Қазақ қай уақытта «үш жүз» атанған?
(VІ нұсқа)
Қырық сан Қырым, отыз сан рум, он сан оймауыт, тоғыз сан Торғауыт, қырық сан Қарақалмақ-Қатысыбан, он сан Ноғай бүл (ін) генде, орманбет (ормамбет) би өлгенде, Ноғайлының елі бір алаша тайдан бүлініпті. «Ала тайдай бүлдірді» делінген сөз сонан қалған деседі. Жұрт аузында бір замандарда осылай сөйленген.
Сол замандарда Қондекер (Құндакар), Қобан, Қотан, Қоғам дегендер болыпты. «Түгел сөздің түбі бір, түп атасы—Майқы би» деген болыпты. «Тоғыз ханды қолынан таққа отырғызған кісі екен!» деседі.
Сол замандарда Қырым ханның бірі болған Қызыл Арыстан хан Бұхарада тұрып, хандық қылған екен. «Бір өзінде он бес азаншы жұма күні азан айтатұғын мұнараны сол Қызыл Арыстан хан жасатқан екен!»—деседі. Бәйбішесінен бала болмай, Қызылаяқ деген бір елді шауып, ат көтіне салып алып келген бір қызға хан аяқ салып, онан бір бала туып, өзі сауысқанның аласындай ала тауып, бәйбіше өзінен тумай, тоқалдан туғандығын іштарлық қылып, күндеп:
—Бұл балаңды «балам» деп сақтама, көзін жоғалт, қара шығын батыр! Мынау өскенде, жұртыңды ала қылып, «ала тайдай» бүлдіреді!—деген соң, хан қырық жігітке бұйырыпты:
—Мына баланы, тапқан шешесін Сырдариядан әрі өткізіп, қоя беріңдер. өлсе, өлсін, өлмесе, өз бетімен қаңғып, күнін көрсін!—деп, («бадаре» қылыпты деседі, онысы «жер аударыпты» дегені) егіз-екі қайтып бұл жұртты, мына қатын мен бала да көрмесін, сендер де көрмеңдер!—деп.
Бұлар Сыр суынан өтіп, Алатау, Қаратаудың алабына келіп, жан сақтап, күн кешіпті. Бала өз асын өзі алып ішерлік болған соң, өзінен басқа жанды жақтырмай, керек қылмай, тағы болып, жалғыз жонға шығып кетіпті. Тобылғыдан жақ қылып, жүзгеннен оқ қылып, көзіне көрінгенді қорек қылып атып жеп, оғын құралайдың көзінен өткізетін мерген болыпты. Дәл он екі жасында аң аулап жүрген Майқы бидің баласы үйсінге оқтай ұшырап, кез болып, ләм-мим бір ауыз тіл қатпай, қала беріпті. үйсін батыр үйіне барған соң, әкесіне сөйлепті:
—Бір ағаштың көлеңкесінде отырған бала көрдім. «Ай дейін десем, аузы бар, күн дейін десем, көзі бар», көрген кісі қы зыққаннан, «бір қасық сумен жұтып жіберерлік» келбеті, сымба ты бар, құсбегі пішіп тіккен томағадай құнысып тұрған бала. өзінде Әзірейілдің анық бір түгі бар, маңайына жан батып бара алмаса керек. Жалғыз-ақ айыбы—тілі жоқ екен!—депті.
Майқы би өзі ақсақ, өмір бойы арбамен жүреді екен. Ар басын көлікке салдырмайд[ы], жаяу кісіге тартқызады екен:
—Мені арбамен алып барыңдар, көрейін!—депті.—Баяғы «са ғымнан пайда болған» Шыңғыстың шын ұлын да көріп едім. Мынау сонан соң жалғанға жалғыз қара болып келген жан екен!- —деп барса, бала Майқы биді көре сала, ұшып тұра келіп:
—Ассалаумалейкім! «Хан атаулының қазығы, қара бұқа раның азығы!»—дегенде, Майқы би:
—Әлейкімүссалам! Әмісе аман бол, балам! Сәтті күні туған ұл екенсің, жеріңе жетпей тұр екенсің! Кел, балам, қасыма мін!—деп, үйіне алып келіп:
Төркіл ошақ қаздырып,
Төбел бие сойдырып Төменгі елді жидырып, Жорға бие сойдырып.
Жоғарғы елді жидырып,
Ала бие сойдырып,
Аймақ елді алдырып, баласы үйсінді бас қылып, атқа мінгізіп, «ердің ері, егеудің сынығы» дегендей іріктеп, таңдап, жүз жігітті қасына қосып:
—Мына баланы жыға қылып бастарыңа шаншыңдар, шеп қылып беттеріңе ұстаңдар, ту қылып төбелеріңе көтеріңдер! Қаратаудан арман қарай асыңдар, Шу мен Сарысуды көктей өтіңдер. ұлытау, Кішітау деген таулар бар, Қаракеңгір, Сарыкеңгір, Айдаһарлы, Құдайберді деген жерлер бар. Соған ба рып, салық салыңдар! Ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күші мен ел болуды, жұрт болуды ойлаңдар! Күндердің күнінде осы бала хан болады, сендер қарашы боласыңдар! «Хан әділ болса, басы нан бағы таймайды, Қарашысы табанды болса, қара жерден кеме жүргізеді деген»,—деп, батасын беріп жөнелтіпті.
Бұл жорықшылар Қаратаудан асып, Шу мен Сарысудан көктей өтіп, Майқы бидің айтқан жерлеріне келіп, ұйқыны бұзып, жылқы алды, күймені бұзып, қыз алды. Көш елді көшжөнекей шапты, еру елді отырған жерінде шапты. Асулы қазан, тігулі үйге дап-даяр ие болып, орныға бастады. өз алдына мал малданып, жан жанданып, үйлі-баранды болды. Сауын сыз да дүние алған соң, қалыңсыз қатын алған соң, ел болмас қа не мене, жұрт болмасқа немене?! Бұлардың мұндай болғанын баяғы Қызыл Арыстан хан естіді. Қотан, Қоғам, Құнды кер, Қобан, Майқы билерге елші жіберді:
—Менің баламды жігіт-желең беріп, желіктіріп жібергені не қылғаны?! Баламды өзіме алып келіп тапсырып, менен қалағанын алсын!—деп.
Сонан соң ақсақалдар жүз жігітпен Қотанұлы Болатты жіберді: «Барып, шақырып келіңдер!»—деп. Бұлар келген соң, бұрынғы келгендер:
—«Қайт!» деген сөзді бізге айтпа, өздерің де қайтпа! Аты бестісінде қартаятұғын, жігіті жиырма бесте қартаятұғын, тауықтан басқа құсы жоқ, көк шөпті жұлғаннан басқа ісі жоқ, еркегі ат болатұғын, әйелі жат болатұғын, тымақты тақияға айырбастап, пышақты қасыққа айырбастап, тәлімі бидайдың (бұйдайдың) нанын жегенге, тары көженің суын ішкенге әлдеқандай көріп, мас болып, біттей бөдененің бір санын жеумен күпті болып қалатұғын сарттың жаз болса тұзын, қыс болса отыны мен көмірін тасып, бейнет тартқаннан басқа көрер қызығы жоқ жерде не ақыларын қалды?!—деген соң:
—рас-ау, рас!—деп, шақыра келгендердің өздері де қайтуды керек қылмады.
Қызыл Арыстан хан қайта-қайта кісі жібере берген соң, Қоғам ұлы Алшынды жүз жігіт қосып тағы жіберді, он үш ақсақал қосты: «Есеп сан үш жүз он үшке жетсе, дүние жүзі жиылып, жау болса, бетіне келе алмайды деп айтылған сөз бар еді»,—деп. «үндемесе де, үйден шықпаса да, Бабыр еңбегі» дегендей, ақсақал шал жұмысты жатып, жайлап жасаса керек.
Бұлар да кеп, орнығып тұрып алды.
«Енді біз ел болғанымызды, жұрт болғанымызды жұрт көзі не түсірелік!»—деп, баяғы ала баланы алашаға салып, ұлытау дың басына алашамен көтеріп шығарып, хан көтерді. оған: «Алаша хан» деп ат қойды. Бастапқы бірге келген жүз жігіт, оның қолбасы, мырзасы—үйсін «ұлы жүз—үйсін» атанды.
«Түп қазық салықшы. Жауға шапқанда, бұлар шаппасын, тас-түйін боп тұрсын!»—десті.
ортаншы келген жүз жігіт, оның қолбасы, мырзасы— Болатқожа. «Бұл жүз жігіт тосқауылшы. орта буында жүрсін, ханның бақташысы есепті болсын!»—деп, оны: «орта жүз—Ақ жол» атады.
Соңғы келген жүз жігіт, оның қолбасы, мырзасы—Алшын. «Беті қайтпаған, жаужүрек, жан қадірін білмейтұғындар. Бұлар кезеуілші болып, қарсы алдында жүріп, жауға шабатұғын осылар болсын!»—деп, «Кіші жүз—Алшын» деп ат қойды.
Кезеуілші қашса, тосқауылшыға; тосқауылшы қашса, салықшыға; салықшы қашпайды тұрған-тұрған жерінде өліп қалуға көндімбай, көнтерілерді қойса керек. Қазақтың: «үш жүз» аталған жері—осы.
Бұрынғы заманда қазақтың «Жүз» деген де аталарының аты болса керек. «Алаш» деген де аталарының аты болса керек. «Жүз» деген атты—руға, «Алаш» деген атты ұранға қойып, жауға шапқанда, «Алаш, Алаш!» деп, шабыңдар! «Алаш, Алаш!»— демегенді әкең де болса, ұрып жық!—деп бата қылысыпты.
«Кеше Алаш Алаш болғанда, Алаш хан болғанда, үйіміз— ағаш, ұранымыз—Алаш болғанда, үш жүздің баласы қазақ емес пе едік?!»—деп айтылған сөз сонан қалды.
Бұл Алаша ханнан бұрын қазақ ел болып, жұрт болып өз алдына отау тіккен емес. Әр жұртқа бұратана қоңсы болып жүрген. Біреу «Болатқожа» дейді, біреу «Ақжол» дейді. Екеуі бір кісіге аталған ат деседі. «Ақарыс, Жанарыс, Бекарыс—үш жүздің аталарының аты» деседі.
Ақсақ Келімбет, Қара Келімбет, Сары Келімбет, Науан, Шуан деген аталар бар» десіп жүрді. Бірақ олардың ар жағы кім, бер жағы кім екенін біліп сөйлеуші жоқ болды. Түбірлі сөз қылып, туынды қылып айтушы болмаған соң, біз ондай сөзді нұсқа қылып сөйлеуге еріншектік қылдық.