Тіл-әдебиет ғылымдары
Фараби өз заманында мұсылман елдерінде сөйленетін тілдердің көбісін білген. Сонымен қатар ол ғылымда қолданылатын көршілес елдердің де тілін меңгергені мәлім. Мысалы араб, парсы, туркі, латын, грек тілдерін ол өте жақсы білген. Оның 70 түрлі тіл білемін дегені асырып айтқандық болуы да мүмкін. Алайда оның көпшіл білу қабілеті орасан зор болғаны мәлім. Ол тілді үйреніп қана қоймай, тіл ғылымдарының өркендеуіне зор көңіл бөлген. Оның филология, поэтика, каллиграфия, риторика жөнінде жазған еңбектері, өлеңдері және т. б. бар. Оған мына кітаптары дәлел бола алады: «Китаб фи әл хатаба» («Риторика туралы кітап»); «Китаб фи санағат әл китабат» («Жазу өнері туралы кітап); «Қалам фи шығр уа қауафи» («Өлеңнің ұйқасы мен өлшемі туралы кітап»); «Китап фи ихса иқас» («Ритм туралы кітап»).
Фарабидің тіл ғылымы жөніндегі ұлы дәстүрін жалғастырған оның өкшелес жерлесі — отырарлық Әбунәсір Исмаил ибн Хамид әл-Жауһари (1002 жыл шамасында қайтыс болған). Бұл да Фараби сияқты жаһанкез-саяхатшы болып, бүкіл шығыс халифатын аралап шыққан адам. Оның «Тіл түзету кітабы» («Китаб ас-сахах әл-луғат») деген еңбегі дүние жүзіне белгілі болған. Осы лингвист Жауһари жоғарыда айтылған астороном-математик Жауһаридың туысы болуы мүмкін деген де жорамал айтылып жүр.
Музыка туралы
Фараби өз заманында асқан музыкант, тамаша (виртуоз) орындаушы, композитор, музыкалық аспаптар жасайтын шебер, музыканың тарихын, теориясын, орындау әдістерін түгел білген адам. Оның өзі жасаған «Канун», «Қыпшақ» атты аспаптары болған. Оның қандай орындаушы болғаны жөнінде аңыз-әңгімелер жоғарыда айтылды. Тегінде сол кезде бүкіл Шығыста онан аскан музыкант болмаған. Фарабидің «Китаби музыка әл-кабир» деген еңбегі дүние жүзіндегі музыка туралы аса бағалы енбек болып саналады. «Китаби музыка әл-кабир» дүние жүзіне тараған.
…Міне, біздің алдымызда арабшадан французшаға аударылған, 1930-1935 жылдары Парижде басылып шыққан екі үлкен том кітап жатыр. Ол «Араб музыкасының тарихы» деп аталады. Мұның 330 беттен туратын бірінші томын және ескертулерін түгелімен Фараби жазған. Екінші томының жартысын да жазған Фараби, калған жартысы — Әбу Әли ибн Синаның (Авиценна) еңбегі.
Бұл еңбектерді жинап, аударушы және бастырушы музыкант Родольф д’Эрланже араб елдерінде, Сирияда ұзақ уақыт тұрады және оның қарауында араб кызметкерлері болады. Ол кітапта Фарабидің музыкалық еңбектерін аударуда көмектескен мына екі адамды атайды: бірі Абділ Азиз Баккух, екіншісі аль-Маннуби ас-Саиуси.
Родольф д’Эрланженің колында Фарабидің музыка жөніндегі төрт қолжазбасы болған. Оның бірі — Лейденде, бірі — Миланда, бірі — Мадридте, бірі — Бейрутта сақтаулы болса керек.
Сонда Фарабидің музыкалық еңбегі тек араб музыкасына ғана арналған ба, әлде сол замандағы жалпы музыка атаулыны қамти ма? — деген сұраққа д’Эрланже: «Оның жазғандары музыка өнерінің жалпы ережелері, сол себептен оны қандай музыка болса да қолдануға болар еді» деп жауап береді.
Фарабидің музыкалық еңбегі 12 тараудан тұрады екен. Бірақ оның музыка тарихына арналған 4 еңбегі жоғалып кеткен.
Эрланже аударған еңбектің екінші томында Әбу Әли ибн Синаның музыка жөніндегі енбегі бар дедік. Тегінде Әбу Әли ибн Сина Фараби өлгеннен кейін 30 жылдан соң туған адам. Ол Фараби еңбектерін пайдаланғанын айтады. Әбу Әли ибн Сина Фарабиді ұлы ұстаз санаған. Ол музыка жөнінде де Фарабиге еліктеген болу керек. Одан көп кейінгі, Әлішер Науаидың замандасы, атақты музыкант Әбдірахман Жәмидің «Музыка рисалалары» («Музыка трактаттары») кітабында Фарабидің музыкалық еңбектері аталады.
Бірақ музыка жөнінде Фарабидің өз тұстастарының ешкайсысы да одан асып, жаңалык коса алған жоқ. Тіпті Фарабидің дәрежесіне де жете алмады.