Мұрын мен оның қосалқы қуыстарын зерттеу әдістері.
Сыртқы мұрынды, оның бетте орналасқан қосалқы қуыстарын қарап тексереді. Екі қолдың сұқ саусақтарымен мұрын қабырғаларынан бастап түбін және ұшын, үшкіл нервтің шығу нүктелерін, алдыңғы маңдай қабырғасын, гаймор қуысын, жақасты, иекасты лимфа түйіндерін сипалап көреді. Сау лимфа түйіндері қолға байқалмайды, ал қуыс қабырғалары ауырмайды.
Тыныс алу функциясының жағдайын анықтағанда ең бірінші сол қол саусағымен мұрынның оң қанатын кеңсірік пердесіне басып, оң қолымен кішкене мақтаны сол жақтағы танауға тақайды да, науқастан ішке және сыртқа тыныс алуын өтінеді. Мақтаның қозғалысынан мұрынның өткізгіштігін анықтайды. Мұрынның келесі жартысының өткізгіштігін де осы әдіспен анықтайды. Бұл тексерісте мұрын арқылы тыныс алу еркін, қиын немесе тіптен болмауы мүмкін. Мұрынның тыныс алу функциясын ринопневмометр аппараты бұдан да дәлірек анықтайды.
Иіс сезуді өлшеу мұрынның әр жартысына иісі бар заттарды кезек иіскету немесе ольфактометрді пайдалану арқылы анықталады. Иіс сезу дұрыс (нормосмия), нашар (гипосмия), бұзылған (кокосмия) немесе жоқ болуы мүмкін (аносмия). Мұрын қуысын қарауды риноскопия дейді. Инструмент арқылы алдыңғы, ортаңғы және артқы риноскопия түрлері жасалады. Алдыңғы және ортаңғы – мұрын кеңейткішпен, артқы риноскопия мұрын-жұтқыншақ айнасымен жасалады. Сонымен қатар, рентген сәулелерін қолдану арқылы мұрын мен оның қосалқы қуыстарының сүйекті бөліктерін зерттейді, олардың тік және бүйір проекцияда рентгенографиясы жасалады. Алдымен бастың тік қалпында мұрынның оң жартысын тексереді: шырышты қабық көп жағдайда қызғылт түсті, тегіс, кеңсірік пердесі дәл ортасында , мұрын кеуілжірлері үлкеймеген, жалпы мұрын жолы ашық болады. Келесі кезекте мұрынның сол жағын қарайды.
Мұрын кеңейткіші, түктерді қысып қалмас үшін, браншиді (ұшы) толық қабыстырылмаған жағдайда шығарып алу керек.