Хайямның дүние тануы және өлеңдері

Хайямның дүние тануы және өлеңдері

 

Хайямның дүниеге көзқарасын сипаттарлық материал жеткілікті емес. Оның философия мәселелерін сөз еткен шағын екі кітапшасы ғана сақталған. Бірі — тәжік тілінде жазылған «Жалпы мазмұн туралы», бұл француз және ағылшын тілдеріне аударылған. Екіншісі араб тілінде жазылған, кейін парсы тіліне аударылған «Болмыс пен қажеттілік туралы» деген кітапша.

Философиядан жазған кітапшаларында Хайямның өзіне тән дерлік айқын көзқарасы жоқ, тек Пифагордың, Платонның, Аристотельдің, Ибн Синаның идеалистік еңбектері түсіндіріледі. Автор бұрынғы философтардың қателерін іздемейді, олардың теріс пікірлерін сынамайды.

Пифагордың ілімі бойынша болмысты сандар билейді, дүниедегі гармония — үйлесімділік сандардың гармониясынан шығады. Сандардың ішінде 1 саны ерекше орын алады, өзге сандар содан тараған… Хайям мұны былай толықтырады: «Болмыстағы реттілік, — дейді ол, — әріптердегі реттілік сияқты. Әліф — барлық әріптердің негізі, ол ешбір әріптен шықпаған». Бұдан «дүниені құдай жаратқан» деген жалған қорытындынын басы қылтиып көрініп тұр. Демек, Хайям идеалистік сүрлеумен жүріп дін жолына түскен. Ол — құранды жаттап алған имам, қартайған шағында қажыға барған тақуа.

Алайда ғылым шыңына шыққан шын ғалым идеализм батпағына мүлде батып кетпейді, ғылым шырағы оны жағаға сүйреп, тал қарматтырады, кейде жөнге салады. Хайям да сондай ғалым. Ол физика-математикалық еңбектерінде материализмге келеді. Жоғарыда айтылған алтын мен күмістің шамасын анықтау жөніндегі есепті алланың әмірімен солай шешіледі демейді, табиғат заңы бойынша солай шешіледі, табиғат санаға тәуелсіз деп түсіндіреді. Табиғаттың шексіздігін, оның бұрын да болғандығын, келешекте де болатындығын және әлем сырлары шариғат арқылы смес, өнер-білім арқылы ғана ашылатындығын Хайям ашық айтады. Оған мына өлеңдері дәлел бола алады:

«Біз кетті деп дүние қағынбайды.

Із өшеді, еш адам сағынбайды.

Бізден бұрын өтіпті талай заман,

Өз жолынан табиғат жаңылмайды.

Надандар мешіт мақын жағалайды,

Өнер-білім қажет деп санамайды.

Жұмаққа үміт артып күн кешеді.

Ғалым адам ондайға қарамайды».

Хайям жұлдыздар бойынша бал ашушы — астролог болған. Астрология — ежелгі Вавилонда шыққан жалған ережелердің жинағы, ол ғасырлар бойы ғылым ретінде танылып келген. Астрологияның түсіндіруінше, әрбір адамның өмірі бір жұлдызға тәуелді болады, біреудің жұлдызы бақытты, біреудің жұлдызы бақытсыз, адам өлгенде оның жұлдызы ағып түседі… Жолы болар жігіттің айы оңынан, жұлдызы солынан туады… Хайям сұлтандар мен уәзірлердің келешектегі тағдырын болжап «кітап көтеріп», яғни астрологиялық ережелер жазылған кітап бойынша бал ашып, жүрген. Ол «тәуіп, көріпкел» саналған. Бірак осы астрологияға Хайям өзі сенбеген. Сенерлік негіз де жоқ, өйткені астрология ережелерінің бір де бірі дәлелденбеген, тек абыздардың айтуымен ғана жазылған. Ал Хайям — математик, дәлелсіз ешбір ұйғарымды кабылдай алмайды, ол тіпті жігін ашпай логикалық тізбек құрып тұрған, ешқандай қатесі мен қайшылығы жоқ Евклид «Негіздеріне» қанағаттанбаған, сын айтқан, түземекші болған адам.

Жалғыз Омар Хайям ғана емес, ертедегі ірі астрономдардың көпшілігі астролог та болған. Мұқтаждық, күнкөріс қамы ғалымдарды астрологиямен де айналысуға мәжбүр еткен. Мұны планеталар қозғалысының әйгілі үш заңын тапқан Австрия астрономы Иоган Кеплердің (1571-1630) төмендегі сөздерінен аңғарамыз: «Әрине, астрология — есалаң қыз. Бірақ жүрт одан да асқан есалаң. Есалаң қыз шатпақтап жүріп, өзінің былшылымен тамақ тауып әкеледі де, ақылды шешесі — астрономияны асырайды. Астрономның жалақысы жоқтың қасы. Есалаң қыз болмаса, оның есі бүтін шешесі алдақашан аштан өліп қалған болар еді». Кеплер шындықты айтқан.

Дін — астрологияның екінші сыңары, оның да дәлелі жоқ. Сондықтан Хайям діннен де шегініп кетеді, оны қатал сынға алады. Тіпті шариғат ережелеріне қарсы шығып, қожа-молдаларды масқаралайды. Оның өткір өлеңдері ишандарға найзадай қадалады.

