Шапырашты батыр
(ІV нұсқа)
Бәйдібек бидің екінші әйелі Зеріптен Жалмамбет туады. ол да әкесі сияқты насат батыр боп өседі. Жалмамбеттің бірінші әйелі қоңырат Қызыл бидің (шын аты Мелде би) қызы Жұпар еді. ол да жасында еркекшора боп өскен ер мінезді екен. Жұпар жолбарыс мінезді, өзі белді, мықты келін боп өседі. Ел оны алапаш, жолбарысқа ұқсаған келін деп, кейін «Мапырашты» атап кетеді.
Мапырашты Бәйдібек батыр үйіне келе сала еңсеріп, игеріп кетеді. Қысы-жазы малға да қарайды, боранды күндері кәдімгі қарулы, палуан жігіттермен бірдей қимылдап атасының ойынан шығып жүреді. Кешікпей Мапырашты Досымбет деген ұл туады. оның көзі бір-біріне атысып, шапыраштанып туған соң ел «Шапырашты» атап кетеді. Шапырашты да өсе келе әкесі Жалмамбет, атасы Бәйдібекке ұқсап насат батыр боп ер жетеді.