Бастауыш сыныптарда әдебиеттік оқу пәнінің мақсат-міндеттері

Бастауыш сыныптарда әдебиеттік оқу пәнінің мақсат-міндеттері.
Әдебиеттік оқу пәні бастауыш білім берудің маңызды компоненті ретінде «Тіл мен әдебиет» білім беру саласына енгізілген. Әдебиеттік оқу пәнініңнегізгі нысаны – балалар әдебиетінің көрнекті өкілдерінің шығармалары. Көркемдік циклға жататын бұл пәннің оқушының жеке тұлға ретінде дамуында, саналы оқу мен сауатты жазу дағдыларының қалыптасуында, мәтінмен алғашқы жұмыс жасауда алатын орны ерекше.
Әдебиеттік оқу адамның ішкі рухани жан дүниесі байлығын дамытуға, адамгершілік-имандылыққа тәрбиелеуге, сөз өнерін түсінуге, тілін, қиялын арттыруға мүмкіндік береді. Жоғарғы сыныптардағы «Әдебиетті» оқудың жүйелі курсына дайындайтын әдебиеттік оқу сабақтарында бірінші кезекте көркем мәтіннің негізі сөздің көркем бейне екендігіне назар аударуға, оқушыны сөз өнері әлеміне баулуға көңіл бөлінеді. Әдебиетті сөз өнері ретінде қабылдау – әдебиеттік оқу курсының әдіснамалық негізі.
Әдебиеттік оқу пәні – бастауыш сынып оқушыларының оқырмандық және қатысымдық, яғни тілдік дағдыларын қалыптастыруға, олардың адамгершілік және әдеби-эстетикалық құндылықтар жөнінде түсініктерін кеңейтуге, сөйлеу мәдениетін қалыптастырып, сөз өнерін сезінуге, көркем шығарманы оқуға деген қызығушылығын арттыруға мүмкіндік беретін негізгі пәндердің бірі.Пән арқылы берілетін білім мазмұнының тақырыптары оқушының дүниетанымын артыратын және айнала қоршаған дүние туралы дұрыс көзқарасын қалыптастыратын, оның тұлға ретінде өсіп-дамуын қамтамасыз ететін мәселелерді қозғайды.
Білім мазмұны идеялық-тақырыптық, көркемдік-эстетикалық ұстанымдар негізінде жүзеге асырылады.
Оқырмандық білікті мәтін бойынша жүргізілетін жұмыстар жүйесі (оқу, мәтінді талдау, мәтінге жоспар құру, кейіпкерлерді сипаттау т.б.) құрайды.
Оқырмандық білік негізінде сөйлеу білігі (сөйлеуде жазушы тілін қолдануға әрекеттену, шығармадан алған әсерін ауызша, жазбаша жеткізе алу, мәтіндегі оқиғаға өз көзқарасын білдіру, халық ауыз әдебиеті үлгілерін шығармашылықпен пайдалана отырып, өзіндік әрекеттерін дәлелдей білуге баулу т.б.) қалыптасады.
Әдебиеттік оқу пәнінің мақсаты: бастауыш сынып оқушыларының көркем шығарманы сезіммен қабылдауы, түсінуі, санасында қайта жаңғырта алуы және шығармадан қабылдағанын өзінің шығармашылық әрекетінде жүзеге асыруға ұмтылуы арқылы функционалдық сауаттылығын қалыптастыру. Оқушылардың әдеби сауатын ашу негізінде рухани байыту, оқу дағдыларын және оқырмандық біліктілігін қалыптастыру, әдеби-эстетикалық талғамын жетілдіре отырып, ізгілікті-елжанды дара тұлға тәрбиелеу.
Әдебиеттік оқу пәнінің міндеттері:
1) әдеби көркем шығармаларды оқыту арқылы қазақтың рухани қазынасын меңгерту;
2) коммуникативтік (айтылым, тыңдалым, оқылым, жазылым) дағдыларын қалыптастыру;
3) ауыз әдебиетінің, отандық және әлемдік балалар әдебиетінің озық үлгілерімен таныстыру арқылы оқушыларға адамдардың өзара түсінісуі, сыйластық, құрмет сезімдері, адамгершілік қасиеттері, өзінің және өзгенің іс-әрекетіне жауапкершілікпен қарай білуі сияқты ізгілікті қасиеттерді қалыптастыру;
4) оқу сапасын (дұрыс, түсініп, шапшаң, мәнерлеп оқу) жетілдіру;
5) оқушылардың оқырмандық мәдениетін қалыптастыра отырып, сөз әдебі нормаларын орынды қолдану дағдыларын меңгерту;
6) сыни ойлауын жетілдіру;
7) көркемдік-танымдық сипаттағы мәтіндерді өз мақсатына сай іріктеп, саралап, талдап, ой қорытындысын жасауға үйрету;
8) алған білімін өмір жағдаяттарына байланысты қолданып, дұрыс шешім жасай білуге үйрету;
9) оқылған шығарма сюжетінің ізімен немесе еркін тақырыпта ауызша, жазбаша шығармашылық жұмыс түрлерін (өлең,әңгіме құрастыру, мәтінді сахналау, мәтін бойынша сурет салу,мақала жазу, шағын үзіндіге киносценарий жазу, өзіндік ой қорытындысын жазу, т.б.)орындауға дағдыландыру.
Әдебиеттік оқу пәнін меңгеру оқушының:
1) қазақ балалар әдебиеті мен әлем әдебиеті үлгілерін талдай отырып, ұлттық және жалпыадамзаттық рухани құндылықтарды бойына сіңіруіне;
2) көркем шығармадағы тілдік қолданыс ерекшеліктеріне бақылау және талдау жасай отырып, тілдік құралдарды саналы түрде дұрыс таңдауына және өмірлік тәжірибесінде қолдануына;
3) алған білімі мен дағдыларын өмірлік жағдаяттарда және басқа адамдармен қарым-қатынас барысында пайдалануына көмектеседі.

3. Оқу үдерісін ұйымдастыруда қолданылатын педагогикалық тәсілдемелер.
Жалпы білім беру ұйымдары (мектеп, гимназия, лицей, т.б.) оқу үдерісінде «білім алу жолын» білетін, ынталы, қызығушылығы жоғары, өзіне сенімді, жауапкершілігі мол, зияткерлік тұрғыдан дамыған тұлғаны қалыптастыру қағидасын ұстанады.
Оқушылардың бойында бұл қасиеттерді қалыптастыруда мұғалімдер түрлі педагогикалық тәсілдемелер мен технологиялар қолдана алады. Атап айтқанда, олар:
— оқытудың коммуникативтік (қарым-қатынастық) тәсілдемесі (тыңдалым, айтылым, оқылым, жазылым);
— зерттеушілік тәсілдеме (оқушылар «не білемін, нені білгім келеді, нені үйрендім»тұрғысынан өз әрекетін талдауға үйренеді);
— жүйелі-әрекеттік тәсілдеме;
— дамыта оқыту технологиясы (оқушылар оқу әрекетінің тәсілдерін игеріп, өзінің іс-әрекетін жоспарлау және басқару жолын үйренеді);
— дифференциациялап оқыту технологиясы (оқушыларды қабілеті, мүмкіндігі, ерекшелігіне қарай оқыту).
Әдебиеттік оқу пәнін оқытуда қолданылатын оқыту стратегиялары мен әдістері:
— мұғалім мен оқушының «субъект-субъектілік» дидактикалық қатынаста білім іздеу үдерісіне бірдей енуі;
— оқу проблемаларын шешу барысында мұғалім мен оқушының ынтымақтасқан шығармашылық ізденіс әдістерін қолдану; оқу проблемаларын шешудің әдіс-тәсілдерін оқушыларға дамыта оқыту ұстанымына сай жолмен құру және көрсету;
— оқушының жеке пікірін тыңдау, олардың бұрын меңгерген білімдері мен қалыптасқан түсініктерін әрі қарай дамыту;
— ойын әдісі;
— «оқыту үшін бағалау және оқуды бағалау» арқылы қолдау жасау;
— сын тұрғысынан ойлау дағдыларын дамыту;
— ақпараттық-коммуникациялық технологияларды тиімді қолдану арқылы оқушылардың қазақ тіліне деген қызығушылығын арттыру;
— тәжірибелік, шығармашылық оқу әрекеттеріне (түрлі шығармашылық жұмыстар жасау) ынталандыру;
— оқушылардың білімін жүйелі түрде мониторингілеу;
— оқушыларды зерттеушілік әрекетке және зерттеушілікке негізделген белсенді оқуға ынталандыру;
— оқушыларға алдын ала берілетін түрлі стильдегі жазба мәтіндердің үлгісін қолдану (мұғалім алдын ала модельдер мен үлгілер береді);
— оқушылардың оқу әрекетін жеке, жұптық, топтық және ұжымдық формада ұйымдастыру (оқушылар бірін-бірі өзара оқытуға, бірін-бірі бағалауға, пікір алмасуға, т.б. үйренеді);
— оқыту барысында «не білемін? не білгім келеді? нені үйрендім?» түріндегі кері байланысты жүзеге асыру.
Басты назар білім мен сол білімді қолдану үдерісіне аударылады. Оқушылардың білім алу барысындағы табыстылығы мен алдағы қадамдарын анықтау үшін оқытудың нақты мақсаттары мен табыс критерийлерін алдын ала белгілеу керек.
Әдебиеттік оқу пәнін оқытуда келесі ұстанымдарды басшылыққа алу қажет:
˗ оқушыны қатесі үшін жазалап оқыту емес, қателерін түзету үшін оқыту;
˗ өз ойларын еркін айтуға, өздігінен шешім қабылдауға мүмкіндік беру;
Ақпараттық-коммуникациялық технологияларды (әрі қарай – АКТ) қолдану құзыреттілігі оқушылардың жұмыс барысында, бос уақыттарында және қарым-қатынасында технологияларды орынды және шығармашылықпен қолдана білуін қамтамасыз етеді. Бұл құзыреттілік АКТ-ны қолдану дағдылары арқылы қалыптасады.
