Бастауыш сыныптарда мысалдарды оқыту.
Мысал өлеңдерді ең алғаш орыс әдебиетінен аударған Ы.Алтынсарин. Ағартушы-педагог И.Крыловтың 3-4 мысал өлеңін қазақшаға тәржімалаған. Ыбырай сол кезеңде оқуға керекті материалдарды өзі іздеп табуға немесе өзі жазуға мәжбүр болды. Қажеттілік оны соған сүйреді. Баланың сауатын ашып, хат танытудың бірінші құралы, бірінші басқышы ана тілі мен балалар әдебиеті болғандықтан Ыбырай орыс әдебиетінен ізденді.
Ыбырай Алтынсарин сияқты оның шәкірті Спандияр Көбеев те оқылуға қажетті материалдарды іздестіруде, құрастыруда, өз тұсынан жазуда болсын алғаш рет орыс әдебиеті мен орыс мәдениетін өзіне үлгі етті, содан үйренді. Алдымен орыс әдебиетіндегі бай мұраны зерттеп, соның балаларға қажеттісін аударды. Оны балаларға үлгі етті де оқытты. И.А.Крыловтың мысал өлеңдерінен үйрене, үлгі ала отырып, Спандияр өз тұсынан да оқушы балаларға арнап көптеген мысал өлеңдер, әңгімелер жазды. Спандияр Көбеевтің «Үлгілі бала» деген оқу кітабындағы әңгіме, өлең, мысалдардың көбі өзінің мазмұны, көлемі жағынан мектеп жасына дейінгі балалар мен бастауыш мектеп оқушыларына арналған. XX ғасыр басындағықазақ әдебиетінің тарихында өзіндік орны бар көрнекті қаламгардің бірі – педагог жазушы Спандияр Көбеев шығармалары бүгінгі күні де бастауыш мектеп оқулықтарына енген. Өз кезінде оқу ісінің мұқтаждығына орай С.Көбеев те Ыбырай үлгісімен «Үлгілі бала» оқулық-хрестоматиясын құрастырады. Жазушы педагог шығармалары бастауыш мектеп оқушыларына лайықталып, ықшам түрде жазылған. Сондықтан балалар танымын кеңейтетін мысал өлеңдерді оқыту, оны ғылыми-теориялық тұрғыда шешу, әдістемелік жағын жетілдіру біздің «Бастауыш сыныпта мысал өлеңдерді оқыту жолдары» атты зерттеу тақырыбымызды таңдауымызға себеп болды.
Бастауыш сыныптың 2-сыныбында «Бидай мен Қаңбақ», «Құлақ пен тымақ» (Асқар Тоқмағанбетов), «Тәкаппар», «Көбелек пен ебелек», «Бұлбұл мен тоқылдақ» (Шона Смаханұлы), «Түлкі мен тиін» (Әбдірахман Асылбеков), «Қызғалдақ пен қарасора» (Сансызбай Сарғасқаев), «Даңғой» (Есентай Ерботин.), «Ағаш» (А.Байтұрсынов), «Түлкі мен қырғауыл» (Спандияр Көбеев), «Ақ жаңбыр» (Жәнібек Кәрбозин.); 3-сыныбында «Шегіртке мен құмырсқа», «Түлкі мен Қырғауыл» (Спандияр Көбеев), «Білгір қарға» (Максим Зверев), «Ит пен ат» (Иван Крылов); 4-сыныбында «Аққу шортан һам шаян» (Ахмет Байтұрсынов), «Сапар мен парта» (Адырбек Сопыбеков), «Арыстан мен тышқан» (Сұлтанмахмұт Торайғыров) сияқты бірнеше мысал өлеңдер берілген.
Мысал жанрының ерекшеліктерін бастауыш мектеп оқушыларына терең таныту – шығармаға эстетикалық талдау жасауға байланысты. Мұнсыз бастауыш мектепте әдебиеттік оқу пәнінен оқушыларға терең де сапалы білім беру мүмкін емес. Оқушылардың әдеби білімі көркем шығарманы оқи және оған талдау жасай білуінен айқын байқалады. Көркем шығарманы талдай білген оқушы – әдебиетіміздің болашақ мәдени оқырманы. Ондай іскерліктер мен шеберліктер қалыптасқан оқушы әдеби шығармаларға ой жүгірте алады, өзінің талғамын, түйсік-сезімін еркін білдіреді, шығарманы жан жүрегімен, зердесімен қабылдайды. Міне, сондықтан да шығармаға эстетикалық талдау жасау – басты проблема.
Мысал ¬– аллегориялық жанр. Айтылатын ой ашық берілмейді. астармен, меңзеумен беріледі. Көбіне өлең түрінде келетін, сюжетті, шағын көлемді көркем шығарма.Жануарлар әлемі, құс, өсімдік, тағы басқа мысалдар бас кейіпкер ретінде алынады. Өткір сын да, ащы сатира да, байсалды юмор, келемек, мысқыл да осы мысал жанрында.Кейіпкерлерді сөйлестіру – диалог тәсілі жиі қолданылады. Баяндауы ширақ, жинақы, тілі қарапайым келеді. Жанры жағынан ғибратты, уағыздық сарындағы дидактикалық әдебиетке жатады, кейде мысқыл-сықақ үлгісіне ауысады.
Аллегорлау, аллегория (көне грекше: allёgorіa – пернелеп айту), пернелеу – оқырманның не көрерменнің санасына, қиялына ерекше әсер ететіндей, образ жасаудың бейнелеуші құралы, көркемдік тәсіл. Аллегорлау көркемдік тәсілдердің ең көнесі, бастауын мифтен алып, фольклорда ерекше дамыған. Түлкі – қулық, арыстан – зорлық, қасқыр – қастық, қоян – сужүректік, есек – ақымақтық, аққу – адалдық, махаббат т.б. түрінде бейнеленетін персонаждарда адамдарға тән мінез пернелеп айтылса да, бірден санаға, қиялға әсер етіп, көз алдыңа елестейді. Әлемдік сөз өнерінде ғасырлар бойы қалыптасқан типология ортақ бейнелер Аллегорлау арқылы беріледі.
Аллегория қазақ әдебиетінде ескі заманнан келе жатқан поэтик тілдің бір түрі екендігін қазақтың «төрт түлік мал және әр түрлі жануарлар туралы» айтылатын ескі ой-сананың сәбилік дәрежесінде туған әртүрлі ертегі, әңгімелерде айқындайды. «Арыстан, қасқыр және түлкі», «Түлкі мен қасқыр», «Аю мен түлкі», «Түлкі мен бөдене», «Аю мен қойшы», тағы басқа ертегілерді алсақ, тілдері бір өңкей аллегория болып келеді. Аллегория әуелде адамдардың арасындағы қарым-қатынастарды астарлап айтудан туған ғана емес. Айуандардың арасында да, адамдардың арасындағыдай қарым-қатынастар бардеп өздері шын сенген ой- сананың сәбилік кезімен байланысты туған. Бірақ, кейін ол түсінік ескірген кезде астарлы ұғымы бар поэтик тілдің бір түрі болып, әдебиеттен берік орын алғанға ұқсайды.
Ал, аллегорияда олай екі ұшты түсінуге жол жоқ.
Мысалы:
«Тұрды патша қайғырып, уайым жеп,
«Ала қойды болады қайткенімен».
Аю, түлкі қасында – уәзірлері,
Кеңеседі оларға «қайтемін деп».
«Қолбаң етіп, қорс етіп сөйледі аю:
Батыр патшам, не керек көп ойлану?
Қойды жан деп, есіркеп кім аяйды.
Ақылы ала қойдың – қырып салу…»
(Абай, II том, 129 бет).
Аңдардың арасындағы бұл тәрізді кеңестің болмайтыны жұрттың бәріне мәлім. Сондықтан, арыстан да, аю да, қасқыр да, түлкілер пернелеуден айтылып отырған адамның қара жүректері мен қулары екенін, ала қой – момындар екенін аңғару қиын емес.
Сонымен, адамдардың арасындағы әртүрлі қарым-қатынастары, айуандардың араларындағы қарым-қатынас етіп, айтайын дегенін астарлап, сол айуандардың іс-әрекеттері етіп айтып беретін поэтик тілдіңбір түрі аллегория – пернелеу деп аталынады. (аллегория – пернелеу, мұнан бұлай бір ұғым деп түсінілуі керек).
Қазақ ауыз әдебиетінде аллегорияның және көп кездесетін түрі – өтірік өлеңдер. Көбіне жастардың өзара ойын-сауықтарында айтылады. Мұны қазақтың ауыз әдебиетіндегі баснянің алғашқы бастамасы деп жорамалдауға болады. Жалпы құрылысы мысалға ұқсайды. Тілі – аллегориямен келеді.
Беріпті бақа қызып көбелекке
Жүріпті қара шыбын жеңгелікке,
Бір туын құмырсқаның ұстап сойып,
Той қылып, ат шаптырған төңірекке…»
(Өтірік өлең).
Кейде айтушының өзі де араласа жүреді.
«Мен өзім бес жасымда ұрып бардым,
Сонда да тең құрбымнан бұрын бардым.
Айғырын кесерткенің ұстап мініп,
Алдынан қайын атамның қырындадым…»
(Өтірік өлең).
Міне, ауыз әдебиетіндегі аллегорияның әуелгі нұсқалары деп айуанаттар туралы ертегілер мен осы өтірік өлеңдерді айтуға болады.
Ал, ХVIII ғасырда басталатын тарихи әдебиетті алып, Абай кезіне дейін шолып өтсек, не мысал, не ертегі, не сатирикалық ертегі, қысқасы аллегориямен жазылатын өлең, әңгімелерді кездестіре алмаймыз.
Мысал, оның негізгі құралы саналатын – аллегория тарихи әдебиетте ХIХ ғасырдың екінші жарымында ғана көріне бастайды. Әдебиет майданына Абайдан 3-4 жыл ғана бұрын шыққан Ы.Алтынсарин орыс ақыны Крыловтың бірнеше мысалдарын аударды. Сонымен байланысты, аллегориялық образдар да бұл кездердегі өлеңдердің тілінен орын алды.
«Көзіме күні бойы көрінбеп ең,
Келесін, сөйле – деді, сен қай жатқан.
Сонда бұл мұрынын көкке көтереді,
Адамсып маңызданып жөтеледі.
Жер жыртып күні бойы шаршап келем,
Мазалап, сұрап саған не керекті».
Алтынсариннің басқа аудармалары да осылар тәрізді.
Алтынсарин Крыловтың үш-төрт қана мысалын аударады. Әйтсе де, осының өзі Абайдың болсын, мысал жазуларына мұрындық болды.
ХIХ ғасырдың екінші жарымында Алтынсаринның қолға алған игілікті ісін дамытып, ілгерлеткенде, Крыловтың мысалдарын шебер түрде қазақтың ұғымына жатық етіп бере білген де – Абай. Абай Крыловтан он төрт мысал аударды. Осы аудармамен байланысты Абай өлеңдерінен аллегория орын алды.
«Ірімшікті құдайым
Кез қылды бір күн қарғаға.
Алып ұшып барды да,
Қызық қылып ашарға.
Үлкен олжа емес пе
Ірімшік деген қарны ашқа;
Тұмсығында ірімшік
Ойлап қарап тұр еді.
Бір қу түлкі сорына
Жақын жерде жүр еді.
Қарағым, неткен сұлу ең»,
Деп таңырқап таңданды.
«Неткен мойын, неткен көз!
Осыдан артық дейсіз бе,
Ертегі қылып айтқан сөз?»
(Абай, II том 131-132 – бет).
Абайдың аудармасы мен оның алдындағы Алтынсариннің аудармасын тіл жағынан салыстырсақ, айырмашылығы жоқ. Олай болмауы мүмкінде емес. Өйткені, аударып отырғандары мысал, мысалдың тілі аллегория болғандықтан, басқа жол жоқ. Дегенмен де Абайдың бұл туралы да орны бөлек тәрізді.
Өйткені, мысалға тән ерекшелік, қып-қысқа өлеңге бірнеше жануарларды қатыстырып, оларды өзара сөйлестіріп, қысқасы сюжетке құру. Бұл жөнінде негізгі орын алатын суреттеу емес, аз сөзге көп мағына сыйғызылып құрылатын қысқа-қысқа диалогтар. Диалогтың мұндай түрі Абайға шейінгі әдебиетте тек Алтынсариннің ғана аудармаларында аз-маз кездеседі. Ал, ауыз әдебиетіндегі өлеңдерде, не тарихи ақындардың шығармаларынан кездестіре алмаймыз. Аз сөзге көп мағына сыйғызып, сол сөздерінде әр жануардың өзіне тән мінездемелер берілетін өте тұжырымды түрде, кейде ирония, кейде сарказммен құрылатын диалогтардың Крылов мысалын аударумен байланысты Алтынсарин бастаушы ақын болса, Абай оны дамытып, ілгерілеткен, мәдениетті елдердің әдебиеттерінде кездесетін, алдыңғы айтылған принципті берік сақтаған, диалогтардың тамаша үлгілерін жасаушы ақын.
Мысал үшін Абайдың «Шегіртке мен құмырсқа» деген аудармасын алалық:
«Селкілдеп келіп жығылды,
Аяғына бас ұра ;
«Қарағым, жылыт, орын бер,
Жаз шыққанша асыра.
«Мұның, жаным, сөз емес,
Жаз өтерін білмеп пе ең,
Жаның үшін ешнәрсе,
Ала жаздай қылмап па ең»
«Мен өзіндей шаруашыл,
Жұмсақ илеу үйлі ме?
Көгалды қуып, ән салып,
Өлеңнен қолым тиді ме?
«Қайтсін, қолы тимепті,
Өлеңші, әнші есіл ер!
Ала жаздай ән салсаң,
Селкілде де билей бер»
(Абай, Iтом, 127-бет).
Міне, осы үзіндінің өзінен-ақ қысқа түрде құрылған диалогтың шегіртке мен құмырсқа образдарын жасауда қандай мәні барлығы анық. Не барлығы 20-30 жолдың ішінде пернелеу түрінде әкәкушіл жалқау мен еңбекшінің образдарын жасап, адам баласын еңбекке үндеуде мағынасы терең пікір айтушылық шебер құрылған диалогпен ғана жасалынып отыр.
Әрине, бұл айтылғандардың негізгі орыс әдебиеті, Крыловта, ескі грек әдебиеті Эзопта жатыр. Олардың классик үлгісі қазақ әдебиетіне шебер енгізіп, бойына сіңіруде Абайдың әдебиетте аққұла орны бар. Оны көрмей кетуге болмайды.
Диалог түрінде болмаса да, аз сөзге көп мағына сыйғызу жүйесіне негізделген, төл сөздерді шебер қолданушылық Абайдың өз өлеңдерінде жиі кездеседі. Мысалы:
«Бай алады «Кезінде көп берем», деп,
«Жетпей тұрған жеріңде тек берем», деп,
Би мен болыс алады күшін сатып,
«Мен қазақтан кегіңді әперем» деп,
(Абай, I том, 46-бет).
Ақын төл сөзді шебер қолдануының арқасында көп ұтқан. Артық сурет, артық баяндаулар қысқартылып, ой түйініне төл сөздер арқылы тікелей келген. Абайдың қолданысында әр төл сөз өзі үшін өздері жауап беріп, ақынның айтайын деген пікірін қысқа түрде ұқтыра алады. Сөйтіп, Абай Крыловтан қазақшылаған мысалдары арқылы жалпы аллегорияға ерекше бір жаңалық кіргізе қоймаса да, аз сөзге көп мағына сыйғызған диалог жөнінде қазақ әдебиеті үшін зор еңбек етті.
Әдебиеттік оқу бағдарламасында мысалдар көбінесе оқытудың бастауыш буынында беріледі. Ең алдымен, мысал жанры, оның өзіндік ерекшелігі туралы әдеби теориялық ұғымнан мағлұмат, түсінік берген жөн. Яғни мысалда ойдың ашық, айқын берілмейтіні, жорамал, меңзеу астарлы түрде берілетіні,, кекесін, мысқыл, әжуа, юмор, ащы сатира оның негізгі көркемдік тәсілі екендігін оқушыларға әңгімелеу, баяндау тәсілімен жеткізгендұрыс. Мысалдарды оқу, талдау барысында бұл түсініктерге қайта оралып, осы ұғымдарды оқушылардың өзіне аңдатып, түйіндетіп отыру керек. Алдымен, әдеби-теориялық ұғым беру, оқушыларды оқығалы отырған көркем шығарма ерекшелігін аңдауларына, ары қарай оны талдау белсенділіктерін арттыруға жетелейді. Оқығалы отырған мысалды алдын ала үйде оқып келу тапсырылса, оның тиімділігі тіпті зор болмақ (мұғалім мысал жанры туралы кіріспе түсінікті сол тапсырманы беру алдында айтуы керек). Мұғалім ол үшін оқушыларға мынадай үлестірме¬-көмек нұсқау таратып, өз беттерімен оқу, түсіну, талдау жасауға жетелейді.
Мысалы 4-сыныптағы И.Крыловтың «Есек пен бұлбұл» мысалын алайық (Абай аудармасы).
— Есек пен бұлбұл туралы не білесіңдер? Есек қандай хайуан, бұлбұл қандай құс?(Өздеріңе арнап көгілдір экраннан беріліп жүрген әр түрлі хабарларды, өздерің оқыған ертегілерді еске түсіріңдер).
— Есектің өтініші, яғни бұлбұлға ән салып бер деуіне көңіл қой.
— Бұлбұл әнінің «мың түрлі күйге салған» құдіреті сипатталатын шумақтарды тап. Адам, жан-жануар, табиғаттың сол кездегі қалпын көңіліне тоқы.
— Есектің бұлбұл әніне берген бағасы, сыны айтылатын шумақты тауып, назар аудар.
— «Әтештен үйрену керек» деген ақылға қосыласың ба? Қосылмасаң, себебін дәлелдеуге тырыс.
— Ең соңғы шумақтың мазмұнына ой жүгірт:
А) Қалай ойлайсың, неге ақын «Мұндай сыншыдан құдайым бізді сақтасын» деп, қорытындылайды.
Ә) Өзің осы қорытындыға келісесің бе?
Б) Қорытындыға автордың көңіл күйі туралы не айтар едің?
— Осы мысалда есек, бұлбұл, әтештер арқылы ақын не айтпақшы болған деп ойлайсың? Қандай астарлы ой бар?
— Өзің сабақта осылардың қайсысының сөзін мәнерлеп оқып едің?
Әдеби шығармалардың басқа түрлерінен мысалдың мынандай өзгешеліктері бар:
а) аллегориямен айтылатыны.
ә) мысалда белгілі бір үгіт, тәлім-тәрбиелік мән болатыны.
б) оның оқыту ерекшелігі.
Осыдан келіп, мынандай әдістемелік сұрақ туады: мысалдағы аллегорияны ашу керек пе, жоқ па? Мұндай сұраққа жауап беру үшін мысалдың сипатын, мазмұнын, оны балалардың қалай қабылдайтынын байқап қараған дұрыс.
Бастауыш сынып оқушылары мысалды оқытуда суреттелген оқиғаның тартымдылығына қызығады. Сондықтан мысалды оқып шығысымен, автордың ондағы суреттеп отырған жан-жануарлары кімдердің бейнесі, оны кім деп түсінесіңдер? дегендей сұрақ қою қателік болар еді. Өйткені жұмысты мұндай әдіспен жүргізу – оқушылардың мысалды оқығанда алған әсерін жояды. Сондықтан балалардың одан алған әсерлері әлсіремей, қайта күшейе түсетіндей, мысалдағы кейіпкердің іс-әрекетін тереңірек ұғына түсуіне жағдай жасайтын әдіс-тәсілдер қарастырылады. Ол үшін алдымен мысалдағы суреттелген оқиғаны, қатысушы кейіпкерлерді шындық, өмірде болатындай етіп түсіндіру керек. Ал мысалда суреттелгендер балаларға шындық, болмыс жөнінде қате түсінік береді, өйткені «қарға, түлкі сөйлемейді ғой» деген сияқтылардан қауіптенудің қажеті жоқ. Олардың сөйлемейтінін балалардың өздері де жақсы біледі, сонда да оны шындық сияқты қабылдайды. Мысалы, балалар тіпті 4-сыныптың өзінде де қылыштасу, атысу ойындарын шындық сияқты ойнайды. Олар таяқтың қылыш, найза еместігін, әрине, жақсы біледі, бірақ өздерінше шын найза, қылыш деп елестетеді. Немесе қыз балалардың кейбіреулері әлі де қуыршақтармен ойнайды, оның сөйлемейтінін біле тұра, шын кісі деп елестетіп, онымен сөйлесіп отырады. Сол сияқты мысалдағы оқиғаны да бастауыш сынып оқушылары шын көріп қабылдайды.
Бұл айтылғаннан шығатын қорытынды: мысалдарды оқығанда көңіл қоятын жай – оқыушыларға оның мазмұнын қабылдату және ондағы кейіпкерлердің іс-әрекетін талдау.
Мысалдағы аллегорияны ашу жұмысын бастауыш сыныпта мынандай тәсілмен іске асыруға болады. Мұнда мысалда суреттелген оқиғаға ұқсас оқиға іздестіріледі. Айталық, И.А. Крыловтың «Қарға мен түлкі» мысалы оқылғаннан кейін, біреудің қолындағы нәрсесін алып алу өмірде кездесе ме деген сұрау қою арқылы, ондағы негізгі ойды түсінуге жеңілдік жасалады. Кейбір жағдайда мысалда суреттелген оқиғаға өмірде болатын ұқсас оқиға табу жұмысы мысал оқымас бұрын, алдын ала дайындық әңгіменің барысында жүргізіледі.
Мысалдың екінші ерекшелігі – онда белгілі бір үгіт, тәлім-тәрбиелік мәні бар қортынды пікір болатындығы. Ол қысқа түрде мәтіннің басында немесе аяғында белгіленеді. Мысалы, «Қарға мен түлкі» мысалынан шығатын қорытынды мәтіннің басында берілген:
Жұрт біледі, күледі,
Сұрқия тілдің жаманын.
Қошеметтердің амалын,
Сонда да солар қайда жоқ,
Ептеп айтса, ересің,
Артынан өкінсең де пайда жоқ…
Мысал оқытуда осындай қорытынды пікірді пайдаланып, құрғақ сөзбен «Мұндай жаман мінез-құлықтан, іс-әрекеттен аулақ болу керек» деудің бастауыш сынып оқушыларына әсері шамалы болады. Ондай үгітті тіпті сол оқылып отырған мысалдан үзінді келтіре отырып айтқанда да, кішкене балалардың санасына бірден қона қояды деу қиын. Сондықтан мысал оқытуда онда айтылатын үгітті табуға тырыспай, оның кейіпкерлері мен сол кейіпкерлерлердің іс-әрекеті, өзара қарым-қатынасы, бір-біріне айтқан сөздеріндегі ой анық ашылуға тиіс. Осыған орай, мысалдан шығатын қорытынды пікірді оның мазмұны талданып болғаннан кейін оқуға болады.
Мысал оқытудың үшінші ерекшелігі – оны дауыстап оқу тәсілінде. Мысалдағы айтылатын сөз автордың атынан айтылмай, кейіпкердің атынан баяндалатын болса, сол кейіпкердің басындағы ерекшелігіне қарай, дауыс сазы да құбылып отырады. Мысалы, «Шал мен малайды» өткенде, ол екеуінің сөзі немесе «Қарға мен түлкіде» түлкі мен қарғаның сөзі бір ырғақпен оқылмайды. Тіпті бір кейіпкердің сөзін оқу мәнері де оның қылығына қарай түрлене береді. Шалдың «Бауырым, түгеншежан, айыршы!» дегені жалынышты үнмен оқылса, «Әумесер, ақылың жоқ, ит доңыз» — деген сөздерді жекіру, ұрсу мәнерінде, ал малайдың:
Ұрсасың неге, шалым маған, — деді, —
Сөккендей не істедім саған? – деді, —
Жазғаным менің сені аю жаудан
Айырып алғаным ба аман? – деді, —
Сөздері таңырқаған, шарасыздық сезіммен, сұраулық мән беріліп отырады. «Қарға мен түлкі» мысалдарында автор сөзі бір әуенмен оқыла келе, түлкінің сөзі басталған кезде дауыс құбылып отырады. Кейіпкерлердің мінез-құлқы мен автордың сөз қолдауына қарай, дауыс ырғағының құбылуы балалардың ынтасын арттырып, мысалдың кейбір жолдарын бір-екі оқығанда-ақ жаттап алуларына жағдай жасайды.
Қорыта айтқанда, мысалды төмендегідей жолдармен оқуға болады:
1. Оқылатын мысал жөнінде мұғалім алдын ала әңгіме өткізеді; онда балаларға түсінігі ауырлық келтіретін сөздердің (сол мысалдың ішінде кездесетін) кейбіреулерін кірістіре отырып, олардың мағаналарын аша кетеді.
2. Мұғалім мысалды әуелі нақышына келтіріп, өзі оқиды, сонан кейін оқушыларға оқытады.
3. Мысалдың мазмұны талданылады.
4. Мысалдың кей жерлерінен үзінді келтіре отырып, ондағы негізгі ойдың не екені қорытындыда әңгімеленеді.
5. Мысалдың мазмұнына ұқсас өмірде кездесетін іс-әрекеттерден мысалдар келтіріледі.
6. Рольге бөліп оқытылады.
Бұл көрсетілгендер өзгеріссіз осы күйінде үнемі сақталып отырылсын деген ой тумасқа тиіс. Өйткені мысалдың мазмұны мен сипатына қарай, бұл айтылғандардың кейде қысқартылуы немесе толықтырылып отырылуы да мүмкін. Дегенмен мысал оқытуда негізінен осы принципті ұстаған жөн.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, С.Көбеев мысал жанрын дамытуға зор үлес қосқан педагог. Оның И.Крыловтан аударған мысалдары да өзіндік қолтаңбасымен ерекшеленеді. И.Крыловтың мысал өлеңдері мен мысал үлгісіндегі шағын әңгімелердің көбін Спандияр Л.Толстой («Құмырсқа мен көгершін», «Ат пен есек», «Атасы мен немересі», «Қоян мен көлбақалар», «Екі жолдас», т.б..) мен Ушинский («Екі соқа», «Түлкі мен теке»,«Сауысқан мен қарға»т.б.) кітаптарынан алған. Бұл шығармаларда педагог-жазушы балалар үшін тәрбиелік мәні бар мәселелерді көтереді. «Құмырсқа мен көгершінде» қиын жағдайда екеуінің біріне-бірінің көмектесуін айта отырып, адамды адамға жақсылық жасауға үндесе, «Ат пен есекте» жүгі ауыр есекке көмектеспей, ақырында аттың өзі бейнет көргенін сынайды. «Сауысқан мен қарғада» мыжыңдықты шенесе, «Екі соқада» еңбекқорлықты мадақтайды. Мысалдарды талдаудың ең тиімді әдісі – рөлге бөліп оқу, сахналап көрініс жасау болып табылады. Көрнекіліктің де маңызы зор. Оқушылардағы сурет бойынша немесе басқадай ойластырып, қарапайым ғана қатты қағаздан макеттер жасап (оған бұлбұл, есек, әтеш мүсіні), мысал оқу барысында оқиға көз алдында өтіп жатқандай көрініс берілсе, оқушылардың ынтасы, қызығушылығы артар еді.
Сабақтың кіріспе бөлімінде мұғалім мысал жанры туралы тағы да қайталап, өздері үйден танысып келген «Есек пен бұлбұлды» жазған орыс жазушысы И.Крылов, оны аударған Абай аталары туралы шағын әңгіме, дерек береді. Мысал алдын ала оқуға тапсырылған себепті, мына сұрақтармен оқушыларды пікірлесу, әңгімелесуге шақыруға болады.
— Балалар, «мысал» деген не, кім айтып береді?
— Өздерің оқыған мысалдың мазмұнын, болған оқиғасын қайсың әңгімелер едің?
— Бұл мысалдағы кейіпкерлер кімдер? Олар арқылы ақын нені, кімдерді сөз етпек болған. Мысал жанрына тән «Есек пен бұлбұлда» қандай астарлы ой бар деп ойлайсың?
— Өзің кімді құптайсың, ақын кімді құптайды деп ойлайсың? Ойыңды мысалдан үзінді ала отырып, дәлелдеуге тырыс.
Осы мазмұнда әңгімелесу оқушылардың мысалды қай дәрежеде оқып, меңгергенін білдіреді, әрі өз пікірлерін айта білу, өз беттерімен көркем мәтінді талдау, сөйлей білу, тілін дамытуға игі ықпалын тигізеді. Алдын ала осындай шағын пікірлесу арқылы балалардың қаншалықты өз беттерімен оқып, меңгерегнін білгеннен кейін, мысалды мұғалім мәнерлеп оқып (мұғалім оқып тұрғанда, макетті көркемділіктерден көрініс берілсе), оқушыларды рөлге бөлгізіп оқытып, мәтінмен жұмыс істетуі керек. Түсініксіз сөздерге түсіндірме жасау да аса қажетті мәселелердің бірі. Мәтінмен жұмыстан соң мұғалім өзі сұрақ қоя, әрі жауап бере отырып, әрі оқушылар пікірін толықтыра отырып, мысалға талдау жасайды.
— Балалар, «Есек пен бұлбұл» мысалы арқылы ақын нендей мәселелер көтерген? Мысалдың негізінде қандай астарлы ой айтылған? Ең алдымен кімдерді тыңдағың келеді?
— Неге осы мысалда бас кейіпкерлер етіп есек, бұлбұл, әтеш алынған?
— Олар арқылы қандай адамдар, нелер айтылмақ болған?
— Мысалдағы негізгі ойды бер үшін, ақын қандай әдіс-тәсіл пайдаланған?
— «Есек пен бұлбұлда» мысал жанырына тән әжуә, мысқыл, ащы сын, сатира, келемеж бар ма?
Сабақты қызықты етіп өту үшін, жоғары сыныптың қабілетті оқушыларымен мысалды сахналап, талдау алдында көрініс беріп, әншілердің айтуындағы «Бұлбұл әнін» де пайдаланса, артық емес. Бұндай сабақтарды әдеби-композициялық сабақтар деп те атайды.
а) Жалпы, қай әдеби жанрда жазылған шығармаларды талдамасын, мұғалім сабақ өткелі отырған тақырып ерекшелігі, сынып ерекшелігіне назар аударып, сонаң соң барып, пайдаланылатын көрнекілік, т.б. оқу жабдықтарын, әдіс-тәсілдерді, сабақ түрлерін үйлестіре, тиімді дегендері сұрыптап ала білу керек. «Есек пен бұлбұл» сияқты барлық мысалдар көлемі жағынан тұжырымды, қысқа, айтар ойы жағынан қомақты, салмақты болып келеді, әрі жоғарыда айтқанымыздай, айтылмақ ой жасырын жатады. Оқуға жеңіл, әрі қысқа осындай мысалдар тез оқылады, ал, түп негізіндегі салмақты мәселелерді тез аңғару оңай емес. Мысалдың осы бір ерекшелігін ескере отырып, практикалық тапсырмалар да беруге болады. «Есек пен бұлбұлды» мынандай бөлімдерге бөлуге болады:
Ι бөлім. «Жолықты бір бұлбұлға тоғайдағы» (Есектің бұлбұлға кездесуі).
ΙΙ бөлім. «… бір сайрап берсең…» (есектің өтініші).
ΙΙΙ бөлім. «Өнерге салды бұлбұл»… (бұлбұл әні).
lV бөлім. «… сен біраз әтеш әнін үйрен…» (есектің ақылы)
V бөлім. Авторлық қорытынды: «… құдайым бізді сақтасын…».
Осындай жұмыстарды алғашқы сабақтардан оқушылармен бірге орындап, оларға басшылық жасай отырып оқушылардың тек өздігінен,мұғалім көмегінсіз талдауына ұсынуға болады. Көркемдік тәсілін алдауға да мысалдарға ерекше көңіл бөлу керек. Ол үшін ақын тәсіліне назар аударайық.
Мысалы:
Ι бөлімде – авторлық баяндау, суреттеу,
ΙΙ бөлімде – диалог, сұрақ;
ΙΙΙ бөлімде– баяндау, суреттеу:
lV бөлімде– диалог, ақыл:
V бөлімде–авторлық қорытынды, шешім, ақыл-нақылдардың орын алатынын ділелдеу дұрыс болып саналады.
Үйге тапсырма балалардың сабақты қалай меңгергеніне байланысты беріледі. Жалпы қабілеттеріне әсер ету, білім дағдыларын жетілдіру мақсатында рөлге бөліп, жатқа мәнерлеп оқу, көрініс көрсету сияқты шығармашылық сипаттағы тапсырмалар беру аса тиімді болып келеді.
ә) Әдебиет сабағы ақыл-өнегеге, ғибратқа, имандылыққа, даналыққа, адамгершілік үлгілерге толы болу керек десек, мысал туындыларынан осының бәрін кездестіруге болады. Сондықтан осы «Есек пен бұлбұл» арқылы әділдікті, өнерді, кішіпейілділікті үлгі ете отырып, әділетсіздік, тұрпайылық, топастықтан жирендіру жұмыстарын жүргізі керек.
Мысал жанрын оқытуда да оқушылардың таным белсенділігін арттыратын, әсіресе, әдеби тартысқа жетелейтін, ізденістіру, зерттеу жұмыстарына баулитын әдіс-тәсілдерді пайдалану тиімді болмақ. 4-сынып бағдарламасы бойынша Асқар Тоқмағамбетовтың «Бидай мен қаңбақ» мысалын оқытуда осы әдіс-тәсілді қалай пайдалануға болады, соған тоқталайық. Екі мысалды салыстыру арқылы пікірлесу, айтыс нышаны бар.
Әңгімелесуге жұмылдыру.
Сұрақ-тапсырмалар:
— Балалар, қай мысалда диалог көп пайдаланылған?
— Диалогтың атқарып тұрған маңызы туралы не айтар едің?
— Екі мысалдың соңындағы авторлық қорытындыға назар аударыңдар. Қай мысалда автордың өз пікірі айқын берілген? Қайсысында ол оқырман назарына өзгертілген.
— Осы екі мысалдағы өзіңе ұнағандар кімдер? Ойынды мәтіннен үзінді ала отырып, дәлелде. Олардың жақсы қасиеттерін салыстыр.
— Өзіңе ұнағандар туралы да пікір айт. Ұнамсыз қасиеттерін салыстыр.
Ескерту: Әрине, мұндай жұмыстарда мұғалім балаларды жетелеп, пікірлесуге, әңгімелесуге ынталандырып отыруы қажет. Бағдарламада берілген мысалдарды оқып болған соң, қорытынды сабақ өтудің тиімділігі зор. Қорытынды сабақты композициялық сабақ түрінде де, немесе «Мысал кейіпкерлері бізде қонақта»тақырыбында кездесу сабағы түрінде де өтуге болады. Сабақ-композицияда оқушылар күшімен сахналық көрініс көрсетіп, өздері оқыған мысалдарды көріністер арқылы еске түсіріп, қайталау жұмыстары жүрсе, кездесу сабағында есек, бұлбұл, арыстан, түлкімен, т.б. (кейіпкерлер рөлінде балалар болады, әрине), яғни мысалдардың бас кейіпкерлерімен кездесу өтеді. Оларға оқырмандар (сынып оқушылары) сұрақ қояды, жауапты олар мысалдан алып, жатқа айтулары керек.
Мысалы, «Шегірке мен құмырсқа» ертегісі бойынша мынандай сұрақ қоюға болады.
Шегіртке:
«Қарағым, жылыт, тамақ бер,
Жаз шыққанша асыра!
-Құмырсқа не деуші еді?
Құмырсқа:
Мұның, жаным, сөз емес,
Жаз өтерін білмеп пе ең?…
Осындай сабаққа биология, орыс әдебиеті мұғалімдерін шақыруға болады. Себебі, биология мұғалімі мысалда кездесетін жануарлар, жәндіктер туралы қысқаша хабарлама жасаса, ал орыс әдебиеті мұғалімі қай елдің ертегісінде болмасын «қасқыр», «арыстан»–әділетсіздіктің, «қара күштің»; түлкі – қулық, зұлымдықтың: қоян– қорқақтықтың иесі болып суреттелінетінін әңгімелейді.