Омар Хайям аса дарынды ақын болған. Бірақ ол әдеби еңбекті негізгі кәсіп етпеген, Фердауси мен Сағади сияқты кесек шығармалар жазбаған. Анда-санда көңілі келгенде қағаз қиқымына, кітаптың шеткі алаптарына ұсақ өлеңдер жазып отырған. Хайям өлеңдері төрт жолмен шумақталып отырады, үшінші жолы дара шығып, бірінші, екінші және төртінші жолдары ұйқасып келеді. Мұндай өлең рубағи деп аталады, европа тілдерінде рубаи, рубаят дейді. Рубаи — мазмұны бай, сөзі аз, тілі көркем, лирикалық өлең.

Хайям өлеңдерінің жазба нұсқалары сақталмаған. Қазір рубаи үлгісімен жазылған және Омар Хайямның өлеңі деп есептеліп жүрген шығармалардың жалпы саны бес мыңдай. Бірақ олардың басым көпшілігі басқа ақындардікі, бертін жазылған өлеңдер. «Омардың рубаилары» делінетін өлеңдердің ішінде қазір бұзықтықты, маскүнемдікті және жезөкшелікті дәріптейтіндері де бар. Бұлар капиталистік шірік салт-санаға сай келеді, завод қожалары мен банкирлерді «Хайям қоғамына» тартады. Омар Хайямның ондай азғындықты уағыздайтын өлеңдер жазуы мүмкін емес.

Рубаилар жүз жылдан бері зерттелуде. Олар жөнінде орыс ғалымдары В. Жуковский, К.Смирнов, үнді ғалымы С. Тиртха, парсы ғалымы М.Фуруги, неміс ғалымдары А.Кристенсен, Ф.Розен, А.Арберри тағы басқалар ірі еңбектер жазған. Қазір Хайямның қолынан шыкқандығы даусыз рубаилардың саны 329. Оларда автордың аты айтылады. Мәселен, қазақ өлеңдерінің бірінде:

«Сұрасаң менін, атым Құлтума-ды,

Момыннан Құлтумадай ұл тумады.

Келгенше сексен үшке ән шырқадық,

Көмекей сонда дағы жыртылмады»

делінеді. Бұдан өлеңнің авторы Момын руынан шыққан Құлтума ақын екендігі анықталады. Хайям өлеңдері де осындай. Оның әлгі даусыз делінген рубаиларында, көбінесе автордың аты кездеседі. Даусыз рубаиларда әділеттік, өмір қызығы, өнер-білім жырланады, қожа-молдалар әшкереленеді. Оқушыға түсінікті болуы үшін рубаилардың кейбіреулерін аударып келтірейік.

«Молдалар бастарына салған шалма,

Айтады, — ақиреттен ғапыл қалма! —

Тамықпен жұрттық бәрін қорқытады,

Жұмақтан хабар алып келген бар ма?

Өмірден өтіп кетті талай жандар,

Неше рет күндер батып, атты таңдар.

Солардың бірі келіп жөнін айтса,

Тоқтар еді дау, талас, айтыс, жанжал.

Хор кыздарын жумаққа алып барған,

Шарап құйған бөшке де барып қалған!

Әйтеуір қыз бен шарап берер болса,

Неліктен бұл дүниеде тыйым салған?

Өмірге өлім тіркедің ілгілермен,

Аямадың еш жанды тіл білерден.

Жаман қылып жаратқан кінә өзіңде,

Әйтпесе, жақсы ісіңді бүлдірер ме ең?

Көктемде отыр едім гүлге қарап,

Кесемен бір сұлу қыз берді шарап.

Сол кезде есіме алсам жұмағыңды,

Ишаным, болар едің төрт көз барақ».

Хайям өлеңдерінің жалпы сарыны осылай келеді. Олар дін уағыздаушыларды жебедей жерге тығып, шаяндай шағып алады. Сондықтан да ертедегі молдалар: «Хайям деген — шаян, оның шакқанына дана жоқ» дейтін болған.

Рубаи үлгісіндегі өлеңдер тәжік-парсы поэзиясында Хайямнан бұрын да болған. Хайям рубаиды өлеңнің негізгі түрлерінің біріне айналдырған. Төрт жолды өлеңдер басқа халықтардың да поэзиясынан орын тепкен.

Қазақ әдебиетінің тарихында Хайям өлеңдерінің ресми аудармалары кездеспейді. Бірақ рубаилардың тәжік тіліндегі түпнұсқасын оқыған қазақтар болған. «Мәдәт бер, я шагри фурият» дегенде Абай Орта Азияның ұлы ақындарына сыйынған. Иса Байзақов бір өлеңінде былай дейді:

«Ананың ұлдары еді осынша сый,

Фердауси, Омар Хайям, шайхы Сағди».

Жалпы алғанда Омар Хайям қазақ оқушыларына ертеден таныс. Оның дінді мысқылдаған атеистік өлеңдері бірталай қазақ ақындарына әсер еткен.

Сонымен қатар қолда бар деректерге қарағанда Хайям еңбектерінде зор қайшылықтар бар. Ол өнер-білімге жүгініп, ғылым шыңына шыға отырып, өзі имам болады. Сөйте тұра дінге қарсы шабуыл жасайды. Дүниенің негізі материя деп танып тұрып, материяны санаға тіркестіреді. Басқа кітаптарында мәселенің қалай баяндалғаны бізге белгісіз. Кемшіліктері мен қайшылықтарына қарамастан Хайям тарихтан орын алған адам. Диалектикалық материализмге жете алмағандығы үшін мың жыл бұрын өткен ғалымды кінәлау қиын. Бұған онын «өгіз мұрнын жұдырықпен тескен» заманы кінәлі. Хайямның кемшіліктерін кешіруге әбден болады. Оның халык кәдесіне жарайтын кұнды еңбектері аз емес.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *