады. Араларында еңсегей бойлы, апайтөс, кең жауырынды бір батыры бар екен. Найзасын ойнатып, ары-бері ойқастаған Тоғанасқа ол:
—Әй, боқмұрын, әлі піспеген шикі өкпеңнің демі осы жерде бітсін демесең, анау қатын ағаларыңның артынан зыт. Әйтпесе, тамағыңды орып, басыңды домалатып тастаймын!»—деп ақырады.
Тоғанас болса:
—Жекпе-жекке шығарда қатын ғана айбат қылады. Ал еркек сөзге келмей, айқасқа түсер болар,—дейді.
осы сөзден кейін әлгі батыр ортаға шауып шығады. Тоғанас та атына «шу» деп қамшы басып, анаған қарай шаба жөнеледі. Мұны көрген әлгі қария: « ойпырым-ай, бұл баламыз әлі жас тау еді, батамды бекер бердім бе?! Жазым боп жүрмесе игі еді»,—деп алақанымен санын шарт ұрады. Тоғанас болса, сол шапқаннан арындап барып, атын ойқастатып тұрған барымташылардың батырын найзасымен бір түйреп өтеді. Найза дәлденген жеріне тимей, ат ерінің қасына қадалады. Тоғанас ерден найзасын алмаған күйі ары шауып өткенде, найзамен бірге анау батыр дың аты да айналып кетеді де, үстіндегі кісі бір жағына жантайып, құлай жаздайды. осы кезде бәйжігіттер: «ұр, ұр! Шоқпармен ұрсайшы!»—деп шу етіседі. Бірақ Тоғанас оны ұрмай, оның ер үстіне қайта түзеліп отырғанын күтіп, сәл тұрады. «Ай, мына бала, жауын жантайғанда ұрып құлатпай, қателік жасады-ау. Енді опық жеп қалмаса де»,—дейді манағы қария күрсініп.
Барымташылар батыры ерге түзеліп отырған соң Тоғанасқа ақыра ұмтылады. оның найзасын Тоғанас қағып жібергенде, екеуі де найзаларын жерге түсіріп алады. Көк сүңгіден айырылған олар, енді сойылдасуға кіріседі. Қатты ағаштан істелген сойылдар бір-біріне тигенде, ауыр соққының әсерінен сынып түседі. Сынған сойылдарды лақтырып тастаған батырлар қылыштарына жармасады. Қос мықты бес-алты рет қылыштасқанда, болат қылыштардың жүздері майысып кетеді. Та ғы біраз ұрысқанда, қылыштары морт-морт сынып түседі. Бар қаруларынан айрылған екі ер ат үстінде ұстаса кетіп, аударыспақ тәсіліне көшіп, бір-бірін аударып тастауға құлшынады. Алайда Тоғанастың өзіне қалыспайтын мықты екеніне көзі жеткен барымташылар батыры ат үстінде ұстасып тұрғанда, беліндегі қанжарын ала сап, мұның қарын тұсына сілтеп кеп жібереді. Абырой болғанда, Тоғанас атының басын кейін тартып, шалқайып үлгереді. Қанжар сол жақ санына қадалады. Санының ауырғанына қарамаған Тоғанас сәл кейін шегініп барып, ерінің қасында ілулі тұрған тұзақ-қақпанды лақтырып жіберіп, өзіне тағы ұмтыла берген қалмақтың мойнына дәл түсіреді. Анау арқанды мойнынан сыпырып үлгергенше, бұл атын тебініп шаба жөнеледі. Істер хайласы болмай қалған жау, керілген арқанмен бірге ат үстінен сыпырылып түседі. Тоғанас оны сүйреткен бойда біраз жер шапқылап, артына қараса, бәйжігіттер де, барымташылар да бұған аңтарыла қарап тұр екен, арқан ұшындағы жау қимылсыз жатыр. Батырларының мерт болғанына көздері жеткен барымташылар не істерлерін білмей тұрғанда, Тоғанастың жеңісіне масаттанып кеткен аз ғана бәйжігіттер оларға атойлап қарсы шабады. Бассыз дене сияқты, батырсыз қалған барымташылар қаша жөнеледі…
ұрыс біткесін, әлгі қария оған: «Желпініп тұрған жасты ғыңның желігімен жекпе-жекте жауыңмен біраз уақыт шайқасуға құмарландың-ау деймін. Әйтпесе, оны о баста-ақ жайратып тастауға шамаң бар еді. Бұл жолы сені әруақ қолдады. Бірақ есіңде болсын, бұдан былайғы жекпе-жектерде әлгіндей мүмкіншіліктерді қалт жіберме. ұзақ шайқасқың келіп бара жатса, одан кейін де ұрыс көп қой. Күшіңді соған сақтарсың»,— дейді.
осы оқиғадан кейін батыр атанған Тоғанас құба қалмаққа қарсы соғыс кезінде де көптеген жекпе-жектерге шыққан. ондай кездері әлгі қарияның сөзі түрткі болды ма, жекпежекте жаңағыдай мүмкіндікті тез және оңтайлы пайдаланып отырған. Жоғарыдағы жекпе-жектен кейін алған әдісі— қарсыласына қарай шауып барып, найзасын оның ерінің қа сына қадап, сол шапқан күйде ананың атын айналдырып жіберіп, үстіндегі батырды бір-ақ сойыл соққысымен жайратып тастап отырған. ол он тоғыз жекпе-жекте осы әдісті пайдаланып, жеңіске жеткен.
Қалмақ кезіндегі бір соғыста қазақтар саны басым жаудан қатары сиреп, жеңіліске ұшырай бастапты. Қолды сол кезде Абылайдың өзі бастап тұр екен. Қазақтардың қатарын селдіреткен қалмақтар Абылайдың өзіне тап беріп, қолға түсірмекке әрекеттеніпті. Аты да, өзі де болдырыңқырап қалған Абылай жасар амалы болмай, соңғы күшін жиып соғысқа кірісіпті. Мұны байқаған Тоғанас бір тың атты жетелеп келіп, Абылайдың алдына тосыпты. «Хан ием, сіз өлсеңіз, ел иесіз қалар. Ал мен өлсем, қазақтың бір әйелі тағы бір батыр ұл туар да. Мынау атқа мініп, қалмақтардан сытылып шығыңыз!»— дейді. Тың атқа мінген Абылай шауып барып, бір қосын әскерді әкеп, қалмақтардың тоз-тозын шығарыпты.
Жеңістен кейін ол Тоғанасты шақырып алып: «Қарағым, сен қай бала едің?—деп сұрайды. Тоғанас жөнін, шыққан тегін айтады. Абылай тұрып: «Сенің есімің—елде жоқ есім екен, елде жоқ есімді иеленген адам бір тайпаға көсем болуға лайық. лайықтығыңды ісіңнен көрдім. Атың бір елге ұран болатындай-ақ ер екенсің. Көп жаса, шырағым!»,—депті. Аузы дуалы Абылайдың сөзі бар, кейін Тоғанастың аты күллі Сіргеліге ұран болып қалыпты.