Сіргелі
(V нұсқа)
Қазақтың қария сөзі бойынша, үйсін мен ойсыл (ойсын деп те атайды) ағайынды болса керек. ойсылда отыз ұл болыпты. Сол отыз ұлдың ішінде Бораш есімді баласы жарамды болып ержетіп, әз-Жәнібек ханның қызметінде жүреді екен.
«Ел мақтаған жігітті қыз жақтаған» деген емес пе, ханның Алтынай есімді қызы мен Бораш екеуі бірін-бірі ұнатып, көңіл жарастырып жүреді. Күндердің бір күнінде бұл оқиға ханның құлағына жетіп, әз-Жәнібек: «Хан етегін қара басты, алтынға жез араласты»,—деп қатты қорланады. Сөйтіп, Бораштың көзін жоймаққа бел буады. Бораш болса ел-жұртқа танымал, жағымды жігіт. оның үстіне отыз ағайынды. Хан осының бәрін ойластыра келе, ел жазылып жайлауға қонғанда, оңашалау бір қалтарысқа қырық үй тіктіріп, Борашты бас етіп, үзеңгілес серіктерімен бірге қонаққа шақырады. ойында ештеңе жоқ Бораш өзінің нөкер жігіттерімен бірге ханның шақырған жеріне келеді. Аттарынан түсіп, қару-жарақтарын тастап, белдерін шешіп, қонақ үйлерге жайғасады. осы кезде ханнан арнайы тапсырма алған әскер сау етіп келе қалып, Бораш бастаған жігіттерді қырып салады. Бұл қырғынды ел-жұртқа жаудың ісі деп қауесет таратады. осы оқиғадан кейін хан дегеніне жетіп көңіл демдегенімен,
ханның қызы Алтынай жүкті еді дейді. Болар іс болған соң Алтынай қайғысын ішке жұтып, сыртқа сырын шашпай, көзден таса жүріп, ай-күні жеткенде оңаша босанады. Содан, бала қырқынан шыққанша хан сарайының сыртындағы көң қорада сақтайды.
Сол кезде ойсылдан шыққан Тұрымбет деген бір ісмер адам хан сарайында қызметте жүреді екен. Алтынай жасырын тапқан баласын қырқынан шыққан соң құндақтап, Тұрымбетке: —Сендердің қандас бауырларың еді»,—деп әкеліп береді.
Тұрымбет ісмердің өзінде де екі бала болса керек. үшінші баласы етіп Бораш пен Алтынайдың арасынан туған баланы да асырап алады. Бұл үш баладан өсіп-өнген ұрпақ кейін «үштаңбалы» атанған.
Енді Сіргелі тайпасының қалай жаралғанына келейік. ойсылдың Борашы хан қызы Алтынаймен көңіл жарастырып жүргенде өзінің некелі әйелі болады екен. ол әйелі Алшын Қыдырбай дегеннің қызы болса керек. ол Бораш қайтқан соң жыл уақытына дейін аза тұтып, сонсоң төркіндеп қайту үшін Құбасай деген жалғыз баласын ертіп еліне келеді. Сол келгеннен елінде қалып қояды.
Түбі ойсыл Құбасай Алшын ішінде ержетеді, әкесінің өзіндей болмаса да көзіндей жігіт болады. Жақсы болып өсіп келе жатқан жиеніне деген Қыдырбайдың да ықыласы ерекше болса керек.
Күндердің күнінде Қыдырбай жиені Құбасайға батасын беріп, еліне қосылуына рұқсат етеді. Көшінің басы болсын деп алты ақ бас атан шығарып, жиеннің жолы деп сіргеленген тайларымен қырық қысырақты алдына салады.
Содан, Құбасай көшкен елдей болып Қазығұрт өңіріне жетеді. Ел-жұртымен табысып өркен жаяды. Нағашысынан алып келген сіргелі тайлары бар қырық қысырақ қырық үйір жылқы болады. Сол сіргелі тайларды меңзеген былайғы жұрт Құбасайдың өсіп-өнген ұрпағын «Сіргелі» деп атайтын болады. 