Бисенғали З.-Ғ.Қ.,
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, ф. ғ. д., Қазақстан, Алматы қ., e-mail: zinolgabden@hotmail.com
МАХАМБЕТ ПОЭЗИЯСЫНЫҢ ПОЭТИКАСЫ
Махамбет қазақ ауыз әдебиеті мен халық әдебиетінің жаңа дәуірге – кәсіби әдебиетке ұласар тұсында, өлара мезгілде өмір сүріп, Алла сыйлаған таланты мен табиғи қасиеттерінің арқасында құдіретті туындыларды дүниеге әкелді. Шексіз қабілеттің қуаты мен құдіретіне лайық ғажайып туындылар сомдады. Ол әдебиетпен кәсіби айналысқан жан емес. Замана талабына сай жаңа үлгі енгізейін деп әдейі ойланған жоқ. Алайда бойын буып бұрқанған сезімдерді бейнелеуде, тіл қолданыстарында жана танымдық ұғымдарды еркін пайдаланды. Заманға сай өмірге еніп жатқан жаңа сөздердің метафоралық мағыналарын байытты. Сол арқылы да ақын қалың қазақты таңғалдырды. Мақалада Махамбет поэтикасының осы ерекшелігі көрсетіледі.
Түйін сөздер: Махамбет, қазақ ауыз әдебиетінен өту, Алла сыйлаған дарын, шексіз қабілеттің қуаты, жаңа үлгі бойын буып бұрқанған сезімдер, заманға сай талаптар, метафоралық мағыналар.
Bisengali Z.-G. K.,
DSc, Professor of Al-Farabi Kazakh National University, Kazakhstan, Almaty, e-mail: zinolgabden@hotmail.com
Poetiks of Maxambets poems
Makhambet lived in the era of the transition from Kazakh folklore and folk literature to professional literature and, thanks to his natural abilities and talent from God, created great works. He produced beautiful creations worthy of the strength and power of infinite talent … He was not engaged in literature professionally. And he had no intention to introduce new models in accordance with modern requirements. However, in describing the seething emotions that overwhelmed him, he freely used new cognitive concepts, enriching the metaphorical meaning of new words entering modern life. Thus, the poet surprised the Kazakh people. This feature of the poetics of Makhambet is reflected in the article.
Key words: Makhambet; Kazakh folklore; talent from God; natural abilities; infinite talent; introduce new models; new cognitive concepts, new words entering modern life.
Бисенгали З.-Г. К.,
д. ф. н. профессор Казахского национального университета им. аль-Фараби, Казахстан, г. Алматы, e-mail: zinolgabden@hotmail.com
Поэтика поэзии Махамбет
Махамбет жил в эпоху перехода от казахского фольклора и народной литературы к профессиональной литературе и благодаря природным способностям и таланту от Бога создал великие произведения.
Он создал прекрасные творения, достойные силы и могущества бесконечного таланта… Он не занимался литературой профессионально. И у него не было намерения ввести новые модели в соответствии с современными требованиями. Тем не менее, при описании бурлящих эмоций, переполнявших его, он свободно использовал новые когнитивные понятия, обогатив метафорическое значение новых слов, входящих в современную жизнь. Таким образом поэт удивил казахский народ. Эта особенность поэтики Махамбета отражена в статье.
Ключевые слова: Махамбет, переход от казахского фольклора, талант от Бога, могущество бесконечного таланта, новые модели бурлящих эмоций, переполнявших его, современные требования, метафорическое значение.
© 2019 Al-Farabi Kazakh National University
Кіріспе
Махамбет Өтемісұлы – көзсіз батырлығының үстіне, аса дарынды тұлға. «Батырдың де батыры бар…Махамбеттің батырлығы бұлардың бірі де емес-, деп жазады З.Қабдолов, «Қаһарман ақынның тағдыр мен тағлымы» мақаласында,Махамбет-ердің мақсаты – ерекше мақсат. Оның күресі ханмен ғана емес, хан арқылы халықты қан қақсатқан отаршылық бұғауына қарсы халқымыздың азаттығы үшін, біздің бүгінгі күніміз үшін күрес» (Qabdolov, 2007: 379).
Махамбет шығармашылығы да ешкімге ұқсамайтын дара құбылыс. Жарақты жауға жасқанбай шабатын серілік дәуірдің соңғы өкілдерінің бірі. Бәлкім сондықтан шығар өлеңдері мен толғаулары, жырлары арнасына сыймай, бейсаналық әрекеттерімен жиі қабаттасады.
Махамбет қазақ ауыз әдебиеті мен халық әдебиетінің жаңа дәуірге – кәсіби әдебиетке ұласар тұсында, өлара мезгілде өмір сүріп, Алла сыйлаған таланты мен табиғи қасиеттерінің арқасында құдіретті туындыларды дүниеге әкелді. Шексіз қабілетінің қуаты мен құдіретіне лайық ғажайып туындылар сомдады.. Ол әдебиетпен кәсіби айналысқан жан емес. Замана талабына сай жаңа үлгі енгізейін деп әдейі ойланган жоқ. Алайда бойын буып бұрқанған сезімдерді бейнелеуде, тіл қолданыстарында жана танымдық ұғымдарды еркін қолданды. Заманға сай өмірге еніп жатқан жаңа сөздердің метафоралық мағыналарын байытты. Сол арқылы да ақын халық қазақты таңғалдырды. Махамбеттің жырлары мен толғауларын, әңгіме, шежірелерін білмейтін қазақты кездестіру бұрындары қиын болса, қазір де солай.
Ақынның өлең өнерінде көп қолданған тәсілі – жыраулақ поэзия, толғаулық үлгілер. Алайда шығармаларын талдау кезінде толғау мен жыр, өлеңдер өзегіне ене бастаған жаңалықтарды бірден байқайсың.
«Махамбет өлеңдерінде жайдауыт, жа лаңқабат, жадағай шумақтар атымен ұшырас пайды… Кей ретте жыр емес, әлдекімге әлдене хақында, әлдеқандай тұспалхат (шифрограмма. – Ә. Кекілбайұлы) жолдап отырғандай әсер етеді.»
Осы мәтіндерде интертекстік сипарттар да мол.
Біз Махамбеттің өлеңдерінің өміріне, ал, өмірінің өлеңдеріне терең үңіле алсақ қана, толық түсіне аларымыз хақ. Бұл бағытта Махамбет өмірбаяны мен шығармаларын жинауда, жүйелеуде өлшеусіз көп еңбек сіңірген
Б.Аманшин еңбектерін ерекше атауға болады. (Amanshin, 2004: 8-16) «Бірақ, ол замандағы қазақ сахарасына ондай сұңғыла тыңдарман мен ғұлама оқырманды ағыл-тегіл ғып кім бере салыпты»- деп Ә.Кекілбайұлы айтқандай ақынның бейсаналық сезімдер жетегіндегі туындыларын бүгінде де тереңдей талдап жатқанымыз шамалы ( Kekilbai, 2006: 8-19).
Махамбетте жастық шақ жырлары болған жоқ деп кім айтар.Әзіл мен қалжың-қағытпалар араласқан сатиралық өлеңдер мен шумақтар ше?! Талантты жастың бойын билеп сезімін лап еткізген тіршілік құбылыстарын өлеңге айналдыру үдерісі ақында болған жоқ деп кім дуласа алады?! Мұны дәлел дерексіз-ақ анық айтуға болады.
Ел аузындағы әңгімелерге қарағанда он жасынан бастап өлең шығарған қабілетті жастың қоршаған орта мен заманы туралы алғашқы танымдары табиғи түрде осы жырларда жалғасын тапқан. Мұны бізге ауызша жеткен шығармалар мәтіндерінің астарынан байқауға болады. Өкінішке орай, бізге жеткен бұндай шығармалар түгел емес. Жеткендерін де сақтай алмадық. Айтылған жерде қалды. Ел тарихы мен мәдениет, әдебиетін есте сақтаған есті карияларды Ресей патшасының, Кеңес үкіметінің отарлық саясатын ұстанған ресми идеология қудалады, қамады, қинады, ақыры құртып тынды. Орыстан өзге ұлттарды шоқындыруды мақсат қылып, саяси-әлеуметтік құйтырқылардың сұрқияларын ойлап тауып, әдейі жоспарлаған қаныпезер үкімет пен идеология өзге ұлттардың жайын ойлаған емес.
Ақын өз кезіндегі қазақ өлең-жырлар, толғау дастандарының бесігінде өскен. Қараөлеңдердің кереметі мен жыраулық өнер туындыларын, қазақ эпостарын, «Қырымның 40 батыры» тәрізді жыраулық энциклопедины жақсы білген (Sarai, 1997: 91).
Махамбет қазақ өлеңніне жаңалық енгізейін деп ойламаса да, толғау, жыр өлеңдер айту үстінде оларға әлдене енгізу үдерісін бастан кешті. Ретіне, сезім толқындарына орай шығармаларын әр орындауда жаңалықтар қосып отыруы сөзсіз. Керуен жолбасшысы ретінде Хиуа, Қоқан, Бұхара бағыттарындаға айларға созылған ұзақ жолдарда эпостық жырлар мен аңыз, әңгімелерді сапарластарына айтқан, олардан да сан түрлі хикая, әңгімелер тыңдаған. Жолаушы ақын-жырау, шежіреші-әңгімешідермен кездесулерде естіген қызық әңгімелер мен айтушылардың бояулы, астарлы сөздері, қолданыстары ақын жадында сақталған. Орыс тілін білу, орыс ақындарының өлеңдерімен танысу (Калмыково түрмасіндегі 2-3 жыл), діни ортада, медреселерде болу, ғұлама қариялармен танысу, сұбхаттасу ізсіз, босқа өтті деп ешкім де айта алмайды. Махамбет өткен өмір мектебі мен ақындық әлемді, уақыт пен кеңістікті осы арналардан табуға болады.
Негізгі бағыт – қаламгер қолданған тәсілдер
Бүгінгі таңда біздің алдымызда тұрған басты міндеттің бірі Махамбет тұлғасының шығармашылығындағы дара поэтикасын заман талабына сай әдеби-тарихи, көркемдік негізде танып білу. Ақын тұлғасының бейнелену сырларын өз деңгейінде таныдық деп айта алмаймыз.
Зерттеп білуге, тануға талпынып жатқанымыз рас.Ретіне орай Жапон, орыс тілдерінле мақлалар да жарияладық (Bissengali, 2009).
