Шапырашты
(ІV нұсқа)
Бәйдібек бидің ортаншы әйелі Зеріптен туған жалғыз ұлдың есімі—Жалмамбет. Жалмамбет ақыл тоқтатып, оң-солын танып, жасы отызға жақындағанда қоңырат Мелде бидің (Қызыл би деп те атайды) үлкен қызы Жұпарға үйленеді. Жұпарды биязы мінезіне орай ауыл адамдары «Мапырашты» (кейбір шежіреде «Мираш» деп те аталады) деп атап кетеді. Жұпар келін болып ұзатылғанда өзімен сырлас болып өскен Сыланды деген қыз бірге келсе керек.
Күндердің бір күнінде Бәйдібек би аңға шығып, олжалы оралады. Арнайы қазылған аран-орға жолбарыс түскен екен, соны тұмылдырықтап тірідей алып қайтса керек. Жұпарға тілеуқор, сырлас бір келіншек алдарынан шығып, тізе бүгіп тағзым етеді де, Бәйдібек биден сыралғы-сауға сұрайды. Сол жерде Бәйдібек сөзге келместен серіктеріне жолбарысты жеткіздіртіп береді. Мұның мәнісі, Жұпар жолбарыс жүрегіне жерік екен дейді. Жұпар жолбарыс жүрегін жеп, жерігін басады.
Содан айы-күні толып, Жұпар арыстай бір ұл табады. Бірақ жолдасы түспей өзі дүние салады. Жұпар өлер алдында енесі Зеріпке айтқан өтініші ескеріліп, «Мапыраштының көзі ғой, анасын еске салып жүрсін» деп, баланың есімін Шапырашты қояды. Анасыз қалған Шапыраштыны Зеріп пен Сыланды қамқорлықтарына алады.
Баланың Шапырашты атануы, туғанда «бір көзі бір көзіне атысып, шапыраштанып туған екен» дейтін де сөз бар.
Шапырашты ерекше жаужүрек, батыр, зерделі болып өсіп, жұрт аузына ілінеді. Кейін ұрпағы өсіп-өніп, рулы елге айналғанда, ұлы аналары Жұпар (Мапырашты) жолбарыс жүрегіне жерік болғандықтан, бүкіл Шапырашты елінің киесі— қызыл шұбар жолбарыс болады. 