Отырарлық жас ұлан
Болашақ ұлы данышпанның туған қаласы Отырар — сол кездегі дүние жүзіндегі ең ірі қалалардың бірі болған. Ерте заманда бүкіл дүние жүзінің кітабын жинаған ең ірі кітапхана Египетте, ертедегі грек мәдениетінің орталығы — Александрия қаласында болған екен. Ол орта ғасырлардың бас кезінде өртелген, себебі ондағы кітаптарда айтылғандар ол кездегі христиан дінін жақтаушы топастардың пікіріне қайшы келсе керек.
Отырар қаласының кітапханасы әлгі Александриядағыдан кейінгі ең ірі кітапхана екен. Фарабидің ғылымға деген алғашқы ынтасы, терең ғылыми ойының алғашқы ұшқындары, туған елінде, осы Отырар мектебінде, оның тамаша кітапханасында пайда болды деп білеміз.
Сонымен қатар Фараби дүние тани бастаған кезде ислам діні Орта Азия мен Қазақстан жерлерінің бірсыпырасына тарап қалған болатын. Араб халифаты Ғаббас тұқымдарының қолына ауысып, оның орталығы Бағдат қаласы салынған-ды. Ғаббас халифалары көп жылдар бойы Сирияда Шам (Дамаск) шаһарын орталық етіп келген Умиялық халифаларды құлатқан соң (750 жылы), жаңа астана Бағдатты дүние жүзіндегі ең көрікті, атақты қала етуге тырысқан. Бағдат араб өнерінің де, ғылымының да орталығына айнала бастаған.
Фараби кезінде Бағдат мәдениеті дүние жүзін таңдандырған хикая-ертегі аңыздарға айнала бастаған. Араб халифасы Арон Рашид пен оның атақты уәзірі Жағфардың «керемет» істерінен ертегі-аңыздар туа бастаған, яғни болашақ «Мың бір түн» әңгімесі тарайды. Осы «ғажайып» оқиғалар Түркстан еліне, Отырарға да жетіп жатады. Бағдат, Мысыр, Шам, Ма-Шиннің тамаша жаңалықтары мен өнер-білімі жайынан жаһангез саяхатшылар мен саудагерлерден естігенде жас Әбунәсірдің делебесі қозатын-ды. Ал осындай тамашаны, ғылымның, өнердің ғажабын тек қана құлақпен естіп қанағаттануға болар ма? Әбунәсір сияқты алғыр, зерек, талапты жасты бұл қанағат етпейді. Ол соның барлығын аралап өз көзімен көру керек, өзі зерттеп, өз қолымен соны жасай білу керек… Тек сонда ғана ол оған сенеді, тоқталады, тояттап сусынын қандырады. Мәдени орталықтардың бәріне саяхат жасап аралау керек. Ғылым мен өнердің барлық тарауларының бірін қалдырмай меңгеру керек… Міне, отырарлық жас ұланның алдына қойған мақсаты, — «аз-көп болса да, осы ғана» болады.
Бұл ұлы мақсатқа жету үшін табиғи дарын, ынта-жігер керек. Ал дүние жүзін аралап, ғылым мен өнерді меңгеру үшін дүниеге алданбау керек. Міне, туған елінен аттанарда жас Әбу ойын осылайша түйеді. Ол мақсатына толық жетті. Қалай? Қайтіп? Енді бұл сұраулардың жауабына тоқтаймыз.