Осы бағыттағы ізденістеріміз бен жұмыстармызды екіге бөле талдауға болады. Біріншісі, кеңес үкіметі заманындағы зерттеулер. Басты назар ақынды ұлт-азаттық көтеріліс жаршысы ретінде көбірек көрсетуге бағытталады. Бұл – Махамбет шығармашылығын кеңес заманындаақ түптей зерттеген Қ. Жұмалиев салған саясиәлеуметтік жол. Бірақ, Махамбетті зертеуге 1932 жылдары кіріскенде жас ғалымның көздегені басқа еді. Махамбет қазақ елінің бостандығы мен тәуелсіздігі үшін күресті деген ойлар болатын. Тараихи деректер мен ел аузындағы, ескі қолжазбалардағы дәйектерге сүйе сөйлеген. Қ. Жұмалиев бұл уақыттарда патша үкіметінің қазақты отарлауына қарсы көтерілген Кенсары қозғалысы туралы мақалалар жаза бастаған. Кеңес үкіметіне бұл пікір мұлде ұнамады. Ресми идеология құралдыры арқылы тәжірибесі аздау жас ғалымды сынға алуды күшейтті. Қ. Жұмалиев те қарап қалмады, ресми идеологияның тарихи дерексіз, үкімет саясатын ғана дәйектейтін әшкерелеуге кірісті. Сөйтіп кеңес үкіметінің «сүйікті тәсілі – күш қолданудың» құрбаны болып шыға келді. Тіпті аяқ астынан халықтың жауына айналды. Қуғын көрді, жер аударылды. Әділет, шындық іздеп қуынды. Ақыры, ұзақ жылдарын қудалауда, түрмелерде өткізіп барып дерек, дәлелсіз қамаудан, өтірік пен жала жабуден құтылып бостандаққа шықты. Қ.Жұмалиев енді әдебиет тарыхына байланыты зерттеулерін ресми идеология рұқсат еткен деңгейге көшірді. Мәселен, Исатай-мен Махамбет көтерілісі Орысқа емес, хан Жәңгірге қарсы күресті деген жаңа бағытқа шықты. (Zhumaliyev, 2010: 97)
Қажым Жұмалев – қазақ әдебиетінде
Махамбеттің көркем бейнесін сомдауға да үлкен үлес қосқан қаламгер, 1944 жылғы «Айқас» романан бастап әдебиетімізде Махамбет бейнесінің түрлі жанрлардағы көркем бейнесі жасала бастады (Atymov, 1987: 35).
Қазір заман жаңа, уақыт басқа, алайды әлі сол көне жол сорабтан, Исатай мен Махамбет ханға, үстем тап өкілдеріне қарсы күресті дегеннен арыла алмай келе жатқанымызды байқаймыз.
Енді, екінші бағыттағы зерттеулерге келер болсақ, оларға – жаңа заман талабына сай тарихи дерек, ақиқаттан бастау алатын зерттеулер қажет. Мәселен, Исатай-Махамбет көтерілісінің шынайы себеп-салдары бейнеленген поэтикалық көркем мазмұнды ақтара талдадық, қапысыз ұқтық деуге болмайды. Ақынның ерлік рух пен бостандық сүйгіш қасиетті поэтикалақ өрнеке қалай көшіргенін тереңдей талдаушылар көп болмас. Ойланатын, тексерілуге тиіс жайлар шаш етектен.
Махамбеттанудың жаңа кезеңін Ә. Кекілбайұлы поэтикадан бастаған.
Ақынның ішкі әлемін ашып көрсету үшін қаламгер оның өлеңдерін пайдаланады. Поэтикалық мәтін астарынан ақын әлемінен өзі байқаға жаңа ойларды, жаңа дискурс ретінде алады. Мәселен: «Аспанда ұшқан ақ сұңқар, қолымда тұйғын, лашын; қосылған жаста арудың көре алмай кеттім құшағын; арпа жемес арғымақ ақселеу отқа зар болар; миуа , шекер жемеген алғаным мен балларым, қоңырсыған дүние-ай, қой етіне зар болар; жапаннан қарсақ ін қазар, хан салдырған жәрмеңке, жырақ болсын бізден бұл базар, қатын қалса, бай табар; қарындас қалса, жай табар, артымда қалған ақсақал кеңес қылған күн ақылменен ой табар, кейін қалған жас бала күдер үзіп біздерден көңілі қашан жай табар?» Ә. Кекілбаев ақын өлеңдерінде байқалатын осы әуенді «асыл өрмектің алтын арқауына» балайды (Shandoz, 2004: 42).
Ә. Кекілбаұлы ақын поэтикасын көрсетуді, осы қиын түйіндерді, көптеген зерттеушілер ескере бермеген шетінен бастаған сыңайлы. Қараңыз: «Артымда қалған алғаным, қытайы қызыл көйлегі күнге қойсаң оңар ма?! Мұндай қорлық болар ма?! Ақсұңқар құстың баласы қасқыр тартқан жемтікке ағармай көзі қонар ма?! Қаршыға құсты көп көрдім, қайрылып қазға қараған; қатын бала қара орман баршасын жауға алдырған, қарулы жатқан жебеге құрсағынан шалдырған, асыра келіп ойласам, бұл заманның шағында Махамбеттей зарығып, мұңлы болған қайда бар?» (Shandoz, 2004: 41).
Бұл жолдар нағыз жауынгерлік заманның интимдік лирикасының теңдессіз бір үлгісі деп жазады қаламгер.
Шандоздан тағы бір үзінді: « Қақақулап шақырмай, қанды көбік түкірмей, алғыншы алған арудың ақша бетін солдырмай, ата менен ананы қайғыменен қатырмай, әлпешті ұлың жат болмай, Шайған жалғыз матаның сатқанда суы ат болмай, бұзбай құлын пісірмей, мұз үстіне от жақпай, қапыда қалған қасқырмын,ақ жүректен найза түретпей, найзаны күнге қуратпай, қарсыласқан дұшпанның қабырғасын бір-біріндеп күйретпей, әлі де болса қорқа алман, адасып қалған үйректей» (Shandoz, 2004 :42).
Әбіш Кекілбайұлың осы жырларды талдау арқылы оқырмандарға аңғартпақ болып отырғаны – ұлы ақынның көңіл бөлінбей келе жатқан басты, әрі ғажап тақырыптың бірі оның жырларының поэтикасы. Осы тақырыпқа соңғы жылдарда біраз мақала, зерттеулер көріне бастады. Солардың арасында ғылым кандидаты Оңайгүл Тұржанның «Махамбет өлеңдерінің поэтикасы « атты зерттеуін атауға болды. «Исатай мен Махамбет бастаған көтерілістің де ең ұлы мәні – бір-кем дүниенің олқысын толтыру еді. Ал ондай олқылықтың орнын толтыру деген сөз – тек қана ханға қарсы шығу емес еді. Исатай мен Махамбет жоғарыда айтып өткеніміздей бір қоғамнан бір қоғам тудыру әрекетін жасағандар және тек басқа бір қоғам емес, жаңарған қоғам туғызуды армандады… Махамбеттің кұрескер жырларының ішінде осы бір күрделі әлеуметтік психологиялық маңызды мәселе орын алады» (Turzhan, 2007: 182).
Махамбет әлемнің тәуелсіздік, бостандық жолындағы күрес өрнектерін ұлы ақындардың ізденістерімен салыстыруға да болар еді. А. Мицке вич, А. Байрон, А. Пушкин, М. Лермонтов шығармаларындағы бостандық сүйгіш ақындық рухтар табиғатында типологиялық сәйкестіктер жеткілікті.
Ақын поэзиясы арқылы қазақ әдебиетінде көріне бастаған жаңа түр мен бостандық, тәуелсіздік идеясының дара бейнелері ешкімге еліктемей, елпілдемей азаттық жолындағы күрес шындағын суреттеуден туындаған. Өз келбетіңді, салт-санаңды, дәстүрің мен даралығыңды құрметтеу, қастерлеу, сақтай білу, ұлы табиғат жалғастығының басты заңы деген қағиданы сақтау деген сөз.Махамбет өз елінің болашағынан үміт күтті, елдің еркіндігін аңсады.
«… Махамбеттің поэзиясы – шідер мен шын жырға көнбей кеткен жігерлі жеке күрескерліктің,сонымен қатар жалпыбұқаралық сипат тағы азаттық арпалысының рухты поэзиясы» – деп жазады Амантай Шәріп (Shaerip, 2000: 101).
Ә. Кекілбайұлы Махамбет поэзиясының бүгінгі басты бағыттары туралы «Шандозда» былай жазады: «Бұл ойларды орыс отарында болған жылдарда, әрине, айта да, жаза да алмадық «Х. Досмұхамедұлы құрасырған «Аламан» жинағындағы үзіндіде келтірілген «аузы түкті кәпірді шетінен сүйреп жеп едік» деген тіркес кейінгі құрастырылған жинақтарда «ерегескен дұшпанды шетінен сүйреп жеп едік» болып өзгертіліпті. Сондай-ақ көптеген жолдардың орындары ауыстырылыпты. Шамасы, кеңес жылдарындағы идеологоиялық ұйтқымалық Махамбет мәтіндеріне де өз салдарын аз тигізбесе керек. Ереуілші ақынның бірде бір толғауында «патша», «орыс», «кәпір» деген сөздердің атымен кездеспеуі таңғаларлық жағдай.
Соған қарағанда, дауылпаз ақын жырлары әлгіндей «тентектіктерден» «мұқият» адалана түскен түрі бар. Ақын жырларының әлеуметтік зілін әріге асырмай, Жасқұс пен Жәңгілдің маңымен шектеуге тырысу әнтек байқалады. Сонда Махамбет бар ерлігі мен өрлігі тек Жәңгір хан, Баймағанбет сұлтан, Қарауы қожа хакім, Балқы билерді сілейте балағаттаумен тынған ауыл арасының көп тентек телісінің бірі болады да шығады. Бұл ақынға да, тарихи шындыққа да үлкен қиянат.» (Shandoz, 2004: 339)
Тарихшылардың айтуы бойынша Исатай
– Махамбет көтерілісінің негізгі себебі, хан Жәңгірдің заманында қазақ елінің тұрмыстіршілігі орта ғасырлық феодалдық билік, салтсанамен байланысты болды. Сондықтан, замана дамуының жаңа түр, типтеріне ілесе алмай нашарлауында. Бұл кеңес үкіметі ресми идеологиясы баяғыдан қақсап келе жатқан «әләулалардың», бірі, әрі «тек қана біздің айтқанымыз дұрыс» деген отаршыл Ресейдің астамшыл пікірі.
Ә. Кекілбайұлы Исатай-Махамбет көтерілісі туралы: «Патша идеологтары Исатай-Махамбет қозғалысының «діндер соғысына» айналмауын қалай құнттаса, ұлт-азаттық қозғалысына айналмауын да солай құнттады. Сондық- тан олардың бір тобы оны үйреншікті «феодалдар соғысы» ауқымына қарай ойыстыруға тырысты. Қазақстандағы отаршылықтың үш іргелі тұлғасы – Неплюев, Игельстром, Перовский қазақтардың Ресей озбырлығына қарсы күресінің үш кезеңінде үш кейіпті саясат қалыптастырды…
…Бір кезде қазақтардан келген қауіпті қазақтардың қолымен бөгей тұру үшін құрылған Бөкей Ордасының өзі бүліншілік орталығына айналып кете ме деп абыржыды…. Әуелі азғантай өкпелі топтың ашу – арызындағы ауқымында басталған наразылық біртіндеп өрісін кеңейтіп, қатарын көбейтіп, мақсатын айқындап нағыз халықтық қозғалысқа айнала бастады. Бұлай болуына шашуші ықпал ете алатын тарихи тұлғалар да табылды.
Бұл топтың басында әйгілі батыр Исатай Тайманұлы мен аса талантты ақын Махамбет Өтемісұлы тұрды. Екеуі де көшпелі қоғамда үлкен беделге ие әскери және руханияттық күштердің көрнекті өкілдері еді.Бұл топ жұртты шынайы елжан-дылығымен баурады..
Солардың алдыңғы шебінде ақын Махамбеттің тұрары сөзсіз… ең даусыз дәлел – жауынгер ақынның жалынды толғаулары еді. Ұлттық поэзиямыздың ең қастерлі, ең асыл інжу-маржандары болып табылатын Махамбет жырларының шағын топтамасынан күллі халықты қайратына мінгізген қаһарлы күрестің түп-төркіні, өрістеу жолы, кезеңділігі мен жүйелілігі, ішкі рухани эволюциясы бар болмысымен бой көрсетеді» (Shandoz, 2004: 331).
Жәңгір дербес мемлекет иесі сияқтанғанмен оның көптеген әрекеті Ресей мемлекетінің бақылауында болған. Олардың тарапынан сайланған ұлықтарды былай қойғанда түрлі себептермен келіп, айлап жататын бақылаушылар аз болмаған. Түрлі тәсілдермен патша үкіметі таңа бастаған орыстандыру саясатына қарсы ханның бар тапқаны мұсылман діні, шариғат қағидаларын күшейту еді. Алайда, татар, ноғай дінбасыларының өз көздегендері аз болмаған. Қазан, Уфадан келген діндарлардың Бөкей ордасында көбеюінің бір себебі осында (Dosmuhameduly, 1998: 40).
Ресей мектептерінде тәрбиеленіп, білім алған Жәңгірдің басты мақсаты өз қол астындағы халқын отырықшы деңгейге жеткізіп, қала салып, мемлекет басқару істерін Ресейлік үлгіге көшіру еді. Оның біразын іске асырды да. Мәселен, жан-жақтан хандыққа келген, кеткен мемлекет қағаздарын реттеп тіркеп отыратын арнайы бөлімдер болған т.б.
Алайда, хан ордасындағы кіріп-шығу, жұріп-тұру тәртібі қазақ атқа мінерлеріне ұнамаған. Олардың Жәңгірмен қырғи қабақтық қатынастарда болу себептерінің бірі осы. Оның үстіне кеңсе жұмыстарына Қазан, Уфадан оқу бітіріп келген татар, ноғай, орыстардың отыруы қазақтарды қатты ашындарған.
Жәңгірдің мемлекеттік істерді «орыстандыруға» ұмтылуы, өркениетті елдердің дайын үлгісін пайдалану болса, Исатай, Махамбет тәрізді ұлт атқамінерлері үшін рухани құлдықтың басы, бостандақтың шектелуі ретінде қабылданған т.с.с.
Жәңгірдің қасынан Махамбеттің кетуінің алуан түрлі себептері бар. Солардың бірі – Орынборға, хан баласының қасына «тәрбиеші» ретінде жіберген – Махамбеттің кетіп қалуы.. Неге кетті? Мұнын себептерінің бірін Ә. Кекілбайұлы «Шандосынан» табуға болады.
Ханның айналасына, анадан мындан келген келімсектер көп жиналды. Махамбет батырдың хан ордасында «Қытайдан келген, қалмақ та бар, Ираннан келген қызылбас та бар,Үргеніщтен келген сарт та бар деген сөзі ып-ырас еді.» (Dosmuhameduly, 1991: 58).
Төмендегі ойлар да негізінен Х. Досмұхамедұлы мәліметтері: Қазақ кедейлерін ашын дыр ған деректің бірі Жәңгірдің шабындыққа, шаруашылыққа ыңғайлы жерлерді туысқанда рына, төрелерге үлестіруі, өзіне жақпаған рулардың, ауылдардың жерлерін тартып алуы. Оның заманында Бөкей елі көшуді қысқартап жерге орналаса бастаған. Әр рудың белгілі жері, қыстауы болды.Оның үстіне ол жылдарда жазы қолайсыз, қысы қатты болып ел жұтқа ұшырады.
Осы жылдарда Жәңгірдің өзі қазақы ел ортасынан алыстай, бөлектене бастайды. Маңындағы ірі байлар мен билерге билігі келмеген сайын. мақтан сүйгіш ханның мағындағы жағымпаз, екіжұзді адамдардың саны көбейе түседі, әрі Жәңгір де солардың сөзін таңдайды Менмендігі күшті, ел билеуге қырсыз, шаруашылықтан хабары аз, жағымпаз келімсектер мен дүмше діндарлар қоршауындағы хан Исатай – Махамбет қозғалысы өрістеген жылдарда нақты биліктен алыста еді.
Алайда, кеңес үкіметі кезінде шүбәсіз ақиқат саналған бұл дәйектердің соңғы жылдардағы зерттеулер негізінде күмәнға айнала бастағандары бар. Солардың маңыздысына тоқтала кетсек: Санаулы жылдарда тез байып, күшейіп алған орыс келімсектері мен помещиктері, саудагерлері қол астындағы жерлерде тұрып жатқан сауатсыз момын қазақтарға (бұрын қазақтардың өз жерлері болған) ойларына келгенді істеген. Түрлі сылтауларман салық салып, малдарын тартып алып отырған. Оған дүниеқоңыздау қазақ байлары да қосылған. Әсіресе, орыс саудагерлері қиын жағдайға тап болған қазақ кедейлерінің жерлерін арзан бағаға сатып алып иелене бастауы Жәңгірді шошытқан. Дереу мұндай жерлерді ауқатты қазақ байлары мен саудагерлеріне қайта бөліп бере бастаған. Қайткенде болса да қазақ жерін сақтау үшін. Әрине, Жәңгірдің бұл ойы, мақсаты кеңес заман кезіндегі тарихнамада айтылмады, зерттелмеді де. Орыс алпауыттарына тиын тебенге кетіп жатқан жерлерінің қайтып оралмайтынын қарапайым халық түсінбеді. Исатай-Махамбет қозғалысы алдындағы жер мәселесінің шиеленісу себебінің бір сыры осында сияқты.