Ақпаратты табу, құру және онымен жұмыс істеу, мәліметтермен, ой түйіндерімен алмаса отырып, құрал-жабдықтар мен қосымшалардың кең мүмкіндіктерін пайдалану арқылы өз жұмысын бағалау және жетілдіру арқылы оқушылар АКТ-ны қолдану дағдыларын барлық пәндерге арналған оқу бағдарламаларын меңгеру үрдісінде дамытады.
Бұл «Әдебиеттік оқу» пәнінің оқу бағдарламасында төмендегідей көрініс табады:
˗ оқытудың сапасын арттыру үшін сабақта жаңашыл әдістер мен ақпараттық технологияларды пайдалану;
˗ ғаламтор ресурстарымен жұмыс жасайды (мысалы, веб-сайттағы ақпаратты оқу, керекті материалды іріктеу, жеке құжат немесе файл ретінде көшіру және сақтау);
˗ мәтін және слайдтармен жұмыс істеу үшін қарапайым бағдарламадан күрделірек бағдарламаға көшу (Word, Power Point);
˗ ақпаратты өңдеп, электронды түрде жеке құжат ретінде сақтау үшін жабдықтарды(принтер, сканер, сандық фотоаппарат) пайдалану;
˗ электронды оқулықтарды пайдалану;
˗ тақырыпқа байланысты медиақұралдарды қолдану;
˗ ақпаратты саралап, зерттей алу.
Коммуникативті оқыту ұстанымы:тілдік дағдыларды дамыту.
Әдебиеттік оқу пәнінен тыңдалым мен айтылым сөйлеу әрекеттерін дамытуға ықпал ететін тапсырма үлгілері:
— тыңдауға, мазмұнын түсінуге әр түрлі жанрдағы мәтіндерді ұсыну;
— шығарманы қайталап тыңдау, негізгі ойды анықтау;
— тыңдалған шығарма бойынша сұрақтар қою;
— шығарма бойынша жоспар құру;
— тыңдаған шығарманың белгілі бір бөлігін өз сөзімен айтып беру;
— шығарманың мазмұны бойынша қарама-қарсы пікір айту, дәлелдеу;
— шығарманы өз қиялымен өзгертіп аяқтау;
— мәтіндегі оқиғаларды, іс-әрекеттерді салыстыра талдай алу;
— ұсынылған тақырып бойынша сұхбат алу немесе сұхбат беру және нәтижесі бойынша ауызша есеп беру;
— жоспарланған тақырыптар бойынша пікірталас ұйымдастыру; жұпта ым-ишараны пайдаланып, оқиғаны жазуға дайындалу (мысалы, «Бағытталған оқу» және «Бағытталған жазу»);
— ауызша айтылғанды түсіну және сұрақтарға жауап бере білу;
— берілген тақырып бойынша диалог құрастыру.
Әдебиеттік оқу пәнінен оқылым дағдысын дамытуға ықпал ететін тапсырма үлгілері:
— көз жүгірте, шолу жасай отырып оқу;
— шығарманың тақырыбы мен бастапқы бөлігіне сүйене отырып, оқиғаның дамуын болжау;
— шығарманың негізгі ойы мен бөліктерін анықтай отырып оқу;
— ақпаратты табу үшін оқу, қызығып оқу және өз көзқарасын айту үшін оқу, мәтінге ауызша және жазбаша шолу жасау;
— әдебиетпен жұмыс (сұхбатқа сұрақтар мен жауаптар дайындау).
— интернет ресурстарымен жұмыс (тақырып мазмұны бойынша презентациялар, жобалар дайындау).
Әдебиеттік оқу пәнінен жазылым дағдысын дамытуға ықпал ететін тапсырма үлгілері:
— тыңдалған және оқылған мәтіннің қысқаша мазмұнын, фильм мен кітаптан алған әсерлерін жазу;
— оқушыларға таныс ертегі, әңгіме, өлеңдердің қысқаша мазмұнын жазу;
— әдеби шығармадан алынған көркем, бейнелі сөздерді жазу;
— әдеби шығармадағы жаңа сөздерден сөздік құрастыру;
— газет-журналдарға шағын хабарлама/мақала жазу;
— белгілі оқиғаны өз ойынша өзгертіп аяқтау;
— әдеби шығарма мәтініндегі оқиғаны өз көзқарасымен өзгертіп аяқтау;
— ақпаратты суреттер мен сызбалар, белгілер, пиктограммалар арқылы беру;
— сұхбатқа сұрақтар дайындау.

4. Сөйлеу әрекеттерін бағалау бойынша ұсыныстар.
Оқушыларды еркін қарым-қатынас жасауға, өз көзқарасын білдіруге, ойын жеткізіп айтуға дағдыландыру тіл сабақтарындағы сөйлеу әрекетінің «Айтылым» түрі негізінде қалыптасады. Бастауыш сыныптарда сөйлеудің коммуникативтік қызметіне, яғни қарым-қатынас тілін дамытуға (монолог және диалог) көп көңіл бөлінеді.
Монологтік сөйлеу – сөйлеу әрекетінің кең тараған түрі. Монологте белгілі бір тақырыпты баяндап, сипаттап, әңгімелеп айтып беру мақсаты көзделеді. Монологте сөйлеушінің ойы, пікірі, көңіл күйі, психологиялық ішкі толғанысы көрініс табады.
Диалогтік сөйлеу – екі адамның арасындағы сөйлеу әрекеті. Диалогте сөйлеу мен тыңдау әрекеттері қатар жүреді. Диалогте оқиға мен болмыс нақты тақырыпқа құрылып, әрбір сөйлем мен сөз алғашқы айтылған ойды ұштастырады.
Сөйлеу әрекетінің «Айтылым» түрі бойынша қалыптастырушы және жиынтық бағалау аясында төмендегі критерийлер мен дескрипторларды қолдана отырып, өткізу ұсынылады.
Бағалау критерийі: білім алушы
 Сөйлеу әрекетінің түрлерін әлеуметтік ортада қолдана алады.
 Өз ойын жүйелі, еркін жеткізеді.
 Оқиғаның жүйесін (басы, негізгі бөлім, соңы) сақтап баяндайды.
 Сөйлеу барысында тілдік нормаларды сақтайды.

Жұмыс түрлері Дескриптор
Монолог Оқиғаның жүйесін сақтай отырып, баяндайды.
Сөздерді тақырыпқа сәйкес, орынды қолданады.
Ойын жүйелі түрде еркін жеткізеді.
Сөздерді мағынасына қарай қолданады.
Сөйлемдердің құрылымын сақтайды.
Сөздегі екпінді, дауыс ырғағын сақтайды.
Сөйлеудің белгілі бір формалары мен үлгілеріне сәйкес
Өз көзқарасына аргумент келтіріп, дәлелді пікір айтады.
Көтерілген мәселе бойынша өз ойын білдіреді.
Диалог/сұхбат Тақырыпқа сәйкес диалог құрастырады.
Сұхбаттасының сөзін тыңдайды және жағдаятқа сәйкес пікірлеседі.
Сұхбаттасына сұрақ қояды.
Сұхбаттасының сұрағына сәйкес жауап береді.
Сөйлеу барысында тілдің эмоциялық жағын (одағай, еліктеуіш сөздер), дауыс ырғағын, ымдау, қолдау шараларын пайдаланады.

Сөйлеу және қарым-қатынас жасау мәдениеті нормаларын сақтайды.

Өз көзқарасына аргумент келтіріп, дәлелді пікір айтады.

Көтерілген мәселе бойынша өз ойын білдіреді.

Мәтінді мазмұндау Оқиғаның бірізділігін сақтай отырып, мәтіннің мазмұнын жүйелі баяндайды.

Мәтіннің мазмұны бойынша сұрақтарға жауап береді.
Мәтіннің құрылымдық бөліктерін (басы, негізгі бөлім, соңы) сақтайды.

Сөздерді мағынасына сәйкес қолданады.
Тыңдарманды қызықтыру үшін дауыс ырғағын/ вербалды емес тілдік құралдарды қолданады.
Сурет бойынша әңгімелеу/ сипаттап айту Суреттің тақырыбын анықтайды және ат қояды.
Бейнеленген оқиғаға сәйкес әңгіме құрастырады.
Оқиғаның эпизодтары/үзінділері арасындағы байланысты сақтайды.
Сөйлемдердің құрылымын сақтайды.
Оқиғаның логикалық жүйесін сақтайды.
Оқиғаны өздігінен/ жетелеу сұрақтары арқылы / тірек сөздердің көмегімен/ жоспар бойынша әңгімелейді/сипаттайды.
Оқиғаның мазмұнына қатысты көзқарасын білдіреді.
Заттардың атын, сынын, қимылын білдіретін сөздерді орынды қолданады
Бейнелердің/кейіпкерлердің негізгі белгілерін (түр-түсі, пішіні, көлемі, мөлшері, мінез-құлқы т.б.) сипаттайды.
Бейнеленген заттардың ұқсастығы мен айырмашылығын анықтайды.
Сөйлеу барысында грамматикалық нормаларды сақтайды.
Оқиғаға қатысты қорытынды жасайды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *