Омар Хайям — тәжік және парсы халықтары

Омар Хайям — тәжік және парсы халықтарының орта ғасырларда өмір сүрген ұлы ғалымы, көреген ойшылы, дарынды ақыны. Оның ғылыми зерттеулері математика мен астрономияны жаңа сатыға көтерді, философиялық еңбектері кейінгі ұрпақтардың ой өрісін кеңейтті, ал өлеңдері поэзияның жаңа түрін қалыптастырды.

Ғалым Омар парсыша Хайям деп, арабша әл-Хайями деп аталып кеткен. «Хейям» — араб тілінде «шатыр тоқушы» деген сөз. Оның әкесі мен шешесі шатыр-палатка тоқып, керуендерге сатып кәсіп еткен болу керек. Хайямның нақты аты-жөні — Ғиясәддин Әбілфатих Омар инб Ибраһим әи-Нишапури. Нишапури — Омардың ныспысы, туған жерінің аты. Бұл қала Иранның солтүстігінде, Хорасан өлкесінде. Өз тұсында Нишапур феодалдық қалалардың ірілерінің бірі болған. Қытаймен, Үндістанмен, Орта Азия және араб елдерімен айырбас, сауда-саттық қатынастарын жүргізген. Онда кілем тоқу, жібек иіру, алтын мен күмістен зергерлік бұйымдар жасау өнері болған.

Омар Хайям 1040-жыл шамасында (кейбір деректер бойынша 1048-жылы) туған. Жергілікті медреседе оқып білім алған. Оның негізгі ұстазы Нишапурдың белгілі ғалымы Насыреддин шайх Мұхаммед Мансур (1104-жылы өлген) деп есептеледі. Дарынды Хайям өз бетімен оқып та көп білім алады. Ғалымның жігіттік шағы Балх қаласында өткен, ол онда математика, физика, астрономия, философия, дін негіздері, тарих ілімдерімен шұғылданған, араб тілін еркін меңгеріп шыққан. Одан кейін Самарқан, Мерв, Исфаған, Рей тағы басқа қалаларда тұрып қызмет істеген.

Хайямның өмір сүрген дәуірі ел тарихында елеулі із қалдырған уақиғаларға толы. Бұл кезде Иран мен Орта Азияда ислам діні орнығып, қалаларда мешіттер салынып, араб тілі халықаралық ғылыми тілге айналған еді. Иран мен Орта Азия жерінің көпшілігін Ғазна сұлтандары билейтін. Ғазна — қазақтың «Қобыланды батыр» дастанында айтылатын Қазан қаласы. Ғазна мемлекеті Махмуд Ғазнауи (999-1030) сұлтанның тұсында бірталай жерлерді басып алды, оның қызыл телпек киген әскерлері — «қызыл бастар» Үндістан мен Қазақстанға қанды жорықтар жасап отырды.

Алайда ғазналықтардың дәурені шолақ болды, олар сәлжүктердің шоқпарына кездесті. XI ғасырдың бірінші жартысында Түрікменстан жерінен шыққан сәлжүк түріктері Ғазна хандығын талқан етті. 1040-жылы Данданақан түбінде (Мерв пен Серахсы қалаларының аралығында) болған шайқаста Махмудтың орнына отырған баласы — Масғұд сұлтан әбден жеңіліп, жерінің көпшілігінен айырылып қалды. Солтүстік Иран мен Орта Азияның негізгі облыстары сәлжүктерге қарады. Сәлжүктер мұнымен тоқтамады, шапқыншылықты үдете берді. Тұғрұл бек бастаған сәлжүктер 1055-жылы арабтардың шығыс халифатының астанасы Бағдатты алды. Қазіргі Түркия түріктері — сәлжүктердің тұқымы. Сәлжүктер империясы Қытайдан Жерорта теңізіне шейін созылып жатты. Орта Азиядағы сәлжүктердің Хайям заманындағы белгілі сұлтаны Жәлеләддин Мәлікшаһ (1072-1092) болды.

Тынымсыз соғыстар, шамадан тыс салықтар, шариғат ережелері халықтың тұрмысын нашарлатты. Ғалымдардың да төбесінде қамшы ойнады. Бұл жөнінде Омар Хайям былай деп жазды:

«Біз ғалымдардың қырғынға ұшырауының куәсі болдық, олардан тек ауыр азапқа шыдаған бірен-сарандары ғана қалды. Бұл тірі қалған ғалымдарға түгелінен беріліп өз ғылымын жетілдіруге және тереңдетуге қатыгез тағдыр мүмкіндік бермеді. Осы күні ғалым түрінде жүргендердің көпшілігі болар-болмас білгендерін зұлымдық мақсаттарға ғана пайдаланып, алдамшылық пен екіжүзділіктің шеңберінде қалып жүр, шындыққа өтірікті кигізіп жүр» (Хайям, «Алгебра мен әлмүкәбәла есептерінің дәлелдемелері туралы»).

Омар Хайямның ғалым ретінде қалыптасуына Орта Азия ғылымы мен мәдениетінің алыптары — Хорезмидің, Фарабидің, Бирунидің, ибн Синаның, Рудакидің, Фердаусидің, Қысыраудың және тағы басқалардың еңбектері зор әсер етті. Хайям солардың дәстүрлерін дамытып, ілгері бастырды. Ол әділеттік пен адамгершілікті жақтады, шариғат ережелерін сықақ етіп, ақыл мен білімге жүгінді, бұқара халық жағында болды. Соның арқасында оның даңқы бүкіл Шығыс елдеріне жайылды.

Сәлжүк сұлтандары ғылымнан хабарсыз, кейбіреулері тіпті сауатсыз болатын. Сондықтан ірі ғалымдардың консультациясын алуға, оларды сарай маңында ұстауға мәжбүр болған. Осындай бір жағдай Хайямға да кездесті, ол 1074-жылы Мәлікшаһтың сарайына шақыртылады. Қызметке алынып, сәлжүктердің астанасы Исфаған қаласында салынған астрономиялық обсерваторияның жетекшісі болып тағайындалады. Хайямға Мәлікшаһтың бас уәзірі, прогрестік көзқарастағы оқымысты тәжік «Сиасет-нәмә» — «Ел билеу кітабы» атты шығарманың авторы Низам әл-Мүлік (1017-1092) едәуір қамқорлық жасайды. Хайям он жеті жыл осы обсерваторияны басқарып, астрономиялық зерттеулер жүргізді. Бұлардың нәтижелерін «Мәлікшаһтың астрономиялық таблицалары» деген атпен жариялады. Омар Хайям сәлжүктер календарын жасады.

1092-жылғы қазанда бақталас уәзірлер әл-Мүлікті өлтірді, бір айдан кейін Мәлікшаһ өлді. Оған у берілді деседі. Сұлтан сарайын реакцияшыл уәзірлер мен молдалар билеп алады. Олар Хайямға жәбірлік жасай бастайды, дінсіз деп айыптап, жазаламақшы болады. Ақыры Хайям Меккеге қажыға кетіп жан сақтайды. Хайям қайтып келгеннен кейін (бұл кезде обсерватория жабылып қалады) сарай қызметін тастап, өмірінін, ақырына дейін өзінің туған жері Нишапурда тұрады. 1123-жыл шамасында қайтыс болып, сонда жерленеді.

Қазір Азияның, Европаның және Американың кейбір елдерінде Омар Хайямды қадір тұтушылар қоғамдары бар. Осылардың жинаған қаражатына 1934-жылы Нишапурда Хайямның зиратына ескерткіш тас орнатылғаи. Тасқа парсы тілінде мынадай сөздер жазылған:

«Ғалым Омар Хайям. Өлген уақыты ай Хиджрасының 516-жылы.

Хайямның моласына тізеңді бүк,

Тілек тіле, ойдағы қайғынды ұмыт.

Ескерткіштің уақытын білгің келсе,

Соңғы жолдың сандарын жинақтап шық».

Өлеңнің парсы тіліндегі соңғы жолын алып, ондағы әріптердің цифрлық мәндерінің (әліф-1, би-2, джим-3 т.с.с.) қосындысын шығарғанда күн Хиджрасының 1313-жылы — григориан календарының 1934-жылы болады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *