Омыртқа бағанының дорсальды бұлшық еттері
1. Тым ұзын бұлшық ет — омыртқа бағанының жотаүстілік және көлденең өсінділері аралықтарындағы үшбұрышты кеңістікте орналасып, құйымшақтан басқа дейін созылып жатқан ұзын бұлшық ет. Ол орналасу орындарына сәйкес төрт бөліктен тұрады.
Арқа мен белдің тым ұзын бұлшық еті мықын қырынан және құйымшақ, бел, көкірек омыртқалары жоталық өсінділерінен басталып, бел, көкірек омыртқалардың көлденең және емізікше өсінділеріне бекіп, соңғы мойын омыртқаға дейін созылады.
Мойынның тым ұзын бұлшық еті алдыңғы бесінші, жетінші көкірек омыртқалардан басталып, соңғы төртінші, бесінші мойын омыртқалардың көлденең өсінділерінде аяқталады.
Бастың тым ұзын бұлшық еті бірінші көкірек және соңғы мойын омыртқалардан басталып, самай сүйектің емізікше өсіндісінде аяқталады.
Атланттың тым ұзын бұлшық еті бастың тым ұзын бұлшық етімен бірге басталып, атлант қанатында аяқталады.
2. Мықын-қабырғалық бұлшық ет мықын сербегінен басталып, жеке сіңірлер мен қабырғалардың омыртқалық бөліктерінде және төртінші, бесінші мойын омыртқалардың көлденең өсінділерінде аяқталады Орналасу орындарына байланысты мықын-қабырғалық бұлшық ет өз кезегінде бел, арқа және мойын бөліктеріне бөлінеді.
3. Бұласырша бұлшық ет алдыңғы көкірек омыртқалардың жоталық өсінділері үстіндегі желкенің жалғасынан шүйде сүйекке дейінгі желкеден басталып, мойын омыртқалардың көлденең өсінділері мен атлант қанатында аяқталатын жалпақ ет. Бұласырша бұлшық етті сыртынан трапеция және ромб тәрізді иық-бас бұлшық еттері жауып тұрады. Бұласырша бұлшық ет өз кезегінде бас және мойын бөліктеріне бөлінеді.
4. Арқа мен мойынның жоталық бұлшық еті алдыңғы бел, соңғы 5-6 көкірек омыртқалардың жоталық өсінділерінен басталып, алдыңғы 1-7 көкірек және соңғы 4-5 мойын омыртқалардың жоталық өсінділерінде аяқталады.
5. Бастың жартылай жоталық бұлшық еті алдыңғы 6-7 көкірек омыртқалары мен соңғы 5-6 мойын омыртқасының көлденең өсінділерінен басталып, шүйде сүйек қабыршағында аяқталады. Бастың жартылай жоталық бұлшық етін сыртынан бұласырша және бастың тым ұзын бұлшық еттері жауып тұрады.
6. Көп бөлімді бұлшық еттер омыртқааралық бір сегментті қысқа бұлшық еттер. Олар омыртқалардың көлденең және емізікше өсінділерінен басталып, алдындағы көрші омыртқаның жоталық өсіндісінде аяқталады.
7. Құйрықты көтергіш ұзын бұлшық ет құйымшақ қыры мен алдыңғы құйрық омыртқаларының жоталық өсінділерінен басталып, бірнеше омыртқаларды жіберіп, олардан кейінгі құйрық омыртқаларда аяқталатын құйрықтың дорсальды бұлшық еті. Бұлардан басқа омыртқа бағанының жоғарғы жағында көлденең өсінділераралық бұлшық еттер, жоталық өсінділераралық бұлшық еттер, бастың дорсальды тік және қиғаш қысқа бұлшық еттері, құйрықты көтергіш қысқа бұлшық еттер болады.
Омыртқа бағанының вентральды бұлшық еттері
1. Мойынның ұзын бұлшық еті алдыңғы 5-6 көкірек омыртқалардың денелерінен және соңғы мойын омыртқалардың көлденең өсінділерінен басталып, соңғы мойын омыртқалардың көлденең өсінділерінде және алдыңғы мойын омыртқалардың вентральды қырлары мен атланттың вентральды төмпешігінде бұлшық ет тісшелері түрінде аяқталады.
2. Бастың ұзын бұлшық еті ортаңғы мойын омыртқалардың көлденең өсінділерінен басталып, шүйде сүйектің бұлшық ет төмпешігінде аяқталады.
3. Белдің үлкен бұлшық еті соңғы көкірек омыртқалардың денелерінен басталып, ортан жіліктің кіші ұршығында аяқталады.
4. Белдің кіші бұлшық еті соңғы көкірек омыртқалардың денелерінен басталып, мықын сүйек денесіндегі кіші бел бұлшық еті төмпешігінде аяқталады.
5. Белдің шаршы бұлшық еті бел омыртқалардың көлденең өсінділерінен басталып, құйымшақ қанатының вентральды бетінде аяқталады.
Бұлардан басқа омыртқа бағанының вентральды бетінде бастың вентральды және латеральды тік қысқа бұлшық еттері, құйрықты түсіргіш ұзын және қысқа бұлшық еттер болады.
Көкірек керегесінің бұлшық еттері көкірек керегесінде орналасып, қабырғалар мен төссүйекті сыртқа қарай тартып бір-бірінен ажыратып, көкірек қуысын кеңейтеді де, ішке тыныс алуды және көкірек қуысын қысып тарылтып, сыртқа дем шығаруды қамтамасыз ететін бұлшық еттер. Сондықтан, көкірек керегесінің бұлшық еттерін тыныс алу бұлшық еттері — деп атайды. Қызметіне байланысты оларды екі топқа бөледі. Ішке тыныс алу процесін іс жүзіне асыратын бұлшық еттерді инспираторлар, ал сыртқа дем шығару процесін қамтамасыз ететін бұлшық еттерді экспираторлар — деп атайды.
Инспираторлар
1. Дорсальды тісше инспиратор көкірек керегесінің алдыңғы жоғарғы жағында орналасады. Дорсальды тісше инспираторды сыртынан ромб тәрізді бұлшық ет, тісше вентральды және арқаның тым ұзын бұлшық еттері жауып тұрады. Дорсальды тісше инспиратор пішіні тістерге ұқсаған
бірнеше жалпақ келген ет таспаларынан құралады. Олар қабырғалардың омыртқалық ұштарының алдыңғы жиектерінен басталып,
алдыңғы көкірек омыртқалардың жоталық өсінділерінде аяқталады.
2. Қабырғаны көтергіш бұлшық еттер қабырғалардың омыртқалық ұштарының алдыңғы жиектерінен басталып, алдыңғы омыртқалардың көлденең өсінділерінде аяқталады.
3. Сыртқы қабырғааралық бұлшық еттер қабырғалардың алдыңғы жиектерінен басталып, алдыңғы қабырғалардың артқы жиектерінде аяқталады.
4. Баспалдақты бұлшық еттер орналасу орындарына байланысты дорсальды, ортаңғы және вентральды бұлшық еттер болып бөлінеді. Бұлар қабырғалардың сыртқы беттерінен басталып, мойын омыртқалардың көлденең өсінділерінде аяқталады.
Дорсальды баспалдақты бұлшық ет вентральды тісше бұлшық еттен төменірек, қабырғаға көлденең орналасады. Жануарлардың түрлеріне байланысты ол қабырғалардың сыртқы беттерінен түрліше басталып, 6-ыншы мойын омыртқадан 3-інші мойын омыртқаларға дейінгі, олардың көлденең өсінділерінде аяқталады.
Ортаңғы баспалдақты бұлшық ет бірінші қабырғадан басталып, алтыншы және төртінші мойын омыртқалардың көлденең өсінділерінде аяқталады.
Вентральды баспалдақты бұлшық ет сиыр мен ұсақ малдарда және итте кездеседі.
5. Көкіректің тік бұлшық еті екінші және төртінші қабырғалар шеміршектерінен басталып, 1 -ші қабырғада аяқталады.
6. Көкет, диафрагма көкірек қуысын құрсақ қуысынан бөліп тұратын, пішіні күмбез тәрізді жалпақ бұлшық ет. Оның ортасындағы күмбез тәрізді сіңірлі төбесі көкірек қуысына бағытталған. Шеткі бұлшықет тік бөлігі бекитін орындарына байланысты бел, қабырға және төс бөлімдеріне бөлінеді. Бел бөлімінің бұлшық еттік ұштары оң және сол бұлшық ет аяқшалары түрінде бел омыртқаларында аяқталады. Диафрагма қабырға бөлімінің бұлшық еттік ұшы 8 -інші қабырға шеміршегін бойлай қабырғалардың ішкі бетінде аяқталады. Ал төс бөлімінің бұлшық еттік ұшы төссүйектің семсерше өсіндісінде аяқталады. Көкеттің бұлшық еттік бөлімдері жиырылғанда, диафрагма құрсақ қуысына қарай күшті тартылып, көкірек қуысын құрсақ қуысына қарай кеңейтеді.
Экспираторлар
1. Дорсальды тісше экспиратор көкірек керегесінің артқы жоғарғы жағында орналасады. Ол бірнеше тісше ет таспаларынан құралған. Дорсальды тісше экспиратор соңғы көкірек омыртқалардың жоталық өсінділерінен басталып, қабырғалардың омыртқалық ұштарының артқы жиектерінде аяқталады.
2. Ішкі қабырғааралық бұлшық еттер алдыңғы қабырғалардың артқы жиектерінен басталып, артқа және жоғары қарай бағытталып, кейінгі қабырғалардың алдыңғы ішкі жиектеріне бекиді. Ішкі қабырғааралық бұлшық еттер сыртқы қабырғааралық бұлшық еттерге кері бағытта жиырылып, қабырғаларды артқа және ішке қарай тартады.
3. Бел-қабырға бұлшық еті бел омыртқалардың көлденең өсінділерінен басталып, соңғы қабырғаның артқы жиегінде аяқталады.
4. Көкіректің көлденең бұлшық еті төссүйектің дорсальды бетіндегі орталық сызықтан басталып, қабырғалар шеміршектерінде аяқталады.
Құрсақтың бұлшық еттері әр түрлі бағытта қабаттаса орналасып, құрсақ қуысындағы ішкі мүшелерді бірқалыпты жағдайда ұстап тұрады. Сонымен қатар, олар жиырыла отырып, ішкі мүшелерді сығып, кекіру, құсу, нәжіс пен зәр бөлу сияқты қызметтерді жүзеге асырады. Тыныс алу процесіне де қатысады.
1. Құрсақтың сыртқы қиғаш бұлшық еті бесінші және алтыншы қабырғалардан бастап, соңғы қабырғаға дейінгі, олардың төменгі төссүйектік ұштарының сыртқы жиектерінен басталып, етті бөлігі сербекке қосымша бекиді. Одан соң ол каудо-вентральды жаққа қарай қиғаштала бағытталып, жалпақ сіңірге (апоневроз — лат.ароneurosis) айналады да, бекіп аяқталатын аумақтарына сәйкес құрсақ, сан, жамбас бөліктеріне бөлінеді. Жалпақ сіңірдің құрсақ бөлігі қарсы жақтың аттас сіңірімен қосыльш, құрсақтың төменгі бетіндегі ақсызықты құрайды. Апоневроздың жамбас бөлігі мықын және шат сүйектерге бекиді. Сан бөлігі шат төмпегінен басталып, ортан жіліктің медиальды бетіндегі шандырмен қосылып кетеді. Еркек жануарларда құрсақтың сыртқы қиғаш бұлшық еті сіңірінің құрсақ және жамбас бөліктері аралықтарында шап өзегінің сыртқы теріасты сақинаша тесігі орналасады.
2. Құрсақтың ішкі қиғаш бұлшық еті құрсақтың бүйір қабырғасының ортаңғы ет қабатын құрайды. Ол сербектен басталып, бұлшық еттік бөлігі қабырға доғасының ішкі бетіне бекіп, бұлшық еттің жалпақ шандыры құрсақтың вентральды бетінде қарсы жақтың аттас бұлшық еті шандырымен байланысып, ақ сызықты түзуге қатысады. Еркек жануарларда аталмыш бұлшық еттің каудальды жиегінде шап өзегінің ішкі сақинаша тесігі орналасады.
3. Құрсақтың тік бұлшық еті көкіректің тік бұлшық еті сіңірінен, төртінші және алтыншы қабырғалар шеміршектерінен және төссүйектен басталып, құрсақтың вентральды бетіндегі ақсызықтың екі қапталымен бойлай созылып, шат сүйектің шат қыры мен шат төмпегінде аяқталады. Құрсақтың тік бұлшық еті құрсақтың сыртқы және ішкі қиғаш бұлшық еттері аралығында орналасады. Құрсақтың тік бұлшық етінде көлденең өтетін сіңірлі аралықтар болады. Жылқыда бұл еттің соңғы бөлігінен жұмыр сіңір бөлініп, жамбас-ортан жілік буынына бағытталып, оның қосымша байламына айналады да, ортан жілік басының шүңқырында аяқталады.
4. Құрсақтың көлденең бұлшық еті бел омыртқалардың көлденең өсінділерінен және қабырға доғасының ішкі бетінен басталып, бұлшық еттің жалпақ сіңірі қарсы жақтың аттас бұлшық еті сіңірімен байланысып, ақ сызықты түзуге қатысады. Аталмыш бұлшық ет құрсақ қабырғасындағы бұлшық еттердің ең ішкі қабаты.
Алдыңғы аяқтың бұлшық еттері орналасу тәртібі мен атқаратын қызметіне байланысты иық, шынтақ, тізе және бақай буындарының бұлшық еттеріне бөлінеді. Аталған буындардағы қимыл-қозғалыстардың түрлеріне байланысты, оларға әсер ететін бұлшық еттер жазғыш (экстензор), бүккіш (флексор), жақындатқыш (аддуктор), алыстатқыш (абдуктор), сыртқа айналдырғыш (супинатор), ішке айналдырғыш (пронатор) бұлшық еттер болып бөлінеді. Жазғыш бұлшық еттер (экстензорлар) буын бұрышының төбесі жағында, ал бүккіш бұлшық еттер (флексорлар) буын бұрышының ішкі жағында орналасып, бір-біріне қарама-қарсы жүретін буынды жазу және бүгу қозғалыстарын іс жүзіне асыратын болса, жақындатқыш бұлшық еттер (аддукторлар) буынның ішкі медиальды бетінде орналасып, буынды тұлғаға қарай ішке тартып жақындату қозғалысына, ал алыстатқыш бұлшық еттер (абдукторлар) буынның сыртқы латеральды бетінде орналасып, алдыңғы қозғалысқа қарама-қарсы, буынды тұлғадан сыртқа қарай тартып алыстату қозғалысына әсер етеді. Супинаторлар буынның алдыңғы бетін сыртқы латеральды, ал пронаторлар оны, керісінше, ішкі медиальды жағына қарай бұрады.
Иық буыны құрылысы жағынан қарапайым (бір буын қуысы болады), қимылы жағынан көпбілікті (жілік басының пішіні шар тәрізді) буын. Иық буынын жауырын мен тоқпан жілік басы құрайды. Буынның бұлшық еттері буыннан жоғары, жауырын аумағында орналасып, бір-біріне қарама-қарсы қозғалыстарды іс жүзіне асыратын бірнеше бұлшық еттер топтарына: экстензорлар мен флексорларға, аддуктор мен абдукторға, супинаторлар мен пронаторға бөлінеді.
Экстензорлар:
1. Қыралды бұлшық еті жауырынның қыралды шұңқырынан басталып, өзінің екі ұшымен тоқпан жіліктің үлкен және кіші төмпешіктерінде аяқталады. Бұлшық етті сыртқы жағынан трапеция тәрізді және атлантакрамион бұлшық еттері жауып жатады.
2. Құс тұмсықша — тоқпан жілік бұлшық еті жауырынның құс тұмсықша өсіндісінен басталып, тоқпан жіліктің дөңгелек бұдыры маңында аяқталады. Бұлшық ет иық буыны мен тоқпан жіліктің медиальды бетінде орналасады. Оны сыртынан терең кеуде бұлшық еті жауып жатады.
Флексорлар:
1. Дельта (атырау) тәрізді бұлшықет пішіні үшбұрышты, жауырын қырынан каудо-вентральды бағытта орналасқан жалпақ бұлшық ет. Аталмыш бұлшық ет қырарты және кіші жұмыр бұлшық еттерін сыртынан жауып жатады. Дельта тәрізді бұлшық ет екі бөліктен тұрады. Оның жауырын бөлігі жалпақ сіңір түрінде жауырын қыры мен қырарты бұлшық етінен бастау алады, ал бұлшық еттің акромион бөлігі жауырын акромион өсіндісінен басталады. Бұлшық еттің аталған екі бөлігі де, тоқпан жіліктің дельта тәрізді бұдырында аяқталады.
2. Кіші жұмыр бұлшық ет жауырынның дистальды бөлігінің артқы жиегінен басталып, тоқпан жіліктің дельта тәрізді бұдырының жоғарғы жағындағы шынтақ сызығының алдыңғы жиегінде аяқталады.
3. Үлкен жұмыр бұлшық ет жауырынның каудальды жиегінің жоғарғы жағынан басталып, тоқпан жілік диафизінің медиальды бетіндегі дөңгелек бұдырда аяқталады.
Аддуктор:
1. Жауырынасты бұлшық еті жауырынасты шұңқырдан басталып, токпан жіліктің медиальды кіші төмпешігінде аяқталады.
Абдуктор:
1. Қырарты бұлшық еті қырарты шұңқырынан басталып, тоқпан жіліктің латеральды үлкен төмешігінде аяқталады.
Шынтақ буыны күрделі және бір білікті буын. Шынтақ буынын тоқпан жіліктің дистальды, кәрі жілік пен шынтақ сүйектің проксимальды бастары құрайды. Буынның бұлшық еттері жауырын және тоқпан жілік аумақтарында орналасып, шынтақ буынына әсер етеді. Бір білікті буын болғандықтан, шынтақ буынына бір-біріне қарама-қарсы жазу және бүгу қозғалыстарын қамтамасыз ететін екі бұлшық еттер тобы әсер етеді. Олар: экстензорлар және флексорлар.
Экстензорлар:
І. Иықтың үшбасты бұлшық еті алдыңғы аяқ қаңқа сүйектерінің үш жерінен басталады. Оның ұзын басы жауырынның каудальды жиегінің жоғарғы жағынан, латеральды басы тоқпан жіліктің шынтақ сызығынан, медиальды басы тоқпан жіліктің медиальды бетінен басталып, үшеуі бірігеді де, шынтақ өсіндісінің төмпегінде аяқталады.
2. Білек шандырын кергіш бұлшық ет иықтың үшбасты бұлшық етінің ұзын басының медиальды бетінде жатқан жұқа, таспа пішіндес ет. Ол жауырынның каудальды жиегінен, үлкен жұмыр және арқаның тым жалпақ бұлшық еттерінің шандырларынан басталады да, шынтақ өсіндісінің төмпегі мен білек аумағы шандырында аяқталады.
3. Шынтақ бұлшық еті тоқпан жіліктің шынтақ шұңқырының жиегінен басталып, шынтақ өсіндісі төмпегінің латеральды бетінде аяқталады.