Жәңгірхан туралы алуан түрлі деректер қашан да мол болды. Күні кешеге дейін оны жөнсіз салық жинау арқылы қазақ халқын теспей сорудан өзге ештеңе бітірмеген қанпезер қанаушының бірі есебіне қосып келдік.
Алайда европалық деңгейде білім алған, бірнеше елдің тілін білген, орысша, арабша, парсыша, татарша аса сауатты жаза алатын шығыс елдерінің патшалары аса көп болмаған тәрізді. Орыс патшасы Бірінші Николайдің тәж кию рәсіміне Жәңгірдің қатысудың өзі неге тұрады.
Жәңгір Қазан университетінің оқытушыпрофессорлары алдында қазақ елінің тарихы, мәдениеті, әдебиеті, этнографиясы туралы лекциялар оқыған, университет ғылыми кеңесінің құрметті мүшесі атанған. Жәңгірдің аты-жөні әлемге белгілі көнекті қаламгерлер шығармалары мен Ресейде шығатын газат- журналдарды жаздырып алып, үзбей оқып тұрғаны белгілі. Кезінде Хан ордасында онымен кездескен сауатты саяхатшылардың, қаламгерлердің бірде біреуі ол туралы мерзімді басылым беттерінде теріс пікір айтқан емес, деп жазады «Шандозда».
Жәңгірдің кемшілігі ретінде қазақ елінің менталитетін ескермегенін айтуға болады. Бұл елемеу мен ескермеу, білмеу 16 жасқа дейін орыс ортасында өскендіктенде шығар. Ішкі Орданың ханы атанғандықтан, Орыс патшасы мен қаруына сенгендіктен болуы да мүмкін. Өз реформаларын жүргізу жолында, қазақ елінің дәстүрлі мәдениеті мен халықтың әдеп-ғұрпы жат батыс, орыс өркениетіне тез қосамын деп күшке салған әрекетін айтуға болар еді.
Махамбеттің Жәңгірден алыстауының бір сыры да осында тәрізді.
Бірақ, Жәңгірдің қатты қадағалаған үнемі есте ұстаған бір қағидасы болған. Ол – дін. Алайда европалық деңгейде жан-жақты білім алған ойлы азаматты діндар болып кетті немесе фанатик деген дерек не мәлімет бізде жоқ. Біздің ойымызша, дінге маңыз беруінің сыры елдік сана мен ұлттық рухты сақтаудың мүмкін болған жалғыз жолы болған сияқты. Жәңгір әрекеттерін аңдып отыру үшін Патша арнайы сайлаған, сол ұшін жалақы алатын аңдушылар да тап осы мәселеге онша көп маңыз бермеген тәрізді. Жоғарыға үкімет пен губернаторларға жолдаған сан-салалы есебінде бұл бағытта мәнді еш нәрселер айтылмайды.
Қазақ мемлекеттігін жоқ қылыуды жоғарыда жоспарлап қолға алған орыс патшасы мен отаршылырының барлық ой, ниеттерін Жәңгір білген. Оларға қарсы күресте қолданған тәсіл, жүрер жалғыз жол осы – дін болған тәрізді.
Махамбет дәуірі қазақ әдебиетінің кәсіби әдебиетке ұласат тұсына сай келді. Талантты ақын тіл қолданыстарында жана танымдық үлгілерді, заманға сай қазақ қоғамдық өміріне еніп жатқан жаңа сөздерді, олардың метафоралық мағналарын еркін қолданды. Өлең өнеріндегі негізгі тәсіл жыраулақ поэзия, толғаулық үлгілерді көп пайдаланды.
Ақын шығармаларын мұқият талдау кезінде оның өзегіне ене бастаған көптеген жаңалықтарды байқауға болады. Бұлардан барша тақырыптағы жастық жырларының әзіл қалжың, сатиралық жырлардың кейбір әуендерін байқаймыз. Аса талантты ақын болғандықтан бойын билеген жарқ еткен, лап еткен сезімдерді аяқ астынан өлеңге айналдыру үдерісі Махамбетте осы жастық шақ жырларынан басау алады. Бұл жырларды поэтикалық талдау барысында мұны анық айтуға болады. Он жастан бастап өлең шығарған ақында бұл үдеріс табиғи түрде өткен. Бірақ, заман басқа заң басқа дегенді де естен шығаруға болмас. Шамамен 30 жастан бастап Жәңгрге қарсы қозғарысқа кіргеннен кейін енігі барлық тірліге соған, азаматтық, әлеуметтік тақырыптарға ауған. Ақын жырларындағы әрбір жаңа сөз, тілдік қолданыс нақты дәуір, уақиға әсерінен туындады.
Қазақ сөзін поэтикалық мақсатта жаңалай Абай қолданды дейміз, алайда бұл үдеріс одан көп жылдар бұрын Махамбетте бастаған тәрізді. Махамбеттегі ақындық талант пен философиялық таным табиғат берген қасиеттерден болса. Дәстүрлі әдебиет пен өмірден естіген, көрген шындықтардан қалыптасады. Мұнда өнер өнегелері мен танымдарының ықпалдары да жоқ емес. Әсіресе, Ұлт-азатық қозғалыс кезінде адам баласына тән, еркіндік, азаттық, бостандық идеяларымен ұштасқан ойлардың пәрмені бөлек болды. Махамбет өлеңдерін қазақ ауыз әдебиеті және тарихи әдебиет, әлем әдебиеті шығармаларының көркемдігімен салыстыра зерттегенде сөзді ойната қолдануда дәстүрлі әдебиет үлгілерінен көп алғанын байқауға болады. болады.Мұны жан-жақты терең талдаулар арқылы көрсетіп келеміз.
Абай шығармашылығының басты арнасы ретінде қара басының болмаса қазағының басындағы жайларды жырлағанын емес, бүкіл адамзат өміріне тән қиындықтар мен қуаныштарды, қайшылықтар мен талғаныстар ды бейнеленін атаймыз. Ақын поэзиясындағы сөздердің метафоралық, символдық, аллегориялық, ирониялық, т.б. қолданыстары мен ерекшеліктері зерттеушілер еңбектектерінде жан-жақты талданады. Соларға сүйенетін теориялық түйіндеулер қаламгер ой-толғамдарының тереңдігін жеткізді. Қазақ әдебиеті мен әдеби тілін дамытудағы Абай ізденістері мен еңбегінің даралығы, ұлылығын Қазақ елінің мақтанышына айналды.
Дәл осындай зерттеулерді Махамбек поэтикасына да бастау керек Жоғарыда көрсеткеніміздей, Махамбет десе Жәңгірге қарсы көтеріліс хикаясы баяндай жөнелу әлі жалғсып келеді. Әсіресе: «Жәңгірге» аталатын өлең Махамбет» туралы сөз қозғанда дайын тұратын мысалға айналды десе де болады. Бұл екі шумақ өлеңнің Махамбет шығармаларының рухынан болек екені бір кездедерде айтылған.(Қарғыс әуені сақтай жазылған екі шумақ) Жалпы мұндай стиль Мақамбетке жат. Ойлап талдаудан гөрі, айқай шу көтеріп басып тастадық. Алайда бұл шумақтарға күмәнданудың жөні бар тәрізді. Біріншіден, бұл өлең бізге кейін жетті. 1938 жылдарда айтушылар аузынан жазып алынған. Үстем тап өкілдеріне қарсы күрестің ұшығып тұрған тұсында Қ.Жұмалиев айтушылар аузынан алған. Сондықтан бұл ескеріуге тиіс жай екенін жоққа шығаруға болмайды. Оның шындыған енді анықтау мүмкін емес деген пікірдің теріс екенінде күмән болмауға тиіс…
Қазақ әдебиетіндегі ақындақ өнердің жаңа дәуірі Махамбеттен басталды деуге болады, – деп жазады Ә.Кекілбайұлы.
Дәл осы шығармашылық үдеріс туралы академик З. Қабдолов: «Осынау толғамы тоқсан жыр толқындарын Махамбет тек қана қазақ поэзиясына тән «Толғау»деп аталатын әрі лирикалық, әрі эпикалық айрықша жанр ретінде қалыптастырған үстіне қалыптастыра түсіп, одан әрі дамытып қана қойған жоқ, тура кемеліне келтірді. Бұрын әр тақырыпта, әр сипаттағы үзінді-жұлынды фрагмент түрінда бөлек-бөлек бытырап айтылатын бұл жырлар Махамбет тұсында бірыңғай жанрлық бірлікке көшіп, бір ұлы идеяға – халықтың ғасырлар бойы аңсаған асыл мұрата – Азаттық идеясына ұласып, гимніне тұтасты. Сол арқылы Махамбет Қазақ поэзиясындағы ұлттық дәстүрді жаңашылдыққа жалғастырды. Сонда «Толғаудың» пішіні байырғы болғанмен, мазмұны мұлде жаңарып шыға келді. Қазақ поэзиясындағы қашаннан ханға сәлем бермейтін тәкаппар өрлікті Махамбет қаһарлы ерлікке көшірді.» (Qabdolov, 2007:
378.)
Қорытынды
Махамбет қазақ толғауы мен жыр, өлеңнін жаңалайын деп ойламаса да шығармаларын орындау үстінде бұл үдерісті бастан кешті. Ретіне,сезім толқындарына орай жаңалап отырған. Өйткені ол керуен жолбасшысы ретінде Хиуа, Қоқан бағытында жүргенде де эпостық жырлар ман аңыз, әңгімелерді көп тыңдады және орындады да. Жолаушы ақын-жырау, шежірешіәңгімешілермен кездесулерден үйренген, алғандары аз болмаса керек. Орыс тілін білу, орыс ақындарының өлеңдерімен танысу (Калмыковода), діни ортада, медреселерде болу, ғұлама қариялармен олардың әңгімелерімен ізсіз кетті, босқа өтті деп ешкім де айта алмас.
Бұлардың іздері де бар..
Олардың біразы (Исатай-махамбет қазғалысына байланысты 27 томдың іс Ордадағы мұражайларда сақтаулы болған, кейін Кеңес үкіметі Орынборға көшірген. (Досмұхамедұлы, 1998: 32) Бұл құжаттардың қазіргі жайлары туралы мәліметтер өте сирек, там-тұмдап қана жетеді.
Ақын поэзиясы арқылы қазақ әдебиетінде орныққан жаңа түр, жаңа идея – бостандық, тәуелсіздік идеясы (ешкімге еліктемей, елпілдемей өмір сүру) өз келбетіңді,салт дәстүрің мен даралығыңды құрметтеу, қастерлеу, сақтай білу, ұлы табиғат жалғастығының басты заңы!
Махамбет өз елінің болашағынан ұлкен үміт күтті, елдің еркіндігін аңсады, оның туған халқы бүгін сол сол ақын аңсаған арманға жетті ме?
Махамбет аңсаған бостандыққа жету оңай болмас, сірә. «Еңсесі биік Ақ орда еріксіз кірсем деп едім» дегендей нағыз еркіндіктің ауылы әзір алыстау ма.., қалай? Тәуелсіз еліміз. жеріміз, салт-санамыз, тіліміз бар.., дегендей еркіндікке ендік. Бірақ, тек біз ғана шешуге тиіс мәселе аз емес. Егемендік жариялаған 20-30 жылда нағыз бостандыққа жету мүмкін болмас. Бірақ, анығы – сол жолда келеміз. Бұл жолдың оңай болмайтыны әркімге аян. Әсіресе, қазіргі заманда. Ресей, Қытай тәрізді алып империялар қашан да өз саясатын, өз қажетін таңып бағады. «Әлі жеткен алып та жығады, шалып та жығады» дегенді атам қазақ бекер айтпаған шығар..
Арманға жету жеке адамға да оңай болмаған, мәселен, Махамбетке. Жәңгірдің айтқанын істеп, айдағанына жүрсе қатын баласы жанында, малмүлкі қолында, ас-суы мол тіршілікке оп-оңай жетер еді ғой.., бірақ, олай болмады емес пе?.. Қазағым, халқым аман болсан, азат болсын,- деп атқа мінді. «Қара қазан сары бала Қамы ұшін қылыщ сермедік».. «Еділ үшін егестік, Жайық үшін жандастық, Қиғаш ұшін қырылдық, Тептер үшін тебістік. Теңдікті малды бермедік, Теңдіксіз малға көнбедік,..» дегендей ұлттық рухтарды қастерлеп, қарашықтай сақтаған азамат ерлер ғой бұлар.
Олар сол армандар ұшін тартысып, кұресіп, кетісіп, қырылып, қайта көтеріліп.. көресінді көріп.., арманмен өтті. Сол армандарын бізге аманат етіп қалдырды… Мұны оңай орындалады, – деп ешкім де айта алмас сірә.., өмір дегенің күрес деп данышпандар неге айтты дейсің?!
Әдебиеттер
Қабдолов З. Таңдамалы шығармалар. 4-т. – Алматы: Санат, 2007. – 416 б.
Аманшин Б. Жыр–семсер. Зерттеулер. / Маамбет әлемі. 4-т. – Алматы, 2004. – 280 б.
Кекілбай Ә. Жұмбақ-тағдыр // Махамбет. Меніңатым – Махамбет. Өлеңдер. – Алматы: Жібек жолы, 2006. – Б. 8-19.
Сарай Ә. Исатай ме Махамбет тарихы. Зерттеу. – Алматы, 1997. – 408 б.
Bissengali Z.-G. Herald of the national spint. (On Japenese. Ұлттық рухжаршысы / Махамбет жырларының поэтикасы туралы). №5. – Токио, 2009.
Жұмалиев Қ. ХҮШ-ХІХ ғасырлардағы қазақ әдебиеті / Көптомдық шығармалар жинағы. – Т., – Орал: Ағартушы, 2010. – 198 б.
Атымов М. Қажым Жұмалиев. – Алматы: Ғылым, 1987. – 160 б.
Кекілбайұлы Ә. Шандоз. – Алматы, 2004. – 339 б.
Тұржан О. Махамбет өлеңдерінің поэтикасы. – Астана: Елорда, 2007.
Шәріп А. Қазақ поэзиясы және ұлттық идея. – Алматы, 2000. – 101 б.
Досмұхамедұлы Х. Таңдамалы. – Алматы, 1998. – 384 б.
Досмұхамедұлы Х. Аламан. – Алматы, 1991. – 58 б.
References
Amanshin B. (2004) Zhyr-semser. Researches. Mahambet aelemi. Volume 4. Almaty: Arys, 2004. 280 p. (In Kazakh)
Atymov M. (1987) Qazhym Zhumaliev. Almaty: Qylym, 1987. 160 p. (In Kazakh)
Bissengali Z.-G. (2009) Herald of the national spirit (on Japanese). National spirit about the poetics of Makhambet`s poems.
N 5. Tokyo, 2009. (In Kazakh)
Dosmuhameduly H. (1991) Alaman. Almaty: Ana tili, 1991. 58 p. (In Kazakh)
Dosmuhameduly H. (1998) Tangdamaly. Almaty: Mektep, 1998. 384 p. (In Kazakh)
Kekilbaiuly А. (2004) Shandoz. Almaty: Arys, 2004. 339 p. (In Kazakh)
Kekilbai A. (2006) Zhumbaq tagdyr. Mahambet. Mening atym – Mahambet. Poems. Almaty: Zhibek zholy, 2006. P. 8-19. (In
Kazakh)
Qabdolov Z. (2007) Tangdamaly shygarmalar. Volume 4. Almaty: Sanat, 2007. 416 p. (In Kazakh)
Sarai A. (1997) Isatai men Mahambet tarihy. Research. Almaty: Oelke, 1997. 408 p. (In Kazakh)
Shaerip A. (2000) Qazaq poetikasy zhaene ulttyq ideja. Almaty: Bilim, 2000. 101 p. (In Kazakh)
Turzhan О. (2007) Mahambet oelenderining poetikasy. Astana: Elorda, 2007. (In Kazakh)
Zhumaliyev Q. (2010) ХҮШ-ХІХ gasyrlardagy qazaq aedebieti. Multi-volume collection of works. Т. 5. Uralsk: Agartushy, 2010. 198 p. (In Kazakh)