Экстензорлар
І. Бақайдың жалпы жазғыш бұлшық еті тоқпан жіліктің жазғыш (латеральды) айдаршықүстінен басталады. Бұлшық еттің құрсағы білек сүйектерінің дорсолатеральды бетінде орналасады. Білек сүйектерінің дистальды бөлігінде ет құрсағы бір немесе бірнеше сіңірлерге айналып, кәрі жілік сайы арқылы тізе мен бақай сүйектері аумақтарына бағытталады да, тұяқ (итте тырнақ) сүйектің жазғыш өсіндісіне барып аяқталады. Бақайдың жалпы жазғыш бұлшық еті жануарлар бақайларының санына байланысты бірнеше жекеленген сіңірлерге бөлініп барып, тұяқ (тырнақ) сүйектерде аяқталады.
2. Бақайдың бүйірлік жазғыш бұлшық еті бақайдың жалпы жазғыш бұлшық еті мен тізені жазғыш шынтақ бұлшық етінің арасында орналасады. Ол шынтақ буынының бүйірлік байламынан, кәрі жіліктің байлам төмпегінен және шынтақ сүйектің латеральды бетінен басталып, тұсамыс және топай сүйектердің латеральды беттерінде аяқталады.
Флексорлар:
1. Бақайдың беткей бүккіш бұлшық еті тоқпан жіліктің бүккіш (медиальды) айдаршықүстінен басталып, ІІ-V бақайлардың тұсамыс сүйектерінің дистальды, топай сүйектерінің проксимальды бөлігінде аяқталады. Оның латеральды және медиальды сіңірлі ұштарының арасымен бақайдың терең бүккіш бұлшық етінің сіңірі өтеді.
2. Бақайдың терең бүккіш бұлшық еті білек сүйектерінің пальмарлы бетінде орналасады. Оның тоқпан жіліктік, кәрі жіліктік және шынтақтық бастары болады. Бұлшық ет тоқпан жіліктің медиальды айдаршықүстінен, кәрі жілік пен шынтақ сүйектің проксимальды бастарынан басталып, бір-бірімен бірігеді де, бұлшық ет сіңірі бақайдың санына сәйкес ажырап, тұяқ (тырнақ) сүйектерде аяқталады.
Бақайдың қысқа бұлшық еттеріне алдыңғы жіліншіктердің проксимальды бастарынан басталып, тұсамыс буынның артқы тиекше сүйектерінде аяқталатын сүйектер аралық бұлшық еттерді жатқызады.
Артқы аяқтың бұлшық еттері орналасу орындары мен буындардағы қозғалыстарды іске асыру сипатына байланысты жамбас ортан жілік, тобық, тілерсек және бақай буындарының бұлшық еттері болып бөлінеді.
Жамбас-ортан жілік буыны құрылысы қарапайым, көпбілікті буын. Бұл буын жамбас сүйектің ұршық шұңқыры мен ортан жіліктің басынан құралған. Жамбас-ортан жілік буыны көп білікті болғандықтан, буынға барлық бұлшық еттер топтары әсер етеді. Жамбас-ортан жілік буынының бұлшық еттері жануарлар денесінің бөксе және сан аумақтарында орналасып, олардың кейбіреулерінің сіңірлі ұштары сирақ аумақтарында аяқталады.
Экстензорлар.
Жамбас-ортан жілік буынының жазғыш бұлшық еттері орналасу орындарына сәйкес: бөксе және санарты бұлшық еттер топтары болып екіге бөлінеді.
Бөксе бұлшық еттер тобы
1. Беткей бөксе бұлшық еті жануарлар денесінің сауыр аумағының терісі мен беткей шандыры астында, санның екібасты бұлшық етінің алдыңғы жағында орналасады. Беткей бөксе бұлшық еті тек жылқыда ғана жақсы жетілген. Ол мықын сүйектің сербек және құйымшақ төмпегінен басталып, ортан жіліктің үшінші ұршығында аяқталады. Сиырда, шошқада, ұсақ малдарда ол көршілес еттермен бірігіп кетеді.
2. Ортаңғы бөксе бұлшық еті сербектен, құйымшақ төмпегінен және бел аумағынан басталып, ортан жіліктің үлкен ұршығына барып бекиді. Бөксе бұлшық еттерінің ішіндегі ең қомақтысы.
3. Қосымша бөксе бұлшық еті ортаңғы бөксе бұлшық етімен бірігіп кетеді. Ол мықын сүйек қанатынан басталып, үлкен ұршықта аяқталады.
4. Терең бөксе бұлшық еті ортаңғы бөксе бұлшық етінің астында орналасады. Ол шоңданай қырынан басталып, ортан жіліктің үлкен ұршығында аяқталады.
5. Алмұртша бұлшық ет жеке бұлшық ет ретінде тек итте ғана кездеседі. Алмұртша бұлшық ет құйымшақ сүйек пен құйымшақ-шоңданай байламынан басталып, бұлшық еттің сіңірлі құйрығы ортан жіліктің үлкен ұршығында аяқталады. Бұлшық ет беткей бөксе бұлшық етінің астында жатады.
Санарты экстензорлар тобының бұлшық еттері:
1. Санның екібасты бұлшық еті жамбас пен сан аумағы терісі мен шандыры астында орналасқан ет. Оның бір басы құйымшақ сүйектің жоталық өсінділері мен құйымшақ шоңданай байламынан, ал екінші басы шоңданай төмпегінен басталып, бұлшық еттің екі басы ортақ құрсаққа бірігеді де, жалпақ сіңірге айналады. Аяқталатын жерлеріне байланысты бұлшықеттің жалпақ сіңірі тобықтық, асықты жіліктік және өкшелік тармақтарға ажырайды. Олар тобық аумағының, асықты жілік қырының және өкше төмпегінің латеральды бетінде аяқталады. Бұлшық еттің өкшелік тармағы басқа бұлшық еттердің сіңірлерімен қосылып, тірсек сіңірін /ахилл сіңірі/ құрайды. Ол өкше төмпегінде аяқталады.
2. Жартылай сіңірлі бұлшық ет санның екібасты бұлшық етінің каудальды жағындағы тері мен беткей шандыр астында орналасады. Ол шоңданай төмпегі (шоңданайлық басы) мен құйымшақ сүйектен (омыртқалық басы) басталады. Бұлшық ет медио-дистальды бағытта тобық буынының тұсында сіңірге айналып, асықты жілік қырында аяқталады. Сонымен қатар, ол тігінші, сымбат бұлшық еттерінің сіңірлерімен және сирақ шандырымен бірігіп, өкше төмпегінің медиальды бетінде аяқталады.
3. Жартылай жарғақты бұлшық ет жартылай сіңірлі бұлшық еттен кейін, сауырдың артқы жағындағы тері мен беткей шандыр астында орналасады. Ол шоңданай сүйектен жылқыда қосымша құйымшақ сүйектен басталып, ортан жілік және асықты жілік айдаршықтарының медиальды бетінде аяқталады.
4. Санның шаршы бұлшық еті шоңданай сүйек денесінің төменгі бетінен басталып, ортан жіліктің ұршық шұңқырында аяқталады.