МАРЖАН ПОЛИПТЕРІ

МАРЖАН ПОЛИПТЕРІ — ішек қуыстылар типіне жататын омыртқасыз жәндіктер класы. Кейде жеке, көбіне колония құрып, теңіз тубінде тіршілік ететін организмдер. Маржан полиптерінің пішіні цилиндр тәрізді, олар табаны арқылы колонияға, жеке түрлері су астындағы қиыршық тастарға бекиді. Табанына қарсы жағында ұзын жіңішке қармалауыштармен қоршалған ауыз қуысы бар. Ауыз қуысы эктодермамен қапталған жұтқыншақ, ол камераға бөлінген (толық емес) ішек қуысына жалғасады. Денесі эктодерма, энтодерма қабатынан тұрады. Нерв жүйесі эктодерма қабатында орналасқан нерв клеткаларынан құралған. Маржан полиптері жынысты және жыныссыз жолмен көбейеді. Ұрпағы личинка сатысында анасының организмінен бөлініп шығып, біраз уақыт жүзіп, су астына бекіп, ересек түріне айналады. Жыныссыз жолмен бүршіктену арқылы көбейеді. Бүршіктенуіне қарай Маржан полиптері 2 класс тармағына (сегіз сәулелі Маржан полиптері, алты сәулелі Маржан полиптері) бөлінеді. Дүние жүзі теңіздерінде Маржан полиптерінің 6 мыңға тарта түрі бар. Бір орынға қауым турінде шоғырланып қозғалыссыз тіршілік етеді, қаңқалары әкті, кремнийлі келеді. Маржан қалдықтарынан құралған жыныс кесектерін өңдеуден кейін алынатын әдемі түсті, әшекей тастар да Маржан деп аталады. Дене құрылыстарының ерекшеліктеріне қарай Маржандар төрт сәулелі, алты сәулелі, сегіз сәулелі болып ажыратылады. Маржандар геологияда жыныстарды стратиграфиялық мүшелеуге мүмкіндік беретін жетекші фауна ретінде қолданылады. Қазақстан палеонтологтары силур мен карбон Маржандарын зерттеуге үлкен үлес қосты. Теңіз толқындары әрекетінен Маржандар кейде әк тасқа, құмға, лайға айналады. ТМД-нің Солтүстік және Қиыр Шығыс теңіздерін 150-ге жуық түрі мекендейді. Маржан полиптері өте ертеден тіршілік етеді, кембрий қалдығында кездеседі. Палеозойда 80-ге жуық тұқымдасы тіршілік еткен, олар қазір кездеспейді, құрып біткен. Қазбадағы Маржан полиптерінің қалдығы құрылыс материалы ретінде қолданылады. Қызыл маржаннан әсемдік бұйымдар жасалады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *